• RUB:
    5.58
  • USD:
    474.72
  • EUR:
    515.17
Басты сайтқа өту
17 Тамыз, 2010

Стратегиялық нысандар мемлекет меншігінде болуы тиіс

1117 рет
көрсетілді

Толғандырар тақырып Соңғы 2-3 жылдағы қаржылық дағдарыс біраз елдерді күйзелтті. Бұл дағдарыстан Қа­зақстан да тыс қала алмады. Дегенмен де біздің ел дағдарыстан шығып келе жатыр еді. Ел ең­сесін енді көтеріп келе жатқанда 2009-дан 2010-шы жылға қараған қыс Қазақстанда ерекше қарлы-боранды болып, халықты әбі­герге салды. Қалың жауған қар мен ұйытқып соққан боран кейбір елді мекендерді жол  қатынасынан айыр­ды. Жолаушыларды жолда қалдырды. Төтенше жағдайлар саласы қызметкерлерінде қыс бойы тыныштық болмады. Дегенмен де қуырдақтың көкесі көктем бастала байқалды. Қар ери келе біраз елді мекендерді су ала бас­тады. Табиғат биыл топан су боларын ескерт­кендей, оның алғашқы белгісі Алматы обл­ы­сын­дағы Күрті мен Тарғапты су шайды. Адам шығыны болмаған соң, ежелгі марғау­лы­ғы­мызға салып бұған көп көңіл бөлмеп едік, Қы­зылағаш қырғыны орын алды. Күрті мен Тарғаптағы жағдайдан кейін Алматы облысы әкімдігі мен облыстық төтенше жағдайлар ме­ке­месі өз аумағында жедел тексерістер жүргізіп, қауіпті мекендерді анықтап, шара қолданғанда қызылағаштықтар аман қалар еді. Амал қанша? Табиғат өзіне беталды қол сұғуды кешірмей­ті­нін ескере бермейміз. Салғырттыққа, нем­құ­райдылыққа, көзжұмбайлыққа салынып, ақ­ша­ға құныққандардың жегенін желкесінен шы­ғаруда. Қызылағаш су қоймасының қо­жайы­­­ны артық суды жібермей, су сатып байи­мын деп елді қырғынға ұшыратты. Бұл – адам факторы. Бұдан кейін Шығыс Қазақ­стан облысының біраз елді мекендерін су басып қалды. Биылғы қар бұл аймаққа ерекше қалың түсіп, ақтүтек боранды болып, омбы қар халықты қыс бойы әбігерге салып еді. Көктемгі су тасқыны тіпті мазаны алды. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Бірақ мал-мүлік, қора-қопсыдан шығын аз болған жоқ. Апатты аймақтың халқына мемлекет те, ел де қолдарынан келгенше көмектерін берді. Әсіресе Алматы қаласындағы жоғары оқу ор­нының жастары ерекше белсенділік танытып, алғашқы жылу ұйымдастыруды бірінші болып бастады. Одан кейін ғана барып ересектер қоз­ғала бастады. Бұл – жастарымыздың елжанды екенін, қиыншылықта халқына көмекке келе алатынын көрсетсе керек. Қызылағаш оқиғасы басталғанда да, Шығыс Қазақстанда топан су қаптағанда да халық қолдарынан келгенше кө­мек беруге асықты. Зейнеткерлер зейнетақы­ларын күнкөріске әрең жеткізіп жүрсе де, студенттер ашқұрсақ жүрсе де шәкіртақыларын жырып көмек берді. Тіпті сотталғандардың өзі де бір күндік еңбекақыларын аударды. Бұқара халықтан шет қалғаны бола қойған жоқ. Эко­номика жағынан өздері жетісіп жүрмесе де қырғыз ағайындар да қолдарынан келгенше қы­зылағаштықтарға көмектерін берді. Тек біз­дің Қазақстанда және шетелде жүрген мил­лио­нерлер мен  миллиардерлердің өз қалталарынан шығарып көмек бергенін естімедік. Қазақстан халқының байлығын қалталарына тоғытып байыған байшыкештер басып жейтін құзғын сияқты-ау деп ойладық. Жылу жинаудың басы-қасында жүргендер­дің адал болғаны абзал. Халықтың жинап бер­гені “апатты аймақтарда қиыншылықта қал­ған­дарға жеткізіп беріңдер” деген елдің аманаты. Аманатқа қиянат жүрмейді. Аманатқа қиянат жасағандарды Алла да, адам да кешірмейді. Апаттар – табиғат факторынан және адам факторынан болады. Шығыс Қазақстандағы оқиға табиғат факторы болса, Қызылағаш оқиғасы адам факторы болып табылады. Қы­зыл­ағаш су қоймасын жекешелендіріп алған тойымсыз иесі “суды көп жинап, көп сатып, көп пайда табамын” деп артық суды дер кезін­де ағытпай елді қырғынға ұшыратты. Әрі су қоймасын алғаннан бері оған жөндеу де жүр­гізбеген. Мәңгілік ештеме жоқ. Бәрі ескіреді, тозады. Су қоймасының тозып тұрған жерін жөндеуге тегін келіп жатқан ақшасын  шығын­дағысы келмеген. “Тегін келіп жатқан ақша” дейтініміз, бұл су қоймасын қазіргі қожайыны өз ақшасына салдырған емес. Ол Кеңес кезінде ха­лықтың ақшасына салынған. Пысықай қо­жайыны “әзірге мәзір” болып жекешелендіріп алған. Қызылағаштан кейін су қоймасы ағытылып Самар ауылын да топан су алып кетті. Мұнда халық дер кезінде құлақтандырылып, адам шығыны болған жоқ. Бірақ мал-мүліктен шығын болды. Өмір бойы жиған-тергендерінен бір сәтте айрылу халыққа үлкен психологиялық ауыртпалық түсірді. Судан зардап шеккендерге материалдық көмек беріліп жатыр. Бірақ бала-шағасынан, ата-анасынан, туған-туысқандарынан, т.б. жа­қын-жегжаттарынан айрылған халыққа мате­риал­дық  көмектен басқа рухани, психоло­гия­лық көмек те керек екені ескерусіз қалуда. Оларға психолог-мамандар жіберілмеді. Су тас­қыны болған аймаққа пітір-садақаларын та­ратқан дін өкілдерінен де рухани көмек бол­мады. Жылт еткен адамның қиыншылығын қалт жібермейтін секталар осындай кезде ру­хани да, материалдық та көмектерін беріп, өз қатарларына қосып алуы мүмкін. Секталар адам­дардың басына түскен қиыншылықты өз мүдделеріне пайдалануға шебер. Осы тасқын стратегиялық нысандардың жеке меншікте болуы халыққа қаншалықты қауіпті екенін көрсетіп берді. Істің түп тамы­рына көз жүгіртіп қарасақ, қызылағаштықтар стратегиялық нысанды жекешелендірудің құрбаны болып отыр. Осы оқиғадан кейін ғана Қызылағаш су қоймасы мемлекет меншігіне өтті. Ауыл шаруашылығы министрлігіне қа­райтын су ресурстары комитетінің деректері бой­ынша, Қазақстанда 365 су қоймасы бар екен. Оның 66-ы мемлекет қарауында, 157-і коммуналдық иелікте, 142-і жеке меншікке берілген. Ал 77 су қоймасы мүлде қараусыз қал­ған. Су қоймаларының дені Кеңес өкіметі салынған. Олардың бәрі күрделі жөндеуді қажет етеді. Елдің амандығынан бұрын, ал­дымен өздерінің қалталарын ойлайтын жеке меншікке алғандар күрделі жөндеу жүргізуге ақшаларын қимайды. Сондықтан басқа да жеке меншіктегі су қоймаларын мемлекет өз қарауы­на қайта алу керек. Стратегиялық нысан болып табылатын су қоймалары мемлекет меншігінде болуы керек. Өйтпеген жағдайда халық қауіптен арылмайды. Стратегиялық нысанға жататын тек су қоймалары ғана емес. Электр жүйелері де стра­тегиялық нысандарға жатады. Электр өндіру, тасымалдау да стратегиялық маңызды нысан­дар. Бұлардың бәрі қазір жекешеленіп кеткен. Меншік иесі тарифтерін қалауынша өсіреді. Бергісі келгендерге береді, бергісі келмесе неше түрлі сылтау айтып электр энер­гиясын үзіп тастайды. Биыл­ғы қыста Шығыс Қазақстан облы­сында энергияны бермеу фактісі болды. Соның салдарынан ба­лабақша, мектеп, ауруханалар, перзентханалар жарықсыз қа­лып қойды. Мектепте сабақ қыс­қартылған түрде өткізілді. Ең масқарасы, аурухана, пер­зентханаларға электр энергиясы берілмей операциялар дер ке­зінде жасалмады. Тоңазыт­қыш­тар істемеген соң дәрілер, опе­рация кезінде құюға дайын­далған қандар бұзылып жарам­сыз болып қалды. Электр жүйелерінің қожайындары жарық дүниеге келетін баланың жарық беруді күте тұрмайтынын білмейтін сияқты. Қаншама адамның өміріне қауіп төндір­ген бұл әрекетті қастандық деуге болады. Қастандық демекші, қорғаныс нысандарына үздіксіз электр энергиясы беріліп тұруға тиіс. Бес минөт үзіліс болған­ның өзі бүкіл мемлекетке, ха­лыққа орны толмас өкініш әкелуі мүмкін. Тағы да мемлекет менші­гінде болуға тиісті нысандарға жол қатынасы саласын жат­қы­зуға болады. Оған су жолдары, тас жолдар, темір жолдар және әуе жолы кіреді. Бұлар мемле­кет­тің экономикасына да, ха­лықтың әл-ауқатына да тікелей әсер ететін нысандардың са­на­тында. Сондықтан бұл саланы жекешелендіріп алғандар өз қалауларынша тарифтерін көтеріп, қалталарын бірінші кезекте ойлайды. Халықтың жағдайымен санаспайды. Дер кезінде жөндеу жүргізбейді. Сапасыз көлікпен халықты тасымалдай береді. Бұл да халық өміріне қауіпті. Қалалардағы су жүйелерімен қамтамасыз ету де қазір жекешеленіп кеткен. Бұлар да “құ­бырларымыз ескірді” деген сылтаумен “тари­фім­ді көтер” деп жиі-жиі Үкіметке өтініш жа­сап, халықтың қалтасын қағуға әуес. Тарифте­рін жыл сайын көтеріп берсе де “ескірген құбыр” жыры бітетін түрі жоқ. Көтерілген та­рифтің ақшасы қайда жұмсалып жатқаны ба­қы­ланбайды. Ең қауіптісі, су жүйелерінің са­па­сы, қауіпсіздігі ойдағыдай емес. Су басын­дағы нысандарда кім-көрінген еркін кіріп шы­ғып жүреді. Кімнің қандай ниетпен жүргенін ешкім білмейді. Біреу суға ауру тарататын бак­терия, не у тастап жіберсе бүкіл қала халқының өміріне қауіп төнетін болады. Сондықтан қаладағы су жүйелері де мемлекет меншігінде болуы керек. Қорыта айтқанда, су қоймалары, электр жүйелері, жол қатынастары, қалалық су жүйе­лері, т.б. мемлекеттің саясаты мен экономи­касына, халықтың әл-ауқаты мен өміріне тікелей әсер ететін стратегиялық нысандар мемлекет меншігінде болуы керек. Стратегиялық нысандар мемлекет меншігіне өтпей халық қауіптен арылмайды. Бұны Қызылағаш қырғыны дәлелдеп берді. Назрахмет ҚАЛИ. Алматы.