ЕГІНДІБҰЛАҚТА ЕСКЕН ЖЫЛЫ ЛЕП
Бұрын жеке аудан болған, кейінде Қарқаралы аймағына қосылған шалғайдағы бұл өңірге “Алтайполиметалл” компаниясы үлкен өзгерістер жасағалы жатыр. “Көктасжал” кенішін игерудің қолға алына бастауы жергілікті өндірістің өркендеуіне жол салмақ. Теректі ауылы маңында құрылысы ірге көтергелі тұрған байыту фабрикасында жылына 3 миллион тонна мыс кені өңделіп, тұтынушыларға 18 мың тоннасы ұнтақ түрінде жөнелтілетін жобаны іске асыру үшін 12,8 миллиард теңге игеріледі. Оны облысты үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесі мақұлдап, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне Индустрияландыру картасына енгізілу үшін ұсынды. Жаңа өндіріс ошағында 300-ге тарта жұмыс орны ашылады. Бірінші кезекте өңір тұрғындары еңбекпен қамтылады. Сонымен бірге Елбасының бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне, әлеуметтік әріптестік мәселесіне ерекше көңіл бөлуіне сәйкес облыстық әкімдік пен аталған компания арасында қол қойылған өзара ынтымақтастық туралы меморандумда өңірді осы жағынан қолдау көзделген. Соған орай “ Алтайполиметалл” аймақты арзандатылған электр қуатымен қамтамасыз етуге, өнеркәсіпті дамыту үшін транзитті энергетикалық әлеуетті құруға, тұрғылықты жастардан мамандар даярлауға атсалысатын болады. Сондай-ақ егіндібұлақтықтарды әлеуметтік-тұрмыстық, тұрғын үй құрылысының қоса жүргізілмектігі қуантып отыр. Теректі ауылында жаңадан 100 үй, спорттық-сауықтыру кешені салынады. Теректі-Егіндібұлақ бағытындағы 32 шақырымдық жол жөнделіп, күтімде ұсталады, Шарықты селолық округінің Айыр елді мекеніне ауыз су тартылады. Аудан таратылғанда жұмыс іздеп жақын маңдағы қалаларға қоныс аударуға мәжбүр болғандардың бүгінде туған жеріне оралып жатқандары күннен-күнге көбейе түсуде. Ауыл шаруашылығымен қатар бұдан былай қарай өндірістің өркендеуі де қызықтыруда оларды. Иә, өскелең өмір лебі Егіндібұлақта да есіп келеді. Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы.
•
29 Қазан, 2010
Жанданған жарыс
438 рет
көрсетілді