Кеше Астана қаласы әкімдігінің ғимаратында елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың қатысуымен қаланың бірқатар мүмкіндігі шектеулі тұрғындарына пәтер кілттерін табыс ету рәсімі өтті. Бұл оқиғаның ерекшелігі – елордалық мүгедектер пәтерлерге мемлекеттік бағдарлама шеңберінде емес, 17 құрылыс компаниясының қайырымдылық бастамасы нәтижесінде ие болып отыр.
Акцияға Астананың құрылыс рыногында жұмыс жасап жүрген компаниялар қатысты. Нәтижесінде, бүгін қолдау мен қорғауға мұқтаж 24 отбасы жаңа пәтер иелері атанып, зор қуанышқа кенелді. Астана әкімдігінің ұсынысы бойынша кәсіпкерлер тұрғын үйге үміткер азаматтардың әлеуметтік әлжуаз топтары арасынан, бірінші кезекте тұрмыстық жағдайы ауыр, алайда заң бойынша және кезек бойынша жақын болашақта пәтер берілмейтін жандарды іріктеп алған. Осылайша елорда кәсіпкерлері мақтауға тұрарлық әлеуметтік жауапкершілік танытып отыр. Бұл мемлекетпен бір қатарда бизнестің де ұстанып отырған әлеуметтік әділеттілік қадамдарының өлшемі іспеттес. Акцияға қатысушылар бұл шара басқа кәсіпкерлерге үлгі болып, мұқтаж азаматтарға көмек көрсетудің нағыз игі дәстүріне айналады деген сенімде.
Қазіргі таңда мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу үшін кезекте 18 805 азамат тұрса, соның ішінде 9 207-сі әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген азаматтар болып табылады.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.