• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
29 Қазан, 2010

Қонақүйлер қаңтарулы қазанаттай дайын тұр

607 рет
көрсетілді

Кеше Астана қаласы әкім­ді­гінің баспасөз қызметі журна­лис­терді шаһар қонақүйлерінің сам­мит­ке дайындығымен таныстырды. Осы уақыттарда Астана аспаны барынша ашық болып, күннің нұры алтындай шашылып, барын­ша жаймашуақ, жылымық ауа райы орнығып, осының өзі табиғаттың да қазақ елордасының ұлы жиынға дайындығын қапысыз жүргізуіне ықылас танытып тұрғандай. Мәр­те­белі қонақтар келгенде де осын­дай күндер тұрса екен деп тілейміз. Кеше де сондай тамаша күндердің бірі болды. Журналистер мін­ген алып “МАН” автобусы ат­басын алдымен “Redіsson” қонақ­үйіне тіреді. Бұл – қаламыздағы “5 жұлдызды” төрт қонақүйдің бірі. Айналасының, кіреберісінің, ішінің бәрі қандай қонақ келсе де ұялмай көр­сететіндей айнадай жарқы­райды. Бізді мұнда қонақүй кешенінің бас директоры Дэвид Моррис қар­сы алды. 175 қызметкер нәпақасын айыратын бұл қонақүй өзінің қонақ күту тәжірибесін бүгінгі күні басқаларға да үйретуде екен. Астана қаласында барлығы 150 қонақүй бар болса, саммитке келе­тін жоғары мәртебелі қонақтарды жайғастыруға соның 68-і таңдап алыныпты. Осыған қосымша 10 қонақүй резервке қойылған. Бұл – мемлекет басшылары орналасу үшін ұсынылатын жайлар. Соның төртеуі – “5 жұлдызды”, жетеуі – “4 жұлдызды”,  он жетісі – “3 жұл­дызды”, қалғандары 1 және екін­­ші санаттағылар қатарына ен­гі­зілгендер. Бірақ мемлекет бас­шы­лары түсетін қонақүйлердегі қыз­меттің барлық түрлері де, соның ішінде тамақтандыру, қызмет көр­сету істерінің бәрі “5 жұлдызды” қонақүйлерге теңестірілу жағы  жолға қойылған. Сол үшін төменгі санаттағы барлық қонақүйлерге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ “Қараөткел” коттедждер кентінде, “Қонақтар үйлері” ауда­нында да жоғары мәртебелі қонақ­тар үшін нөмірлер қарасты­рылыпты. Мемлекет басшылары және олармен еріп келетін ресми адам­дар, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, журналис­тер түсетін 48 қонақүйге ағымдағы, 27 қонақүйге  күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ағымдағы жұмыстар қатарына қонақүйдің кіреберісін, холлдарын жөндеумен қатар,  кілем-төсеніштері мен ақ­жай­маларын, жиһаздарын жаңарту жұмыстары енгізілген. Бұл жұ­мыстардың бәрі 30 қазанда толық аяқталатын болады. Ал бүгінгі күні жоғарыда айтылған 68 қонақүйдің 63-і қонақтарға есігін ашуға дайын тұр екен. Осылардың 53-інде WІ-FІ нүктелер бар көрінеді. Бұл қолдағы ноутбуктермен ештеңеге жалғанбай-ақ, еш кедергісіз Интер­нетке шығуға мүмкіндік береді. Қалған қонақүйлерде кабельдік жүйелер арқылы интернетке шы­ғуға болады. Осынша қонақүй­лердің бәрі 4701 қонақты қарсы ала алады. Журналистерге қонақүйлердің дайындығы жөніндегі толық мәліметті Астана қаласы әкімдігі туризм және спорт басқармасының бастығы Айталап Қорғанбаев берді. Оның айтуы бойынша, мемлекет басшылары үшін таңдап алынған қонақүйлердің бәрі де Сыртқы істер министрлігіндегі саммит өт­кізу жұмыстарын ұйымдастыратын департаменттің тізіліміне енгізілген. Қонақүйлердің жағдайын барлық қызмет көрсету құрылымдары тексерістен өткізуде екен. Соның ішінде санитарлық жағдайын, асха­на мәзірін, автотұрақ қызметін, кө­ліктің кедергісіз ену жолдарын, сыртқы сәндерін, абаттандыру жұ­мыстарын және т.б. қадағалайтын арнайы қызметтер тексеріс жұ­мыстарын жүргізіп, осы аптаның соңында дайындық паспорттарына қол қояды. Дайындық паспорт­тары­на қол қоятын ұйымдар ара­сында санитарлық-эпидемиоло­гиялық бақылау, өрт қауіпсіздігі, аудан­дық әкімдіктердің арнаулы қызметі, туристер ассоциациясы, автокөлік және жол қызметтері, архитектуралық бақылау және т.б. қызметтер бар. Әрине, барлық қонақүйлердегі қызмет көрсету жоғары деңгейдегі талапқа жауап бере алмасы белгілі.  Сон­дықтан, осындай істерде тәжі­рибесі мол 120 волонтер қызметке тартылып, олар жоғары деңгейдегі қызмет көрсету стандарттары бой­ынша “броньдау және тіркеу”, “та­мақтандыру саласындағы сервис”, “қонақүй ісі” және басқа да тақы­рыптарда тренингтер, сабақтар, семинарлар өткізуде екен. Бүгінге дейін 225 қонақүй қызметкері осындай дайындықтардан өткізіл­ген. Бұлардың бәрі келген қонақ­тарды қарсы алып, оларға барлық жайлы жағдайларды туғызуға ма­манданған. Курстарды Астана қаласы әкімдігі ұйымдастырыпты. Журналистер тарапынан қандай қонақтың қай қонақүйге түсетіндігі белгілі ме деген сұрақ қойылды. Оған мұндай мәліметтің қауіпсіздік шарасы үшін берілмейтіндігі ай­тылды. Ал қонақүй қызметі мен дас­тарқан мәзірінің саммит кезін­дегі бағасы күрт қымбаттап кетуіне шек қойыла ма деген сауалға қо­нақүйлер таңдалынғанда олардың прайс-парағы белгіленгені, бағаның одан көтерілмейтіндігі келісілгені айтылды. Бұдан кейін ұйымдастырушы­лар журналистерді “Думан”, “Дип­ломат”, “Оазис” қонақүйлеріне апарып, олардың да дайындық­та­рын көрсетті. Бәрі де қаңтарулы қа­занаттай болып, мәртебелі қонақ­тарды күтуге дайын тұр екен. Жақсыбай САМРАТ.