• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
21 Қазан, 2015

Театр деген бір сиқыр...

1592 рет
көрсетілді

немесе Әшірбексіз өткен бір жыл Дүние жарық... Әшірбексіз бір жыл өтті... Әшірбексіз өткен осынау бір жыл ішінде жұмыр жер де, жұмырбасты пенделер де ырғақты жүрісі мен тұрысынан, мына жалған ұсынар дүниенің қуанышы мен күлкісінен жаңыла қойған жоқ... Қар жауды, сақылдаған сары аяз Сарыарқаны кезді... Қар еріді. Алатаудың сұлу бөктеріне жыл құстары оралып, көктем келді... Көктемнің жылымығы байқалмай жаздың шуақ, нұрына жалғасып, Атыраудың ақ толқындары жағаны соқты... Сөйтіп жүргенде... Тамыздың таңғажайып түндері артта қалып, Алтайға сары ала күз келді. Сөйтіп жүргенде ... Қаратау қарттың қабағын тұнжыратып, қазан ұрды... Хантәңірі мен Хантағының аспанын мұңға батырып, қараша құстар Табиғат-ананың жылы қабағын іздеп, жылы жақтарды бетке алды. Әшірбексіз өткен бір жыл жүректі мұңға бөлеп, ойды қабаржытып, жады шіркінді қайыра-қайыра жаңғыртып, көңіл дейтін жазулы дәптердің парақтары мен беттерін ақтарыстырды. Еміс-еміс есте қалған өмір үзіктері ана ғасырдың алпысыншы, жетпісінші, сексенінші, тоқсаныншы жылдарына тіл бітіріп, құлағыма бозбала күннің үні жеткендей болды. Қатар жүріп, қанжыға қағысып, ерге қатар қонған, таңды таңға ұрып, Алматының аспанын әнмен тербеткен, жар қабағын аялап, балаларымызды бақшаға жетектеп, мектепке бірге апарған сәт-сағаттар еске түсті... Алматы дейтін ұлы шаһардың қойын-қолтығын кезіп, пәтер жалдап, біресе Әшірбектің Күләшінің, біресе Сағаттың Шәрбәнінің, біресе Баққожаның Нұржамалының, біресе Оралханның Айманының, біресе менің Фаукенімнің жылы-жұмсақтарын бөлісіп, кейде түнді ауғызып, кейде таңды шаршатып, үйді-үйімізге әзер тарайтын, дүниеде әдебиет пен өнерден өзге құдіретті ештеңе жоқтай көретін сол бір ессіз шақтар тізіліп өте бастады. Айлықты айлыққа жалғап, пәтерден пәтер ауыстырып жүріп, мына ұлы дүниенің мәңгілік құндағын шабытты шақтармен тербеткен тұнық сәттер жан дүниемді теңіздей сапырды... Айтса, айтқандай! Жастықтың жалынды күндері де, ел танып, топ жарған, өмір дейтін ғұламаның қызық-қуанышын бірге жүріп бөліскен, әдебиет дейтін ұлы кеңістік пен театр дейтін текті жұрттың түренін бірге ұстап, шоқтығын да қатар үрлеген құрбы-құрдастарымды ойладым... Алпыс екі тамырымды кеткен айлар мен көшкен жылдардың ыстығы кезіп, жүрегімді әлдебір қуатты жалын шарпып өткендей болды. *   *   * Мен Әшірбекпен ең алғаш ҚазМУ-дің үшінші курсында оқып жүргенде кездесіп едім... Құрманғазы консерваториясының бір топ студенттері мен біздің филология факультетінің ұл-қыздары бірігіп, «Махамбет рухы» дейтін театрланған жыр кешін өткізбек болдық. Абайдың тереңіне енді-енді бет бұрып, Махамбеттің өр мінезіне еліктеп жүрген жастармыз... Жыр десе, жарғақ құлағымыз жастыққа тимейтін кез... Талабымыз дұрыс еді... Бірақ қалай болғаны, кімдердің тоқтатқаны белгісіз, 1968 жылдың жылы көктемінде өткен үш-төрт кездесуден соң, Махамбеттің «ереуілді кеші» болмайтын болды... Сол тұстағы «жылымық» тудырған тұлғалар мен «Жас тұлпардың» тұяғын тасқа салған әрекеттердің салқыны тиді ме, әйтеуір, кеш қанаты қайырылды... Дайындық тоқтатылды. Өтпейтін болды... Әшірбек есімді орта бойлы, жұтынған сары бала сөзімен, жүрісімен, тұрысымен көзімізге бірден ілікті. Жақсыны жадында тез сақтап, жаңаны көрсе, табысқысы келетін, тазалықпен жүрегін суғарған жылдардың мінезі... Әшірбекпен шала-шарпы есте қалған алғашқы таныстығымыз осылай болды. Шала таныстығымызға жан бітіріп, бүтін сипат алуына себепші болған адам – Сағат Әшімбаев. – Мен сені бүгін бір тамаша жігітпен таныстырамын. Консерваторияның соңғы курсында оқиды. Өзі бізбен түйдей жасты, – деді ойы да, сөзі де елгезек Сағат досым. Сонымен... Айтқан кезде, айтылған жерде, «уәде құдай аты», кездестік. Сағат қай кездегідей шапшаңдық танытып, екеумізді таныстыра бастады. Үстіне мойылдай қара костюм киіп, мойнына қызғылтым галстук байлаған орта бойлы ақсары жігітті бірден таныдым. Осыдан бір жылдай бұрын «Махамбет рухы» тұсында көрген студентім. – Әшірбек Сығай... – Нұрлан Оразалин... – Сағат ішек-сілесі қата күлді: – Екеуің емтихан тапсыратын студенттердей сіресе қалдыңдар ғой... Босатыңдар бойларыңды! Қане! Әшірбек консерваторияға мұғалімдікке қалатын болыпты. Мұғалімдер «строго» киінбесе болмайды. Ал, жігіттер, кездесуіміздің ресми бөлігі осымен бітті. Енді, бейресми жағына өтейік. Жүріңдер, ана «Блиннаядан» бір-бір порция блины алып берейін, – деді. Блины желінді... Шәй ішілді... Әдебиет пен театр туралы әңгіме бас­талды... Әшірбек екеуміз көбірек тыңдап, Сағат көбірек сөйледі. Белинскийден бастап, Добролюбовқа өтіп, Әуезовтен бастап, Мүсіреповке соғып, ұзын сөздің қысқасы, әдебиет пен өнердің батысы, шығысын аз-кем адақтап, Әшірбекке өзі жаңа орналасқан «Лениншіл жастың» тапсырмасын да беріп үлгерді. – Үшеуміз бірге барып көрейік. Жақсы спектакль, жаңа спектакль... «Қозы Көрпеш – Баян сұлудың» соны шешімді қойылымы. Мәмбетовтің жұлдызды дүниелерінің бірі! – деді Әшірбек те Сағаттың сөзін қуаттағанын байқатып. Арада бірер ай өтті. Көктемде болған әлгі үш құрдастың танысуы тұсында болған әңгіме өз мәресіне жетті. Ұмытпасам, күз айларының бірінде Сағат пен Әшірбектің қосалқы авторлығымен Әзербайжан Мәмбетовтің «Қозы Көрпеші» туралы мақала жарық көрді. Спектакль де, мақала да өз кезінде зиялы қауым арасында үлкен резонанс туғызды. Қолдаушылар да, сынаушылар да аз болған жоқ... Қалай дегенде, қазақ театрына жаңа леп әкелген Мәмбетовтің әр жаңа дүниесі әрісі – Мәскеу, берісі – Алматының кірпияз мінезді театртанушылары тарапынан «үнсіз» өткен емес. Сол тұстағы Мәскеудің «Современник», «Таганка» театрларының спектакльдері қатарында үлкен-үлкен мінберлерден жиі айтылатын. Қазақ топырағында дәстүрлі режиссураның қалыбын бұзған жаңашыл режиссер мен жаңа тұрпатты актерлер туралы бел шешіп, пікірін ашық айтқан қос достың мақаласы Мәмбетов дәуірін танушылардың алғашқы қадамдарының бірі еді. Әшірбек өзінің туабітті алғыр­лы­ғының, сөз табиғатын тереңнен суырып таныр сирек дарынының, сондай-ақ үлкен кәсіби дайындығының арқасында қалыптасқан дәстүрі мен мектебі бар қазақ театрының өрлеп, өркендеуіне орасан зор еңбек етті. Жаңа дәуір тынысын тап басып танып, жаңа дәуір талабына сай театр дейтін тарланбоз өнердің өрісін кеңейтуге ол қосшы да, басшы да, ұйымдастырушы да, театртанушы да бола жүріп, аянбай терін төкті. Сонау жетпісінші жылдары қазақтың ұлы актрисаларының бірі – КСРО халық әртісі Хадиша Бөкеевадан дәріс алып, қанаттанған жас жігіт актерлер дайындайтын факультетте мұғалім болды. Бүгінде театр дейтін киелі өнердің бір-бір майталмандарына, хас шеберлеріне айналған Тұңғышбай Жаманқұлов, Досқан Жолжақсыновтарға ұстаздық етті. Ара-тұра сол күндерін еске алып: «Пәлі, бұлар жасы жағынан маған өкше басар болатын. Екеуі де сұрапыл, екеуі де дарынды... Екеуі де иықтарын жұлып жеп, сахнаға шыққанда, «аласа бойлы, терең ойлы» мені қойып (осы тұста өзі де мырс етіп, күліп алатын), алдарындағы алпамсадай ағаларын таптап кете жаздайтын. Тіпті, осыларға «ұстаз болып едім» деудің өзіне ұяламын осы күнде», – деп мәз-мәйрам болатын. Әшірбек мінезді жігіт еді... Ол жақсы көрген адамына ықыласы мен пейілін құлай танытып, жүрген жерінде оларды аузынан тастамай, айтып жүретін. Біреудің ығына тығылып, «судан аман шығайын, желден аман қалайын» дегенді білмейтін. Айтса, тура айтып, сол жолда жығылса да, сүрінсе де өкінбейтін... «Алпыс күн атан болғанша, алты күн бура болғаным артық» дейтін кейде ішкі сырын ақтарып. Сондайда жөпшеңдіге иығын бермейтін, Алтайдың кербұғысындай керіле шалқайып тұрып, қою қара шашын оң қолымен сілке тарап, қайран Орекең (Оралхан Бөкей): «Әшкө! Дұрыс! Дұрыс айтасың. Бұл мәселеде пікіріміз ұқсас», – деп ақсия күлетін. «Біз бәріміз де сізге ұқсауға тырысамыз ғой, Ореке!» деп Әшірбек те әңгімені Оралхан Бөкейдің өзіне қарай жығып, ортамызды күлкімен қарық қылып отыратын. Ол жақсы көретін жылы жүректі ортаға түскенде әзіл-қалжыңын қардай боратып, тамылжыта ән салудан жалықпайтын... Ілия Жақановтың «Даниярдың әнін» дәл Әшірбектей әуелетіп шырқаған бір әншіні естімеппін. Алпысыншы, жетпісінші жылдардағы алмасы мен қара өрігі көшесінде төгіліп жататын Алматыны ойласам, көз алдыма ылғи көзілдірігін көтеріп қойып, әңгіме айтатын Сағат пен «Даниярды» шаншылып тұрып, үздіге шырқайтын Әшірбек елестейді. Ескі Алматының аспанын ән тербеген сәттер елестейді... Әшірбек консерваторияда қатар оқыған жігіттер мен қыздарды кездестіргенде де, әңгімеден әңгіме өргенді, өнер айналасында жүрген дос-құрдастары жайлы күлкілі сәттерді еске алғанды жақсы көретін. Құман Тастанбековпен, Әнуар Боранбаевпен, Әшірәлі Кенжеевпен кездескенде, балаша қуанып, қайдағы-жайдағыларды еске алатын... Еркелей де, еркелете де білетін. Адал достары дегенде көңілі ала-бөтен еді. Сөйтіп жүріп... Театр, өнер, спектакль деген ұғымдар айналасына келгенде, әлгі еркелеп, еркелетіп жүрген әріптес-достарына «Қарабайдай қатал» болатын. Сыншы ретінде айтарын кесіп айтып, көңілінен шықпаған тұсы болса, оны тура айтатын, тіпті, турап айтатын. Онысы біреуге ұнаса, біреуге ұнамайтын... Спектакль талдауға келгенде, шығарманың көркемдік сұлбасын таратып айтып, әр актердің образ сомдауына соншама терең, соншама нақты талдау жасап, баға беруде сыншы Сығаевтың пікіріне ден қоймайтын ұжым, құлақ аспайтын актер болмаушы еді... «Әшірбек не депті?», «Әшекеңнің пікірі қалай?» деген сауал әр спектакльден соң театр ғимаратының қойны-қонышын кезіп жүретін... Сахнада дүниені қопарып әкететіндей болып күркіреген талай дүлдүл тұлғалардың көркемдік кеңес үстінде Әшірбектің шаншудай қадалар саңқылдаған үніне үнсіз құлақ түрген сәтін сан мәрте көргенім бар. Көріп отырып, театр дейтін сиқыры мен жұмбағы көл-көсір осынау ғажайып әлемге өз тағдырын байлаған дос, құрдас замандасқа, іштей риза болушы едім... *   *   * Кейде театр дейтін іргелі өнердің бағын анықтайтын басты орынды біріміз – драматургке, біріміз – режиссерге, енді біріміз актерге теліп, қызыл кеңірдек болып жатамыз. Осы бір ешкімге керегі жоқ ескі даудың қашан басталғанын, неден басталғанын ешкім білмейді. Бірақ дау мәресіне жетер емес... Жалғасып келеді... Гоголь мен Островский заманында да, Чехов пен Булгаков кезінде де... Станиславский мен Мейерхольдтің тұсында да, Питер Брук пен Марк Захаров кезінде де... жалғасқан!.. Бұл әңгімеден Мәмбетов пен Мұхамеджанов та, Қадыр Жетпісбаев пен Бағыбек Құндақбаев та, Әшірбек Сығаев пен Нұрқанат Жақыпбаев та сырт қалған жоқ... Театр дейтін кексе өнердің тізгінін кім ұстайды? Айтулы өнердің өрісін кеңейтуде «Бірінші кім?» секілді сұрақ, сауал айналасындағы сөз үзілген емес, үзілмей келеді. Жалғасып келеді... Жас кезімізде театрға бармасақ әлде бір қымбат бұйымымызды жоғалтып алғандай дегбіріміз кететін, ертерек жылдарда бұл әңгімеге менің қатарымдағы жолдас-жораларымның да талай ат терлеткені есімде. Сондай дау көрігі қызған тұстарда «жас классиктердің» дені жас сыншы Әшірбек Сығайдан төрелік сұрап жататын. Әшірбектің өз сөзімен айтқанда, «жиырма жеті жасында жиырма жеті театрға бастық болған» досымыз төрелік сөзін жасқанбай айтатын. «Мықты пьеса мықты режиссердің қолына тисе... бір деңіз! Мықты режиссер қара қылды қақ жарып, рөлді әділ бөлсе... екі деңіз!... Бұған сценографтың шешімін қосыңыз... үш деңіз! Спектакльдің көңіл ауанын жасайтын музыканы қосып, төрт деңіз!... Бесінші!.. Көрермен мен сахна арасына көпір салушы сыншы барын ұмытпаңыздар! Мырзалар! Ол – мына біз! Сағат екеуміз. Бес деңіз! Театр осы бес деген бірліктің биігіне көтерілгенде ғана БЕС деген бағаға қол жеткізеді. Театр, әсіресе, жаңа дәуірдің театры осы бес түрлі компоненттің басы қосылған тұста ғана бақ биігіне көтеріледі», деп жауап беретін еді... Осылай дау өзінің апогейіне жеткен бір сәтте арамызға өнер атаулының безбеншісі, үлкен де, кіші де алдында байқап сөз айтуға тырысатын Асекең – Асқар Сүлейменов келетін еді ойда-жоқта... Бірден пікірталасқа араласып кетпей, шеттеу қонып, қою кофесін сыздықтатып отыратын. Драматургтер көп... Әшірбек жалғыз... режиссерлер бірен-саран... Дау күшейіп, гәп «сен тұра тұрға» жеткенде, жас сыншы жарыла жаздап: «Асеке! Айтыңызшы мыналарға. Солай емес пе?!» дейтін еді. Сол кезде Асекең: «Браво! Браво!» деп қол соғатын. Соғатын да: «Сендерді білмеймін. Бізде, Созақта иманды мұғалімнің қояр бағасының ең жоғарысы қанша? Білесіңдер ме?», дейтін. «Созақтың бұл араға қатысы қанша?» дейтін еді күйіп-пісіп Әшірбек. «Айтыңыз!» дейтін Оралхан. «Созақта театр жоқ» деп Қадыр Жетпісбай орнынан өре тұратын. «Драматургсыз пьеса жоқ. Пьесасыз спектакль жоқ!» дейтін едім мен де. «Созақта пьесасыз да спектакль қоя береді», деп Асекең міз бақпайтын... «Ту, Асеке!». «Білмейсіңдер ме? Мейерхольдтың қайдан екенін?» «Әділін айтыңызшы! Солай ғой». «Солай! Мейерхольдтың Созақта туғанын естімеп пе едіңдер?!» дейтін Асекең шиқ-шиқ күліп. Шулы топ ошарылып барып, отырыстың аяғы ду күлкіге жалғасушы еді. Күлкі басыла бере Асекең: «Әшірбек прав!» дейтін. «Неге?». «Өйткені, біздің Созақта ең жоғары баға – бес!» – дейтін Асекең. «Әшірбектің бес компонентінен Созақтың түтінінің иісі шалқиды. Бес! Ең жоғары баға! Бұған мен түгілі, Бақтығұл да (Зейнолла Серікқалиевті айтып отыр) қол қояр еді. Вот тебе спектакль высшей пробы!» деп қадақшасын көтеретін. «Мықты спектакль үшін!», «Өнер үшін!» деп гуілдесетін отырғандар... Менің жадым жаңғырып отыр... Жаңғыртқан Әшірбек достың рухы... Менің ойыма қанат бітіп отыр... Қанат бітірген сыншы қаламынан туып, қазақ театрының ары мен абыройын арқалап, азаматтың түн ұйқысын төрт бөлген театр хақындағы ұшан-теңіз жазбалары – ойлары, толғаныстары, эсселері, портреттері, рецензиялары, ғылыми талдаулары, монографиялары, лекциялары, естеліктері, аудармалары, сыншы қиялын тербеткен телехабарлары, әр алуан үлкенді-кішілі аудитория­ларда сөйлеген сөздері, ел аумағында ғана емес, алыс-жақын шетелдерде жүріп, сахна өнерінің қыры-сырына үңілуге жетелейтін ойлы сөздері, байсалды баяндамалары... Бір сөзбен айтқанда, өнердің осынау тебінгілі, текті саласын тануға, талдауға, саралауға арналған жарты ғасырлық мерзім ішінде өмірге келген рухани таным мен сиқырлы сұлулықтың кеңістігі! Менің ғана емес, талай жанның ойын тербеп, жүрегін қозғаған, жаратылысы мен болмысы бөлек, бар өмірін өнерге арнаған кесек мінезді, кескекті тұлғаның әлемі! Осы бір тіл ұшына оралған түйдек-түйдек ойлар төркінінде өз тағдырларын театрға байлап, ұлт өнеріне өлшеусіз қызмет еткен қаншама буынның басып өткен жолы жатыр?! Қаншама тұғырлы тұлғалардың театр өнеріне сіңірген еңбегін бағалап, олардың шығармашылық қалыбын, қара үзген болмысын, дара сипатын тануға себі тиер өнер танудың өрісті, жарқын беттері жатыр десеңізші?! Әрісі – Қаллеки Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Бейсейітов, Қапан Бадыров, Рахия Қойшыбаева, Сәбира Майқанова, Хабиба Елебекова, Шәкен Айманов, Камал Қармысов, Хадиша Бөкеева, Сейфолла Телғараев, Бикен Римова, Шолпан Жандарбекова, Мүлік Сүртібаев, Нұрмұхан Жантурин, Ыдырыс Ноғайбаев сынды аға буын, берісі Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Әнуар Молдабеков, Фарида Шәріпова, Райымбек Сейтметов, Есболған Жайсаңбаев, Нүкетай Мышбаева, Салиха Қожақова, Торғын Тасыбекова, Құман Тастанбеков, Әнуар Боранбаев, Әшірәлі Кенжеев, Тілектес Мейрамов, Рахила Машурова, Гүлжан Әспетова, Ғазиза Әбдінабиева сынды орта буын актерлері жайлы жазылған мақалалар мен портреттер, эсселер мен пікірлер... Бәрін санап, түгендеп шығуға уақыт тар... Бұл айтып отырғандарымыз бір ғана Әуезов театрындағы мысалдар. Әшірбек Сығаев қаламы мен талдауларына іліккен жастар театры мен облыстық театрлардың майталман жүйріктері қаншама?! Кейінгі жас буын актерлер қаншама?! Әшірбек әлемін құрайтын көп салалы, кең тынысты көркемдік танымның қанаты қалай құлашты болса, тамыры да солай терең. Ол театр дейтін аса күрделі қанатты, қуатты өнердің өрісін актерлер болмысынан қалай іздесе, сахнаның алтын арқауы саналар драматургия мен сахнаның алтын қазық, ақ бұрауы саналар режиссурадан да солай іздейді... Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Бейімбет Майлиндер секілді ұлттық классиканың табысты қойылымдарын тілге тиек ете отырып, өткен ғасырдың алпысыншы, жетпісінші, сексенінші, тоқсаныншы жылдарында театрлар репертуарын құраған кезеңдік пьесалар мен шоқтықты драмалық шығармаларды да өз назарында ұстағанын білеміз... Жұмат Шанин, Асқар Тоқпанов, Әзірбайжан Мәмбетов, Бәйтен Омаров, Есмұхан Обаев, Қадыр Жетпісбаев, Жақып Омаров, Ерсайын Тәпенов, Нұрқанат Жақыпбаев, Жанат Хаджиев, Әубәкір Рахимов, Талғат Теменов секілді қазақ режиссурасының әр дәуірі мен әр алуан дамуын көз алдымызға елестетер тұлғалар жайлы пікірлері, мақалалары театр процесін тануға, театр өнерінің бағыты мен бағдарын айқындауға көмектеседі. Әшірбек әлемінің тұтастығы мен кеңдігін аңғартар бір қыры – ұлттық театрдың өрісі мен өркенін әлемдік теа­тр өнерімен сабақтастықта отырып, жалпы өнер дамуына әсер етер ықпалды бағыттарды жадынан шығармайтыны. Ол әлемдік классиканың ұлттық сахнаның өсуі мен өрлеуіне өлшеусіз әсері болатынын үздіксіз айтып, төл театрымыздың осы бағытта ізденуін, өріс жайып, өркендеуін қалайтын. Шәкірттерін де осы бағытта тәрбиелеуші еді. Бұл принцип оның эстетикалық кредосы болатын. Өзі де ізденуден жалықпайтын, өзгелерден де соны талап етуге күш салатын. Айтқанына тақ тұратын сыншылық мінезі, терең эрудициясы, мол білімі Әшірбектің кез келген аудитория алдында кібіртіктемей, көсіле шауып, есіле тауып сөйлеуіне әркез көмектесетін. Ең бастысы, Әшірбек театр дегенде ішкен асын жерге қойып, керек пе, алыс-жақын демей, көлік таңдамай, бап тілемей, жолға жүре беретін. Бір күн Астанада жүрсе, бір күн – Алматыда, бір күн Ташкентте жүрсе, бір күн –Мәскеуде... Жарғақ құлағы жастыққа тимей, жаңалық пен жақсылық атаулыны іздеумен жүретін. Әсерлерін қағазға түсіріп, мақала етіп жазуға, лекция күйінде аудитория алдында әңгімелеуге асығатын. Әшірбек тынымсыз еңбек пен табанды күрестің адамы еді. Ол Кеңес Одағы кезінде Орталық Комитетте жауапты қызметте жүргенде де, министрлікте әртүрлі басшылық қызметтерде (бөлім бастығы, басқарма бастығы, Мәдениет министрінің орынбасары, бірінші орынбасары, өнер академиясының ректоры) болған кезде де театрға деген ықыласын еш бәсеңдеткен емес. Аға буынды назарында қалай ұстаса, іні буынды да солай көңілінен таса қылмайтын. Жаңа, жақсы дүниені көрсе, балаша қуанып, солғын дүние көрсе, қабаржып, қуарып қалатын. Әсіресе, шәкірттерінің жетістіктеріне қуанып, олардың шығармашылық бағыт-бағдарын қадағалап отыратын. *   *   * Осындай ойлар құшағында отырып, күнделігіме қонған мына бір жазбаға көзім түсті. «...Телефон күтіп, түскі үзіліске кешігіп отыр ем, Әшірбек Сығай келді. «Қазақ әдебиетінде» жарияланған Хұсейн Темір жайлы мақаласымен құттықтадым. – Ескерусіз жүретін елдегі азаматтардың бірі ғой, дұрыс жасаған екенсің... – дедім. – Рахмет. Рас айтасың, өзі де қаға берісте, ескерілмей жүретін жігіт. Әдейі жаздым. Ел білсін деп жаздым, – деді Әшірбек. Алдымда жатқан күнделік бетін ашып, Әшірбекке Жақып Омаров өлімін естіген күнгі жазбаларды оқып бердім. Бір сәт екеуміз де үнсіз қалдық. Толқыдық... Тыныштықты Әшірбек бұзды: – Тұрмайсың ба? Үзіліс бітіп барады... Уақытың болса, біздің институтқа барайық. Жаңа шәкірттерімді көр. Ашық сабақ. – Телефон күтіп отыр ем... Кейін ... Бір қол боста барармын. – Өмір ғой... Тағдыр ғой... Иә... Жақыптың өлімі ауыр болды. Уфа көз алдымнан кетпейді. Әлі күнге. Амал жоқ... Қас пен көздің арасында арыс­тай азаматтан айырылып қалдық. Жүрекке жіберме... – Ескі жазбалар... Сені көрген соң оқыдым. – Жүрек арқылы өтеді бәрі... Жүректі сақтайтын кезеңге келдік. Ой, ми, жүрек – үшеуі байланыста екенін ұмытпа!.. Жүйкені қажауға бермейік. Жастық шақтың талай-талай қызуы мол қызық күндерін бірге өткізген жақын досты есікке дейін шығарып салдым. Іштей әлде бір толқынысты сезім құшағына түстім... Әшірбек кетті... Мен де кеткен достың соңынан ілесіп бірге кеткім келді... Баяғыдай көше кезіп, таусыла сырласқым келді... Ағыл-тегіл ақтарылғым келді... Бірақ оған мына қыдиып желкеңде отырған өмір, қызмет, міндет дейтін көзге көрінбейтін үнсіз қарауыл мүмкіндік бере бермейді. «Шаруадан қол босамайдымен» уақыт өтіп барады... Әшірбек кеткенімен, оның әлгінде ғана айтқан сөздері құлағымның ұшынан кетер емес... (2001 жыл, 23 ақпан, жұма). Бұл – осыдан табаны күректей 14 жыл, 8 ай бұрын жазылған ойлар. Осыдан 14 жыл, 8 ай бұрын мені «жүрегіңе жіберме» деп сақтандырған Әшірбектің өзі, міне, жылға жақындап келеді, өз жүрегін сақтай алмай, оқыста мына жарық дүниемен қоштасып, жүре берді. Ойда жоқта... Қалың елі, театр дейтін ұлы жұрты арда емген азаматын ақырғы сапарға аттандырып жатқан күндердің бірінде Әшірбекпен қоштасып тұрып, әріптестерінің бірі: «Театр жетім қалды!» деп еді күйзеліп. Сол сөзді сол тұста күллі қазақ теа­трлары үнсіз қайталап жатқандай еді. Содан бері бір жыл өтіпті. Жары Күләш... Ұлдары – Қанат, Сұңғат, Нұрзат... Немерелері... Әшірбексіз өткен бір жылды тұраулы тарихқа аманат етті. Бәріміз де Әшірбексіз өткен бір жылдың салмағын қатты сезіндік... Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары «театр дейтін бір сиқырдың» арбауына шәкірт болып ілігіп, өмірінің соңғы сәт сағатын театр дейтін құдіретті әлемнің үлкен майталманы, беделді білгірі, мүлт кетпес мэтрі болып аяқтаған жомарт дарынның ұлт өнеріндегі орыны осы Әшірбексіз өткен бір жыл ішінде анық байқалды. Ол орынды толтыру, ол орынды әлдеқандай лауазымды басшылардың бұйрығымен қалпына келтіру мүмкін емесі анық аңғарылды. Оны театрға қатысы бар әрбір адал, ақ жүрек адам жан жүрегімен, болмысымен сезінді десек, артық айтқандық болмас еді... Алтай мен Атырау, Арқа мен Сыр ара­сын жайлағын ұлы байтақтың әр теа­тр­ының ұжымы осы бір толқу мен тебі­ре­ніс­ке толы пікірдің астына ойланып, тол­ған­бай, бірден қол қоярына өз басым кәміл­мін. Бұл ой, бұл баға Әшірбекті ақыр­­ғы сапарға шығарып салу кезінде «жоқ­тау» сарынында қалай айтылса, бір жыл бойына театр дейтін ғажайып әлем­нің жүрек соғысынан, алған демінен, әр­бір тынысынан сағыныш лебі болып солай есіп тұрды. Өйткені... Сыншы, театртанушы, ұстаз, ғалым, аудармашы, профессор, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, бір сөзбен айтар болсақ, тағдырын театрға теліген, өзгеге ұқсамайтын өз әлемі бар Әшірбек Төребайұлы Сығай жүрегі «Алашым» деп соққан текті азамат, тегеурінді тұлға болатын. Дүние жарық деген осы... Сарыарқаның сары белі қуаң тартып, Қаратаудың қарт қабағын тұнжыратып, қазан ұрды. Алтайға қырау қонып, Атырауға солтүстіктің салқыны келді. Алатауда – қоңыр күз. Алматыда түн салқын. Кеңсай атты қабірстан үнсіз... Хантәңірі мен Хантағының аспанын мұңға батырып, қараша құстар жылы жақтарға бет түзеді. Әшірбексіз бір жыл өтті... Нұрлан ОРАЗАЛИН, сенатор, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. АСТАНА.