• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
02 Қыркүйек, 2015

Ғарышкерлерге ақ жол тіледі

363 рет
көрсетілді

Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Байқо­ңыр қаласына арнайы іссапармен кел­ді. «Союз ТМА 18-М» кемесі­мен ғарышқа сапар шегетін экипаж мүшелерімен кездесті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен экипаж командирі Сергей Волков, бортинженерлер қазақстандық Айдын Айымбетов пен даниялық Андреас Могенсенмен пікірлесіп, сәтті сапар тіледі. – Бүгін елің мен Елбасының аты­нан арнайы келіп, сапарыңа сәт­тілік тілеп отырмыз. Тоқтар Әубә­кіров, Талғат Мұсабаев секілді алдың­ғ­ы толқын ағаларыңның жолын жалғап, елің мен ұлтыңның абы­ройын көтергелі отырсың. Мақсат-мұра­тың оңынан орындалсын. Биыл – Қазақ­стан үшін өте мерейлі жыл. Қазақ хандығының құрылғанына – 550, Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20, еліміздің ең үлкен құжаты – Ата Заңымыздың қабылданғанына 20 жыл толып отыр. Осындай мерейлі шақта сенің көк жүзіне аттануың ел абыройын тағы бір асырып отыр. Ғарышкерлерге ақ жол тілеген Премьер-министрдің орынбасары қандасымыз Айдын Айымбетовке еліміздің көк байрағы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының және ЭКСПО-2017 көрмесінің туын да табыс етті. Енді Айдын осы рәміздерді ғарышқа өзімен бірге алып кетпек. Сонымен қатар, Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына орай арнайы мерекелік медаль шығарылған еді. Елбасының арнайы Жарлығымен экипаж мүшелері аталған медальмен марапатталды. Бұл Сергей Волковтың ғарышқа үшінші сапары. Дегенмен бұған дейін дәл мұндай қамқорлықты сезінбегенін айтады. Оған Айдын Айымбетовтің аспанға ұшқалы жатқаны себеп екенін де жеткізді. "Жерлестеріңіздің ғарышқа сапарын Қазақстан халқы мен басшылығы қалай жылы қабылдап, қуанып жатқанын сезініп отырмыз",– деді ол. Бұдан кейін сөз алған Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев экипаж мүшелеріне сәттілік тілеп, ойға алған жоспарларының орындалып, жерге белгіленген мерзімде қайтып келулеріне тілектес екендерін айтты. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қасиетті Сыр топырағы экипаж мүшелерін аман-сау күтіп алатынын мәлім етті. – Сіздер ғарыш әлемін тағы бір мәрте бағындыруға аттанғалы отырсыздар. Мұның үлкен ерлік тұтас халық біліп отыр. Тіпті, әлгінде білім күніне орай өткен жиналыста бір мектеп оқушысы жаныма келіп: "Айдын ағаға аман-есен барып келсін, сапары оңынан болсын деп айтыңызшы", деді. Міне, бүкіл ел өзіңнің тілеуіңді тілеп отыр. Сәттілік серігің болсын, – деді Қырымбек Елеуұлы. Өз кезегінде Айдын Айымбетов ел мен Елбасының сенімін толық ақтайтынын, мойнына жүктеліп отырған жауапкершілік үдесінен шығатынын мәлімдеді. Қазақстанның ғарыш әлемін зерттеуде алда ауқымды шаралар атқаратынына сенімді екенін айтты. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». БАЙҚОҢЫР.