• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
09 Қазан, 2010

Заң нақты да толыққанды болуы тиіс

720 рет
көрсетілді

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үстіміздегі жылғы “Жаңа он жылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауында экономиканы дағдарыстан кейінгі дамуға дайындау және оның сыртқы сынақтарға тұрақтылығын арттыру үшін біртұтас үш міндетті шешудің қажеттілігі айтылған еді. Сол үш міндеттің бірі сенімді құқықтық орта қалыптастыруды жалғастыру болып табылады. Бұл міндетті орындауға тиіс Әділет министрлігі азаматтардың құқықтарының қорғалуына, оның ішінде сапалы әрі тиімді мемлекеттік қызметтің көрсетілуіне жағдай жасауы керек. Жолдау жүктеген талаптар негізінде қандай жұмыстар атқарылып жатқандығын білу үшін біз Әділет министрі Рашид ТҮСІПБЕКОВКЕ жолыққан едік. – Рашид Төлеутайұлы, Жол­дауда елімізді одан әрі өркен­детудің, халықтың әл-ауқатын арттырудың көптеген мәселелері айтылды. Ол міндеттер сіз басшылық ететін министрлікке де тән болып отыр. Сенімді құқықтық орта қалыптастыруда еліміздің заң шығару саласы мықты болуы тиіс дейміз. Бірақ бұл саланың бүгінгі аяқ алысы қалай? – Иә, бүгінде Елбасы Жол­дауын жүзеге асыруда жүйелі жұ­мыс­тар атқарылуда. Бірақ құқық­тық мәселелерді шешу қарапайым азаматқа ғана емес, тіпті заңгерге де қиындық туғызатыны құпия емес. Мәселен, қазір Қазақстанда 250 заң, 16 кодекс және 10 Конс­титуциялық заң қолданыста, бірақ олардың барлығы бірдей сапалы әзірленген деп айта алмаймыз, көпшілігі толықтырулар мен өз­герістер енгізуді қажет етеді. Қол­даныстағы заңдар негізінен шең­берлі сипатқа ие, үкіметтің заңға тәуелді актілеріне сілтеме жасай­ды, ал олар өз кезегінде уәкілетті органдардың ондаған бұйрықтары мен нұсқаулықтарына сілтейді. Тіпті кейде бір заңсыз актінің өзі көптеген азаматтар мен кәсіпкер­лердің құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтіреді, соттың тексеру жүргізуіне негіз болады, тұрғындар арасында наразылық туғызады. Бұл ретте жоғарыда аталған мәселені шешу үшін сілтемелік нормаларды азайтып, тікелей қолданыстағы заңдар қабылдануы тиіс. Заң шығару процесін, қол­даныстағы заңнаманы жетілдіру қажет. Бұл үшін орталық мемле­кеттік органдардың заңға тәуелді актілерді қабылдау құқығын шек­теп, олардың қоғамдық қаты­нас­тарды барынша толық регла­мент­тейтін, қосымша нормативтік құқық­тық актілерді қажет етпей­тін, яғни толыққанды заңдар қабылдауын қамтамасыз ету қажет. – Демек, мемлекеттік орган­дар­дың заңсыз актілер қабылдауы жиі кездесетін жағдайға айналғаны ғой? – Иә, өкінішке орай, мұндай жағдай жиі орын алып отыр. Мәсе­лен, Білім және ғылым ми­нистр­лігінде – 212 бұйрық, Ден­саулық сақтау министрлігінде 146 бұйрық қолданыстағы заңнамаға сәйкес келмейтіні анықталды. Сонымен қатар, Білім және ғылым министрлігінде төрт жыл бойы мемлекеттік тіркеуге ұсынылмаған 80 нормативтік құқықтық актілер қолданылып келген. Бұндай жағ­дайлар соңғы тексерістерге сү­йенсек, Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде де, Солтүстік Қазақ­стан облысы әкімдігі мен мәслихатында да орын алған. – Бұл ретте не істеу керек деп ойлайсыз? – Ведомстволық бұйрықтан айыр­машылығы заңды қа­былдау рәсімі ашық бола­тын­ды­ғын айтқым келеді, себебі заң жоба­ла­рын тек мем­лекеттік органдар ғана емес, сонымен бірге, қо­ғам да тал­қылайды, нә­ти­же­сінде оның норма­сы­­ның өте сапалы пысық­­та­луына мүм­кіндік бе­ре­ді. Осы­ны ескере отырып, біз тікелей қолда­ныс­тағы заң­дар­ды әзірлеп, қабыл­дауға көшуді страте­гия­лық мақсат етіп отыр­мыз. Сонымен қоса, заң жо­ба­ларының ғылыми пысық­талуы күшейтіледі, бар­лық заң жоба­ларын әзір­леуге ғалымдар тар­ты­лады, бірде-бір тұжырым­дама ведомствоаралық комиссия­ның қарауына ғылыми сарапта­маның қорытындысынсыз және алдын-ала ғалымдармен пысық­талмай жіберілмейтін болады, заңдардың жобалары бойынша құрамына қоғамдық бірлестік­тердің, үкімет­тік емес ұйымдардың өкілдері тартыла отырып жұмыс топтары құрылады, заң жобалары мемле­кеттік органдардың интер­нет-ресурстарын қоса алғанда, бұқара­лық ақпарат құралдарында жария­ланып тұрады. Біз мемлекеттік органдарға ғылыми-құқықтық сараптамамен қатар, салалы ғылыми сараптама­лар жүргізуді енгізуді ұсындық. Бұл үшін салалық ғылыми-зерттеу институттарын қалпына келтіріп, жандандырған жөн. Мұндай инс­титуттар көптеген мемлекеттік органдарда бар. Сонымен қатар, заң жобасының сапалы дайын­далуы оны әзірлеуші салалық мемлекеттік органның басты мақ­саты болуы тиіс. Жалпы, Әділет ми­нистрлігі заң шығару процесін­де жүйелі сипатта жұмыс істейді. Жыл сайын мемлекеттік органдар заңгерлерінің заң шығару қыз­метіне талдау жасалынады. Талдау барысында мемлекеттік органдар жол берген қателіктер анықталып, министрлік мемлекеттік орган­дардың заң жобаларына ескерту­лер жібереді. Нормативтік құқықтық актілер мониторингінің қолданыстағы тәртібін жетілдіру мақсатында мемлекеттік органдардың өздері қабылдайтын актілердің құқықтық мониторингін жүргізу жөніндегі міндетін заңды түрде бекіту туралы мәселе де пысықталды. Қазіргі уақытта қолданыстағы заңнамада “нормативтік құқықтық актілердің құқықтық мониторингі” деген ұғым жоқ. Бұл құқықтық мони­торингті тиімді пайдалану тәсілі мен әдістерін анықтауға мүмкіндік бермейді. Осыған орай, мониторингтің нақты белгілерін анықтай отырып, біз қолданыстағы заңнамаға атал­ған ұғымды енгізу жұмыстарын жүргізудеміз. Бұл қызмет түрін және аралас қызмет түрлерін ажы­ратуға мониторингтің нақты белгі­лерін анықтауға және монито­рингті қолдану тиімділігі мен нә­ти­желі­лігін айқындауға мүм­кіндік береді. Мұндай өзгеріс “Қа­зақстан Респуб­ликасының кей­бір заң акті­леріне норма жа­сау қыз­метін же­тілдіру мәсе­ле­лері бо­йын­ша өз­герістер мен то­лы­қтыру­лар ен­­гізу тура­лы” заң жоба­сын­­да көз­дел­ген. Қазір­гі уақытта атал­ған заң жо­басы Мә­жі­лісте тал­қылануда. – Президент “Қазақстан Рес­публикасында құ­қық қорғау қыз­меті мен сот жү­йесінің тиімділігін арттыру жөнін­дегі шаралар туралы” Жарлығында құ­қық қорғау қыз­метін өт­керудің бірыңғай құқық­тық стандарт­тарын, құқық қорғау органдары қызмет­керлерін әлеумет­тік және құқықтық қорғаудың бірыңғай ұстанымдарын енгізу және қыл­мыстық заңнаманы ізгілендіру мәселелеріне ерекше тоқталып өтті. Осыған байланысты қандай шаралар атқарылып жатыр? – Иә, қазіргі уақытта барлық құқық қорғау органдарында қыз­мет өткеру тәртібі әртүрлі заңдар­мен және ережелермен реттеледі. Айталық, құқық қорғау орган­дарының қызметкерлеріне Еңбек кодексі (256-бабы) мен заңдарға сәйкес құқық қорғау қызметін жүзе­ге асыратын ішкі істер ор­га­нында, қылмыстық-атқару жүйе­сінде, қаржы полициясында, мем­лекеттік өртке қарсы қызметте, кеден мен прокуратура орган­дарын­да қызметте тұратын адам­дар жатқызылған. Бұл ретте, әр құқық қорғау органындағы қызмет бірқатар нормативтік құқықтық актілермен, соның ішінде Кеден кодексімен, “Қазақстан Республи­касының ішкі істер органдары туралы”, “Қазақстан Респуб­лика­сының қаржы полициясы туралы”, “Әділет органдары туралы”, “Про­куратура туралы”, “Өрт қауіпсіздігі туралы” Қазақстан Республика­сы­ның заңдарымен реттеледі. Бұдан басқа 15-ке жуық заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер де осы мәселені реттеуге бағытталған. Мысалы, қаржы полициясы, өртке қарсы қызмет органдары еңбек сіңірген жылдарды есептеу, зейнетақымен қамсыздандыру, сондай-ақ қызмет өткеру бойынша өзге де мәселелерді шешу кезінде ішкі істер органдары туралы заңнаманы басшылыққа алады. Ал, прокуратура органдарында қызмет өткеру басқаша реттеледі. Осыған орай, құқық қорғау қыз­метін өткерудің бірыңғай құ­қықтық стандарттары және нор­маларын белгілеу мақсатында Әді­лет министрлігі “Құқық қорғау қыз­меті туралы” заң жобасын әзір­леді. Осы заң жобасымен қыз­мет өткеру (қабылдау, орын ауыс­тыру, жұмыстан шығару) тәртібін және жоғарыда аталған құқық қорғау органдары қызмет­керлерінің әлеуметтік қорғалуын бірыңғай реттеу ұсынылады. Сұрақтың екінші бөлігіне тоқталсақ, қылмыстық заңнаманы ізгілендіру аясында қоғамдық қауіп­тілігі аса жоғары емес қыл­мыстардың, соның ішінде эконо­микалық қылмыстардың құрамын қылмыстық сипаттан арылту көзделеді. Бұл оларды әкімшілік құқық бұзушылықтар қатарына ауыстыру, оларды жасағаны үшін қатаң әкімшілік жауаптылық тағайындау арқылы жүзеге асыры­лады. Белгілі бір уақыт ішінде қайта құқық бұзушылық жасаға­нын анықтайтын әкімшілік прею­диция институты енгізіледі. Бұған қоса, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза­ларды, соның ішінде айып­пұл, қоғамдық жұмыстар және бас бостандығын шектеу, жолын кесу шараларын қолдану аясын кеңейту талап етіледі. Қоғамнан оқшаулау­мен байланысты емес шараларды қолдану “түрме халқының” санын азайтуға мүмкіндік береді. Мұны іске асыру мақсатында жазаның жаңа түрі – “келтірген залалын қай­тару міндетін жүктеу” енгізі­леді. Ол сот айыпталушы келтірген зала­лын қалпына келтіреді деп санаған жағдайда аса ауыр емес қылмыс­тарға қолданылатын болады. – Жолдауда айтылған тағы бір міндет – бизнес ортаны барынша жақсарту. Бұл бағытта министрлік қандай жұмыс атқаруда? – Бұл бағытта министрлік өз құзыреті шеңберінде нақты іс-шара­ларды іске асыруда. “Элек­трон­ды үкімет” мемлекетттік бағ­дар­ламасының аясында электрон­ды ақпараттық қызмет көрсету тәжірибесін жасау, енгізу жұмыс­тары жүргізілді. Жылжымайтын мүліктің бар-жоғы туралы және жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар туралы анықтамалар электронды түрде берілетін болды. Мұндай анықтамалар бұрын 3 күн­нің ішінде берілетін, ал бұл жыл­­­жымайтын мүлікті шұғыл сату-сатып алу мәмілелерін жа­саған жағдайда азаматар мен заңды тұлғалардың уақытын шектейтін еді. Ақпараттық қызмет көрсету мерзімін қысқарту мақ­сатында біз қағаз анық­тамалардан бас тартып, осындай қадам жаса­дық. Қазіргі кезде мұндай анық­тамаларды 30 ми­нөттің ішінде халыққа қызмет көр­сету орта­лығында алуға болады. Елбасы Жолдауын іске асыру мақ­сатында Үкіметтің қаулысымен Мемлекеттік қызмет көрсету стан­дарттарында тұрғын емес мақ­саттағы объектілерге құқықтарды тіркеу мерзімі 10 және 15 күннен 5 жұмыс күніне дейін қысқар­тыл­ды. Осылайша, тұрғын және тұр­ғын емес мақсаттағы объекті­лерге құқықтарды қалпына кел­тіру, өз­герту немесе тоқтату өтініш тір­кеу­­ші органға келіп түскен сәттен бас­тап бесінші жұмыс күні беріледі. Сонымен қатар, Е-нотариат жүйесі әзірленуде. Бұған респуб­ликаның барлық нотариустары қосылатын болады. Яғни азамат но­тариусқа жылжымайтын мүлік­пен мәмілені ресімдеуге өтініш білдірген жағдайда ақпарат дереу әділет департаментіне жіберіліп, құқық тіркеледі. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен  Венера ТҮГЕЛБАЙ.