Ақтауда Еңбек басқармасының басшысы Әлігер Іңкәров брифинг өткізіп, журналистерге еңбек қарым-қатынасының өзекті мәселелерін әңгімеледі. Мемлекет басшысы белгілеген бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 қадамға» тоқталды.
Еңбек басқармасының негізгі міндеті – еңбек заңнамасының сақталуын бақылау. Бұл азаматтардың еңбек заңнамасы мәселелері бойынша және жұмыс беруші мен жұмысшылар арасындағы құқықтық қатынастар жөнінде арыз-шағымдарын қарастыру жолымен жүзеге асырылады. Мемлекеттік еңбек инспекторлары өндірістегі жазатайым оқиғаларды арнайы тексеру жөніндегі комиссияларды басқарады. Жыл басынан бері облыста 34 өндірістік жазатайым оқиға тіркелді, онда 38 адам жапа шеккен, оның 33-інің денсаулығына ауыр зиян келген және 4 жағдайда адам қазасы орын алған. Өндірістік жарақаттанушылықты талдау өндірістегі көпшілік жазатайым оқиғалар мұнай газ өндіруші кәсіпорындарда болатынын көрсетті. Себептеріне келетін болсақ, ең бірінші кезекте, бұл жұмыс үдерісінің және еңбек шарттарының қанағаттанарлықсыз ұйымдастырылуы, жұмысшылардың өз абайсыздығы мен қауіпсіздік ережелерін сақтамауы, деп атап өтті Әлігер Іңкәров.
Әрбір жазатайым оқиғадан кейін мұқият тексеріс жүргізіледі және жұмысшының жарақаттануына әкелген себептерді жою үшін іс-шаралар әзірленеді. Кәсіпорындар өндірістік жарақаттанушылықты төмендету бойынша шаралар қабылдауға, еңбекті қорғау және қауіпсіздік мәселелері бойынша оқыту шеңберінде жалпы түсіндірме жұмыстарын жүргізуге міндетті.
Басқарма қызметінің басым бағыттары еңбек дауларына жол бермеу бойынша шараларды қабылдау және мониторингтеу, еңбекақы бойынша жалпы берешекті төмендету болып табылады. Шағымдардың ең көбі – еңбекақы бойынша берешек және еңбек шартын заңсыз тоқтату туралы.
Басқарма басшысының айтуынша, Маңғыстау облысында екі проблемалы кәсіпорын бар, олардың еңбекақы бойынша жалпы берешегі 60 млн. теңгені құрайды.
– Қазіргі кезде облыста еңбекақы бойынша проблемалық борышкер болып «Фреш» ЖШС табылады. Жыл басында берешек 37,7 млн. теңгені құрады. Қазіргі уақытта борыш 30 млн. теңгеге дейін азайды. Басқарма фирмамен үлкен жұмыс жасады. Кәсіпорынның қаржылық ауқаттылығын қазір сот органдары қарап жатыр, – деп хабарлады Ә.Іңкәров.
Еңбекақы бойынша борышы бар тағы бір кәсіпорын – бұл «Датоба Констракшн». Оның берешегі 58 миллион теңгені құраған. Қазіргі күнге 28 миллион теңге төленді. «Датоба Констракшн» жөніндегі сұрақ Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасарының төрағалығымен антикризистік штабта үш рет қаралды. Бұдан әрі бұл берешек өтелетін болады.
– Бізге еңбек шартынсыз жұмыс істейтін көп азаматтар жүгінеді. Бірақ олардың кәсіпорындағы еңбек қызметі фактісін растайтын ешқандай құжаттары жоқ. Мұндай жағдайда біз оларға сотқа жүгінуді ұсынамыз, онда куәгерлердің айғақтары есепке алынады. Куәгерлер ол жұмысшының жұмысқа келгенін және жұмыс істегенін дәлелдей алады.Соттың шешімі бойынша оған бәрі төленеді, – деп түсіндірді басқарма басшысы.
Ағымдағы жылдың басынан мемлекеттік еңбек инспекторлары 294 тексеріс жүргізіп, 847 бұзушылықты анықтады. Бұзушылықтарды жою үшін жұмыс берушілердің атына 263 ұсыным енгізілді. Кінәлі тұлғаларға жалпы сомасы 14 993 830 теңгенің 169 әкімшілік айыппұлы салынды.
Осы жылы жұмысшыларды қысқарту қаупін төмендету үшін өндірістік үдерістерді тұрақтандыру, еңбек құқықтарын қамтамасыз ету және жұмысшыларды еңбекке орналастыру мәселелері бойынша серіктестік туралы 620 меморандум жасалыпты. Осылайша, экономиканың түрлі секторындағы 100 мың жұмысшының мүдделері мен құқықтарының қорғалуы қамтамасыз етілген.
Абай КҮШЕНОВ.