• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Қазан, 2010

Ән пырағы

599 рет
көрсетілді

Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, композитор Шәмші Қалдаяқовтың 80 жылдық мерейтойына орай биыл елордада алғаш рет “Менің Қазақстаным” атты халықаралық ән фестивалі тұсау кеспек “Ұлы Дала сазы”, “Шабыт” ха­лықаралық фестивальдері мен “Ел­ім менің” республикалық пат­риот­тық әндер байқауын қоспағанда, астанада белгілі тұлғалардың ат­ын­да бірнеше өнер сайыстары өтіп жатады. Мәселен-ки, Құрманғазы атындағы республикалық халық аспаптарында орындаушылар, Әміре Қашаубаев атындағы респуб­ли­калық дәстүрлі әншілер байқау­ла­ры дегендей. Бір қарағанда, жа­рыстан, сайыстан кенде қалып жат­қан жайымыз жоқ секілді көрінуі мүмкін. Бірақ солай дегенмен де көңілге әлі де болса бір адамның аты жетпей тұрғандай түйілетін. Бұл әрине, шіркін, Шәмшінің әндеріне қатысты жыр ғой баяғы. Өңірлерге өкпе жоқ, біраз аймақта композитордың мерейтойына бай­ланысты шығармалары шырқалып, Шәмші әніне сусаған жұрт мөлдір сазды мейірлері қана жұтқан. Қы­рық жылдан астам шығармашылық қызметінде 300-ге жуық музыкалық мұра жазып қалдырған “Қазақ вальсінің короліне” деген құрметтің белгісіндей енді, міне, елордада қа­рашаның 11-13-і аралығында Мә­­­дениет министрлігінің мұрын­дық болуымен халықаралық фестиваль тұсау кеспек. “Қазақстан” орталық концерт залында өтетін гала концертке елі­міздің белгілі өнер шеберлерінен Қа­зақстанның халық әртістері Би­бігүл Төлегенова, Нұрғали Нүсіп­жан, Алтынбек Қоразбаев, Нұржа­мал Үсенбаева, сондай-ақ Бағдат Сә­мединова, Рамазан Стамғазиев,  Алтынай Жорабаева, Ме­деу Ар­ынбаев, Толқын Заби­ро­ва, Қарақат Әбілдина, Бауыржан Иса­ев, Мә­ди­на Сәдуақасова, Мар­жан Арап­баева, “Жігіттер” тобы сынды тағы да басқа танымал жұл­дыз­дар қаты­сып, Шәм­ші фестивалі ел есінде қалар өне­гелі өрнектерге толы болмақ. Шәмшіге халқы қандай құрмет көрсетсе де жарасады. Өзі өмірден өтсе де артындағы ұрпағы аяулы азаматтың рухани жауһарларын қадірлеп, жақында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атағына ие болуының өзі өнер иесіне деген туған жұртының жүректен бөлінген жылуындай қабылданып жатыр. Күллі қазақтың жан айдынын әсем әнмен тербетіп, көңіл көліне аққу сазын қондырған жанға биыл шырайлы Шымкентте ескерткіш орнатылса, араға көп уақыт салмай елордада оның 80 жылдық мерей­тойына орай халықаралық ән фес­тивалін өткізуді қолға алу Шәмші әндерінің жаңа кезеңі басталғанын көрсетеді. Және ол бір реттік ша­рамен тоқтап қалмай, компози­тордың шығармаларын ел арасында орындап жүрген дарынды жастар­дың өнеріне қолдау көрсету, қазақ эстрадасының маңдайалды шебер­лерінің өнерін кейінгі жас буынға үлгі ету, сондай-ақ саз саңлағының рухани мұрасын ұдайы ұлықтап, ұлағаттап, жұртшылыққа кеңінен насихаттау мақсатында жыл сайын тұрақты өтіп тұрмақ. Шәмші әуе­леткен “Менің Қазақстаным” бү­гінде жүректерді тулатып, намысты ширатар рухты дүниеге айналса, ен­деше халықаралық фестивальді өт­кізу идеясының астарында үлкен ұғым, елім, жерім, тілім деген жұрт­тың үніне елордадан бүкіл ел­дің құлағын түргізу мұраты жатыр. Тағы бір құптарлық тұсы – ай­мақ­тарда өткен байқауларда жеңімпаз атанған он бес үміткер ғана бақ сы­нап қоймайды, шетелдердегі қан­дас­тарымыз, мәселен, Қытайдан Жолдыбай Дулатұлы, Ресейден Айдана мен Гүлдана Омаровалар, Өзбекстаннан Серікжан Жанах­ме­тов, Моңғолиядан Айгүл Хали­дол­да, Тәжікстаннан Әлихан Жыл­қы­баев пен Әлфия Кәрімова сынды үміт­кер­лер қатысады деп күтілуде. Фес­тивальдің алғашқы екі күнінде олар өз өнерлері бойынша сынға түсіп, композитордың таңдаулы екі әнін жанды дауыспен орындайды. Шәм­ші байқауы осылайша бір жағы өнер майталманына деген құрмет болып саналса, екінші жа­ғынан бүгінде компьютердің кө­мегімен, фонограммамен ән айта­тын жасанды өнерпаздардың кө­бейіп кеткені белгілі, сол себепті эс­трададағы осындай ке­леңсіз­дік­пен күрес үшін де ма­ңызды бол­мақ. Бұл – бір, ал екіншіден, ор­ын­даушылық шеберлік, әннің байқау тақырыбына сәйкестігі, музыкалық өңдеу, сахна мәдениеті мен киім үл­гісі сияқты тұстар қатар ескері­ле­тін байқауда жеңімпаздарға тігі­ліп отырған бәйге де қомақты. Бас жүлде – 750 мың, бірінші орын – 450 мың, екінші жүлде – 300 мың, ал үшінші орын алған әнші 150 мың теңгеге ие болмақ. Шәмші ағамыздың жүрек те­бірентер әсем әндері қай заманда да ескірмейтін, кешегі толқын мен кейінгі буынды мәңгі жалғастыра берер арадағы алтын арқау десек, сол ән шаңырағының елордада орын теппегі мерейді үстем етеді. Бәйгеде бақ сынайтын жас әншілер келешекте осы шаңырақтың ішін шамшырақтай жарқыратады деп үміттендіреді. Өйткені, Шәмші ән­дерін заманауи жаңғырту ісі ке­лешек еншісінде жатыр. Олай деп айтатын себебіміз, әннің әр кез әр­леніп, өңделіп, жаңа қырынан түрленуі – заман талабы. Сонау жетпісінші, сексенінші жылдарғы сарын мен бүгінгі күннің әуен-ырғағын салыстыра алмайсыз, одан бері қарай көп нәрсе өзгерді. Күй мен терме эстрадалық заманауи үлгімен қайта түлеуде, халық әндері классикалық, эстрадалық жанрда жаңғыруда. Сол секілді Шәмші әндері де уақыт көшінен қалмауы ке­рек. Осы фестиваль және оған қа­тысатын балғын үндер арқылы Шәм­шінің ән бағы барынша нұр­ланып, тәтті әуезге тәмам халық тамсанады деп сендіреді. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.