Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова әйелдерге арналған «WAW! Tokyo 2015» атты бүкіләлемдік конференцияда баяндама жасады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Г.Әбдіқалықова Қазақстанның гендерлік мәселелерді шешу, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларда ерлер мен әйелдер теңдігін қамтамасыз ету ісіндегі табыстарына тоқталды. Ол әйелдерді мемлекеттік және қоғамдық басқару жұмыстарына белсенді түрде тартып келе жатқан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси ерік-жігерін айрықша атап көрсетті.
Мемлекеттік хатшы әйелдерді экономикалық сала бойынша ілгерілету мәселелерін талқылау үшін Астана экономикалық форумын халықаралық алаң ретінде пайдалану жөнінде ұсыныс жасады. Сондай-ақ, Г.Әбдіқалықова конференцияға қатысушыларды Дүниежүзілік ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесіне атсалысуға шақырды және әйелдерге арналған, 2016 жылы Токиода өтетін келесі бүкіләлемдік конференция шеңберіндегі «Энергетик және кәсіпкер әйелдер форумының» арнаулы панельдік сессиясында «жасыл бизнесті» дамыту мәселелерін талқылауды ұсынды.
Бүкіләлемдік конференцияға қатысушылар Қазақстанмен ынтымақтастық орнату және әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру бағытында көпжақты үнқатысуды ілгерілетуге мүдделілік танытты.
Сапарының екінші күні Мемлекеттік хатшы Жапонияның Сыртқы істер министрі Ф.Кишидамен де кездесті. Тараптар Қазақстан-Жапония өзара іс-қимылының барлық бағыты бойынша серіктестікті одан әрі тереңдетудің перспективаларын талқылады.
Г.Әбдіқалықова Орталық Азияның барлық елдері үшін ортақ проблемаларды шешу ісіне жәрдемдесуге бағытталған Жапония саясатына ризашылық білдіріп, 2015 жылғы ақпанда Жапонияда қабылданған Дамуға ресми көмектің (ДРК) жаңа жарғысы Қазақстан мен Жапония арасындағы ынтымақтастық аясын кеңейтудің мол мүмкіндіктеріне жол ашатынын атап өтті.
«Егемен-ақпарат».