Бауыржан Момышұлы – 100
Даңқы тек иісі қазаққа ғана емес, әлемде кезіп кеткен батыр Бауыржанды көруге құштарлық біздің қанымызға бала кезімізден сіңген. Баукеңнің ерлігі жайлы әңгімелерді естігенде, ауызымыз ашылып тыңдайтынбыз. Оның ақиқаты қайсы, аңызы қайсы ажырата алмай, дал болатынбыз. Өйткені, бұл әңгімелердің ақиқаты аңызға бергісіз болса, аңызының өзі шын ақиқаттан аумайтын еді. Бұған қоса ол жайлы жазылған және өзі жазған кітаптарды да құмарта оқитынбыз. Содан болар ес білгеннен-ақ батыр Бауыржан, жазушы Бауыржанды көру арманға айналды. Осылай армандап жүргенде оның сәті де түсті. Сонау жылы Алматыда Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқып жүрген кезімізде Бауыржан Момышұлының 60 жылдық мерейтойы өтетін болды. Осы салтанаттың М.Әуезов атындағы драма театрында өткерілетінін есіткенімізде, оны көруге деген құштарлығымыздың арта түскені рас. Содан Жазушылар одағындағы көкелерге жалынып жүріп, бірнеше студент қолымызға шақыру билетін түсірдік. Сөйтіп, біз Бауыржан Момышұлымен кездесуге бардық. М.Әуезов атындағы драма театрдың іші лық толды. Елдің бәрі түгел біз секілді ерді енді көріп жатпаса да, осы бір мерейлі күнінде батырмен жүздесуді бақыт санап жеткендерін аңғарамыз. Батыр Бауыржан қасында қаумалаған қауыммен сахнаның төріне шыққанда бүкіл ел орнынан тұрып, ду қол шапалақтап қарсы алған. Ел ерекше құрметін көрсеткісі келді ме, осы тік тұрып қол шапалақтау көпке дейін созылды. Өзіне деген қошемет ұзағырақ созылып кеткесін сахнаның төрінде тұрған батыр сүйенген таяғын алдына тік көтерді де, кесе-көлденең бір-ақ сермеді. Дирижердің таяқшасын сермегенінен кілт тоқтаған оркестр сияқты батырдың бұл белгісінен кейін қол шапалақтау да сап тыйылды. Сосын барып барша жұрт орнына жайғасты. Мұның өзі бір-ақ кесіп-пішетін батыр мінезіне бүкіл қауымның сөзсіз мойынсұнатынын аңғартқан еді. Осы кеште қазақтың бар қаймағы, асылдары батыр ағаға ақ тілектерін білдірді. Жыр да оқылды, ән де шырқалды, сыйлық та тапсырылды, шапан да жабылды, ат та мінгізілді. Бірақ мұның бір де біріне асып-тасқан ол жоқ. Сол бір маңғаз, өр, сабырлы қалпында қабылдады бәрін. Бұл кездесу бізге аңызға айналған батырдың ақиқатын толық аңғартпағанымен, алған әсерді айтып жеткізу қиын. Арада бірнеше жылдар өтті. Алыстағы Тамдыға “батыр Бауыржан келеді екен” деген хабар жетті. Тамды – ол кезде шетел болмағанымен, Өзбекстанның шалғай жатқан кілең қазақтар тұратын ауданы. Қазақы қалпы да, салты да сақталған. Тілі де, ділі де қазақы, қаймағы бұзылмаған ел. Аудандағы мектептің бәрі де қазақ тілінде оқытатын. Мектепте дәрісі, мекемеде жиыны қазақша өтіп, құжаты қазақ тілінде толтырылады. Аңғарған адамға шетте жүрген қазақтың елім деп, ондағы ерлерім деп елеңдеп тұратын ерекше бауырмалдық қасиеті болады. Қазақ үшін қаны қызып, тіпті “Қайрат” командасы үшін жан күйдіретін бұл елдің аңыз адам келе жатыр дегенде айрықша елеңдегені рас. Ең бастысы, батыр бұл елге ресми орындардың шақыруымен емес, жеке адамның өтініші бойынша қыдырып келетін болған. Бұл да халықтың құлағына ілінген айта жүрерлік бөлекше жағдай еді. Батырдың ерлігін естіп, атын білетін бұл қазақтың ішінде туған баласын Бауыржан қойғандар аз емес. Ердің есімімен аталған балалардың саны ондаған мыңнан асқанын баспасөз бетінен оқыдық та. Сондай туған ұлының атын Бауыржан қойған көптің бірі тамдылық Энгельс Ахметов деген азамат еді. Өзі қатардағы қызметкер. Баласы орта мектепті бітіріп, оқу оқимын дегенде, Алматыға барып, университетке түскеннен кейін, аттас атасына сәлем беріп, батасын аламын деп батырдың үйіне барады. Мінезі бөлек Баукеңнің сәлем бере келген қонақты қабылдағанымен, көлденең көк аттыға бата бере салуы оңай шаруа емес. Осы жолы әлгі Энгельс Ахметов баласына бата алып қана қоймай, батырды елге келетін етіп көндіріп те қайтады. – Өлкені мекендеген, өзіңізді көруді армандаған жүз мыңдаған қаракөз қандастарыңыз бармыз. Өзіңізді көрсе, көңілдері көзайым тауып, мақтанып, мәртебесі өсіп қалар еді, – деген тілегіне қарсы уәж айтпапты. – Барамын. Бауырластарымды көріп, жағдайын біліп қайтайын, – деп бір-ақ кесіпті. Ресми шақыруға да бара бермейтін Бауыржанның “мен кез-келген кісінің айтқанына кете беретін кім едім” деп керги сөйлемей, келісім беруі батырдың бөлек мінезін көбірек теретін кейбіреулердің пікірін кері ысырып, қазағым дегендегі қарапайымдығы мен азаматтығын айқындап тұрғаны ақиқат емес пе? Оның үстіне сол кездердің солақай саясатынан да жасқанбай, қалың қазақтың ортасына қойып кетуі батырдың тағы бір қыры болса керек. Елді ең алдымен елеңдеткен де, сүйсіндірген де осы жағы еді. Оны жеке адам шақырып келгенімен, қалың ел күтіп алары өз- өзінен белгілі. Бұған ресми орындар да араласпай қала алмады. Сондықтан жанына жазушы Сәуірбек Бақбергеновті ертіп, әуежайдан келе жатқанда оны аудандық партия комитетінің, қаладағы атқару комитетінің басшылары да, қаумалай келіп, қарсы алуы заңдылық еді. Осы жерде бірден-ақ көзге шалынған ерекше жәйттер болды. Жағалай күтіп тұрған көптің арасында аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полковник Өтеп Аяпов деген кісі болатын. Сол кісіге Баукең: Әй, полковник! Саған да жоқ генералдық, маған да жоқ, – деп қолын алды. Бірден-ақ елдің ауызына іліккен осы бір ауыз сөзді сол марқұм полковник күні кешеге дейін, дүниеден өткенше елжірей еске алып, күліп айтып отыратын. Содан кейін көлікке отыратын кез келгенде қатар тұрған хатшының ақ “Волгасына” да, төрағаның қара “Волгасына” да отырмай, қонаққа шақырып келген жігіттің “Жигулиіне” отыруы елді сүйсіндірді. Бұл жерде басшылардың басын кеміту, менсінбей менменсудің ұштығы да жоқ болатын. Тек Баукеңе тән халықшылдықтың, қарапайымдықтың шынайы көрінісі ғана көзге түсіп еді. Ауылдық жер болғандықтан, батырға сәлем берейік деп ағылып келетіндер аз емес. Шаршадық, дем алайық, мыналарды тоқтатсаңшы деп, солардың бірде біреуіне қабақ шытқанын көрген адам жоқ. Тек келіп сәлем берушіні таныстыра бастағаннан-ақ мынауың мынадай жігіт қой деп сынай баға беретін. Оның көбі дәл еді. Құдай берген қасиет – сыншыл, сыршыл адам екенін ел тағы бір мәрте мойындаған. Бір ғажабы, мінезіне сырттай қанық болғандықтан асыра айтқанына да, бастырмалай айтқанына да өкпелеген ешкімді көрген емеспіз. Аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы келіп, таныстыра бастағанда, “тоқта, бұл әйел жігіт болды ғой” деді. Мұның да себебі белгілі, ол кезде идеология хатшылығына негізінен әйелдер сайланатын. Екінші бір кісіні таныстырғанда “сен ару көрсең артынан бәрін тастап жүгіретін азаматсың-ау, шашың самайыңнан ағарыпты” деді. Дәл айтылған еді. Ел күледі, ешкім өкпелемейді. Бұл да Баукеңе тән мінез бен ерлікті елдің мойындауы еді. Келесі күні Мәдениет үйінде халықпен кездесу өтетін болды. Жиналған халықтың көптігінен клубта ине шаншарға орын жоқ. Ішке сыймаған көбісі сырттан есік-терезеден сығалайды. Тіпті, есіктің алдында бейнесін сыртынан көргенге мәз болып жүргендер қаншама. Қайтсе де халық Бауыржанның тұлғасын бір көріп, жалғыз ауыз сөзін есітіп қалсақ деген ниетте еді. Баукеңді елге таныстырып жатудың қажеті жоқ. Батырдың өзінің сөзі де ұзап кетпеді. Содан залдан сұрақ жаусын. Ол жауап береді. Жауабы қысқа, әрі нұсқа. Осыдан екі нәрсе елдің есінде айрықша қалған. Біріншісі “көкірегіңізде Алтын жұлдыз болмаса да халық үшін ердің ері, батырдың батырысыз. Қалай батыр болғаныңыз жайлы айтыңызшы?” деген сұрақ еді. – Кешегі соғыс халықтың халықтығын, ердің ерлігін сынға салған майдан болды. Мен батыр емеспін, мені батыр қылған халқым. Өткен соғыста майданға барған қазақтың ер емесі кем де кем шығар. Сол сұрапылда қазақ балалары арасында менен батыр, ақылды, алғыр офицерлер де, қатардағы жауынгерлер де көп еді. Тағдыр мені таңдады. Сол батыр жауынгерлер менің қол астымда ерліктің өнегесін танытты. Оқ пен оттың ішінен аман оралдым. Ал батырлардың көбі бір оқтық болып майданда қалды. Содан соң халқым қолдады. Соның нәтижесінде ақиқаттан да гөрі аңыздағы батырға айналдым. Сондықтан мен алдымен ұлы халқыма, содан кейін оның батыр ұлдарына бас иемін, – деді. Басқа жерде қалай айтатынын қайдам, осы сөздің ақиқаттығын мойындаған көпшілік ду қол шапалақтап жіберген. Екінші бір сұрақ – қазақтың ұлы, өзбектің ұлттық батырына айналған Сабыр Рахимов жөнінде болған. Кезінде тағдырдың тауқыметімен нағашысының қолында тәрбиеленіп, өзбек болып жазылып кеткен Кеңес Одағының Батыры, генерал Сабыр Рахимов жайлы қазақ баспасөзі көбірек материалдар жариялап, көңілді кеңірек аударып жүрген кезең болатын. Сонда намысшыл ел Сабырдың басқа елдің ұлттық батыры болып кеткеніне іштей шамданатын. Генерал Рахимов жөнінде қазақтың көбірек жазып, халықтың санасына сіңіре бергенін қалайтыны да сондықтан. Осыған орай “өзіңіз генерал Сабыр Рахимов туралы кітап жазасыз ба? Болмаса ол жайлы роман жазуды ойлап жүрген қазақ жазушысы бар ма?” – деген сұрақ қойылды. Бұған берілген жауап тіпті қысқа болды. – “Қазақ жаманы сарт болар” деген мақал бар халқымызда. Сабыр Рахимов сарт болып кеткен қазақ. Сарт жайында өзім кітап жазбаймын. Ол жөнінде кітап жазамын деп жүрген қазақ жазушысын да білмеймін, – деп шорт қайырды. Жауап тым қатқылдау. Бауыржан батыр өзінің қандасының өзбек болып жазылғанын кешпеген тәрізді. Осы кездесуде халық батырына қойылған сұрақтың аз болмағаны белгілі. Оның барлығына Баукеңнің ұлылығын танытатын ұлағатты жауаптар қайтарылды. Бұл жерде батырмен бірге келген Сәуірбек Бақбергеновке де ел аса ыстық пейіл білдірген әйтсе де қазақтың белді жазушысы Сәуірбек Бақбергеновтің әдебиеттегі дара тұлға екенін мойындағанмен, кездесудегі көрініс оны батырға деген ынта-ықыластың көлеңкесінде қалдырып кеткендей еді. Оны Баукеңмен бірге келген серігі, жазушы С.Бақбергенов көңіліне алмады. Қайта батыр тұлғасының халық ішінде даралығын, ірілігін көріп, азаматтық сүйсінісін білдірген қолдау танытқан. Мұны аңғарған ел де, осы бір қаламгерге ерекше риза болып еді. 1 мамыр мерекесінің қарсаңында келгендіктен, еңбекшілердің ынтымақтастық күнін Алматыда өткермесем болмайды деп асығыс қайтып та кеткен жоқ. Елдің ықыласын көрген Баукеңнің осы бір Қызылқұм төсінде, шалғайда жүрген қазақтармен мамыр мерекесін бірге қарсы алуға қалып қоюы да оның қандастарға деген көңілінің тазалығын, азаматтық тұлғасының ірілігін көрсетсе керек. Сол кездің салтына сай Баукең елмен бірге сапқа тұрып, шеруге шықты. Аудан басшылары алдына келіп, қанша өтініш еткенімен мінбеге көтерілуден бас тартты. Тек бас тартып қойған жоқ, шеру мінбенің тұсына жақындағанда “қазақтың ту ұстап, ел бастар батыры мен емеспін бе? Туды мұнда әкел. Мен көтеріп, шеруді бастаймын” деп ту көтеріп, елді бастап өткенін көрген көптің ішінде сүйсіне қарамаған жан болмаған шығар. Осы бір оқиға да күні бүгінге дейін көптің есінде сақталып, ертегідей әңгіме етіледі. Сол мерекелік шеруден кейін аудан орталығындағы мейрамханада батыр Баукеңнің құрметіне аудан басшылары зияпат ұйымдастырды. Айтылған ақ тілекте шек жоқ. Өйткені, халықтың батыр ұлына деген сүйінішінің де, тілер тілегінің де шегі жоқ еді. Осында аудандық партия ұйымының бірінші хатшысы тілегін айтып, үстіне костюм, басына елтіріден бөрік кигізді. Сонда Баукең оның үстіндегі костюмін ұстап көріп: – Әй, хатшы! Сенің үстіңдегі костюм мен мына беріп жатқан костюміңнің айырмашылығы аспан мен жердей ғой. Мұның асылын өзің киіп, ауысқанын батырға тарту етесің бе? – деген. Мынаны есіткен бірінші хатшы шынымен-ақ сасып, жан-жағына жаутаңдай қарап, міңгірлеп, не істерін білмей қалды. Бұл қиындықтан құтқарған да тағы батырдың өзі болды. – Қалжыңым ғой. Бергенің кигеніңнен кем емес. Мен костюмге мұқтаж емеспін. Халқымның көңілі үшін келдім. Пейіліне бола жүрдім. Ықыласына тойдым. Маған сол жетеді, – деп бір-ақ түйді. Бірінші хатшы да, жиналған басқа жұрт та осыдан кейін уһ деп демін бір-ақ алған. Ел ішінде Бауыржан Момышұлының қалыпқа сыймайтын қазақ екені жайлы айтылып жүрген аңыздың бәрі шындықтан шет бола қоймас. Шалғайдағы бауырластарына барған бұл сапарында ерекше мінез танытпай, қалыпқа түсіп келіп, қайтты деп айтудың жөні жоқ. Сол шеттегі қалың қазақтың ортасында болғанда айбарлана артық айтса да, асау әрекет жасаса да ел оның барлығын Баукеңнің еркелігі мен батырлығына санады. Айтқан асыл сөздерінің бәрін ауыздан ауызға көшіріп, ақылдылығы мен даналығына, даралығына сайды. Содан болар, көңіліне оймақтай өкпе, кішкентай кінәрат алған кісіні өз басым кездестірген емеспін. Әрине, бұл кездесуден алыстағы ағайынның батыр Баукеңе деген сағынышы толық басыла қоймағаны айқын. Тек аңсаған көңілге азды-көпті жұбаныш әкелген. Арада талай жылдар өтсе де, өзі жоқ болғанмен әр сөзі мен ерке мінез-әрекетін еске алып, аңыздай әңгімелеп отыру батырға деген сағыныштың арта түсуінен болар. Осыдан он жыл бұрын, яғни 2000 жылы бүкіл еліміз батыр Бауыржанның 90 жылдығын дүрілдетіп тойлағанда, жазба ақындардың республикалық мүшәйрасы өтіп, оған мен де қатыстым. Халықтың нағыз қаһарман ұлына деген сағынышым мен толғанысымнан туған бірнеше жырларымды ұсынып, мүшәйраның жүлдегері атанғаным бар. Бұл жырлар шын мәнінде қазақтың біртуар батыр ұлына деген менің бас июім еді. Шынында халқымыздың біртуар асыл азаматтары көп болғанымен, Баукең сияқты батырлардың өмірге сирек келетінін мойындамау мүмкін емес. Қайыпназар ШОТБАСОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын. Жамбыл облысы, Байзақ ауданы. Суреттерде: Кеңес Одағының Батыры Б.Момышұлы Тамды ауданының басшыларымен бірге; Баукең ел арасында.
•
14 Тамыз, 2010
Тамдыдағы естен кетпес жүздесулер
885 рет
көрсетілді