• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Тамыз, 2010

Білімдегі бейнелеу өнері жақсы қадам, әттеген-ай да аз емес

1612 рет
көрсетілді

Тамыз мәслихаты қарсаңында Қазір жоғары оқу орындарын бітірген жастардың барлығы бірдей бәсекеге қабілетті маман болып шы­ғып жатыр десек, артық айт­қан­дық болады. Олардың көпшілігі заң, экономика, халықаралық қа­тынас сияқты мамандықтарды ғана таңдап жүргенін көріп отырмыз. Сол мамандық бойынша бітірген­дер­дің барлығын жұмыспен қамта­ма­сыз ету мүмкін емес. Оны ойлай қоймаймыз, оқыта береміз. Уақыт талабы, сенің қалтаңдағы дипло­мы­ңа емес, мамандықты қалай мең­гер­геніңе тәуелді. Бұл дұрыс. Се­бебі, болашақ маман университетте теориялық білімін жетілдірумен қатар, практикалық іскерлігін іс үстінде арттыруы қажет. Демек, оқуды практикамен жалғастыра білуі тиіс. Мысалы, бейнелеу өнері және сызу мамандығын алып жат­қан студенттер 3-4 курстардан бас­тап, суретшілік, дизайнерлік орта­лықтарда, орта мектептерде сабақ­тан бос уақыттарында жұмыс істеп кәсіби деңгейлерін көтеріп жүр. Біз мамандықты таңдауға жеңіл қара­май, алдымен өмір сұранысын ес­ке­руіміз керек. Оқуға түсетін талап­керлердің біразы өзінің мүмкін­шілігіне қарамай, мамандық дәре­же­сіне қарап әке-шешесінің тап­қан-таянғанын төлетіп оқып шы­ға­ды. Одан не пайда, өмір заңы бәрі­бір өз талабын қояды. Диплом қал­тада болғанмен, сол дипломмен жұ­мысқа орналаса алмайды. Өйт­кені, өзінің жүрек қалауымен оқы­ған мамандығы болмағандықтан, кәсіби деңгейі төмен. Болашақ ма­ман­дық таңдайтын балаларға мек­теп қабырғасынан бастап ата-ана, мұғалім өмір сүру заңын түсіндіре бі­луіміз қажет. Бізде той жасау, мә­шине міну, ақша табу сияқты бә­секе кең өріс алып барады. Есесіне ұлт болу, ғылым, білім, рухани байлық мәселелері кенже қалып жатыр. Бір бірімізден қалай асып түсу­дің жолында жүргенде бейнелеу өнерінің шет қалуы ойландыратын шаруа. Жұртты кейде өнер көр­ме­сіне шақырып келтіре алмайсың. Көрмелерге келетіндер тек сол су­ретшінің туған-туыстары, осы ма­ман­дық­та оқитын студенттер. Мәс­кеуде аспирантурада оқып жүргенде орыстардың әжептәуір жасқа кел­ген қарттары көрмеге кіруге таңнан кезекке тұрғандарын жиі көретін­мін. Мәскеу, Петербордың өнер мұ­ражайларына, концерт залдары­на барсаңыз, толған халық. Біз неге сондай емеспіз? Онда көшеге қойы­латын ескерткіштердің сапасы жайлы халықтың пікірі ескеріледі. Елге керек өнер туындысы деп қарайды оны. Өнер туындысы бірінші халық­тың көңілінен шығуы керек, елің­нің қажетіне айналуы тиіс деп ой­лаймын. Кейбір ғимараттарда қалай болса солай салынған арзан сурет­тер ілулі тұрады. Бұдан түсінеті­німіз, бізде өнердің сапасына жауап беретін ешкім жоқ сияқты. Қазіргі кезде бейнелеу өнерінің ұлттық тәрбиеге байланысты туындыларын жазатын суретшілерге көбірек қол­дау жасап, олардың еңбектерін мұ­ражайларға қалдыру жағын ойлас­ты­руымыз қажет, ол қайталан­бай­тын тарихымыз. Ұлтымыздың та­рихы бейнеленген туындылар біздің халқымызға ғана керек, оны шет ел қажет етпейді. Ұлы Абай атамыз­дың 33-ші қара сөзінде өнер туралы былай делінген: “…егер мал керек бол­са, колөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай, адал өнерін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол”. Әулие деген қазақтың түсінігінде ең құдіретті, қасиетті, киелі адам деген мағынаны береді. Осы қара сөзінде ұлы ақын өнерді, жалпы өнер адамын қазақтың қастерлі адамы деп әулиеге теңеп отырғаны тегін­нен тегін емес. Мысалы, өнерлі адамдар өз қолдарымен жасаған әдемі заттарын киелі деп қастерлеп, төрге қойып, оны өзінің өсіп келе жатқан балаларына, немереле­ріне мұра қылып қалдырып отыра­тынын білеміз. Бұл біздің елімізде ғасырдан ғасырға жалғасын тауып келе жатқан дәстүр. Менің ой­ым­ша, бейнелеу өнерінің мемле­ке­тіміздің дұрыс қалыптасуына тигізер маңызын түсінетін, ұлтқа жаны ашитын азаматтар көп болуы керек. Мектептегі бейнелеу өнерін алайықшы. Бейнелеу өнері сабағы қай мектепке барсаңыз да бір қос­алқы, қажетсіз, пайдасы жоқ сабақ сияқты. Ал шынтуайтына келсек, ұлы тұлғалардан бастап, қазіргі танымал суретшілердің көпшілігі сурет салуды мектеп қабырғасынан үйренді. Енді осы бейнелеу өнері сабағын өз деңгейінде ұйымдас­ты­руда ауыл мектебінің мұғалімі қандай оқу-әдістемелік, көрнекілік құралдар пайдаланады дегенге тоқталайық. Ауыл мектептерінің көрнекіліктермен қамтамасыз етілуі өте төмен, себебі, бұрын Кеңес Одағы кезінде базалық дүкендерде қажетті заттар болушы еді, қазір ондай мекемелер қысқарып қалды. Орта мектепке арналған оқу құрал­дары мен оқулықтары да сын кө­термейді. Жоғары оқу орындарына бейнелеу өнері мамандығына оқуға келетін талапкерлер емтихан тап­сыру кезінде бірінші рет гипсті көреді. Ал қаланың балалары болса мұндай заттардың сырын үйреніп алғандықтан емтихан тапсырма­ла­рын жоғары деңгейде орындап жа­тады. Ал ауыл, қала мектептерінің балаларына қойылатын емтихан талаптары бірдей. Сынақтан кейін ауылдан келген балалардың ата-аналары емтихан қорытындысына қарап: “Біздің балаларымыз неге төмен баға алады? Баламыз мек­тепте суреттен үздік оқушы еді, сіз­дердің талаптарыңыз ерекше ме, сонда?”, деп реніштерін білдіріп жа­тады. Ауыл балаларының бойын­дағы табиғи қабілеттің ерекше болатынына еш күмән жоқ. Бірақ олар сурет салудың заңдылықтарын білмейді, не сақтамайды. Әрине, бұл баланың кінәсі емес, бұл біздің кінәміз. Мұғалімнің өз міндетіне жауапсыздығы деп түсінуіміз керек. Бір таңғаларлығы, емтихан кезінде ауылдың балалары сурет салу ба­рысында ескеретін талаптарды айт­сақ, тез қағып алады. Оны айтасыз кейбір мектептерде бейнелеу өнері сабағын суретке ешқандай қатысы, білімі сәйкес келмейтін “мұғалім­дер” оқытып жүргенін естігенде таң қаламыз. Суреттен хабары жоқ мұ­ғалім, сурет салу жөнінде оқушы­ларға бірдеңе айта ала ма? Мәде­ниеттілікке, әсемдікке баулудағы олқылықтың бір ұшы осында жа­тыр. Тағы бір дәлел, 12 жылдық оқудың алғашқы бағдарламаларын жасау кезінде бейнелеу өнерін ән сабағына қосып жіберді. Бұларға аз сағат та жетеді, барлығы сол бір өнер ғой деді. Біздің пікірімізді ескермеді. Сөзімізге ешкім құлақ аспаған еді. Жапон, Батыс Еуропа елдерінде бейнелеу өнеріне деген көзқарас ерекше. Бейнелеу өнері пәнін талап бойынша оқытатын бол­са, ол өте қиын да, қызықты және балалардың жақсы көретін сабағы. Бейнелеу өнері адамның өзі өмір сүріп отырған ортасының әсем­дігін өнер тұрғысынан түсінуі­не, эстетикалық талғамының дұрыс қалыптасуына жол көрсететін ең алғашқы ілім. Сурет салуды сүю дегеніміз – ол өмірді, табиғатты, айнала қоршаған ортаны сүю. Бейнелеу өнерімен сусындаған жас ешуақытта жамандыққа бармайды, көшедегі балауса талдарды сындыр­майды, маңайын былғамай таза ұс­тайды, табиғатқа деген қамқорлығы ерекше болады. Ол адамның ақыл-ойын, парасатын өсіреді, танымын кеңейтеді, ізгілікке, әсемдікке үй­ре­теді. Өмірде кездесетін келеңсіз құбылыстармен күресуге тәрбие­леп, ең негізгісі халқына, еліне, же­ріне деген сүйіспеншілікке бау­ли­ды. Бұл ғылыми теория емес, шындық. Сондықтан, сабақты сапалы, қызықты өткізу, балалардың өнерге деген қызығушылығын, сүйіспен­ші­лігін арттыру тікелей пән мұ­ғаліміне байланысты. Бейнелеу өнері сабағының қоғамдағы алатын орны және тәр­биелік мәні өз алдына ерекше. Өнер сабағының негізгі міндеті – балаларға бейнелеу өнерінің бар­лық түрлерінен жалпы мағлұмат беру, қарапайым заттардың сурет­терін салуды меңгерту, өмірдегі жақсы мен жаманды ажырата бі­луге үйрету, ұлттық сәндік өнері­мізді оқыту негізінде, оқушы­лар­дың ұлттық сана-сезімдерін қа­лып­тастыру. Талапқа сай өтілетін бей­не­леу өнері сабағында әрбір оқу­шы, өзін қоршаған ортадағы зат­тар­дың әдемілігін, табиғаттың әсем­дігін және осы әдемілікті көріп, сезіне біледі. Міне, бейнелеу өне­рінің құдіреттілігі қайда жатыр, біз осыны ескереміз бе, ескермей­міз? Кейде бала салған суретті құр шимай дейтініміз бар. Шын мәнін­де олай емес. Әрбір баланың тақы­рыпқа немесе ертегіге байланысты салған суреттері ол шығармашылық туынды болып саналады. 1911 жылы Италияның өнертанушысы, ғалым Корадо Риччи “балалар на­ғыз суретші” деп жеткіншектердің салған суреттеріне жоғары баға бер­ген. Неміс зерттеушілері Кршенш­тейнер, Лампрехт, ағылшын зерт­теушісі Селли, орыс зерттеушілері Рыбников, Бакушинский, Игнатьев жер бетін мекен еткен халықтар балаларының бала кезінде салған суреттерінің деңгейі, бағыты, қол­данатын композициялық шешім­дері ұқсас екенін дәлелдеген. Егер­де балалардың табиғи сурет салу деңгейі бірдей болса, әрі қарайғы дамуы, қалыптасуы өзімізге бай­ла­нысты болатынын осыдан аңғару онша қиын емес шығар. Астана­мызда 19 қазақ, 17 орыс, 28 аралас мектеп бар екен. Өткен оқу жы­лында елордалық 48 633 қаракөз қазақ мектебінде оқыса, орыс тілді мектептің партасында отырған қа­зақ балалары да аз емес болып шық­ты. Астананың қазақпыз дей­тін 16 820 баласы орыс сынып­та­рында білім алады екен. Қазақтың өз елінде тұрып, өзге тілді мектепте оқытуына не себеп болып отыр. Әлде қазақ мектептері қауқарсыз ба? Баласын орыс мектебіне берген қаладағы ата аналардың біразы өз әрекеттерін қазақ мектебінің үйінен қашықтығымен байланыстырады. Көпшілігі қазақ тілді оқулықтар сапа­сының нашарлығын алға тартады. Осындай ойлар жоғары оқу орындарының атына да айты­лып жатады. Мұны ұлтымыздың болашағын ойлаған “жанашыр­лар­дың” жан айқайы емес, шала қа­зақ­тардың “мансап” деген ойлары деп түсінгеніміз жөн секілді. Орта мектептерде сапалы білім беруді жетілдіру үшін менің ойым­ша мынадай мәселелерге көңіл бөлу қажет: бірінші ауыл мек­теп­терінде зертханалар ұйымдасты­ры­лып, оған мамандар, ғалымдар же­текшілік жасаса, жүйелі ғылыми, оқу әдістемелік жұмыстар жүргі­зіліп тұрса. Екінші, ең үздік мектеп ұстаздарын ғылыми жұмыспен айналысуға бейімдесек. Мектепте орын­далатын ғылыми жұмыстар тек мұғалімнің категориясын көтеру кезінде ғана талап етілмейтін болса дейміз. Сондай-ақ бастама­шыл мұғалімдерді ғылыми конферен­цияға шақырып, жақсы баяндама­ларды ғылыми жинақтарға енгізуді қолға алсақ. Үшінші, ғылыммен ай­налысып жүрген ұстаздардың еңбек ақысына қосымша ақы төлеу қажет тәрізді. Төртінші, біліктілік көтеру фа­культеттеріне негізінен шалғайда жатқан ауылдардың ұстаздарын көбірек жіберу, аудан орталық­тарында арнайы семинарлар өткізіп тұруды дәстүрге айнал­дырсақ ұтар едік. Бесінші, ауыл мектептерінде оқитын талапты, талантты жастарға жоғары оқу орындарына түсу кезінде ерекше қам­қорлық жасалса. Алтыншы, тамыз кеңесіне педагогика саласы­ның ғалымдарын қатыстыру дұрыс жолға қойылса, оқу бағдар­ла­маларын құрастыруда ғалымдармен бірге қазақ мектеп­терінің тәжі­рибелі ұстаздары тартылса, ортақ істе олқы болмас еді. Сейтқали АМАНЖОЛОВ, педагогика ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ бейнелеу өнері кафедрасының меңгерушісі.