ҚЫЗЫЛОРДА. 20 қазан. Қызылорда облысы Қармақшы ауданының тұрғындары Латвияның Рига қаласында өткен самбодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Диана Тілеумұратованы қошеметпен күтіп алды. Аталған сайысқа 30 елдің спортшылары қатысты. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Жасөспірімдер арасында 48 кило салмақта өнер көрсеткен қармақшылық Диана Тілеумұратова №1 Қызылорда облысының мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық резерв мектебінің спортшысы. Енді ол биылғы желтоқсан айында өтетін Азия чемпионатына ел намысын қорғайды.
Айта кетейік, қазан айының 8-12 аралығында Латвияның Рига қаласында самбодан жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігі өтті. Халықаралық турнирде бақ сынаған жерлесіміз күміс жүлдегер атанды. Д.Тілеумұратова жарыс жолында Беларусь, Румыния спортшыларынан басым түссе, шешуші сында ресейлік спортшыға жарақатына байланысты жол берді.
Жас спортшы бұған дейін жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы атанды. Оны жарысқа дайындаған Дархан Алмаханов.
Ержан Байтілес.
Дерек, сурет: egemen.kz.