Елбасының баспасөз қызметі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күніне байланысты Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модидың құттықтауы туралы хабарлады.
Н.Моди Қазақстанның қалыптасуы мен қарқынды дамуындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығын атап өткен.
«Үндістан екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға Сіздің ұдайы көрсетіп келе жатқан қолдауыңызды жоғары бағалайды», – делінген жеделхатта.
Үндістан Премьер-министрі Қазақстан Президентімен Астанада өтетін алдағы кездесуді тағатсыздана тосуда екенін айтады.
Соңында Н.Моди Нұрсұлтан Назарбаевқа мықты денсаулық, сарқылмас күш-қуат және табыс тіледі.
Елбасының баспасөз қызметі Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күніне байланысты шетелдік мемлекеттер мен үкіметтер басшыларының құттықтаулары туралы хабарлады.
Армения Президенті Серж Саргсян өз құттықтауында қазақ-армян ықпалдастығы екіжақты пішімде, сондай-ақ, халықаралық және өңірлік ұйымдар мен бірлестіктер аясында Қазақстан-Армения халықтарының достығы мен игілігі үшін алдағы уақытта да дами беретініне сенім білдірген.
С.Саргсян Мемлекет басшысына мықты денсаулық, бақуаттылық және қызметіне табыс тіледі.
* * *
Чех Республикасының Президенті Милош Земан өз құттықтауында Қазақстан Президентімен соңғы жылдарда өткен кездесулер екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарды және ынтымақтастықтың түрлі салаларында қалыптасқан берік байланыстарды айғақтайтынын айтқан.
Сондай-ақ, Чехия Президенті алдағы оқиғалар екіжақты өзара ықпалдастықты дамыту мәселелерін талқылау үшін қосымша кездесулерге мүмкіндік тудыратынына сенім білдіреді.
Соңында М.Земан Нұрсұлтан Назарбаевқа мықты денсаулық және жауапты қызметіне табыс тіледі.
* * *
Украина Президенті Петр Порошенко мемлекет құру жолында біздің елдің соңғы ондаған жылдарда қол жеткізген түрлі саладағы жетістіктері Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Президенті лауазымындағы көпқырлы қызметімен ажырағысыз байланысты екенін атап өткен.
«Дәстүрлі Украина-Қазақстан достық қарым-қатынасын тереңдете түсуге бағытталған біздің сындарлы диалогымыздың бұдан әрі өрістеуі өзара тиімді және жан-жақты ынтымақтастықты Украина мен Қазақстанның игілігі үшін жандандыра түсуге септігін тигізетініне сенімдімін», – делінген жеделхатта.
Соңында П.Порошенко Мемлекет басшысына мықты денсаулық, сарқылмас күш-қуат, жемісті мемлекеттік қызметіне жаңа табыс, ал достас Қазақстан халқына игілік пен бақ-береке тіледі.
* * *
Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэ Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтап, оның пәрменді басшылығымен Қазақстан көптеген жылдар бойы өзінің халықаралық аренадағы беделін арттырып келе жатқанын атап өткен.
С.Абэ Мемлекет басшысына және Қазақстан халқына игілік пен бақ-береке тіледі.
* * *
Монако Князі II Альбердің құттықтауында екі ел арасындағы байланыстарды одан әрі нығайтудың маңыздылығы айтылған.
«Миландағы көрмеде Қазақстанның ұлттық павильонында болу мені өте жақсы әсерге бөледі, Астанада өтетін ЭКСПО-2017 дүниежүзілік көрмесіне Монако Князьдігінің қатысуын тағатсыздана күтіп жүрмін», – делінген құттықтауда.
* * *
Оман Сұлтаны Кабус бен Саид Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтап, оған бақыт және мықты денсаулық тіледі, сондай-ақ, достас Қазақстан халқының одан әрі ілгерілеуі мен өсіп-өркендеуіне ниеттестігін білдірді.
***
Президенттің баспасөз қызметі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына оның туған күніне және Астана күніне байланысты келіп түскен құттықтаулар туралы хабарлады.
Мемлекет басшысы атына Қазақстанның барлық өңірінен және шетелдерден құттықтау хаттары мен жеделхаттары әлі де келіп түсуде.
Мәселен, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің бас хатшысы А.Сергеев, сондай-ақ, ТМД ПАА Кеңесі бас хатшысының орынбасары – Қазақстан Республикасы Парламентінің ТМД ПАА және ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясындағы өкілі Х.Бакенов Мемлекет басшысын туған күнімен құттықтап, оның өмірі өз еліне және халқына қалтқысыз қызмет етудің жарқын үлгісі екенін айтқан.
«Әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени дамудағы елеулі табыстармен, халықаралық аренадағы елдің орнының нығаюымен айшықталған қазіргі Қазақстан тарихының тұтас дәуірі Сіздің есіміңізбен байланысты. Сіз әрдайым Достастық кеңістігіндегі интеграциялық үдерістердің дамуының, ТМД-ға мүше мемлекеттердің стратегиялық серіктестігі мен одақтастық өзара ықпалдастығының табанды жақтаушысы болдыңыз», – делінген хатта.
Еуразиялық экономикалық комиссияның Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Т.Мансұров Қазақстан халқы өзінің әл-ауқаты мен болашағын Көшбасшысының жемісті қызметімен байланыстыратынын атап өткен.
«Сіздің пассионарлық ерік-жігеріңіз бен зор халықаралық беделіңіз мерейлі жеңісі Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы болған бүгінгі еуразиялық интеграцияның табысты дамуын қамтамасыз етіп отыр. Қажымас қызметіңізге жаңа да жарқын жетістіктер, ұзақ ғұмыр мен мықты денсаулық, бақыт және бақуаттылық тілеген шынайы тілегімізді қабыл алыңыз», – делінген хатта.
Жылы лебізді құттықтауын Польшаның бұрынғы президенті А.Квасьневский де жолдап, Мемлекет басшысының туған күні мен Астана күнінің сәйкес келуі Қазақстанның жаңа тарихы мен табыстарының Нұрсұлтан Назарбаев тұлғасымен ажырағысыз байланысын айшықтайтынын атап өткен.
«Тәуелсіздік декларациясы, мемлекеттіліктің нығаюы, жан-жақты экономикалық даму, саяси және қоғамдық тұрақтылық Сіздің президенттігіңіздің фирмалық белгісі болып саналады. Күрделі халықаралық жағдайда, ұлттық сын-қатер және қауіпсіздік үшін қауіп көп кезеңде бұл дегеніңіз керемет жетістік. Еуропада және әлемде соңғы ширек ғасырда болған тарихи өзгерістердің деңгейі мен маңызын, сондай-ақ, ол өзгерістер үшін мүмкіндік пен жағдай туғызу ісіндегі Сіздің ерен еңбегіңізді түсінетін менің елімде және Еуропаның көп елінде мұны мойындайды», – делінген хатта.
Польшаның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа денсаулық, табыс тілеп, Қазақстанның барлық халқының өсіп-өркендеуі үшін бұдан әрі де белсенді бола беруіне ниеттестік білдірді.
ГФР-дың бұрынғы Президенті Х.Кёллер де Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтап, оған мықты денсаулық және Мемлекет басшысының ел игілігі үшін қабылдайтын барлық шешімдеріне даналық тіледі.
Нұрсұлтан Назарбаевқа және барша Қазақстан халқына өзінің ең ізгі тілектерін Ұлыбританияның бұрынғы Премьер-министрі Т.Блэр жолдады.
Ресей Федерациясы Башқұртстан Республикасының басшысы Р.Хамитовтың құттықтауында мемлекеттік қызметтегі орасан мол тәжірибесі, басқарушылық дарыны және халықтың игілігі жолындағы жұмысы Қазақстан Президентін лайықты бедел мен сый-құрметке бөлегенін айтады.
«Сіз елдеріміз бен өңірлеріміздің стратегиялық серіктестігінің дамуына зор үлес қосып келесіз. Қазақстан мен Башқұртстанның көпқырлы ынтымақтастығы, халықтарымыз арасындағы байырғы достық қарым-қатынас алда да қарқынды жалғаса беретініне сенімдімін. Сізге шын жүректен мықты денсаулық, белсенді және ұзақ ғұмыр тілеймін, Қазақстан халқының игілігі үшін барлық жоспарларыңыз бен бастамаларыңыздың табысты жүзеге асуына тілектеспін», – деп жазады автор.
Ресей Федерациясы Пенза облысы губернаторының міндетін атқарушы И.Белозерцев Мемлекет басшысының жемісті жұмысы Отанға қызмет етудің жарқын үлгісі екенін айтады.
«Сізге тән жоғары кәсіпқойлық, терең білім, керемет ұйымдастырушылық дарын, бай саяси тәжірибе республиканың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін қарқынды дамытуға, азаматтарының әл-ауқатын арттыруға септігін тигізіп келеді. Сізге мықты денсаулық, бақуаттылық, бақыт, барлық ісіңіз бен бастамаларыңызға жаңа табыс тілеймін», – делінген құттықтауда.
ТМД-ның Экономикалық даму іскерлік орталығының бас директоры В.Савченко Нұрсұлтан Назарбаевтың ғаламат өмірлік тәжірибесі мен даналығы егемен мемлекет құрып, Қазақстанды XXI ғасырда өсіп-өркендеу жолына батыл бастауға мүмкіндік бергенін айтқан.
«Сіз істеген ісіңіздің барлығында кемелдікке ұмтыласыз. Сіздің бойыңыз Ұлы даланы әлемдік дамудың қуатты орталығына айналдырып келе жатқан энергияға толы», – деп жазады автор.
АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Д.Крол Астананың қалыптасуы мен дамуы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген және сындарлы саясатының, елдің игілігі жолындағы қызметінің нәтижесі екенін атап өткен.
Қазақстанның Сербиядағы құрметті консулы М.Карич Нұрсұлтан Назарбаев өзінің нағыз патриотизмі, шебер басшылығы арқылы Қазақстанның мемлекеттілігі мен халқының тарихында елеулі із қалдырғанына тоқталып өткен.
«Президент лауазымындағы қызметіңіз бен соңғы сайлаудағы айқын жеңісіңіз халықтың Сізді қаншалықты жақсы көретінін және Сізге қаншалықты сенетінін айғақтайды», – делінген жеделхатта.
М.В.Ломоносов атындағы ММУ-дің қазақстандық филиалының директоры А.Сидорович бүкіл ұжымның атынан Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтап, мықты денсаулық, бақыт тіледі және жаңа идеяларының жүзеге асуына ниеттестік білдірді.
«Сіздің көрнекті қызметіңізді бүкіл әлем мойындайды, Ресей мен Қазақстан халқы жоғары бағалайды. Сіздің есіміңіз бен ісіңізге Мәскеу университетінің ұжымы ерекше құрметпен қарайды. ММУ-дің қазақстандық филиалына зор мәртебе бұйырды – ол Сіздің бастамаңызбен құрылды және үнемі қамқорлығыңызды сезініп келеді. ММУ-дің қазақстандық филиалының ұжымы және түлектері арқылы Сіздің игі істеріңіз бен әрекеттеріңіз елдің өсіп-өркендеу үшін еселене түсетініне және Сіздің асқақ мұраттарыңыздың орындалуына қызмет ететініне сенуіңізге болады», – деп жазады автор.
Өзбекстанның Қазақ ұлттық мәдени орталығының өкілдері Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен біздің елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық дамуына тоқталып өтіпті. Авторлар, сондай-ақ, қуатты экономика құру үшін жағдай жасауға, мемлекетті одан әрі дамытуға бағытталған «Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асырудың маңыздылығына да назар аударған.
Жылы лебізді тілектер балғын мектеп оқушыларынан – Павлодар облысынан Т.Солтанғазыдан, Астана қаласынан А.Ахметовадан, Ақтөбе қаласынан Н.Нұрғалиев пен Н.Нұрғалидан, Жамбыл облысынан Н.Амангелдіден келіп түсті.
Мемлекет басшысын өлең жолдарымен Астана қаласынан А.Мұқибек пен Г.Шишов құттықтады.
Өз құттықтауларын Астана қаласынан Б.Шалабаева, Б.Жұмағұлов, 1-ші сыныпты ұшқыш-инженер Н.Ақмұқанов, Р.Шырдабаев, Шымкент қаласынан О.Көшекбаев, сондай-ақ, Көкшетау қаласынан бір топ азамат жолдап, Нұрсұлтан Назарбаевқа мықты денсаулық, бақ-береке және табыс тіледі.
Мемлекет басшысы атына хаттар мен жеделхаттар әлі де келіп түсіп жатыр.