ҚЫЗЫЛОРДА. 25 мамыр. Қызылордада ауыр атлетикадан екі дүркін Олимпиада, төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин атындағы спорт алаңы ашылды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Осыдан бірнеше жыл бұрын бұл спорт алаңын зілтемірші өз қаражаты есебінен салған еді. Өткен жылы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі негізінде «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-тың демеушілігімен 30 миллион теңге қаржы бөлініп, спорт алаңы қайта жаңғыртудан өтті.
Спорт алаңының аумағы толық қоршалып, 121 күл-қоқыс жәшігі, 64 дана орындық, 158 дана жарық шамдары орнатылды. Шағын футбол, шахмат, балалар ойын алаңы мен тренажер және стритбол алаңдары пайдалануға берілді.
«Облыста спортқа қызығушылық танытушылардың қатары күннен-күнге артып келеді. Биыл Қызылорда қаласында бокс орталығы мен ипподром, Нағи Ілиясов ауылында стадион мен спорт кешені, Қазалы, Жаңақорған аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға берілетін болады. Сондай-ақ, қала орталығында Илья Ильин атындағы ауыр атлетикадан спорт кешені және 3 мың орындық жабық футбол манежі бой көтереді. Мұның барлығы бұқаралық спортты дамыту үшін жасалып жатқан жасампаз жұмыстар», – деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.
Айта кетейік, шара Олимпиада чемпионының туған күніне жерлестерінің атынан үлкен сый болды. Илья Ильин спортшыларға қолдаудың артып келе жатқанына ризашылығын білдірді.
Салтанатты шарадан соң шағын футболдан әуесқойлар арасында жазғы маусым лигасының ойындары өткізілді.
Ержан Байтілес.
Дерек, сурет: egemen.kz.