• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
21 Қыркүйек, 2010

Бауыржан Момышұлы – 100

686 рет
көрсетілді

Көп жыл өткен соң жарияланған Бауыржан Момышұлының “Курляндия майданы” деректі романын оқығанда туған ой Халқымыздың айтулы перзенті, майдангер жазушы Бауыржан Мо­мышұлының 2009 жылы ғана баспа бетінде жарияланған “Кур­ляндия майданы” деректі романы қазақ әде­­­биетіндегі соғыс тақырыбына жа­зылған қуатты әрі сүбелі, нәрлі әрі тұшымды көркем туынды дер ек. Деректі роман сонымен бірге өзі­нің тарихилығымен де ерекше­ленеді. Бұл шығарманың тілі өте бай. Оқиғасы нақты. Ойы терең. Кө­ңілдің төрінен бір-ақ шығады. Мұнда әсіресе әдебиет теория­сы­на сай, роман жанрына тән ке­сек-кесек оқиғалардың басталуы, дамуы, шиеленісуі, шешімі секілді элементтер аз емес. Осымен бірге, ту­ындыда психологиялық, оқиға­лық, ситуациялық иірімдер көптеп кездеседі. 1942 жылы Баукең өзі бас­қарған 1073-полк пен 1944 жыл­дың аяғындағы дивизияға қолбас­шылық жасаған уақыты осы шы­ғарманың негізгі өзегіне айналған. Деректі роман аяқталмай қал­ған. Бұл жайлы “Бауыржантану” ғылыми-зерттеу орталығының же­те­кші ғылыми қызметкері Мұха­мед­жан Кәтімхан “Жұлдыз” жур­налының 2009 жылғы 3-санындағы 4-бетте былай деп жазады: “Аяқ­тал­май қалса да өмірлік дерегі мол, көр­кемдік қуаты ерекше бұл туын­дының ұлттық әскери әдебие­ті­мізден сүбелі орын алары даусыз”. Кітаптағы басты кейіпкер Бек­болат – Баукеңнің өзі, әдебиеттану тілімен айтқанда прототипі. Шы­ғар­мада сол кезеңнің өзінде алғы шепте жүрген полк жауынгер­ле­рі­нің мұң-мұқтажы жайлы толға­ныс­сыз айтуға болмайды. Өйткені, сол кездегі одақтық жүйе кезінде де Баукең ұлттық мүддені назардан тыс бір елі тастамаған, оны өзінің ғұмырлық өлшемі, бағдары ет­кендей. Қазақ жауынгерлерінің ана тіліндегі газет-журналдардан та­рығып жүргендігі, қазақ тілінде грампластинкалардың қажеттігі, көркем әдеби кітаптардың, әсіресе, фольклор, батырлар жыры мен дас­тандарының жоқтығын атап айтуы оның туған халқына деген құр­метінің белгісі емес пе?! Сол секілді Қазақстаннан келген қосымша адамдар күшінің әскери машығы нашар екендігі, сөйтіп, олардың бостан-босқа құрбан болуын сол кездегі Қазақ елі басшыларына жеткізуге деген ұмтылысы да өз елі­не деген адалдығының, пер­зенттік парызының бірегей көрінісі деп білеміз. “Курляндия майданы” рома­нында соғыс кезінде Қазақ еліне келген әскери делегацияны қарсы алғандар арасында ел әдебиеті мен мәдениетіне елеулі үлес қосқан тұл­ғаларды да жадымызда жаңғыр­та­мыз. Олар сол кездегі Жазушылар одағының басшысы Сәбит Мұқа­нов, атақты жазушылар Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әлжаппар Әбішев, ар­тис­тер Қалибек Қуанышбаев, Құр­манбек Жандарбеков, Шара мен Күләш, Шәкен Айманов, Ха­диша Бөкеева және тағы басқалары. Басты кейіпкер Бекболаттың әскери қызметінің өсуі, дивизия командирі болуы деректі романда шы­найы көрініс тапқан. Шы­ғар­мада Бекболаттың – Баукеңнің сыртқы көзқарас арқылы берілген мінезі де батырдың бірегейлігін аңғартады. Мінезі қызуқанды, мәселені шорт кесетіні, тоқетер сөзді бірден айтып салуы, әскери іс-қағаздарын қадағалап оқуы, әрбір әскери маман иелерінің өзіне тән ерекшеліктерін етене білуі басты кейіпкерді ерекшелендіріп тұрады. “Курляндия майданы” шығар­масын тарихилығымен бірге оны болашақ әскерилер үшін мықты кәсіби оқу құралы деп санауға әб­ден болады. Мұнда әскери білік­тілік, майдан мен тыл байланысы, қорғаныс, кездейсоқ ситуациядағы іс-әрекеттер мен нақты шешімдер қабылдауға байланысты сюжеттер, оқиғалар аз емес. Баукеңнің әскери біліктілігі мен білімдарлығына, алғыр да уәжді сөздеріне қанығуға ынталы оқыр­ман осы шығарманы оқу бары­сын­да басқа жағдайлардан да хабардар болады. Дивизия командирі болу тек лауазымды қызмет емес, ол жаяу әскер, артиллерия, штаб, тыл, әрбір әскери бөлімдер мен роталар, жекелеген жауынгерлер тағдыры, бәрі-бәрі де оның жеке іс-әреке­тіне, ой-ниетіне қатысты болатын­дығы романда баяндау, диалог түрінде оқырмандарға ұсынылған. Деректі романды оқи отырып, нақты деректерге кезігесіз. Кейбір келеңсіз жәйттерге де қанығасыз. Нақты қамқорлық, өз міндетіне мемлекеттік көзқарас болмаса, бү­кіл істің бейберекет болатынына кү­­мәнің қалмайды. Үзінді келті­релік: “Солдат – үйсіз-күйсіз адам. Дивизияда 12-13 мың солдат. Олар­дан үкімет ешнәрсені аяп отырған жоқ. Олар да Отаннан ешнәрсесін аяп жүрген жоқ. Шығынсыз соғыс болмайды. Күн емес, сағат сайын шығын. Саптан жүздеген жауын­герлер жарақаттанып кетеді, жүз­дегені шейіт – құрбандық болады. Бір тәулікте 12-13 мыңның кемінде 500-і, әйтпесе, 1000-ы саптан шығады. Дивизия азық-түлікті үш-төрт күн бұрынғы санымен есептеп алады. Демек, 1500-3000 адамның паектері Кузнецовтің қалтасында!” Автор Баукең, әрі дивизия ко­ман­дирі Бекболат жаңа қызметке кел­­генде дивизия командирінің тыл жөніндегі орынбасары Куз­нецовке тыл мәселесімен осылай­ша тікелей ай­налысуын талап етіп, қатаң түрде тапсырма береді. Жау­ынгерлердің аш құрсақ болмауын қадағалауды міндеттейді. Шаруа­шылық істерін оң­­тайлы жүргізу жайлы ой тастайды. Шабуыл кезіндегі сәтсіздіктер, алға жылжу орнына қорғану, со­ғыстағы тәжірибенің кемшін болуы Бекболаттың көңіл-күйіне кері әсе­рін тигізеді. Сонда да, шындықты бетке тұтып, сөзінде тұрмағаны үшін армияға басшылық жасайтын жоғары лауазымды әскери бас­шы­ға: “Мені, Коньковты, Шляпинді, Шеметовті асу керек”, – деуі на­ғыз көзсіз батырлықтың, өзінің ісі­не деген адалдықтың көрінісі. Бірақ армия қолбасшысы шындықты тіке айтқаны үшін, оны қанаттан­ды­руды ойлайды, сағын сындырмай­тын жол іздестіреді. Деректі романнан көзіқарақты оқырман көптеген тарихи дерек­терге қанығады. Мәселен, соғыс­тың алғашқы жылдарында: “Ко­ман­дирдің орны тек қана алғы шеп­те”, – деген принцип орын ал­ғандықтан, көп офицерлер соғыс­тың алғашқы айларында құрбан бо­лады. Соңыра, автордың романын­да келтіргеніндей, Сталиннің №306 бұйрығына сәйкес, командирлердің дәрежесіне, ұрыстағы жүктелген мін­деттеріне сай орындары көрсе­тіліпті. Мінеки, осындай кәсіби, әскери мағлұматтар романда та­нымдық сипатпен ерекшеленеді. Майдан психологиясы, солдат психологиясы романда сан қырлы жағынан көрсетілген. “Тойған кісі табағына түкіреді. Шала-шарпы қанағаттанған кісі рахмет айтады. Шалжайып езіле жатып, ұйқыдан зеріккен кісіге тұр десең, көкі­регіңнен тебеді... Солдаттың қарны қампая тоймауы керек. Солдатты ұйқы баспау керек. Солдат тек жатпауы керек. Солдат ерте тұрып, кеш жатады. Ол – қимылдың адамы”. Мінеки, психологиялық пікірлер сырлары. Соғыста да адами ерекше­лік­терімен көзге түсетін жауынгерлер болады. Деректі романдағы сондай кейіпкерлердің бірі – етжеңді қазақы мінезді Әділгерей. Орысша шала-пұла білетін, әскери құжа­тына Әділгерей емес, қапылыста Андрей деп жазылған жауынгердің өзі он алты рет жарақат алған, оның алтауы өте ауыр. Соған қара­мастан, сапта өзгелермен бірдей жү­реді. Бекболаттан бір мүшел жас үлкен екендігін пайдаланғандықтан емес, қазақы қалыппен оған “қа­рағым, шырағым” деуі де оның табиғи табиғатынан дерек береді. Әділгерейді шынайы тексергенде оның денесінде бір оқ, бір жар­қын­шақ бар екендігі және де белгілі болады. Оның орысша білмеуі Ржев қаласын Ережеп деп, пол­ковникті балкоуник, марган­цов­каны мерген сопы деуі және тағы басқа да сөздердің өңін аудара сөй­ле­гендері де іш жылытады. Аңғал­дық, тазалық лебі еседі. Дивизия командирінің, яғни Баукеңнің – Бекболаттың әскери трибуналдың екі солдатты сиыр ұрлап, сойғаны үшін тергеп, екеуін де ату жазасына үкім еткеніне қарсы болып, ол құжатқа өзінің қол қоймағаны да сол тарихи кезеңнің айтулы шындығындай әсер етеді. Дивизия командиріне сол кездегі КСРО Жоғарғы Кеңесі Прези­ди­у­мының атынан әскери трибу­нал­дың үкімін теріске шығаруға құқық берілген-ді. Алайда осы іс-әрекеті үшін Бекболатқа армияның әскери кеңесі қатаң сөгіс жариялайды. Ал өлімнен аман қалған екі солдат та соғыста аянбай шайқасып, қаза тауып, Қызыл Жұлдыз ордендері­мен наградталыпты. Сондай-ақ, командирдің бұй­рық беруі заңды болғанымен, оның бұл іс-әрекетке шығармашылық тұрғыда қарау қажеттілігі жайлы ой-пікірлері де нанымды. Мәселен, осы орайда автор Бірінші Петрдің сөзін келтіреді. Ол айтқан екен: “Жарғыны қабырғаға жазылғандай етіп қатып ұстап қалу қажет емес, онда тәртіп жайлы ғана жазылған, ал уақыт пен жағдай ескерілмеген”. Сонымен бірге, командир айтты-бітті деген сөз еместігін де автор ғибратты әпсанамен өрнектеген. Оны да келтіре кетуді жөн санадық. Бұл аңыз ба әлде шын ба, ол жағы көмескілеу. Бірақ жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды демей ме? Енді осыған келелік. Ілгеріде, 1904 жылы жапондық бас қол­бас­шы адмирал Того түн ауа орыс әс­керлеріне қарсы шабуыл жасауға бұйрық шығарып, қол қойыпты. Сөйтіп, өзі балық аулауға кетіпті. Соғыс басталған күні кеш түсе үйіне оралыпты. Келсе, император іздеп жатыр екен. Соғыстың ба­ры­сын білгісі келіпті. “Мен бас қол­басшы ретінде таң атар-атпастан Ресей әскеріне қарсы соғысты бас­таңдар деп бұйрық бергенмін. Осы­мен менің қызметім тәмамдалады. Ал бұйрық болса да, болмаса да орындалуға тиіс”, – депті. Бас кейіпкер Бекболаттың әске­ри біліктілігі, білімдарлығы, кең ой­лы диапазоны осындай мысал­дар­мен шығармада жан-жақты бейне­лен­ген. Құрғақ сөзге, бос діл­мар­лыққа емес, нақты іс-әрекетке не­гізделген сөйлемдер, мақсат-мүд­десі айқын, анық ойлар шығарма қуатын арттыра түскен. Тарихтан өзінің лайықты орнын алған кешегі қанды алапат ұрыс Курляндия майданында да аласапыранға толы болғандығын шығарманы оқи отырып куә боласыз, қанығасыз. “Құлақпен естігеннен, көзбен көр­ген анық, көзбен көргеннен, бас­тан өткізген анық”, деп автор­дың өзі жазғанындай “Курляндия майданы” деректі романын соғыс өнерін жетік меңгерген, оның жо­ғары офицерлік шеніне ие болып, дивизия басқарған майдангер-қа­ламгердің тағылымы мол, сөз құ­діретіне бас иген, қазақ әдебиетіне қосылған соны әрі өміршең туын­дысы деуімізге толық хақымыз бар. Нұрғали ҚАДЫРБАЕВ, “Сырдария” университетінің доценті. * * * БІР БАУЫРЖАН КЕРЕК-АУ!.. Әнін жазған: Сланқожа ҚАРАҚЫСТЫҚ Өлеңін жазған: Рафаэль Ниязбек Қазақстан компози­тор­ларының арасында өткі­зілген “Патриоттық әндер мен марштар” жабық кон­курсында 1-ші жүлде алған шығарма. Жырға қосып ақыны, Туған халқы толғаған. Бар қазақтың батырын, Бір Бауыржан сомдаған. Қайырмасы: Өрге сүйреп өрлігі, Жауға аттанған сайланып, Атағы мен ерлігі Кетті аңызға айналып. Соғыс ашқан тажалды, Өз жерінде жерлеген. Қарсы алғанда ажалды, Кірпік қағып көрмеген. Қайырмасы: Оқ бораған майданда, Ат ойнатқан бұғынбай, Бәукең өткен қайдан да, Ту секілді жығылмай. Мықтысынған ірі де, Батпай іштей ашынған. Батыр Бәукең тіріде, Кім бар бізді басынған. Қайырмасы: Жақсыменен жаман да, Өзін дана көреді-ау, Қилы мына заманда, Бір Бауыржан керек-ау!..