• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Желтоқсан, 2010

Астана саммиті тарихқа енді

1065 рет
көрсетілді

Астана өмірі болмаған тарихи кезеңді бастан кешірді. Қала қақаған қыс айы болса да мерекедегіше ерекше безендірілді. Әлем елдерінің жа­лаулары, Еуропа­да­ғы қауіпсіздік пен ын­ты­мақтастық ұйы­мы­ның жалауы аэро­порт­тан бастап, саммит өтетін Бейбіт­шілік және келісім са­райына дейін желбіреп тұрды.

Тойдың бол­ғанынан боладысы қызық. Тоғыз ай тоғыз күн толғатқан Астана саммиті де көзді ашып-жұмғанша зу етіп өтті де шықты. Бұл күндері Астана тұрғын­да­рының ау­зынан бір ғана сөзді «Саммит» деген сөзді естисіз. «Summit» ағылшын­нан ау­дар­ғанда шың, бірдеңенің биік сатысы деген мағынаны білдіреді. Шынында да солай, Астанадағы басқосу – әншейін халық­аралық жиын, бір саланың басшы­ла­ры­ның, не қаржыгерлердің, не денсау­лық сақ­тау қызметкерлерінің, не бизнес ал­пауыт­тарының, не экономика менед­жер­­лерінің басқосуы емес, бұл мемлекет, ел қожайындарының, үкімет жетекшіле­рі­нің, биік лауазым иелерінің басқосуы. Мұндай мәртебелі форумды қазақ қазақ болғалы өз төрінде бірінші рет өткізіп отыр. Мұның қиындығы мен жауапкершілігі айтпаса да түсінікті еді. Халықаралық қатынастар құқығында жазылған ережелерді мүлтіксіз сақтаумен бірге, жазыл­маған заңға айналып кеткен диплома­тия­лық жөн-жосықты, жоралғы кәделерді есепке алудың да өз машақаты жеткілікті екені белгілі. Саммиттің күрделілігі, жауапкершілігі қандай күшті болса да, шынын айту керек, бұл жауапты іске жұмылдырылған азаматтар сыр берген жоқ, бәрін де ойда­ғыдай ат­қарды, елінің үлкен патриоттары екендік­терін істерімен нақты көрсете білді. Мұ­ны ризашылықпен атап өтпеске болмас. Н.Назарбаев Қазақстан ЕҚЫҰ-ға мү­ше­лікке өткен соң төрт жылдан кейін-ақ осы Ұйымға төраға бо­луды алға мақсат етіп қойды. Бірақ Қа­зақ­станның басшы­сы­на бұл идеясын жүзеге асыру оңайға түс­педі. Көп қарсылықтарға ұшырады. Біз­дің тәуелсіздікке енді қолы жеткен ел­дің ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа ұм­ты­лысын қайсыбір елдер Қазақстан бейнебір бүкіл әлемге үстемдік еткісі, Жер шарының жартысын билегісі келетіндей көрді. Бұл қате пікір еді. 16 миллион хал­қы бар Қа­зақ­стан өз мүмкіндігін жақсы біледі, ол үшін әлемге билік жүргізу алыс дүние. Қазақстанның мақсаты өзін әлемге таны­ту, өзінің кім екендігін, қандай ішкі резервтері бар екенін сездіру ғана еді. Н.Назарбаев өзінің өршіл мінезінен бір танбады, табандылық танытты. Алға қойған мақсатын орындау жолында еш қиындықтан қаймықпайтын мақсаткерлік мінезін әрдайым көрсете білді. 2006 жылы қыркүйекте АҚШ-қа сапары бары­сында кіші Дж. Бушпен алғаш кездесу­ін­де-ақ ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа үмітті ел екенін айтып салды. АҚШ басшысы Н.На­зар­баевтан мұны күткен жоқ еді. Ойын-шынын араластырып, біздің Елбасының назарын басқа жаққа аударғысы келді. Мұның сіздерге не қажеті бар, ЕҚЫҰ дау-дамайы көп ұйым, Төрағаға талап күшейеді, анауың жоқ, мынауың жоқ деп, сынның астына алады. Сау бастарыңызға сақина тілеп қайтесіздер, дегендей ишарат білдірді. Сонда біздің Елбасы: – Біз сыннан қорықпаймыз. Біз талай сыннан өткенбіз, мың өліп, мың тірілген халықпыз. Төрағалық етіп, өз қабіле­ті­мізді сынап көргіміз келеді, өз ісімізбен өзімізді танытқымыз келеді. Жас еліміз идеяға бай, бізде бейбітшілік пен мәмі­легерліктің киесі бар, халқымыз ежелден достыққа, татулыққа, төзімділікке, бауыр­малдыққа бейім, соны іс жүзінде көрсет­кіміз келеді, – деді. Дж. Буш болса, сөзден тосылып, сол ме­зетте қаршығадай алғыр қара қызға, Мем­лекеттік хатшы Кондолиза Райсқа бұ­ры­лып: «Бұл елдің ұсынысын қолда­ға­ны­мыз жөн болар», деп тапсырма берсе керек. Сөйтіп, алып елдің ырзалығын алған Қазақстан төрағалыққа өту талабын ілгері бастыра берді. Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­тастығы атынан жалғыз Қазақстан ұжым­дық кандидат болып танылды. Ел­ба­сының табанды, мақсатты, жүйелі жүр­гіз­ген кемел саясатының нәтижесінде 2007 жыл­дың қарашасында Испанияның астанасы Мадридте өткен ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде Қазақстан 2010 жылғы төрағалыққа лайық деп шешілді. Төрағалыққа Қазақстан билікқұмар­лық­тан, басқаларға үстемдік жүргізу ниетінен ұмтылған жоқ. Осы соңғы уақытта беделі божырай бастаған халықаралық Ұй­ым­ға жаңа тыныс беру үшін, бұл Ұйымды шын мәніндегі қауіпсіздік пен ынтымақ­тастықты нығайтудың пәрменді құралына айналдыру үшін ұмтылды. Төрағалыққа сайланысымен Қазақстан ЕҚЫҰ-ның жұ­мысын ширатуға мықтап кірісті. «Еуро­паға жол» бағдарламасын дүниеге әкелді, Венада өткен алғашқы отырысқа Н.На­зарбаев өзінің бейнежол­дауын жіберді. Онда Іс басындағы төраға ретінде еліміз­дің жүзеге асыратын міндеттерін қадап айтты. Төрт «Т» әрпінен құралатын trust – сенім, traditions – дәстүр, transparency – ашықтық, tolerance – төзімділік қағидасы бойынша жұмыс істейтінін жария етті. Қазақстанның төраға ретіндегі бүкіл қызметі осы ұранға сай жүргізілді. Елдер арасындағы кикіл­жіңнің көбі түсініспеу­шіліктен, сенімнің жетіспеуінен орын ала­ды. Ең бастысы – ЕҚЫҰ саясаты осы өз­ара сенімге негізделуін басшылыққа алды. Халықтар ара­сындағы дәстүр сабақтас­тығын құрмет­теп, оған ілтипатпен қарау қажет. Темір перде ескіріп, идеологиялық текетірес бәсеңдеген соң ел мен елдің арасындағы ашықтық бүгінгі жаһандану жағдайында ақпараттық тасқынның күше­юі­не байла­нысты негізгі факторға айнал­ды. Эконо­ми­када да, рухани өмірде де, адамдар арасындағы қатынаста да ашық­тық ба­сым­дыққа ие болды. Мұның өзі адам­дардың ұлтына, жынысына, түр-тү­сі­не қарамастан, өзара жақындасуына жағ­дай жасады. ЕҚЫҰ енді Венадан батысқа қарай да, шығысқа қарай бірдей бетбұрыс жасады. Ұйымның жауапкершілігіне жа­татын аймақтардағы түйткіл жайларды, сақалды жараларды, созылмалы жан­жал­дарды сауықтыруға тікелей араласты. Еу­ропадағы қауіпсіздік және ынты­мақ­тастық ұйымының әлемдегі 19 миссиясы нақты жұмысқа жегілді. Албания, Чер­но­гория, Сербия, Македония, Косово, Бос­ния және Герцеговина, Хорватия, Украи­на, Молдова, Беларусь елдерінде, Қа­зақ­стан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан елдерінде миссия­ның өкілдері тұрақты жұмыс істейді. Іс басындағы төраға Қа­нат Саудабаев ЕҚЫҰ-ның құрылымдық жүйелерін білгірлікпен нақты істерді жү­зе­ге асыруға жұмылдыра білді. ЕҚЫҰ-ның өткен уақыттағы жұмыс қоры­тын­ды­лары Саммит алдында Варша­ва­да, Ве­нада және Астанада өткен Шолу конфе­рен­ция­ларында жан-жақты сөз бол­ды. Бұл конфе­ренцияның аясында БАҚ бос­тан­дығы үкі­меттік емес ұйымдардың жұ­мысы, адам саудасы, мигранттарға тө­зім­­сіздік көрсету, босқындар жайы кеңінен талқыланды. Сөз алғандардың бәрі дерлік өз пікірлерін ортаға салып, ашық пікір алысты. Бұл бағыттағы жұмыстарды жақ­сартуға байла­нысты өз ұсыныстарын сам­митке жеткізуді ұйғарды. Мұның өзі сам­миттің маз­мұндық жағын байытуға көмектесті. Саммит жоғары іскерлік жағдайда өтті. Оның жұмысына Қазақстан Прези­денті Н.Назарбаевтың саммитті ашар­да­ғы мазмұнды сөзі дұрыс бағыт берді. Елбасы саммиттің шақырылуының басты мақсатын анықтап ашып берді. ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің, әрі оған әріптес елдердің басшыларының ұйымның жұмысын реформалау, жетілдіру жөніндегі ашық пікір алысуын ұйымдастыру, сол көкейкесті пікірлердің негізінде Астана деклара­ция­сын қабылдау екенін жария етті. Бұл арада Н.Назарбаев Хельсинкидің Қорытын­ды актісінің қағидаттарына, Париж хар­тиясының тұжырымдарына өзінің адал­ды­ғын, құрметін сездіре отырып, Жер бетіндегі тіршілікке тікелей ықпал етуге қа­білетті халықаралық ұйымның архитек­ту­расын қалай жетілдіру жөнінде өз ұсы­ныстарын ортаға салды. Бұл ұсыныстары арқылы Қазақстан лидері әлемдік масштабта ойлай білетін, планетарлық қоғамдық құбылыстарға те­рең талдау жасай алатын халықаралық деңгейдегі саясаткер екенін тағы да анық танытты. Саммитте айтылған ортақ пікір – пла­нетадағы қауіпсіздік жалпыға ортақ, ол шекарамен бөлінбейді, біртұтас дүние. Көр­шіңде өрт шықса, оны сөндіруге қол­ұ­шын бермесең, ол өз үйіңе де қауіп төндіреді. Сондай-ақ, кез келген ел оңаша, жеке-дара өз қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайды. Әлемдегі қауіпсіздік бір елдің қолында, соның иелігінде тұрған жоқ. Ең қуатты деген АҚШ-тың өзі 11 қыр­күй­ектегі лаңкестердің шабуылынан қорғана алмады. Мыңдаған жазықсыз жандар құрбан болды. Бұл қаныпезер бұзақы­лар­дың кесірінен Азия елдеріне соғыс бас­талып кетті. Иракта, Ауғанстанда мың­да­ған бейбіт халық қазаға ұшырады. Соғыс зардабы әлі жазылған жоқ. Сондықтан да бүгінгі таңда бейбітшілік үшін, елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күрес прогресшіл адам бала­сы­ның басты парызы болып отыр. Бұл күнде бұдан артық борыш жоқ. Дүниеге келген адамның бәрінің бақытты өмір сүруге құқығы бар. Бұл тірі пенденің бә­рінің табиғи, ажырамас құқығы. Адам­дар­ды күштеп, қаруды пайдаланып, өлім­ге душар ету – ауыр қылмыс. Қылмыскер ауыр жазалануға тиіс. Адам қауіпсіздігі – елдің қауіпсіздігі. Тыныштығы жоқ елде адамдар қазаға жиі ұшырайды. Сондықтан да, елдердің қауіп­сіздігіне көп болып көмектесіп, өзара ық­палдасып, бірлесіп күресу арқылы жетуге болады. Бейбітшілік үшін күреспей, мен тимесем, сен тимен, деп отыра берсең де өз тыныштығыңа сырттай бұзақылар, лаң­­кестер, экстремистер тап беріп, сенің тұ­рағыңа, байлығыңа әлімжеттік жасауы мүмкін. Сондықтан да еліңнің қауіпсіздігі сенімді қолда болғанда, халықаралық қо­ғамдастық кепілдік беріп отырғанда ғана адам бостандығы, қауіпсіздігі нақты қор­ғалатын болады. Біз Астанаға, деді Н.Назарбаев, хал­қы­мыздың келешек қауіпсіздігіне бағыт­тал­ған қозғалысты бірігіп жалғастыру үшін жиналып отырмыз. Елбасы айтқан­дай, ЕҚЫҰ енді еуроатлантикалық қана емес, еуразиялық қауіпсіздікке де жауап береді. Өйткені, Еуропада болып жатқан қақтығыс, келеңсіздіктер бұл құрлықтан алыс жерлерден бастау алып отыр. Жап­пай қырып-жоятын қару-жарақ, адам сау­дасы, заңсыз көші-қон, есірткі тасымалы сынды қауіптердің негізгі көзі Еуропадан тыс жерлерде орналасқан. Сондықтан таза еуропалық қауіпсіздік жоқ, ол басқа құрлықтардан оқшау өмір сүре алмайды, қауіп-қатер бір қиырдан екінші қиырға өтеді. Осыған орай Н.Назарбаев Солтүс­тік мұзды мұхиттан Үнді мұхитына дейін, Тынық мұхиттан Атлант мұхитына дейін төрт мұхит аралығын қамтыған кеңістікте қауіпсіздік белдеуін қалыптас­ты­руға кө­ше­міз, деп атап көрсетті. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін саммитке қатысушылар алдына ЕҚЫҰ құры­лымын одан әрі жетілдірудің, қызметінің тиімділігін, нәтижелілігін арттыру үшін нақты ұсыныстар жасап, қонақтарды келелі пікірлер айтуға шақырды. Өз тара­пы­нан бірқатар жаңа ұсыныстар жасады. Ұйымның институттары мен себетте­рінің санын ұлғайтуды ұсынды, ЕҚЫҰ-ға экономикалық қауіпсіздікті нығайтуға, яғни екінші себеттің мазмұнын толық­ты­ра түсуді, валюталық-қаржылық саясат­ты, экономикалық әріптестікті күшейтуге баса назар аударуды қажет деп санады. Екін­шіден, қарусыздану және қаруды таратпау мәселелері жеке форум шеңбе­рінде жүр­гізілуі тиіс. Үшіншіден, қазіргі жағ­дай­да конфессияаралық ашық әрі әділ үнқатысу қажеттігін айтты. Төртіншіден, же­келеген қауіпсіздік проблемаларын ал­дын-ала болжау үшін ЕҚЫҰ-ның арнайы институтын ашуды ұсынды. Бесіншіден, ЕҚЫҰ-ның әр аймағы құрылымдарын тең дәрежеде жабдықтау жайына да назар аударды. Бұл ұсыныстардың Астана Деклара­ция­­сының мазмұнында көрініс табуын өтінді. Саммитте сөйлеушілердің бәрі дерлік Қазақстан лидеріне қайырылып, басқосуды тамаша ұйымдастырғаны әрі қонақ­жай­лығы үшін ризашылық сезімдерін білдірумен болды. Соған қарағанда, Елба­сы­ның сөзі көпшілікке ұнаған болуы керек. Әрине, мұны дипломатиялық сыпайылық десек те, қонақтардың жүздерінен риясыз сыйластық сезімі аңғарылып тұрды. Бір қуаныштысы сол – сөйлеу­ші­лердің бәрі бес минуттық сөздеріне жауапкершілікпен қарап, нақты пікір-ұсы­ныс­тар айту­ға тырысты. Ресей Президен­ті Д.Медведев өзінің дәстүрлі халыққа жолдауын жариялай салып, түнделетіп Астанаға жетті. Саммитте мазмұнды сөз сөйледі. – 35 жыл бұрын, «қырғи-қабақ соғыс» саясаты өршіп тұрғанда біздің алдыңғы буын өкілдеріміз идеологиялық көзқарас­тарының сәйкессіздігіне қарамастан, өз ке­­зе­ңі үшін нағыз революциялық шешімдер қабылдай алды, – деді ол. – Бүгін ешқан­дай идеологиялық бөгет, әскери қарама-қарсылық жоқ, бұл пробле­малар­ды шешу үшін біз біріге аламыз әрі бірігуге тиіспіз. АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Хил­лари Клинтон ханымның сөзі әсерлі шық­ты. Ханым Астана Саммитіне жоғары баға берді. Әлемде демократия әлі де болса қысым көріп келеді, ұзаққа созылған қақ­ты­ғыстар әлі де жалғасып отыр. Сондық­тан да Астанадағы Саммитте «Хельсинки рухына» сәйкес келетін пәрменді құжат қабылдауымыз керек, деді ол. Х.Клинтон жарыссөзде сөйлеген шешендердің сөз­дерін зейін қоя, зор ықыласпен тыңдап, елінің атына лайық бекзаттық мінез та­нытуы көпшілікке ұнады. Германияның Федералдық канцлері Ан­гела Меркель Саммит жұмысына аса қызығушылық танытып, белсенділік көр­сетті. Аса мазмұнды сөз сөйледі. Ұй­ым­ның баса көңіл бөлуге тиісті үш мә­селесін атап көрсетті. Олар өз жауапкершілігі аймағындағы жанжалдарды, ең алдымен, Приднестровье мен Таулы Қа­рабақтағы жанжалдарды реттеу, Еуро­па­дағы кәдімгі қару-жараққа бақылау орнату, сондай-ақ адам құқығы, БАҚ бос­тандығы болып табылады, деді ол. Саммитте сөз алғандардың көбі Ау­ғанстан проблемасына соқпай өтпеді. Бұл елдегі жағдай ауғандықтардың ғана ба­сын ауыртып отырған мәселе болмай отыр. Қарашада Лиссабонда өткен НАТО-ның саммиті ауған мәселесіне арналғаны мәлім. Онда НАТО басқарған халық­ара­лық күштерді 2014 жылдың аяғына қарай Ауғанстаннан біртіндеп шығару жоспары бекітілді. Бұл саммитте Қазақстан бас­шы­сы Н.Назарбаев та бұл елге көрсетіліп жатқан нақты көмектерге тоқталды. Ау­ғанның мың студентін оқы­тып шығару көз­деліп отыр. Бұған 50 миллион доллар қаржы жұмсалмақ. Халық­аралық күштер­ге қолдау көрсетіліп, Қа­зақстан гумани­тарлық жүктер тасыма­лы­на көмектесуде. Н.Назарбаев Ауғанстан­ды қал­пына келтіру ісінде бұл елге әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық көмекті күшейту­ді ұсынды. Мұнсыз Ауғанстанда соғыс зардабын жою мүмкін емес. Саммитте Ауған проблемасы кеңі­нен сөз болды. Елдің президенті Хамид Карзай өз сөзінде ЕҚЫҰ-мен арадағы қа­тынасқа жақсы баға берді. Сондай-ақ, өз елінің дамудың жаңа са­тысына бет алғанын, елде терроризмге, ес­ірткі тасымалына қарсы аяусыз күрес жүргізіліп жатқанын баяндады. Көрсе­ті­ліп жатқан көмектер үшін рахмет айтумен бірге Х.Карзай ЕҚЫҰ тарапынан бұдан бы­лай да қолдау көрсетілетініне сенім білдірді. Бүгінгі жаһандану заманында бір құр­лықта бейбітшілік сақтау үшін көрші құр­лықтың ықпалын ескермеске болмайды. Әл­емдік қауіпсіздік – әлемдік құбылыс. Ол әлемдік іс-әрекетті, әлемдік келісімді, әлем­дік өзара сенімді қалыптастыруды талап ете­ді. Бүгінгі саммиттің мақсаты да осыны ескерту, халықаралық беделді бас­шылар­дың назарын осыған аудару болып табылады. Бұл күнде әлемдік қауіпсіздікті қам­тамасыз етудің бір-ақ жолы бар. Ол – келісім жолы, ақылдасу, бір-бірінің ақиқат­қа көзін жеткізу. Күш қолдану, қаруға жүгіну, қорқыту-үркіту жеміс бермейді. Ядролық қару заманында күш көрсету өр­кениетті жойып жіберуге әкелуі мүмкін. Мұны ХХІ ғасырда әлем түсіне бастады. Сондықтан да, Н.Назарбаевтың шақыру­ын қабыл алып, 73 елдің делегациясы қа­зақтың бас қаласы – Астана Саммитіне жиналды. Көп болып кеңесті, ақылдасты, Астана Декларациясын қабылдады. Осынау тарихи құжатты қабылдау да оңайға соққан жоқ. Оны біз Саммит ба­рысында аңғардық. 12 сағат бойы талқы­ланды. Теледидарға көз тігіп, оның ресми түрде қабылдануын күттік. Біраз күтуге тура келді. Делегациялар тарапынан талай пікірлер айтылып жатты. Бәрін де ескеру қажет. Осы жерде Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Саммит басталардан бұрын одан тек дайын рецептер мен жұрттың бәріне жағатын шешімдер күтуге болмайтынын айтқаны ойға орал­ды. Бас құжаттың толғағы қатты болды. Ұйымға мүше 56 елдің бір тоқтамға келуі қиынға соқты. Сол қиындықты жеңдік. Мұны өзімізге қарай бұрып айтудың жөні бар. Саммитті Қазақстан басшысы жүргізді. Шеберлікпен жүргізді десек, ешкім де дау айтпас. Бәзбіреулер бір ел­дің екінші елге қатқылдау пікір айтқаны­нан абдырап қалуы да мүмкін-ау дейсің. Қатты пікірлердің тігісін жатқыза оты­рып, олар­ды ортақ бір арнаға түсіру оңай болмады. Сірә, бас құжаттың біраз пікір қақты­ғысымен барып қабылдануының өзі оның маңызын арттыра түсер. Астана Самми­тін­де әр алуан пікірлер көп айтылып, оның соңы ортақ арнада тоғысқаны да оның тарихи орнын күшейте түсетін шығар. ХХІ ғасыр – ақылдасу, кеңесу, сарапқа салу заманы болғалы тұр. Соның нақты ай­ғағы – Астана Саммиті. Ол енді мәң­гілікке тарихқа енді. Қазақ елі тағы да бір әлемдік тарихи сыннан сүрінбей өтті. Жа­сай бер, Тәуелсіз Қазақ елі. Әбдеш ҚАЛМЫРЗАЕВ, философия ғылымдарының докторы, профессор.