“Электронды үкімет” деген не?
Өткен аптаның, бәлкім, соңғы уақыттың деп те есептеуге келетін шығар, үлкен жаңалығы “Электронды үкіметтің” белгілі бір мүмкіндіктерін пайдаланудың қолға алынғаны болды. Ал қыркүйектің 27-сі күні өткен селекторлық кеңес түріндегі Үкімет отырысы тұңғыш мәрте onlіne тәртібі бойынша жүргізілді. Осы кеңестің кіріспесінде сөйлеген сөзінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов бұл жолғы жиынның бір жағы сынақ сипатында өтіп отырғанын айта келіп, бәрі оңды болып жатса, алдағы уақытта аталмыш тәсілдің күнделікті тірлікке айналатынын мәлімдеді.
Жалпы, біздің елімізде “Электронды үкімет” жобасын жүзеге асыруға әзірлік жұмыстары 2005 жылы қолға алынған. Бұл нұсқаны “Ұлттық ақпараттар технологиясы” компаниясы талдап жасап берді. Биылғы жылғы 8 қаңтарда оның жұмысын іске қосу үшін 51 млрд. теңге қаржы бөлінді. Қазақстанның бұл жүйеге көшіп кетуі шын мәнінде көптеген елдер үшін нағыз сенсацияға айналды. Олай болатыны, биылғы шілдеде ғана ресейлік сарапшылар электронды үкімет идеалына әлемде әзірге Сингапур мен Эстония ғана біршама жақын екенін жариялаған еді. Олардың қатарында біздің мемлекет аталған жоқ. Дегенмен, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстанның электронды үкіметті дайындау барысындағы 2010 жылғы жұмыстарына жоғары баға берді. БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік даму департаменті жыл сайын дайындайтын рейтингіне сәйкес біздің еліміз ұдайы ілгері жылжу бағытын ұстап, биылғы жылы жаһандық тізімде 81-орыннан 46 позицияға бір-ақ көтерілді. Бұл рейтингілік сатыда Украина – 54-ші, Ресей – 59-шы, Беларусь 64-ші болып тұр. Қазіргі таңда Қазақстанда 70 мыңға жуық тұтынушы (жеке тұлға да, заңды тұлға да бар) е-үкімет қызметін пайдалану үшін тіркеуден өткен. Электронды мемлекеттік жобадағы “электронды қатысу” (e-partіcіpatіon) көрсеткіші бойынша классификацияда 2008 жылы 106-шы болған еліміз азаматтары 2010 жылы 18-орынға табан тіреді.
Сонымен, бүкіл жер шары болып қолданысқа енгізуге құштар болып жатқан электронды үкімет (e-Government) дегеніміз не, енді соған келейік. Бұл термин барлық мемлекеттік органдардың басын біріктіріп, оларға интернеттің, электронды терминалдардың немесе тіпті ұялы телефондардың көмегімен тұрғындарға қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін біртұтас жүйені білдіреді. Мұнда мемлекет, бизнес және азаматтар арасындағы өзара қарым-қатынасты электронды үкімет ішіндегі G2C (мемлекет-азаматтар) G2B (мемлекет-бизнес) және G2G (мемлекет-мемлекет) деп аталатын негізгі модельдер атқарады.
Былайынша айтқанда, электронды үкімет дегеніміз – мемлекеттік басқарудың ел көлеміндегі басқару үдерістерінің барлық жиынтығын автоматтандыруға негізделген және мемлекеттік басқару тиімділігін айтарлықтай көтеру мен қоғамның әрбір мүшесіне әлеуметтік коммуникация шығындарын төмендету мақсатына қызмет ететін электронды жүйе. Электронды үкімет қағаздар мен оларды өңдеу үдерісіне байланысты міндеттердің толық спектрін шешуге бағытталған қоғамдық басқарудың жалпы мемлекеттік бөлініс жүйесін құруды ұсынады. Электронды үкімет – электронды экономиканың бір бөлігі. Алайда, электронды үкімет дәстүрлі билікті толықтыратын қосымша немесе оның ұқсас түрі болмайды, ол тек мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімділігін арттыруды ұсыну мақсатындағы ақпараттық-коммуникациялық технологияны белсенді пайдалануға негізделген өзара қызметтестіктің жаңа тәсілі ғана болып табылады. Келешекте “бір терезелі” электронды үкімет қазіргіге қарағанда анағұрлым көкейкесті болады. Бұл үрдіс әлеуметтік web 2.0. жүйесін дамытудың нәтижесінен өрістейді. Аталмыш технология саяси коммуникацияның мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтіп, үкімет, бизнес және адамдар арасындағы жаңа интеграциялар пішінін жасауға жол ашып береді. Дәл қазіргі таңда электронды үкіметтің барлық елге ортақ біртұтас тұжырымдамасы жоқ. Әзірге азаматтар мен бизнес өкілдерінің ақпараттық қоғам үкіметінен орындалуын күтетін жалпы талаптар жиынтығы ғана бар.
Біздің елімізде электронды үкімет құру идеясын Мемлекет басшысы өзінің республиканы әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына енгізу туралы ойын білдірген Жолдауында көтерді. Ал 2004 жылғы 10 қарашада Президент Жарлығымен электронды үкіметті ендіру туралы мемлекеттік бағдарлама бекітілді. Осы құжатқа сәйкес Үкімет әлемдік тәжірибені ескере отырып, электронды үкіметті жүзеге асырудың кезеңдерін белгілеп алды. Бұл кезеңдердің біріншісі ақпараттарды жариялау мен таратуға негізделсе, екіншісі мемлекеттік органдар мен азаматтардың өзара қарым-қатынасына тікелей және қайтармалы жолды интерактивті қызмет ұсынады. Үшінші кезеңде қаржылық және заң операцияларын үкіметтік порталдар арқылы жүзеге асыру жолымен транзакциялық қызмет көрсету қолға алынса, төртінші кезеңде ақпараттық қоғам толық қалыптасып бітеді.
Электронды үкімет идеологиясы екі нәрсеге негізделген. Олар сервистік қызмет көрсету үшін инфрақұрылым құру мен сол сервистің өзін жасаудан құралады. Бұл инфрақұрылымды құру е-үкімет базалық компоненттерін жасау болып табылады. “Е-үкімет” инфрақұрылымына “Жеке тұлғалар”, “Заңды тұлғалар”, “Мекенжайлық регистр”, “Жылжымайтын мүліктер регистрі” мемлекеттік мәліметтер базасы, е-үкімет веб-порталы мен шлюзі, электронды құжат айналымының біртұтас жүйесі, куәлік етуші орталықтар (ашық кілттер инфрақұрылымы), біртұтас көлік ортасы кіреді. Бағдарламаны жүзеге асырудың нәтижесі электронды үкімет инфрақұрылымының базалық компоненттерін қалыптастыру, нормативтік-құқықтық базасын жасау, мемлекеттік органдардың электронды қызметін қалыптастыру мен дамыту, тұрғындардың компьютерлік сауаты деңгейін көтеру болып саналады.
Біздің елімізде қазір бірінші кезең қалыптасып жатыр. Соған қарамастан, 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап, үшінші транзакциялық кезеңнің алғышарттары қолға алынды. Сол уақыттан бері “Электронды мемлекеттік сатып алу” ақпараттық жүйесі өмірге ендіріліп, отандық кәсіпкерлер офистерінде отырып-ақ түрлі тендерлерге қатысатын болды. Бір сөзбен айтқанда, күні кеше қиялдағы нәрселер болып елестеп жүрген идеялар осылай біздің күнделікті өміріміздің төрінен көріне бастады.
Серік ПІРНАЗАР.
Үдемелі дамудың үлкен үміті
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы (ҮИИДБ) еліміздің кемел келешегі үшін керекті екендігінде дау жоқ. Бірақ бизнес өкілдері оны іс жүзіне асыру барысында ұдайы кедергілерге тап келуде. Соның салдарынан іргелі кәсіпорындар өндірісті модернизациялауға керекті жарақ-жабдықтарды әлі күнге дейін жеңілдетілген ставка бойынша жеткізе алмай отыр. Бұған тағы бір себеп, ҮИИДБ бағдарламаcы мазмұнында ол бойынша алынатын барлық жарақ-жабдықтар кедендік баж салығынан босатылатыны айтылған. Алайда, оны заңдастырып беретін акт сол күйі қабылданбай қалған. Осы ретте “Атамекен” одағының басшысы Азат Перуашевтің айтуынша, кеден органдары аталмыш мақсатпен жеткізілген тауарларға қосымша салықтар салып, оларды сот арқылы өндіріп алып жатады, ал бизнес құрылымдар сол себептен пайда болған қосымша шығындарды табатын жолдар іздестіріп, жүзеге асырылмай жатқан жобалар мерзімдерін кейінге ығыстырумен әлек. Жамбыл облысы әкімі Қанат Бозымбаевтың ақпараты бойынша, осылай қосымша салық төлеуге мәжбүр болған жергілікті бір кәсіпкердің жобаға жұмсаған шығыны аяқ астынан 500 мың теңгеге артып кеткен. Осы жерде біз “бұл кәсіпкер қайта оңай құтылған екен” деген ойға қалдық.
Расы керек, бізде қазір “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы бойынша жұмыстар жасауға тапсырыс берген кәсіпорындар бірден мемлекеттік органдардың тексеру нысанасына айналып шыға келеді. Осыған орай “Атамекен” одағының төрағасы “Индустрияландыру картасы” мен “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламаларын жүзеге асыруға қатысып жүрген абыройлы кәсіпорындардың есепшоттарын қамауға алатын баптарға өзгерістер енгізуді, сондай-ақ бәзбір кәсіп иелерінің іс-қимылдарын “жалған кәсіпкерлік” ретінде бағалайтын баптарды алып тастауды ұсынды. Оның пікірінше, кеден органдарына ҮИИДБ шеңберінде әкелінген жабдықтардың, егер оның салығы жобаның құнын арттырып жіберетін болса, кедендік кодтарын қайта қарауға тыйым салынуы керек. Сол сияқты бағдарламаға қосылған кәсіпорындарға осы жобаны жүзеге асырып жатқан кезінде ешқандай тексеру жүргізілмеуі тиіс.
Ұлттық экономикалық палата жетекшісі өзінің сөзінде сонымен қатар Үкімет басшысынан жергілікті жерлердегі мемлекеттік органдарды бизнеске қолдау көрсету мен олардың мүддесін қорғауға белсене араласуды міндеттеуді өтінді. Бірақ жергілікті жерлердегі бизнесті қолдауды әкімдердің кейбірі бұдан гөрі басқаша түсінетін көрінеді. Жиын үстінде олардың сәл шыдамсыздық танытуы түпкі ойдан ашық хабар беріп қалды. Былайынша, өздеріне индустрияландыру жөніндегі жобаларды жүзеге асыру бойынша жүктеліп отырған барынша жоғары жауапкершілікті кәсіпкерлікке қолдау көрсетуде де сондай орасан зор өкілеттілік берілуімен ұштастырып, бизнеске бел шеше билік жүргізгісі келетінін білдіріп қойды. Мәселен, Қызылорда облысының әкімі Болатбек Қуандықов жергілікті жерлерде жүзеге асырылып жатқан жобаларды қаржыландыру мәселесінде әкімдерге өкілдік беретін уақыт жетті деп санайды. Бұл үшін әлгі жобаларды талқылау жөніндегі регламентті қайта қарап, әкімдіктердің типтік құрылымын индустрияландыру мүддесіне орай қайта құрса жетіп жатыр. Аймақтарда инвестиция тарту жөнінде агенттік құруды ұсынған Жамбыл облысының әкімі де бұл идеяны қолдайтын ыңғай танытты.
Бұдан кейін сөз алған Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов пен Азат Перуашев алғашқылардың аптығын бірден басты. Мысалы, министр Үкіметтің бұдан жеті жыл бұрын қабылданған аймақтық инвестициялық орталықтар құру жөніндегі қаулысы әкімдердің бұл бағыттағы бастамаларына толық рұқсат бере алатынын айтып, ұсыныстың мүлде орынсыз екенін аңғартты. Қазіргі таңда мұндай орталықтар Батыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында жұмыс жасап жатыр. Мұндағы мәселе мынада, тек олардың жұмысын дамыту үшін аймақ бюджеті есебінен қаржы шығаруға тура келеді. Ал А.Перуашев бизнестің билігін әкімдерге беріп қоюға үзілді-кесілді қарсылық білдірді. Әкімдердің өкілеттігі бұлай кеңейе түссе, жергілікті жерлерде қызмет бабын асыра пайдаланудан аяқ алып жүре алмай қалуымыз мүмкін.
Тексеруші органдардың бизнесмендерді әбден қорқытып қойғандары сондай, бұлардың кейінгісі тіпті өздерінің атқарып жүрген жұмыстарын жарнамалауға жасқанады. Бұл жайлы Кәсіпкерлердің тәуелсіз ассоциациясының вице-президенті Тимур Назханов мәлім етті. Бұған тағы бір дәлел, 2009 жылы Бас прокуратура тексерушілер тарапынан 11 мың заң бұзушылық фактілері орын алғанын анықтаған. Алматыда қазір 63 мың кәсіпорын болса, солардың 16 мыңы заңды тұлғалар болып табылады. Енді осылардың арасынан “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасына атсалысуға бар-жоғы 63 кәсіпорын ғана тәуекел етіпті. Кейін бұлардың 10 пайызына қолдау жасалған. Бұл нені көрсетеді? Бизнес құрылымдары сол бойда бірден бас салатын тексерулерден қаймығып, ҮИИДБ жобасына қатысудан да қашады. Бар проблема осы тексерістерде ғана жатқан жоқ. Біздегі банктер мұндай тапсырыстарды қолдай бермейді. Соның әсерінен олар кепілге қойылған заттардың нақты бағасын кейде 5-6 есеге дейін төмендетіп алады. Бұларға қоса жобаларды мақұлдатудың өзіне орасан зор күш пен қисапсыз мол уақыт кетеді. “Бұл жерде жобаларды қарауда әкімдердің өкілеттігін арттырудың пайдасы тиетін жақтары да бар, – деді Т.Назханов сөзінің түйінінде. – Бірақ бұл олардың қызмет бабын еркін пайдалануларына есепсіз артық мүмкіндікті де беріп қояды”.
Осы түйінді өзінің қорытынды сөзінде Үкімет басшысы да айтты. Жиынды жинақтағанда, ол жауапты ұйымдарға “Нұр Отан” партиясын қатыстыра отырып, мемлекеттік органдардың ҮИИДБ мониторнигін жүргізудегі іс-қимылдарын үйлестіру жөнінде арнайы жоспар жасауды, олар басқаратын құқықтық реформа жөніндегі комиссия қарауына бизнеске әкімшілік қысым көрсетуді азайту жөнінде ұсыныс беруді тапсырды. Премьер-Министр Индустрияландыру бағдарламасы мен бизнестің жол картасындағы жобаларды жүзеге асырып жатқан бизнес субъектілерін тексеруге мораторий жариялату үшін Президентке арнайы кіретінін жеткізді.
Бұл мәлімдеме, әлбетте, қазір барша бизнес өкілдерінің көңілінен шығып отыр.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, АСТАНА.
Өңір өнімдерінің байқауы
Кәсіпкерліктің талап тұрғысынан көрінуі мен кәсіби біліктілігіне байланысты отандық өнімдердің әлемдік сапаға сай болуын қолдау мақсатындағы “Алтын сапа” сыйлығына арналған байқау облыста бес жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді. Ағымдағы жылы Елбасы Жарлығымен бұл байқау “Қазақстанның үздік тауары” деген атаумен өткізілуде. Өңірдегі жүзден озған жеңімпаздар республикалық байқауға қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Жетісу жерінде өткен аталған шараға өңірдегі өз жұмыстарын қалыпты деңгейге көтеріп, үздік өнімдерімен танылған 60-қа жуық кәсіпорын қатысып, арнайы ұйымдастырылған көрмелерге салада тәжірибе жинақтаған кәсіпорын өнімдері қойылды. Онда талғампаз тұтынушы сұранысына жауап беретін құрылыс материалдарынан бастап, тұтыну бұйымдары мен азық-түліктің сан түрі және сыртқа шығарылатын тауарлар қатары мол. Байқауға Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі техникалық реттеу және метрология комитеті мен жауапты адамдар қатысып, көрмедегі отандық өнімдердің сапасына оң бағасын берді.
Кәсіпкерлердің бүгінгі қол жеткен табыстарын жан-жақты көрсеткен көрменің негізінде облыс әкімінің орынбасары Аңсар Мұсаханов өнеркәсіп саласында қол жеткізген табыстар жайлы айтып өтті. Биылғы жылдың өткен мерзімінде өңірдегі өнеркәсіп орындарында 210 млрд.теңгенің өнімі өндіріліп, мұның өзі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 109 пайызды құраған. Осындай жоғары көрсеткіштер басқа салаларда да орын алып, негізгі капиталға инвестиция тарту 203 млрд.теңгеге жеткенін, нәтижесінде жаңа 27 кәсіпорын жұмысын бастаса, 8 кәсіпорын кеңейтілгенін айтуға болады. Әрине, оларға қажетті мамандар мен жұмысшылар дайындау барысында 1050 адам жұмыспен қамтылып, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары жақсаратын болды.
Бүгінгі таңда үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде 16 жобаны жүзеге асыру қолға алынса, ол тұрақты бақылауда. Осы орайда “Бизнестің жол картасы - 2020” бағдарламасы барысында атқарылатын жұмыстар да ауқымды. Жетісулықтардың алдағы он жылда бәсекеге қабілетті экономикаға қол жеткізуі жоғарыдағы жобалардың сәттілігіне қатысты. Осы мақсатқа 973 млн.теңге бөлініп, кәсіпкерлер мемлекеттен көрсетілген көмектің игілігін көруде. Облыс әкімінің орынбасары “Алтын сапа” сыйлығына үміткерлердің қатары өсіп отырғанын да жиында ерекше атап өтті.
Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі, техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары А.Ержанов байқау жеңімпаздары алдағы кезде биіктен көрінетіндігіне сенім білдірді. Кәсіпорын басшылары мен жеке кәсіпкерлер өздеріне жасалған мемлекеттік қолдау мен көмек және отандық өндірісті дамыту бағытындағы ойларын да ірікпей ортаға салды.
Жиынның ең бір жауапты сәтінде байқау шарты бойынша “Өндірістік мақсаттағы үздік тауар”, “Халыққа арналған үздік тауар”, “Үздік азық-түлік тауары” номинациялары бойынша ірі, шағын және орта кәсіпкерлік қатарында жан-жақты сүзгіден өткен “Үздік тауар” номинациясындағы ірі кәсіпорын “Қайнар АКБ” серіктестігі бірінші, “Строитель” серіктестігі екінші, Қапшағайдағы “Zhersu Металл” мен Жамбыл ауданындағы “TASKOM- KZ” өндірісі үшінші орынды иеленді. Ал шағын және орта кәсіпкерлік саласынан Талдықорған электр приборлары зауыты бірінші, Текелідегі “Шарықтас” серіктестігі екінші, Талдықорғандағы “Алакөл Plant” кәсіпорны үшінші орыннан көрінді.
Халыққа арналған үздік тауар номинациясында ірі кәсіпорындардан Іле ауданындағы “Ragazy Receclіng” бірінші, “Талғар УПП ОО КОС” үшінші орынға, шағын және орта бизнес саласынан Қарабұлақ “Таза су” серіктестігі бірінші, Іле ауданындағы “Тепловые сети” екінші, Еңбекшіқазақ “Шелек болашақ” серіктестігі үшінші орынға шықты. Үздік азық-түлік тауарлары номинациясында ірі кәсіпорындардан Іле ауданындағы “Рыбпром” кәсіпорны бірінші, Ұйғыр ауданындағы “КазРос - Бройлер” фабрикасы екінші, Қарасай ауданындағы “АзияАгроФут” өндіріс орны үшінші орынды жеңіп алса, шағын және орта кәсіпкерлік саласында Қаратал ауданындағы “Үштөбе-Айдын” бірінші, Текелідегі “Суфле Қазақстан” екінші, ЖК В.Соколов атындағы азық-түлік цехы үшінші орынды қанжығаларына байлады. Барлық жеңімпаз кәсіпорындарға диплом мен қаржылай сыйлық тапсырылды.
Отандық үздік тауар өндірушілердің жұмысына Астанада өтетін Елбасының “Алтын сапа” байқауы соңғы нүкте қоятыны белгілі. Сондықтан да жетісулық шағын және орта бизнес өкілдері қолындағы бар жақсысын жайып салып, жүлдемен оралуға бел байлап отыр.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.
Алыс-беріс пен барыс-келіс жеңілдеді
Ресейге Қостанай облысының солтүстігіндегі Қарабалық ауданы арқылы шығатын “Қайрақ” кеден бекетінің дабысы біраз жерге кеткен. Өйткені тәуелсіздігіміздің бір белгісі де, беделі, тірегі де осы кеден бекеттері дер едік. Оңтүстіктен, Орталық Азия республикаларынан Ресейге және керісінше Ресейден келе жатқан автомобиль көліктері “Қайрақ” кеден бекетінен өтеді. Мұнда көрші екі елдің кеден туралы заңдарына сәйкес жүк көліктері де, жолаушылар автобустары мен жеңіл автомобильдер де тексерілетін және ең бастысы, олардың алып бара жатқан тауарлары кедендік декларациялаудан өтетін және ресімделетін. Қазақстан, Белоруссия және Ресей арасында Кеден одағының құрылуына байланысты қазір оның екі кезеңге бөлінген қалыптастыру үдерісі жүріп жатыр. Бірінші кезең үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен басталғаны белгілі. Қазір Ресей, Белоруссия және Қазақстан арасындағы саудада Кеден одағының тауарлары кедендік декларациялаудан және кедендік ресімдеуден өтпейді. Сонымен қатар Кеден одағына қатысушы елдер азаматтары осы мемлекеттер шекараларынан өту кезінде декларация ұсынбайды, яғни өткізілетін ақша, жол полициясы органдарында тіркеуде тұрған көлік құралдары, басқа да тауарлар декларацияланбайды. Ал мұның барлығы да осыдан екі айдай бұрын “Қайрақтан” өткен жолаушылардың уақытын алатын. Кеден одағын қалыптастырудың шілде айынан басталған екінші кезеңінде кедендік ресімдерді оңайлату, әкімшілік кедергілерді төмендетуге бағытталған шаралар, контрабандаға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстарының көрсеткіштерімен таныстырып, бәрін де көзбен көру үшін Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Қ-К.Кәрбозовтың бастамасымен жақында Қостанай облысы бойынша кедендік бақылау департаментінің “Қайрақ” кеден бекетінде “Кеден келбеті айқын” атты журналистік десант акциясы өткізілді.
Алыстағы Белоруссиядан, Ресейдің ішкі облыстарынан Қазақстанға жеткізілетін тауарлар аз емес. Жүк тиеген көліктер “Қайраққа” келіп тоқтайды. Бірақ бүгінде иіріліп тұрған көлікті көрмейсің. Тоқтаған көлік тез арада кеденнің екінші жағына шығады. Осындай алып мәшиненің бірінің жүргізушісі Виктор Дмитриев сонау Мәскеуден Павлодарға келе жатыр екен. Мәшине қорабына Керекудегі зауыттардың біріне қажетті шикізат артылған.
– Мен өзім “Қайрақ” кеден бекетінен 9 рет өтіп тұрмын. Бұрынғы жұмыстың да, Кеден одағы қалыптаса бастағалы бергі уақыттағы көріністердің де куәсімін. Қазір кеден бекетінен өту әлдеқайда жылдам, қарапайым. Бұрын осы жерде кезек күтіп бір тәулік жатқан кезіміз де болған. Кеден одағының құрылғаны өте жақсы болды. Қызметкерлер тез тексереді де, жолға салып қоя береді. Бізге де керегі осы, – дейді Виктор.
– Жүк көліктерін өткізу 5 минөтке дейін қысқарды, ал жеңіл автокөліктер 1-2 минөттен артық тоқтамайды. Қызметкерлер олардың жүргізушісінің жеке құжаттарын тексерсе болды, өте береді, – дейді “Қайрақ” кеден бекетінің бастығы Т.Ерімбаев. Жүк көліктеріне электронды пломба салу тек Қазақстанда ғана қолданылады. Кодталған пломбада көлікке, оған артылған жүкке қатысты ақпараттың барлығы да енгізілген. Сонда жолдағы ішкі бекеттерде жүк көлігінің уақытын алып, қайта-қайта тексере бермейді. Электронды пломбадан ақпараттарға қаныққасын көлікті тоқтатпайды.
Кеден одағының құрылуы өзгемен еншіні қосу емес. Бұл экономиканы дамыту үшін жасалып отырған халықаралық тәжірибедегі шараның бірі ғана. Тәуелсіз елдің шекарасының нығаюы, мемлекет қауіпсіздігін сақтау ісі босаңсымайды. Сондықтан мұнда да көліктердегі есірткі, қару, жарылғыш заттар сияқты елдің қауіпсіздігіне қауіп төндіретін нәрселер тексеріледі. Бұл үшін “Қайрақ” кеден бекетінде иісшіл иттер көмегі, қуатты құрал-жабдықтардың барлығы да бар.
Акция аясында өткен баспасөз мәслихатына Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтана қатысып, журналистерді еліміз бойынша кедендік бақылау бекеттері жүргізіп отырған істермен таныстырып өтті. Еліміз бойынша кедендік кірістер мен салықтардан бюджетке 407,9 миллиард теңге табыс түскен. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 42,5 миллиард теңгеге көп. Ал кеден органдарының әр қызметкері 106,7 миллион теңге кедендік түсірім мен салық өндірген. Бұл да өткен жылдағыдан артық. Кеден органдары барлық бағытта құқық қорғау блогының белсенділігін арттырды. Соның арқасында сегіз айдың ішінде контрабандалық жүктерге қатысты 530 қылмыстық іс қозғалған. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары жүйелі түрде жолға қойылған. Ол үшін биыл кедендік басқару ісі мен әкімшілік кедергілерді жеңілдетуге бағытталған бірнеше ведомстволық құжаттар қабылданды. Жыл басынан бері кеден органдарындағы лауазым иелерінің үстінен 83 қылмыстық іс қозғалды.
– Қазақстан, Ресей және Белоруссия арасында Кеден одағының құрылуына байланысты сыртқы тауар айналымының статистикалық нәтижесі тек алты айдан кейін белгілі болады. Қазір жүк көліктері ешқандай кедергісіз өтіп жатыр, мұның өзі көп мәселені айтып тұрғандай, – дейді облыстық кедендік бақылауды ұйымдастыру басқармасының бастығы Анатолий Ли.
– Қазақстан кәсіпкерлері өздері өндірген өнімді еш кедергісіз Ресейге, Белоруссияға апарады. Одан әрі Еуропаға жеткізеді. Кеден одағы арқылы тауар айналымы артады. Бүкіләлемдік сауда ұйымына мүше елдердегі сияқты Қазақстанда да сапасыз өнім өндіретін кәсіпорындар бәсекеге төтеп бере алмай, амалсыз жабылатын болады, сапалы заттар қатары артады, – дейді Ержан Байтана.
Кеден одағын қалыптастырудың үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен басталған бірінші кезеңінің алғашқы айларында-ақ бұл ұйымның елімізге берері мол екені аңғарылғандай. Алдағы жылғы 1 шілдеден басталатын екінші кезеңде “Қайрақ” кеден бекетіндегі бақылау жұмыстарының барлығы да алынып тасталады. Кеденшілердің орнына түгелдей шекарашылар келеді. Елімізге контрабандалық тауарлар, қару-жарақ, психотроптық, улы, дәрілік заттар өтіп кетпес үшін көліктерді бақылау, тексеру жұмысын шекарашылар қолға алатын болады. Ал Кедендік бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтананың айтуынша, “Қайрақ” кеден бекетінің қызметкерлері жұмыссыз қалмайды. Биылдың өзінде олардың біраз бөлігі Қытаймен, Өзбекстанмен, Қырғызстанмен және Түркіменстанмен шектесетін оңтүстіктегі кеден бекеттерін нығайту ісіне тартылды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.
Ел ырыздығы еселеп артар шақ
Қазіргі күндері Сырдың бойында осындағы егінші елдің басты науқаны – күріш жинау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бұл ұлы дүрмекте аймақтағы күрішті ең көп өсіретін Сырдария ауданы көштің алдыңғы сапынан көрініп келеді. Ауданды ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор Сұлтанбек Тәуіпбаев басқарады. Бұл өңір тек күріштен ғана емес, халық шаруашылығының басқа салалары бойынша да соңғы кездері жақсы көрсеткішке жетіп жүр.
Дария аттас ауданның даңғайыр диқандары үстіміздегі жылы барлығы 31494 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырды. Олардың арасында 18135 гектар күріш, 421 гектар жаздық бидай, 2910 гектар жаңа жоңышқа және 632 гектар мақсары бар. Қазір алтын ораққа ауданда 212 комбайн, 102 жатка, 32 автокөлік пен 188 трактор қатысуда. Егінші қауымға керекті жанар-жағармай алынған. Соның нәтижесінде қыркүйектің 20-ына дейін аудан шаруашылықтары 18 135 гектар күріш алқабының 64,6 пайызына орақ салып, 8675 гектар жердің дәнін бастырды.
Ауданда мал басын өсіру мен оның өнімін арттыру жолында да көңілге жылы ұялайтын деректер жеткілікті. Былтырғы жылдың 8 айы қорытындысын биылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда, мүйізді ірі қара басы 1,5 пайыз, қой мен ешкі басы 0,7 пайыз, жылқы басы 3,4 пайыз, түйе басы 4,8 пайыз өскен. Сонымен бірге, үстіміздегі жылдың осы мерзімінде 2254,1 тонна ет, 5631 тонна сүт өнімі және 818 мың дана жұмыртқа дайындалған.
Жергілікті өңір халқын азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында “Азық-түлік белдеуі” бағдарламасы әзірленді. Осыған сәйкес аудан көлеміндегі 2760 гектар жерге көкөніс, картоп, бақша дақылдары егілді. Бұдан өзге Нағи Ілиясов елді мекеніндегі “Әйгерім” шаруа қожалығы 500 шаршы метрлік жылыжайды пайдалануға беріп, түрлі дақылдарды өсіруде.
Тоқсаныншы жылдың басында мал өсірумен шұғылданатын іргелі шаруашылықтардың жұмысы тұралағаны жасырын емес. Нақты айтқанда, қолда бар малға жөнді жағдай жасай алмадық. Соның салдарынан мал басы кеми түсті. Тіршілік көзі малмен біте қайнасқан ағайынға осы шашыраған шаруашылықты қайта құрылымдау қажет болды.
Уақыт талабымен жоғарыда атап өткен олқылықтың орны біртіндеп жөнге түсе бастады. Ол үшін төрт түлік малға жайлы кешенді құрылыстар салынды. Осылайша мал өсіруге айрықша көңіл бөлген қазір 7 шаруашылық мал тұқымын асылдандыру бағытында жұмыс жасайды. Айтуға жеңіл болғанымен, бұл өзі ұқыптылықты қажет ететін күрделі іс. Бұл бағыттағы жұмысты өз деңгейінде жүзеге асыру үшін алдымен малдарды сапалы ұрықтандыру міндетін жүйелі атқару керек. Мамандар пікіріне сүйенсек, малдың жақсы төлдеуі де осыған тікелей байланысты. Сондықтан аудандағы “Ақжарма-Жер” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолдан ұрықтандыру кешенін іске қосты.
Төрт түлік малды азықтандырудың да өзіндік ерекшелігі бар. Мысалы, ірі қара және қойды қорытылатын протеин, ас тұзы, кальций, фосфор, каротинмен мөлшерлеп азықтандырады. Қалыпты деңгейдегі бұл азық малдың ішкі ағзаларының жұмысын жақсартып, дененің жылынуына әсер етеді. Осы көрсетілген шарттарды тиісті дәрежеде орындап келе жатқан Жетікөл ауылындағы мал бордақылау кешенінің орны бөлек. Аталмыш нысанда қазір 300 бас асыл тұқымды қой, 100 бас мүйізді ірі қара, 50 бас жылқы, 100 бас түйе өсірілуде. Болашақта ауданның басқа елді мекендерінде осындай кешен құрылысын салу жоспарланған.
Бағалы байлықтың бірінен саналатын балыққа деген сұраныс күн сайын артып келеді. Алайда, оның бағасы бүгінде мал етінен кем түсіп тұрған жоқ. Негізгі себеп екі ортадағы делдалдардың өз қалауынша баға қойғанынан болып отыр. Айдарлы елді мекенінде аталған келеңсіздікті ретке келтіру үшін тоған шаруашылығы құрылып, өткен жылдан бастап оған сазан, дөңмаңдай, ақ амур, шабақ жіберілді. Қазіргі кезде өсіп-жетілген балықтардың орташа салмағы бір килодан асып-жығылады. Таяуда өнім түрлерін саудаға шығару мәселесі іске асырылмақ.
Жалпы, аудан бойынша 1355 шағын кәсіпкерлік нысандар тіркелсе, оның 27-сі өнеркәсіп, 380-і ауыл шаруашылығы, 12-сі құрылыс және 493-і сауда саласында, ал 443-і түрлі деңгейдегі салаларда қызмет жасауда. Атап өтерлігі, ауыл шаруашылығын дамыту ісіне кәсіпкерлердің баса мән бергені қуантады. Демек, агрокешен ауқымы кең қанат жайып келеді.
Нарықтық экономика жағдайына бейімделген еңбеккер жандар жерді өңдеудің агротехникалық шараларын қатаң сақтай отырып, мол өнім алуға және оны өңдеуге бейімделді. Ал анығы бұрын сападан гөрі санға жұмыс істеу белең алған еді. Енді, міне, өмірдің өзі дәлелдеп бергендей, кеңестік жүйедегі қасаң қағиданың ғұмыры ұзаққа барған жоқ. Есесіне бәсекеге қабілетті өнімдерді өндірудің алғышарттары тәуелсіздік тұсында кең қолдауға ие болып, өндіріске жаңа технологиялар енгізуге жол ашылды. Соның жемісі болар Сырдария ауданында да осы тұрғыдағы жұмыстар оң бағыт алды. Бұған дәлел, үстіміздегі жылдың қаңтары мен тамыз айы аралығында шағын кәсіпкерлік нысандары бюджет қазынасына 33,8 млн. теңге түсірген.
Өткен жылы негізі қаланған “Жол картасы” бағдарламасы шеңберінде ауданға республикалық бюджеттен 134,8 млн. теңге және облыстық бюджеттен 37,8 млн. теңге қаржы қаралып, бірқатар өзекті мәселелердің түйінін тарқатуға қадам жасалды. Әсіресе, жұмыссыздық деңгейін төмендету ұстанымы мен жастар тәжірибесіне барынша қолдау көрсетілуде.
“Қызылорда облысындағы қала құрылысын дамытудың 2008-2010 жылдарға арналған бағдарламасына” сәйкес аудандағы бес елді мекеннің даму сызбаларын дайындауға 7,0 млн. теңге бөлініп, 88,0 пайызы игерілген. Мақсатты іс нәтижелі аяқталса, барлық инфрақұрылымдық жүйелер бір арнаға түседі. Сонымен бірге тұрғын үй құрылысын салуға республикалық бюджеттен 11868,0 мың теңге, аудандық бюджеттен 21750,0 мың теңге қаралып, бірқатар нысанның іргетасы қаланған.
Қайсыбір ел болмасын әлеуметтік-экономикалық даму деңгейінің өсуі жолдың сапалы болуымен сабақтасып жатыр. Жергілікті жердегі сан-алуан жұмыстардың ішінде осы мәселеге де қомақты қаражат бөлінген. Осыған орай биыл Тереңөзек кентінің жолдарына жөндеу жүргізілуде. Бастысы, Әйтек каналы маңынан көпір құрылысын салуға жасалған жоспар қолдау тапты.
Елбасының биылғы Жолдауында әрбір аймақ өзі тұратын жерді көркейтуге, абаттандыруға мүдделі болуы тиістігі атап көрсетілген. Расында ауыл мен қала ажарына нәр беретін көгалдандыру мен тазалық шарасына ешкімнің бейқамдық танытпағаны абзал. Себебі, елдің ауызбірлігі және бірлігі туған табиғатын аялаудан көрініс табады. Ендеше, биыл абаттандыру мен көркейтуге аудандық бюджеттен 88360,0 мың теңге бөлінгені нәтижесінде 58029 түп көшет отырғызылып, 2130 текше метр күл-қоқыс арнайы жерге шығарылды. Сырдариялықтар бұл қолға алған істің одан әрі жалғасын табарына сенімді.
Қай кезең болмасын түрлі саланың іргелі жұмысын қамту әрі үйлестіру әсте оңай шаруа емес. Соған қарамастан, үстіміздегі жылдың 8 айы ішінде өңдеу өнеркәсібінде 693,8 млн. теңгенің өнімі өндірілген. Мұны өткен жыл кезеңімен салыстырғанда, 167,8 пайызға артық болып отыр. Осындай жоғары көрсеткіш егін шаруашылығы мен мал шаруашылығы құрылымдарына да тән. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі өткен жылы 1494,8 млн. теңгеге жеткізілсе, ол биыл 14903,5 млн. теңгені құраған. 2009 жылы пайдалануға берілген тұрғын үйлердің шаршы метрі 3292,6 болса, ал ағымдағы жылы 4978,6 шаршы метр болған.
Аймақтың индустрияландыру картасына ұсынылған 5 жобаның 3-ін осы жылдың аяғында пайдалануға беру көзделген. Олар құрамажем шығаратын кіші зауыт пен ұн диірмені кешені және мақсары дәндерінен өсімдік майын өндіру өндірісі. Қалған жобалар жақын болашақта іске қосылмақ. Сол кезде өнім түрлерінің саны еселеп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік жасалады.
– Қазір біздің ауданның еңбеккерлері егіс алқабындағы дәнді дақылдарды жинау үстінде. Өнім түсімі жаман емес. Нақты кезеңде 632 гектар мақсары, 398 гектар жаздық бидай және 4765 гектар ескі жоңышқа жинап алынды. Ал жақын аралықта күріш орағы толық аяқталады, – дейді аудан әкімі Сұлтанбек Тәуіпбаев бізбен әңгімесінде.
Жетпіс жылдан астам тарихы бар ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігіне көңіл марқайттық. Асылы, ынтымағы ұйысқан елдің ырыздығы артық болады.
Әмірхан АЛМАҒАНБЕТОВ.
Қызылорда облысы,
Сырдария ауданы.
Өнеркәсіп саласына серпінділік қажет
Ақмола облысының индустриялық-өнеркәсіптік қарымы негізгі алты салаға шоғырланған. Қазіргі таңда мұндағы 2900 шаруашылық нысанында 40 мыңға жуық адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылып отыр. Бұл — өңірдегі еңбекке жарамды азаматтардың 15 пайызы. Оның үстіне жоғары сұраныстағы өнімнің жүзден астам түрі шығарылатын саланы дамытудың жаңа қадамдары көрініс беруде.
–Үстіміздегі жылдың 8 айында өнеркәсіп кәсіпорындары 104 миллиард теңгенің өнімін шығарып, былтырғы деңгейден 25 миллиард теңгеге асып түсті,–деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров жуырдағы алқалы мәжілісте. Жалпы, сала еңбеккерлері жылды 160 миллиард теңгелік өнім тасқынымен аяқтауды жоспарлап отыр. Өңір бұрын-соңды мұндай межеге қол жеткізбеген.
Жиналыста көңіл өсірер басқа да деректерге қаныққанымызбен, баяндама өзара сын тұрғысында өрбіді. Жалпы өнімнің деңгейі республикалық көрсеткіштен 10 пайызға жоғарылағанымен, оны қанағат тұтуға болмайды. Ірі 25 кәсіпорын көрсеткішті төмендетіп алған. Оның үстіне, былтырғы әлемдік дағдарысты ескерсек, одан баяғыда сауықты деген өндіріс ошақтарының азын-аулақ табысты арқаланып отыруы келісе қоймайды. Тау-кен өндірісінде алты кәсіпорын қалыпты ырғақтан жаңылысса, “Моликен”, “Нефрит-Голд”, “Ардагер-Неруд” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мүлдем тоқтап тұр. Бүгінгі үдемелі индустриялық-инновациялық даму кезеңінде өнімге сұраныстың болмауы түсініксіз жағдай.
Саланың негізгі жүгін Елбасы Н. Назарбаев “Алтынтау” деп атын қойған Васильков кен байыту комбинаты көтеріп отыр. Әлемдік бәсекелестік ортаға еркін кірген заманалық кеніш Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша іске қосылған алғашқы жобаның бірі. Ал, бұрыннан аты шығып жүрген “Қазақалтын” акционерлік қоғамының көрсеткіштері кәсіпорын өніміне бағаның өскендігімен байланыстырылып келеді. Болашақты бұлайша құруға болмайтындығы түсінікті жағдай. Сондай-ақ, өлкені өрге сүйреуге тиісті “Сага Крик Голд Компани”, “Голд Ленд” серіктестіктері жыл басынан бері жағдайды түзете алмай келеді.
Қайта өңдеу кәсіпорындары өнеркәсіптік бағыттағы өнімдердің 70 пайызын қамтиды. Жыл басынан бері мұнда 72 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім өткен жылғыдан 133 пайызға артты. Баяндамашы мұны салаға қосымша қуаттардың келуімен байланыстырды. “Тыныс” АҚ полиэтилен құбырларын өндіру жобасынан жеміс теріп жүргенімен, кең алымды кәсіпорын ертеңгі күннің сұраныстарын да ойластыруы қажет. Баяндамашы химия өнеркәсібі, құрылыс индустриясы саласындағы пайдаланылмаған резервтерге де жан-жақты тоқталды. Таныстыру рәсімдері айшықты өтетін кәсіпорындардан күткендегідей нәтиже байқалмайтыны жасырын емес.
Күрделі мәселенің бірі өнеркәсіп саласын дамыту негізінен орта және шағын кәсіпкерліктің үлесіндегі Есіл, Егіндікөл, Қорғалжын, Сандықтау аудандарына қатысты болып отыр. Жергілікті атқарушы органдардың үйлестірушілік қызметінің әлсіздігінен жоғарыда аталған аудандар өзіне жүктелген міндетті тиісті дәрежеде орындамауда.
Өнеркәсіп саласының қамшы басар тұсы енді келді. Өйткені, облыста 2010-2014 жылдары 12 миллиард теңгенің индустриялық-инновациялық жобасын жүзеге асыру белгіленіп отыр. Қазірдің өзінде Көкшетау, Степногор қалаларында, Ақкөл ауданында екі-екіден, Астрахан, Атбасар, Зеренді, Целиноград аудандарында бір-бірден инвестициялық жоба іске қосылып, өрісті кеңітті. Ал, қалған аудандарда жұрт назарына ілігер ұсыныс-жобалардың болмауы мүмкін бе?
Өзекті мәселе талқыланған кеңесте Көкшетау қаласының әкімі Мұнарбек Батырханов, Еңбекшілдер ауданының әкімі Теміржан Хамитов, “Семізбай-U” ЖШС директоры Алтынбек Ақмұрат, “Өркен-Атансор” ЖШС директоры Сергей Филипьев, “Қамқор-Локомотив” РЭРЗ ЖШС” филиалының директоры Қайдар Асайынов саланы серпінді дамытуға қатысты ойларын білдірді.
Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.
Экспортқа бағытталған өнім
Елімізде болат құбырлар үлкен сұранысқа ие. Соның бір бөлігін “Петропавл құбыр зауыты” ЖШС қамтамасыз етіп келеді. Құрылғанына бір жыл ғана толған кәсіпорын газ, жылу, құрылыс салаларына арнап диаметрі әртекті болат құбырлар шығарумен айналысады. Оның кәсіпкерлікті дамыту шеңберіндегі қадамы сәтті басталды. Осы мерзім ішінде 2,2 миллиард теңгенің өнімдері өндіріліп, еліміздің ішкі қажетін өтеуге бағытталды. Зауыт келешекте 120 мы