• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Қараша, 2010

Жаңа жылда – жаңа жүйе

381 рет
көрсетілді

Алматыда Халықаралық бокс қауым­дас­тығының кезекті конгресі өтті. Екі күнге созылған алқалы жиынға осы ұйымның президенті Чинг Куо Ву бастаған әлемнің 99 елінен келген делегаттар қатысып, күн тәртібінде тұрған мәселелерді қарады. Бірінші мәселе – АИБА-ға мүше кейбір елдердің жарна тө­лемегендігі немесе кешеуілдетіп төлегеніне арналды. Мұндай мем­лекеттердің саны 32 екен. Бұл мәселені Ву мырза қатты сын­ға алды. Жиын барысында олар конгреске қатысқанымен, дау­ыс беру құқығынан айы­рыл­ды. Осыдан кейін Туризм және спорт министрі Темірхан Дос­мұ­хамбетов пен Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов сөз сөй­леп, елімізде спортты дамыту, ал­дағы жазғы және қысқы Азиа­даға дайындық мәселелеріне тоқ­талды. Сөз сөйлеушілер ос­ын­дай мүмкіндікті пайдалана оты­рып, барлық делегаттарды қы­с­қы Азия ойындарына шақырды. Конгресте АИБА президен­тіне сөз қайта келгенде ол тө­ре­шілер комиссиясының жұмы­сы­на ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, қазір төрешілердің ірі жарыстардағы барлық шығынын АИБА көтеріп отыр. Кезінде оларды өз елдерінің федера­ция­лары өтейтін еді. Сонда феде­ра­ция төрешіге жұмсалған барлық шығынды көтерсе, төрешілер олардың мүддесін қорғайтын. Ал қазір барлық шығынды АИБА өз мойнына алып, төрешілердің әділ жұмыс істеуіне жағдай жасап отыр. Дегенмен, жиында кейбір елдердің өкілдері әділқазылардың жұмысына риза еместіктерін жа­сыр­мады. Мәселен, олар жекпе-жекте тек қорғанып, уақыт өт­кі­зіп жүрген боксшыларға тө­ре­шілер ұпай санын бермесе екен деген тілектерін жеткізді. Осыдан кейін Америка, Еуропа, Африка, Азия құрлығы және Мұхит жа­ғалауы елдерінің өкілдері АИБА-ның соңғы төрт жылдағы жұмы­сына баға берді. Олар ұй­ым­ның жетістіктерін ғана айт­­пай, кемшін жақтарына да назар аударды. Конгрестің екінші күні ұлт­тық федерацияларды АИБА қа­та­рына қабылдау, жаңа техно­ло­гияны меңгеру, яғни ұпай санау жүйесін жетілдіру мәселесі қа­ралды. Бірін­ші мәселе бойынша мынадай ше­шім қабылданды. Кейбір мем­ле­кеттер (Мальта, Гуам, т.б.) АИБА-ның қара­пай­ым талаптарын ор­ын­дамағаны үшін ұйымға қа­был­данбады. Ал Гвинея Бисау, Тан­зания, Фран­цуз Полинезиясы, Ки­рибати си­яқты елдерді деле­гаттар қол кө­те­ріп, ұйымға мүше болуын жақ­тады. Екінші мәселе бойынша, Италия бокс федера­циясының пре­зиденті Франко Фасенели “Sco­rіng” ұпай есептеу жүйесімен таныстырды. Оның ай­ту­ынша, қазіргі қолданыстағы жүйеге 20 жылдай уақыт болды. Ал жаңа жүйе төрешіге үлкен жауап­кер­шілік жүктейді. Мұнда төреші қай боксшыға ұпай бергісі келсе, бір-ақ секөнді болады. Италия­лық бұл жүйені АИБА-ның техникалық комитеті 2009 жылы қолдап, конгреске ұсынып отыр. Аталмыш ұйым кезінде тәжірибе ретінде Италия мен Ирландия, Германия мен Польша құра­ма­лары арасында кездесу өткізген. Сонда төрешілердің екі түрлі ұпай бергені байқалған. Жаңа жүй­еде төрешілердің барлық бас­қан ұпайлары жазылады. Олар тиген соққының бәрін жаза бе­реді. Бірақ бес төрешінің ішінен тек үшеуінің ғана ұпай қоры­тын­дысы шыға­рылады. Тағы бір айта кететін нәрсе, төреші бір бокс­шыға болысамын десе, одан еш­теңе шықпайды. Яғни, төреші­лер­дің ең төменгі және ең жо­ға­ры ұпай сандары алып тасталы­на­ды. Егер кездесуде тең есеп тір­келсе, әр төрешінің бокс­шы­ларға берген жеке ұпайлары есепке алынады. Бұл жағдайда да есеп тең болса, онда төрешілер өздері қалаған боксшыға тиесілі тетікті басады. Конгресте осы жүйенің ти­ім­ділігі туралы көп ойлар айтылды. Мәселен, Қазақстан бокс фе­де­­рациясының вице-президенттері Юрий Цхай мен Серік Қонақ­ба­ев аталмыш жүйені қолдайтын­да­рын айтты. Ал АИБА пре­зи­денті Ву конгресте делегаттардың бұл жүйені қолдайтын болса, тә­жірибе жүзінде ол ұлттық феде­рацияларға таратылатынын, жаңа құралды сатып алу үшін барлық шығынды АИБА көтеретінін жеткізді. Оның айтуынша есептеу құралының әр қайсысы 540 еуро шамасында тұ­рады. Осыдан кей­ін АИБА бас­шысын сайлау мә­селесі көтерілді. Мұнда ұйым пре­зиденті Ву келесі төрт жыл­дыққа қайта сайланды. Одан әрі ұйымның вице-прези­денттерінің сайлауы өтті. Жиында әр құр­лықтан бір үміткер ұсыныл­ған­дықтан, осы қызметке Африка, Америка, Еуропа және Мұхит жа­ғалауы елдерінен бір-бір өкіл сай­ланды. Ал еліміз үшін бір қуа­нышты жағдай, даңқты боксшы, Мәскеу олимпиадасының күміс жүлдегері Серік Қонақбаев АИБА атқарушы комитетінің мүшесі болып сайланды. Бұл ұйымның атқарушы директоры болып Хо Ким орнында қалды. Азия бокс конфедерациясының президенті болып Гафур Рахимов аз ғана басым дауыспен қайта сайланды. Дастан КЕНЖАЛИН.