• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Желтоқсан, 2010

Үкімет

455 рет
көрсетілді

“Егемен Қазақстанның” апталық қосымшасы

“Ұлы жібек жолының” бойымен салынып жатқан “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” дәлізі құрылысының қарқыны жақсы

“… біз көлік инфрақұрылымын нысаналы түрде қолдап, жаңартып және кеңейтіп отыруымыз керек. Біз еліміздің транзиттік әлеуетін барынша пайдалануға тиіспіз, бұл үшін өзіміз­дің көлік жүйемізді әлемдік жүйеге кіріктіруіміз керек”.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан

халқына Жолдауынан

Үкіметтің өткен аптада болған оты­рысында Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов үстіміздегі жылғы автожолдар саласы іс-әрекетінің қорытындысына талдау жасап, атқарыл­ған жұмыстардың ауқымына тоқталып өтті. Жиынға автомобиль жолдары комитеті аймақтық бөлімшелері, “Қазақ-авто­жол” РМК, “ҚазЖолҒЗИ” АҚ, сондай-ақ “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” жобасы­ның құрылысын жүргізуші мердігерлік ұйымдар мен сол құрылысты бақылау­шы компаниялар басшылары қатысты. Көлік және коммуникация министрі­нің мәлімдеуінше, биылғы жылы автомобиль жолдары саласын қаржыландыру 219,4 млрд. теңгені құрап, деңгей 2001 жылдың бюджетінің өзінен 8 есеге жуық асып түскен. “2001 жылдан бастап жаса­лып келе жатқан қолдаудың арқасында 2001-2009 жылдар аралығында 32 мың шақырым жолды жөндеп, республика­лық маңызы бар жолдардың 70 пайызы­ның, жергілікті маңызы бар жолдардың 55 пайызының жағдайларын жақсартып алуға қол жетті”, – деп атап көрсетті министр. Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Замир Сағынов “Жол картасы” шеңберінде жасалған жұмыстарды қо­сып есептегенде, биыл жалпы пайдала­ным­дағы 5 мың шақырым жолға жөндеу жүргізілгенін тілге тиек етті. Атап айт­қанда, республикалық жүйедегі автожол­дардың жөндеу-құрылыс жұмыстарына 149,9 млрд. теңге қаржы бөлініп, олар 600 шақырым жолдың құрылысы мен қайта жасалуына, сондай-ақ 874 шақы­рымдық жолға күрделі және орта дең­гейлі жөндеу жүргізілуіне жұмсалған. Әлбетте, отырыстағы автожолдарға қатысты әңгіменің негізгі арнасы бү­гінде “Ғасыр жолы” атанып отырған “Ба­тыс Еуропа – Батыс Қытай” халықара­лық транзиттік дәлізінің төңірегінде өрбіді. “Үстіміздегі жылы аталмыш ме­гажобаны жүзеге асыруға бағытталған кең көлемді жұмыстар қолға алынды”, – деді осы орайда З.Сағынов. Оның ай­туынша, аталмыш жоба үш қаржы көзі арқылы қаржыландырылып отыр. Олар­ды займдық қаржылар, республика бюджеті және келісімдік негіздегі жекелеген инвестициялар құрайды. Жобаны қаржылан­дырудың негізгі үлесі 5 ха­лықаралық қаржы институтының сырт­қы займына тиеді. Қазірге дейін 8 келісімнің құны 3,1 млрд. доллар тұра­тын 6-уына қол қойылды. Жалпы құны 397 млн. доллар болатын қалған 2 келісім алдын ала бекітілген кестеге сай ағымдағы жылғы желтоқсан айы мен 2011 жылдың бірінші тоқса­нында Азия Даму банкімен жаса­лады. Мегажобаның барлық бюджеті 7 миллиард АҚШ дол­ларына жуық, оның 3,4 миллиардын ха­лық­аралық қаржы инсти­туттары – Еуропалық қайта құру және даму банкі (180 миллион доллар), Халықаралық қайта құру және даму банкі (2 миллиард 125 миллион), Ислам даму банкі (398 миллион доллар) ұзақ мерзімді займ түрінде ұсынған. Негізінен атақты “Ұлы Жібек жолы­ның” бойымен салынып бара жатқан ха­лық­аралық транзиттік дәлізінің құрылы­сына бүгінгі таңда күллі әлем көз тігіп отыр. Бұл ретте Елбасы Н.Назарбаевтың әлденеше рет қайталап айтқанындай, Қазақстанның ұтымды географиялық жағ­­дайға ие болуы және біздің аумақ­тағы транзиттік мүмкіндікті пайдалану елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қуатты ынталандыратыны анық. Шын мәнінде бұл осы жүзжыл­дық­тың басын­дағы осы саладағы басты инф­ра­құрылым­дық жоба болып табылады. Бұрынғы “Ұлы Жібек жолының” ескі сүр­­леуімен соны соқпақ салатын трансконтинентті көлік дәлізінің жалпы ұзын­дығы 8 445 шақырымды құрайды. Мұның 2 787 шақырымы Қазақстанның аумағына, 2 233 шақырымы Ресейдің аумағына тап келсе, қалған 3 425 шақырымы Қытайдың жерінен керуен түзеді. Ол осылай Ресей­дің ірі 5 қаласын, Қазақстанның 5 облы­сын, Қытайдың 4 провинциясын басып өтеді. Ал нақтылы маршруты жайына келсек, Санкт-Петербург - Мәскеу - Төменгі Новгород - Қазан - Орынбор - Ақтөбе - Қызылорда - Шымкент - Тараз - Қордай - Алматы - Қорғас - Үрімші - Ланьчжоу - Чжэнчжоу - Ляньюньган бағдары арқылы жүреді. Қазақстанның үлесіне тиетін ша­қырымдар Ақтөбе облысының 358, Қы­зыл­­орда облысының 817, Оңтүстік Қа­зақстан облысының 458, Жамбыл облысы­ның 480, Алматы облысының 339 шақы­рымын қамтиды. Құрылыс жұмыстарына әлемнің беделді банктері қазір 825 млрд. теңге ақша аударып қойған. Осы күндері дәліз құрылысын жүргізуге 14 529 адам тартылып отыр. Олардың 285-і шетелдік азаматтар болса, қалғандары түгелдей жер­­­гілікті жердің тұрғындарынан құ­­рал­ған. Аталмыш жобаның Транссібір темір жол және Суэц су жолы дәліздерінен артықшылығы, ол ұзындығы мен жолда жүретін уақытынан едәуір ұтатынды­ғы­нан көрінеді. Мәселен, Еуропа мемлекеттеріне теңіз дәлізі арқылы 45 тәулікте, Транссібір темір жолы бойымен 14 тәу­лікте баратын жүкті осы автожол дәлізі ендігімен 10 тәулікте жеткізуге болады. Бұл үшін тәулігіне  жүргізуші сағатына 80 шақырым жылдамдықпен жүріп отырса болды, Ляньюньгань кемежайынан Еуро­па мемлекеттерінің шекарасына дейін 10 тәулік шамасында жете алады. Жоба Қы­тай-Қазақстан, Қытай-Орталық Азия, Қы­тай-Қазақстан-Ресей-Батыс Еуропа деп аталатын негізгі үш бағыт арқылы жүк тасы­малдауды қамтамасыз етеді. Жоба­ның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу бары­сында жүргізілген зерттеулер 2020 жылға қарай жүк тасымал­даудың көлемі жылына 13 миллион тоннадан 33 миллион тоннаға дейін артып, 2,5 есе ұлғаятынын көрсетті. Жобаның жүзеге асырылуынан түсетін жалпы экономика­лық нәтиженің жылдық орташа көрсеткі­ші, инфляция деңгейінің ықпал етуін есептемегенде, жол жүру уақытын қысқартқан­нан 33,9 миллиард  теңге, жол-көлік апат­тары санының азаюы­нан 49,9 миллион теңге, жол-көлік апаттарынан қаза тапқан­дар санының азаюынан 19,3 миллиард теңге, авто­та­сымалдау құралдарын пайда­лануға жұм­сал­ған шығынның қыс­қаруынан 9,5 миллиард теңге, жалпы аймақтық өнімнің өсуіне байланысты 82,9 миллиард теңге болады. Үстіміздегі жылы аталмыш мегажо­баға сай Жамбыл, Қызылорда және Ақтө­бе облыстарында жалпы ұзындығы 1 367 шақырымды құрайтын жолдардың құры­лыс жұмыстары қолға алынды. Осы жел­тоқсан айында Оңтүстік Қазақстан облы­сында 252 шақырымды түзетін жолдың құрылысы басталмақ. Әзірге осы облыс пен Алматы облысының әкімдіктері жер учаскелеріне қатысты құжаттарды дайын­дау үстінде. Қолда бар мәліметтерге қара­ғанда, үстіміздегі жылы аталмыш жол құ­ры­лысына 4 мыңнан астам жол құрылысы техникалары, 26 асфальт-бетон зауыты, 8 цемент-бетон зауыты, 24 тас ұнтақтағыш қондырғы тартылған. Соның ішінде 787 шақырымдық жол құрылысын наурыз айында бастаған Қызылорда облысында 14 мердігерлік және 24 қосымша мердігерлік компаниялар жұмыс жасауда. Олар 2077 жол құрылысы техникаларын, 16 асфальт зауытын, 8 тас ұнтақтағыш қондыр­ғыны іске қосып отыр. Күн сайын мұнда 180 вагон құрылыс материалдары жеткізіліп тұр. Жылдың соңына дейін аймақта 195 шақырым жол пайдалануға берілмек. Бұдан кейінгі Оңтүстік Қазақстан об­лы­сында қазіргі таңда 6 мердігерлік компаниямен келісім-шарт жасалған. Олар жол салуға керекті техникаларды жеткізу үстінде. Ал Жамбыл облысында 263 ша­қырымдық жолдың құрылысы жүріп жатыр.  Қалған 217 шақырымдық жолды қайта салу Азия Даму банкі займдарының үшінші және төртінші займдары алы­нуымен байланысты жалғасады. Осы келелі міндеттерді іске асыру мақ­сатында автомобиль жолдары саласына 2010 жылға 3006 шақырым жолды жөндеу жұмыстарына 212 млрд. теңге, соның ішінде 1596 шақырым республикалық маңы­зы бар жолдарды қайта салу мен жөн­­деуге 173,9 млрд, теңге, ал 1410 шақырым жергілікті жолдарға 38,1 млрд. теңге бөлінді. Үстіміздегі жылы бөлінген қаржының есебінен Алматы-Астана-Петропавл, Са­ма­ра-Шымкент, Омбы-Майқапшағай, Ас­трахан-Атырау-Ақтау-Түркіменбашы, Ташкент-Шымкент-Алматы-Қорғас, Ақ­төбе-Мәртөк, Астана-Қостанай-Челябі, Таскескен-Бақты автожолдары учаскелерін қайта салу, Щучъе-Бурабай курорт­ты аймағы мен Ақпараттық технология паркіне кіреберіс жолдарды салу, 877 шақырым жолдарды жөндеу жұмыстары қолға алынды. “Жол картасы” аясында биыл қалалар мен елді мекендердің жал­пы ұзақтығы 2 092 шақырымдық жергілікті маңызы бар жолдарына жөндеу жүргізіледі. Осының арқасында автомобиль жолдары сала­сына 27 615 адамды жұ­мысқа тарту жос­парланған. Қазірге дейін 24 513 жұмыс орыны ашылды, 14 559 адам түрлі жұ­мыстарға тартылды, оның ішінде тиісті органдардың бағдарлама­лары бойынша 9 906 адам жұмыспен қамтама­сыз етілді. Жоғарыдағы жұмыстардың нәтиже­сін­де трансеуропалық және азиялық көлік желілеріне интеграциялану үшін белсенді жұмыстар жүргізілуде. Қытай мен Еуропа арасында жаңа жүк тасымалы легінің пайда болуы Қазақстанның транзиттік әлеуе­тін дамыту және тиімді пайдалану үшін ал­ғышарттар қалады. Республиканың тран­­зиттік әлеуетін ұлғайту үшін респуб­ли­калық маңыздағы автомобиль жол­дарын салу мен қайта жаңарту көліктің белтеміріне түсетін 13 тоннадан кем емес салмаққа есептеліп, ІІ техникалық категориядан төмен болмайтындай жағдайда жүзеге асырылуда. Мәселен, 2009 жылы пайдалануға берілген 224 шақырымды құрайтын Астана – Бурабай автобаны халықаралық стандарттар талаптарына толық сәйкес келеді. Қазіргі уақытта “Батыс Еуропа–Батыс Қытай” халықаралық транзит дәлізін қай­та жаңарту жобасын іске асыру бойынша ұзақтығы 1050 шақырым Жамбыл және Қызылорда облыстарынан өтетін 18 учаске бойынша мердігерлер анық­талған және құрылыс жұмыстары бекі­тіл­ген жұмыс кестесіне сәйкес жүргізілуде. Ақтөбе, Қы­зыл­орда, Оң­түстік Қазақстан және Жам­был облыс­тарынан өтетін 10 учаске бо­йын­ша мердігерлік компанияларды анық­тау бойын­ша конкурс рәсімдерінің қоры­тындысы шығарылу үстінде. Қалған алты учаскеде конкурс жариялау рәсімдері бо­йынша дайындық жүмыстары жүргі­зілу­де. Жо­баны толық аяқтау 2013 жылға жос­пар­ланып отыр. Серік ПІРНАЗАР.

Шарапатқа  бөленген  шалғай  ауылдар

Жұртшылық “Жол картасы” бағдарламасын шарапаты мол кең ауқымды жоба ретінде баға­лауда. Қоғамға бірден сілкініс әкелген қозғалыс, әсіресе, шал­ғай ауыл­дар­дың шырайын ашып, тыны­сын кеңейтіп салды. Бар­лы­ғын талдап, тарқатып айту мүмкін емес. Біз тіршіліктің кү­ретамыры саналатын жол тура­лы аз-кем әң­гімелеуді жөн көр­дік. Оған облыс орталығынан 300-400 ша­қы­рым қашықтықта тұ­рып жатқан Атба­сар, Жақсы, Жар­қайың ауданда­ры­ның Тері­сақ­қан, Жаңа Қима, Запорожье ауылдары тұрғында­ры­ның тілшілер қосы­нына жол­даған қуанышты хат­тары да түрткі болғандай. Дереу Ақмола облыстық жо­лау­шылар тасымалы және авто­көлік басқармасының бастығы Еркін Жүсіпке хабарластық. – Енді қонақтарымызды ұял­май аралатуға болады, – дейді ол. – Облысымызда екі жыл қа­та­рынан “Жол картасы” мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асы­ры­луда. Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған жол­дау­ларына өзек болып, нақты тап­­­сырмаларды алға тартқан қоз­­ғалыс жұмысымызға ерекше екпін берді. Биылдың өзінде бағ­дар­лама шеңберінде 66 жоба қол­ға алынып, өңіріміз түрленіп қал­ды. Осының нәтижесінде об­лыс және аудандар қарауын­дағы автомобиль жолдары, қала және ауыл көшелері күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізілді. Бұл мақ­сатқа республикалық бюджеттен 1411,6 миллион теңге, ал облыс қоржынынан 1134,4 миллион теңге қаржы бөлу жоспар­ланған. “Жол картасы” бағдар­ла­­масы 2,5 мыңнан астам адам­ды жұмыспен қамтуға мүмкін­дік туғызды. Үстіміздегі жылдың басынан бері басқармаға бөлінген 2426,6 миллион теңге қаражат тиімділікпен жұмсалды. Біз жүріп келе жатқан Атбасар-Қима бағы­тын­дағы 61 шақырымдық таспа жолды “Қазақстан автожол­да­ры” республикалық мемлекеттік кә­сіп­орнына қарасты № 3 Атба­сар жол пайдалану учаскесі ағым­да­ғы жөндеуден сапалы өткізді. Оны өздеріңіз де көріп отыр­­сыздар. Атбасар қаласындағы 3-інші жол пайдалану учаскесі жанын­да “Жол картасын” жалаулатқан жур­налистерді бас мердігер “Қа­­­­зақстан автожолдары” АҚ об­лыстық филиалының дирек­торы Жаңабай Қобыландин бастаған мамандар қарсы алды. БАҚ өкіл­дері бұл кісіге де сұрақтарын жау­­­дырып жатыр. Әдетте жұ­мысы жүрмей жатқан жерлердің барлығында “ақша жетпейді” деген уәж алды­мыз­ды орайды. Біз бір бағытта 300 шақырымдай жол жүріп тас­таппыз. Жұмыс де­геніңіз қай­нап жатыр. Техника­ларды айт­саңыз­шы. Әйгілі “Ас­та­на-Бура­бай” автобанын салған замана­лық асфальт төсегіштер­ден, то­пы­рақ пен қиыршық тас­ты тегістеушілер мен жаныштау­шылардан кем емес. Жол бойы жаяу жүргіншілер өткелімен, ай­ырым жолақтарымен белгіленсе, оның жиегі қар ұстайтын өс­кін шөптерден тазартылған. Бұрын болмаған сәнді аялдамалар көз тартады. Осының барлы­ғы адам­­дарға, жолдың өзіне қам­қор­лық­тан туған игілік емес пе? Қамқорлық демекші, осы са­парымызда жолшылардың әлеу­меттік жауапкершілік ұғымына, беріктігіне тәнті болдық. Жақ­сы­дан асып, Жарқайың ауданы­на бет алған тұста Елебек Иса­тов басқаратын “Арқа-К” ЖШС құ­рылысшыларымен аман­­­­дас­тық. Ұжым “Жол картасы” бағ­дарламасы бойынша тендерді жеңіп алып, Жақсы-Дер­жавин бағытындағы жолдың 17,5 ша­қырымына, Жаңа Қима ауылына кіреберістегі 10,3 ша­қырымға асфальт төсеген. Еле­кең­нің “Арқасы” 141,5 шақы­рымдық күрежолға күтім жасап, “Жол картасы” аясында 240,4 миллион теңгенің жұмы­сын атқарып отыр. Мамандар мен аудан  тұр­ғындары келесі жылғы тендерді де аталған ұжым жеңіп алса деген ниетте. Өйт­кені, “Арқа-К” жұрт сенімін ақтай білетіндігін талай мәрте дәлелдеген. Біз білгелі Қиманың жолы түзелмей-ақ қойған. Қаншама өтініш-шағым, депутаттық сауалдар жолданды десеңізші. Мәселе 30 миллион теңгеге қарап қалған екен. Сол 30 миллион теңгені Елебек Исатовтың ұжымы кіріс қаражаты есебінен тауып отыр. Тауып қана қоймай, тақтайдай етіп асфальтталған жол салып берді. Бұрындары осы ауылды айналып өтуге тырысатын жолаушы Жаңа Қимаға бір бұ­рылмай кетпейді бүгінде. Бақберген  АМАЛБЕК, Ақмола  облысы.

Үнем мен ұқыптылық үйлесімі

Ақтөбе – еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан қалалардың бірі. Мұның өзі қала шаруашылы­ғындағы күрделі жүйе –коммуни­кациялық құрылымдар­дың осы қарқынға сай болуын қажет етеді. Оның ішінде 400 мыңнан астам халқы бар қаланы жылумен және ыстық сумен қамтамасыз ету жауапты да қарбаласы мол мін­дет. “Трансэнерго” АҚ осы міндет үдесінен абыройлы көрініп келеді. Өзім осы кәсіпорында қатар­дағы жұмысшыдан директорлыққа дейінгі 40 жылдан астам еңбек жолынан өттім. Сондықтан да оның өзекті мәселелері маған жақсы таныс. Соның өзінде тұтынушы көңілінен шығу үшін үнемі ізденіс үстінде, ұдайы өндірісті дамыту жолында жұмыс істеуге тура келеді. Кәсіпорында қазіргі таңда 700-ден аса адам еңбек етеді. Кәсіп­орын 207 шақырым магистралды және таратушы жылу желілерін, 23 қазандықты, 9 сорғы станса­сын, 79 топтық жылу бекеттерін тұрақты жарақтылықта ұстап, қалалықтарды жыл бойы ыстық сумен және қысқы кезеңде жылу­мен кідіріссіз қамтамасыз етеді. Акционерлік қоғамның жылу желілері және қазандықтар жаб-дығы мен құрылымдарын пайда­лану және жөндеу үшін қуатты өндірістік-техникалық базасы бар. Кәсіпорын бекітуші арматурамен, сорғылармен, қазандармен, бой­лерлермен, әр түрлі диаметрлі бұрмаларды, басқа да тетіктерді жөндеуге арналған шеберханамен, жер қазу, жүк көтеру механизм­дерімен, қажетті техникалармен жарақтандырылған, электр шаруа­шылығы, электр жабдықтарын жөндеу бөлімшелері жұмыс істейді. Жылу-энергетикалық шаруа­шылықтың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын шамамен 6-8 шақырым жылу желілеріне күрделі жөндеу жүргізіледі. 2010 жылы 5,9 шақырым, оның ішінде “Жол картасы” бағдарламасы бойынша 2,4 шақырым жылу желілері жөнделді. Биыл “Жол картасы” бағдарламасын жүзеге асыру барысында коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту бағыты бойынша бюджеттен 602,0 млн. теңге бөлінді. Осы бағдарламаның әкімшісі “Ақтөбе қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомо­биль жолдары бөлімі” ММ тауар, жұмыс, қызметтерді мемлекеттік сатып алу бойынша ерекше тәртіппен конкурс өткізді. Соның нәтижесінде “Казтепло­энерго­монтаж” өндірістік серіктестігі, “Саят-Жолы” ЖШС, “СанСтрой­Монтаж” ЖШС сияқты мердігер кәсіпорындармен уақытылы келісім-шарт жасалды. Мердігер­лер 687 адамды жұмыспен қам­тыды. Бұл көрсеткіш бойынша жоспар 105 пайыз орындалды Күрделі жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес толық көлемде атқарылды. Осы бағдар­лама аясында жылу желілерін күрделі жөндеу жұмыстарын атқару нәтижесінде тұтынушы­ларды жылу энергиясымен тұрақ­ты және сапалы жабдықтауды қамтамасыз етуге, халыққа қызмет көрсету сапасын жақсарту есебі­нен әлеуметтік тиімділікті арт­тыруға, жылу желілеріндегі ысыраптарды, жылумен жабдық­тау шығындарын азайтуға мүм­кіндік туды. Сондай-ақ, тариф­терде көзделген қаражат есебінен 3,5 шақырым жылу желілері күрделі жөндеуден өткізілді. Сонымен қатар, 197,3 км. жылу желілері, 23 қазандық, 8 сорғы стансасы, 79 элеватор торабы, 8081 бірлік бекітуші арматура ағымдағы жөндеуден өткізілді. Қуаттылығы 3,0 Гкал/сағаттан асатын қазандықтарда электр энергиясы ажыратылуы жағдай­ларында стационарлық дизельді электр стансаларымен орнатыл­ған, қуаттылығы 3,0 Гкал/сағат­қа дейінгі қазандықтар жыл­жы­малы электр стансаларымен жаб­дық­талды. Қалалық сумен жабдықтау жүйесінде іркіліс болу мүмкіндігі ескеріліп, қазандықтарда салқын су қоры жасалды және әр қазан­дыққа су жеткізетін автомобиль­дер бөлінді. Барлық қазандықтар автоматты өрт дабылымен жаб­дықталды. Төтенше жағдайларды жою үшін кәсіпорында желілік аудандар және автокөлік цехы жұмысшы құрамынан тұратын апатты-техникалық команда құрылды. Құбырлар мен арматура­ның қажетті қоры жасалды. Осындай кешенді жұмыстардың нәтижесінде “Трансэнерго” АҚ-тың 2010-2011 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа дайын­дығын “Казахэнер­гоэкспертиза” АҚ Мемэнергоқадағалау комите­тінің Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясы жоғары бағалады. Біз жылу мен ыстық су ысы­рабын мейлінше азайту жұмыста­рын қолға алдық. Құбырқапта-ғыштардың ұрлануы және тозуы нәтижесінде жыл сайын 23 652 Гкал жылу ысырап болуда. Бұл кәсіпорынға кемінде 31,1 млн. теңге шығын келтіріп отыр. Осыған байланысты жылу ысырабын азайту үшін құбырларды пенополиуре­танмен орауға көштік. Кәсіпорында Ақтөбе қаласын 2010-2012 жылдары жылумен жаб­дықтау жүйесін дамыту, жаң-ғырту және жетілдіру бойынша ин­вести­циялық бағдарлама дайын­далды. Оны жүзеге асыру тариф-терде көзделген қаражат есебінен жүр­гізілді. Бұл инвестициялық бағдар­ламаға сәйкес 2010 жылы 3 сорғы стансасын жетілдірумен қатар, жылу берілімінің ақпарат­тық-басқару жүйесі мен жылу тасушы­ны енгізу және жылу қуаты бері­лімінің сегіз негізгі бағыттары бо­йынша жылу қуатын және жылу тасу­шы өлшемдерін есепке алу тех­нологиялық тораптарын, есепке алу коммерциялық торабын құру жұ­мыс­тары жүргізілуде. Бізді алаңдатып отырған өзекті мәселе – механизмдер мен арнау­лы техникаларды жаңарту жайы. Кәсіпорынның көлік құралда­рының тозу деңгейі шамамен 55 пайызды құрайды. Олардың басым бөлігі 20-25 жылдан бері пайдала­нылып келеді. Қаржы ауысып жатса, жаңа техникаға жұмсаймыз. Үстіміздегі жылғы желтоқсан айында жаңа арнаулы техника алу, екі қазандық қондырғысын пайдалануға беру көзделуде. Тағы бір толғақты мәселе, ол тұтынушылардың бережақтарын өндіру болып отыр. Бүгінгі таңда “Трансэнерго” АҚ-қа тұтынушы-лардың қарызы 99,3 млн. теңгеге жетті. Дебиторлық қарызды азайту мақсатында қаланың тұрғын массиві 57 учаскеге бөлінді. Әр учас­кеге абоненттермен тікелей жұ­м­ыс істейтін бақылаушы бекітілді. Екі ай абоненттен төлем түспеген жағдайда ескерту жасалады, 10 күннен кейін абоненттің ыстық суы жабылады, 20 күннен кейін қарыз­ды өндіріп алу үшін материал сотқа жолданады. Абоненттерге оңтайлы болу үшін қала бойынша бес есептесу пункттері жұмыс істейді. Барлық банктерге нысан­дарды аук­ционнан сатқан кезде коммунал­дық қарыздарын ескеру қажеттілігі жөнінде хабарланады. Бүгінгі таңда 57,5 млн. теңге бере­жақты өндіру үшін сотқа 1402 талап арыз берілді, оның 949-ы қаралып, 38,6 млн. теңге өндірілетін болды. Кәсіпорында энергияны үнем­деу ұдайы назарда ұсталады. Бұл бағытта жалпыүйлік заманауи есеп­тегіш құралдарын орнату қажет­тілігі туындап отыр. “Трансэнерго” АҚ жылу қуатын есептегіш құрал­дарын орнату бойынша ауқымды жұмыс атқаруда. Акционерлік қо­ғам 4,9 млн. теңгеге 14 жалпы­үйлік есепте­гіш қондырғыларын орнатуға “Тех­нолинк-ЛТД” ЖШС-мен және 6,0 млн. теңгеге 1200 жеке есепте­гіш құралдарын орнатуға “Аква­то­рия-Ақтөбе” ЖШС-мен шарт жа­сас­ты. Бұл өз нәтижесін бере бастады. Қазір қала толық жылумен жә­не ыстық сумен тұрақты қамта­масыз етілуде. Жылу беру маусымы басталғалы бірде-бір арыз-шағым түскен жоқ, күрделі апаттық жағдайлар болған емес. Бір сөзбен айтқанда, қыс қандай қаһарлы болса да қала жылусыз, ыстық сусыз болмайды, қалалықтар қыстан қысылмайды. Мәжит БЕКМЕЕВ, “Трансэнерго” АҚ директоры. Ақтөбе облысы.

Табыс көзіне айналған жылыжайлар

Президент Н.Назарбаевтың “Жаңа он жылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” – атты Қазақстан халқына Жолдауында “Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі ең төмені және жылына бір жұмыс істеушіге 3 мың доллар шамасында келеді. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 50-70 мың долларды құрайды екен. Ауыл үшін өсу перспективасы міне, осында. Сондықтан біздің міндетіміз – 2014 жылға қарай агроөнеркәсіптік кешенде өнімділікті кем дегенде екі есе арттыру” – деп аталмыш саланың ауыр ахуалын айтып, тығырықтан шығу жолдарын көрсетіп, биік міндеттерді жүктеді. Соңғы жылдары еліміздің ауыл шаруашылығында айтарлықтай өзгерістер орнығып, оған Үкімет тарапынан қолдау көмек көрсетіліп, жақсы істер өрбуде. Ауылдағылар егін мен мал шаруашылығы өнімдерін өндіргені үшін мемлекеттен қайтарымсыз субсидиялар алып, жанар-жағармай және минералды тыңайтқыштардан жеңілдіктерді пайдаланып, көздеген мүмкіндіктеріне жол ашылып, ризашылықтарын білдіруде. Елбасы ерекше атап көрсеткеніндей, еңбек өнімділігін арттыру, өнім өндіруді күрт көбейту өз-өзінен бола салмайды. Оған алғышарт – дихан мен малшы қауымға оң көзқарас танытып, хал-ахуалының жақсаруына ықпал ету. Бұл бағытта да елімізде “Жол картасы” бағдарламасы іске қосылып, тек ауыл шаруашылығында ғана емес, басқа да салаларда құлашын кеңге жайған тірліктер атқарылып, халықтың ыстық сүйіспеншілігіне бөленуде. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығында бетбұрыс жасалды десек, артық айтқандық емес. Оны өркендетудің, өнімдерін экспорттаудың, заман талабына сай жаңа технологиялармен жабдықтаудың, азық-түлік қауіпсіздігін сақтаудың кешенді бағдарла­малары Үкіметте талқыланып, бірауыздан мақұлданды. Оңтүстік Қазақстан облысында жылыжайлардың көлемін арттыру мен жаңа типтерін көбейту бағытында қыруар істер атқарылуда. Облыс бойынша Сарыағаш ауданы бұл орайда көш басында келеді. Сондықтан да ауданымызда талай мәрте жылыжайда көкөніс өсірушілердің облыстық семинар-кеңестері өткізіліп, озат іс-тәжірибелері көпшілікке насихатталып, үлгі-өнеге етілді. Сарыағаш ауданында жылыжайда көкөніс өсірушілердің көп жылдардан атадан балаға ауысқан буыны қалыптасқан. Әсіресе бұл үрдіс Жартытөбе ауыл әкімдігі аумағында барынша өсіп-өркендеген. Неге десеңіз, аудан бойынша тіркеуге алынған 100 гектарға жуық жылыжайлардың 30 гектары жартытөбеліктерге тиесілі. Қазіргі кезде аудан аумағында 96,02 гектар жерге қарапайым тәсілмен салынған 785 жылыжайлар мен 13,6 гектар жерге салынған 239 парниктер бар. Биылғы жылдың өзінде 81 жылыжай салынып, олар алғашқы өнімдерін сатуда. Желтоқсан айында аудан бойынша 60 гектар жылыжайда қызанақ жиналғалы отыр. Ал жаңа жыл қарасаңында, одан да ерте, сарыағаштық қызанақ, қияр және лимон республикамыз бойынша сауда сөрелеріне шығарылып, ел дастарханына тарту етіледі. Үстіміздегі жылы ауданда жылыжайлардың бірінші айналымында 6855 тонна қызанақ, 1590 тонна қияр, 5,6 тонна лимон және 4 млн. 310 мың дана гүл жинап алынса, екінші айналымда 3150 тонна қияр мен 2100 тонна қызанақ өндіріледі деген берік сенім бар. Жартытөбелік жылыжайда көкөніс өсіру­шілерді қалай мақтасақ та жарасады. Қазақ, тәжік ұлттарынан құралған, бір-біріне бауыр­мал, туысқандай болған олар 30-40 жылдан бері көкөніс өсірумен айналысып келеді. Бір қуанарлығы, жартытөбеліктер үлестік шаруақожалық жерлеріне ғана емес, үйіргелік жерлеріне де жылыжайлар салуды әдеттеріне айналдырған. Жылдан-жылға мемлекеттің қолдау-көмегіне риза болғандықтан мұнда осы салаға қызығушылық өте күшейген. Жылы­жайлардың аумағы биылдың өзінде 30 гектар­дан 34 гектарға жеткен. Мәселен, Жорабай Рүстемов үйіргелік 2 сотық жерінің жартысына лимон өсіріп, қалғанына лавр жапырағын еккен. 1970 жылдары Тәжікстан­нан алып келген лимон көшеті 40 жылдан бері өнім беріп келеді екен. Әр түп көшет 100-150 кило өнім салады. Былтыр оның әр килосын 500-600 теңгеден көтерме бағамен сатыпты. Өткен жылғы пайдасы 500 мың теңге, биыл 600 мың теңге болады дейді. Жылыжайда көкөніс өсіргеннің пайдасы көп болғанымен, оның тауқыметі көл-көсір. Жылылықты қалыпты ұстамасаң, үсік шалдырсаң, оңбай ұтыласың. Жұмсалатын шығыны да аз емес. Үдесіне жетсең, қиындықты жеңсең ақшаға қарық боласың. Пайдасы мол. Жылыжайдың артықшылығы неде? Қақа­ған суықта да қызанақ, қиярыңыз жайқалып өсіп тұрады. Базарда бағасы өте қымбат. Уыстап ақша табасыз. Отбасыңызбен еш нәрседен тарықпай өмір кешесіз. Бір жерден жылына екі рет өнім жинайсыз. Жеріңіз бос жатпайды. Жыл он екі ай егістік айналымда болады. Ең маңыздысы, кішкене, алақандай жерден мол табысқа кенелесіз. Қапланбек ауыл әкімдігі аумағының халқы да жылыжайда көкөніс өсіруге ынта-ықыласпен ден қойған. Мұнда 18 гектар жылыжайда түрлі өнімдер өсірілуде. Солардың арасында Ергеш Жорабеков басшылық жасайтын “Жабай ата” шаруа қожалығының асығы алшысынан тұрып, айдарынан жел есуде. Иеліктеріндегі 4,20 гектар жылыжайда қызанақ израильдік тамшылатып суару әдісі­мен өсірілуде. 20-ға жуық тұрғындар осында жұмыс істейді. Айлық жалақылары жақсы. Өйткені қызанақ, қияр пісіп-жетіліп саудаға шығарылуда. Бағалы өнімдерін солтүстік өңірлерге де апарып, қымбат бағаға пұлдауды ойластырып отыр. Олар әр гектардан орта есеппен 100 тоннадан өнім жинауға белді бекем буған. Озық технологиялық тәсілдерді пайдаланудың арқасында шығын да көп болған жоқ. Үнем мен ұқыптылыққа негіз­делген израильдік әдістің берері мол екендігіне көздері анық жетті. Өйткені аталмыш тәсілді қолдансаңыз, су қаншама үнемделеді. Артық шығынға жол берілмейді, әр түп өсімдік қана суарылады. Жылыжайда өнім өсірушілерге Сарыағаш ауданында барлық жағдайлар жасалған. Әр гектарына 1 млн. 300 мың теңгеден қайтарым­сыз субсидиялар берілді. Көктемде 40 млн. теңге, күзде 60 млн. теңге барлығы 100 млн. теңге субсидия төленді. Бұл сомалар арқылы олар жұмсаған шығындарының едәуір бөлігін қайтарады. Еңбекке деген қызығушылықтары күшейе түседі. Өндіріс көлемін, еңбек өнім­ділігін арттыруға қол жеткізеді. Жеке секторда өнім өндірушілердің қатарын күрт көбейтеді. Осылайша ұсақ шаруа қожалықтарының жаңа толқыны ауылшаруа­шылық саласын алға жетелейді. Біздер дәл осылай күшейе түссек, рыноктағы бәсеке­лес­тік­те дес бермесек, өркениетті елдердің қата­ры­нан мықтап орын алатын кезіміз де алыс емес. Нұржан ПӘРПИЕВ, Сарыағаш ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы. Оңтүстік Қазақстан облысы.

Кәсіпкерлікке көмегі көп көрме

Ақтөбе қаласындағы “Алатау” сауда-ойын-сауық орталығында “Бизнес қызметтер-2010” атауы­мен үшінші мамандандырылған көрмесі өткізілді. Бұл көрмені ұйымдас­тыруға облыстық және Ақтөбе қалалық әкімдіктерінің қолдауымен “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ және Ақтөбе об­лысының жұмыс берушілері мен кәсіпкерлері одағы” қоғам­дық бірлестігі мұрындық болды. Оған алпыстан астам кәсіпкер­лікті дамытуға қолдау көрсететін қаржы, консалтингтік, жарнама­лық сервистік қызмет көрсететін компаниялар, жеке кә­сіпкерлер мен қоғамдық бірлестік­тер қатысты. Көрменің мақсаты – кәсіпкерлік субьектілерін бизнесті дамытудың қолда бар инфрақұры­лымдары, кәсіпкерлік бастамашы­лықты қолдауға бағытталған консал­тингтік компаниялар мен қоғамдық құрылымдар туралы ха­бардар ету және маман­дандырылған іскерлік қызметтер сапасын арттыру. Мұнда қаржы, консалтингтік, шағын кәсіп­орындарға бизнес қызметтер, бағдарламалық қамтамасыз ету, жарнама-маркетинг, сервис бө­лім­­дері жұмыс істеді. Көрме бағдарла­масы аясында жаңа бизнес жоба­лардың тұсаукесер­лері, кәсіпкер­лікке арналған дөңгелек үстелдер мен семинарлар өткізілді. Бұл шараға қатысушы­лар “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы­ның жүзеге асы­рылуы әңгіме болған семинардан шағын және орта бизнесті дамытуға байланысты үкіметтік деңгейде қолға алынып жатқан қолдау-көмектерге қанықты. “Мұғалім” даярлық орталығында өткізілген жаңа білім беру қызме­тінің тұсаукесері де кәсіпкер­лердің көңілінен шықты. Біз осы көрмеге Темір ауданынан келіп қатысып отырған “Алтынбек” ЖШС дирек­торы Орынгүл Сәулебаеваны сөзге тартқан едік. Серіктестік басшысы Орынгүл Сәулебаева Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситеті мәдениеттану факультетінің түлегі екен. Көрмеге өздері теріден жасаған тұрмыстық бұйымдарды және кәдесыйларды әкеліпті. Таза да сапалы иленген теріден жасал­ған торсық, жағлан, мес, саба, дойыр­қамшы, кесеқап, кісе белдік және басқалары қолдан­балы қолөнер туындылары ғана емес, тұрмыстық тұтынуға да таптыр­майтын бұйым­дар. Олар­дың кәдесый түрінде жасал­ғандары қай туристі де таң қалдырып, таңдай қақтыратыны сөзсіз. Орынгүлдің атасы да, әкесі де тері бұйымдарын жасаудың хас шеберлері екен. Серіктестік бұл өнерге аз қамтылған отбасы балала­рын тартып, үйретіп жатқан көрінеді. Шеберлердің өнімдеріне сұраныс бар. Көрмеге көршілес Орынбар облысынан да кәсіпкерлер келіпті. Соның бірі айтулы Орынбор түбіт шәлілерін әкелген Шафиковтер әулеті. Олардың қолынан шыққан түбіт шәлі де табыс көзі. Бұл өнім­дер де өтімді. Өз ісін ашуға талап қы­лып жүргендер банк және кон­сал­тингтік қызметкер­лерден ақыл-кеңес алып, көңілдегі күдігін сейіл­тіп, ертеңгі күнге үмітін арттырып жатты. Көрменің салтанатты ашы­луын­да сөз алған Ақтөбе облыс­тық кә­сіпкерлік және өнеркәсіп басқар­масының бастығы Марат Балмұха­нов­тың айтуынша, үстіміздегі жыл­дың он айында 730 млрд. теңгенің өнімі өндірілсе, соның 40 пайызы шағын және орта бизнестің үлесіне тиеді екен. Осындай шараларды ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсете отырып, олардың қатарының көбеюіне қол жеткізу көзделуде. Соның нәтиже­сінде, өнім өндіруді молайту, мұнда шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін арттыра түсу, міне, бүгінгі таңдағы басты міндет осы болмақ. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.

Жылына 1280 тонна сүт өндіреді

Аққайың ауданына қарас­ты “Леонов” ЖШС 2010-2014 жылдарға арналған  индус­триялық-инновациялық даму  бағдарламасы аясында 320 бас сауын сиырға арналған сүт ке­шенінің бірінші кезегін пай­далануға берді. Жобаның жалпы құны 300 миллион теңге болса, оның 90 пайызы игерілді. Облыс әкімі Серік Біләлов жаңа өндіріс орнын аралап, Қазақстан мен Украинаның “БрацлавKZ” бірлескен кә­сіпорны орнатқан “Шырша-2х12”  сүт сауу автоматты жүйе­сімен танысты. Осында әукесі жер сызған  мама сиырлар жеткізіліп, жылына   1280 тонна сүт өндіру жос­парланып отыр. Шаруашылық жетекшісінің айтуына қара­ғанда, жаңа жоба  әр сиырдан жылына 4-5 мың литр сүт сауып, санын да, сапасын да арттыруға мүмкіндік береді.  Қазірдің өзінде 50 адам жұ­мыспен қамтылса, толық қуа­тына көшкен кезде қосымша 36 жұмыс орны ашылатын болады. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы, Аққайың ауданы.

Дәрі-дәрмек қымбаттамау үшін

Өткен жылы қала тұрғын­дарының тілегіне орай дәрі-дәрмек бағасын өсірмеу жөнінде қалалық әкімдік пен емдеу мекемелері және  дәрі­ха­налар арасында өзара келісім-шартқа қол қойылған еді. Жуырда сол игі бастама жалғасын тапты. Былтырғы жылы тізімге 120 дәрі-дәрмек енгізілген болса, биыл олар­дың саны 150-ге жетіп отыр. Оның отызға жуығы шет елден тасымалданатын тауар болып табылады. Аталған келісім-шартқа жиырмашақты кәсіпкер бір­ден қол қойды. Тізімге енгі­зілген дәрі-дәрмектер атауы дәріханалардың бәріне іліне­тін болады. Ал оған өзгеріс енгізуге ешкімнің қақысы жоқ. Рас, өткен жылы оған қол қоймаған бірен-саран дә­ріханалар да болмай қалмады. Тіпті, қол қойғандардың қайсыбірінің тарапынан келісілген шарт бұзылғаны да өтірік емес. Биыл ондай көзбоя­ушы­лыққа жол берілмейтін секіл­ді. Ал ондай жағдай кезігіп жатса тәртіп бұзушыларға айып салынбақ және басқадай әкімшілік шараға тартылмақ. Салалық министрлік тарапы­нан қолдау тауып отырған бұл шара өз жемісін береді деп ойлаймыз. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей.

Орталық мемлекеттік органдардың интернет-сайттары

Қазақстан Республикасының Үкіметі        www.government.kz Ішкі істер министрлігі           www.mvd.kz Қорғаныс министрлігі          www.mod.kz Қоршаған ортаны қорғау министрлігі        www.eco.gov.kz Білім және ғылым министрлігі        www.edu.gov.kz Сыртқы істер министрлігі    www.mfa.kz Денсаулық сақтау министрлігі        www.mz.gov.kz Көлік және коммуникация министрлігі     www.mtk.gov.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі        www.enbek.gov.kz Қаржы министрлігі   www.mіnfіn.kz Әділет министрлігі   www.mіnjust.kz Төтенше жағдайлар министрлігі     www.emer.kz Мәдениет министрлігі         www.sana.gov.kz Байланыс және ақпарат министрлігі          www.bam.gov.kz Ауыл шаруашылығы министрлігі   www.mіnagrі.kz Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі          www.mіt.kz Экономикалық даму және    сауда министрлігі - www.mіnplan.kz Туризм және спорт министрлігі      www.mts.gov.kz Мұнай және газ министрлігі           www.memr.gov.kz Статистика агенттігі                            www.stat.kz Жер ресурстарын басқару агенттігі    www.auzr.kz