• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
07 Желтоқсан, 2010

Сапада салғырттыққа жол бермейміз

508 рет
көрсетілді

Бүгінде төрткүл дүние түгел жиналатын халықаралық құрылтайлар мен маңызды басқосулар орталығына айналған Астана қаласының құрылыс нысандары мен архитек­ту­ралық келбеті туралы аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Тарих тара­зысында қас-қағым сәт болып есептелетін осы бір он жылдан астам уақыт аясында Астанада сәулет өне­рінің жауһарларына айналған небір айтулы ғи­ма­рат­тар, мил­лиондаған шаршы метр тұрғын үй кешендері пай­да­ла­нуға берілді. Құрылыс қарқыны көз қуан­тар­лықтай бір мә­се­ле болса, оның сапасы екінші мәселе. Ғасыр құрылыс алаңына ай­налған бас қаламыздың құрылыс сапасы мен архи­тек­ту­ралық салтанатының үйлесімділігі қалай жүргізіліп жатыр. Елордамызда бұл мә­селені «Астана қаласының мемлекеттік архи­тек­туралық-құрылыстық бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесі тексереді. Біз осы мекеме айналысатын көкейкесті мәселелердің жай-жапсарын білу үшін оның бастығы Талғат РЫСБЕКОВТІ әңгімеге тартқан едік. – Талғат Тастыбайұлы, Ас­тана қаласының құрылысы мен сәулетінің сапасы өміршең де өзекті, әрі мемлекеттік ма­ңы­­зы бар міндет. Басқарманың аты айтып тұрғандай, сіздердің не­гізгі міндеттеріңіз қаламызда бой көтерген құрылыс нысан­да­рының сапасы мен архи­тек­ту­ралық нормаларына мем­лекет­тік бақылау жасау. Осы мін­деттерді жүзеге асыру ба­ры­сында неге сүйенесіздер, нені бас­шылыққа аласыздар? – Бас қаламыздың қалыптасуы мен дамуы Астана авторы – Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берген стратегиялық жоспар бойынша жүзеге асырылып келеді. Мемлекет басшысы атап көр­сет­кендей, ел жүрегі – Елорданың орны бөлек. Сондықтан біз өз жұ­мы­сымызда осы бір мерейлі міндет үдесінен шығуды негізгі бас­шы­лыққа аламыз. Өзіңіз айтып өт­кендей, біздің мекеме салынып жат­қан құрылыс нысандарын инспектілеу, мониторинг жүргізу, құ­ры­лыс-монтаж жұмыстарына рұқ­сат беру, еліміздің заң­на­ма­ла­рын­да белгіленген тәртіпке сәй­кес жұмыс сапасын бақылау және мем­лекеттік қабылдау комис­сия­сының жұмысына қатысу міндеттерін жүзеге асырады. Біз өз қызметімізде «Қазақстан Рес­пуб­ли­­касындағы сәулет, қала құры­лы­сы және құрылыс қызметі ту­ралы», «Лицензиялау туралы», «Тұр­ғын үй құрылысына үлестік қа­тысу туралы» заңдарды, Үкі­мет­тің тиісті қаулылары мен шешімдерін, Астана қаласы әкімдігі мен мәслихатының құрылыс нор­малары мен ережелерін, құрылыс саласында әрекет ететін заңды және жеке тұлғалар арасындағы қатынасты реттейтін құқықтық ак­тілері мен техникалық нормативтерін басшылыққа аламыз. Қаладағы құрылыс ауқымы аса зор. Мәселен, өткен жылы ғана әлемдік дағдарыс қиын­дық­та­ры­на қарамастан қаламызда 1 млн. 259 мың шаршы метр тұрғын үй, бірнеше мәдени-әлеуметтік мекемелер, 3 мектеп пайдалануға берілді. Соңғы 3 жыл ішінде ғана қа­­ламызда 10 ірі денсаулық сақ­тау мекемесі іске қосылды. Сәу­лет өнерінің озық үлгілері болып табылатын талай-талай айтулы ғимараттардың бой көтергенін бі­ле­сіздер. Биылғы жылы құрылыс ауқымы өткен жылдан да жоғары қарқынмен жүргізіліп жатыр. – Құрылыс саласындағы ахи­­тек­туралық, экологиялық, сани­тар­лық-гигиеналық нор­малардың орындалуы қа­лай ба­­қыланады? Сіздер құрылыс ны­сандары пай­да­лануға берілген кезде мемлекеттік қабылдау ко­миссия­ла­ры­ның жұмысын қалай ұйымдас­ты­расыздар? Әлеу­­­­меттік нысандар мен тұр­ғын үй кешендері пайда­ла­нуға бе­рілгеннен кейін тұты­ну­шы­лар тарапынан көптеген арыз-шағымдар түсіп жататындығы да жасырын емес қой... – Жоғарыда айтып өткені­міз­дей, бұл мәселеде біз елімізде 2001 жылғы 16 шілдеде қа­был­данған «Қазақстан Респуб­ли­ка­сын­дағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заң­ның нормаларын басшылыққа аламыз. Негізінен біздің басқарма 6 құрылымдық жүйеден тұрады. Біз әңгімелеп отырған басты міндеттерді мемлекеттік архи­тек­туралық-құрылыстық инспекция бөлімі атқарады. Осы бөлім мамандары құрылыс нысан­да­рына және құрылыс материал­да­рына, жобалық құжаттарға мемлекеттік архитектуралық-құры­лыс­тық бақылау жасайды, қала құ­ры­лысы регламенттерінің, Қа­зақ­стан Республикасы аума­ғын­да­ғы мемлекеттік және мем­ле­кет­аралық нормативтердің сақта­лу­ын қадағалайды. Өз өкілеттігі шеңберінде құрылыс салу­шы­лар­дың техникалық қызметіне, жоба жасаушылардың авторлық қыз­ме­тіне, тапсырыс берушілер­дің қызметіне, құрылыс-монтаж жұ­мыс­­тарының сапасын қамтама­сыз етуге бақылау жүргізеді. Құ­рылыс-монтаж жұмыстары өнді­ріс­теріне рұқсат қағаздарын береді. Дайын құрылыс объектілерін қабылдап алатын мемлекеттік қа­былдау комиссияларының құра­мы­на кіріп, тексеріс жұмыстарын жүргізеді. Сол сияқты біздің мамандар құрылыс нысандарында болған апаттарды тексеретін ко­мис­сиялардың құрамында жұмыс жүргізеді. Жоғарыда айтылған заң нормалары негізінде қабылдау комиссиясының және мемлекеттік қабылдау комиссиясының құра­мын­да жүргізілген жұмыстың са­па­сын бақылайды. Орын алған кем­шіліктерді нақты көрсетіп, нор­­мативтік тәртіптен ауытқыған құрылыс ұйымдарына, лауазым­ды тұлғаларға қатысты заңнамада белгіленген тәртіп бойынша шаралар қолданады. Құрылыс жұ­мыс­тары мен архитектуралық норма­ларда кеткен олқылық­тар­дың жойылуын бақылайды. Осы жерде айта кететін бір мәселе, қабылдау комиссиясы мен жұмыс комиссиясы құрылыс нысан­да­рын тапсырушы ұйымдардың шешімімен тағайындалады. Құры­лы­сы аяқталған нысанды пайда­ла­нуға беруді жоспарлаған құры­лыс салушы басқарма атына өтініш береді. Аталған өтініш тиісті ауданның мемлекеттік құры­лыс инспекторына келіп түседі. Ол белгіленген мерзімде тапсы­ры­латын құрылыс нысанының сапасын тексеру мақсатында бекітілген тәртіпке сай қорытынды жазады. Әрине, пайдалануға берілген құрылыс нысандары мен тұрғын үй кешендерінің сапа­сында кейбір кемшіліктердің де болып жататындығы жасырын емес. Біз олардың дер кезінде ал­дын алу мақсатында кешенді жұмыстар жүргіземіз. – Қалада салынып жатқан және алдағы уақытта салы­натын құрылыс нысандары бойынша мониторинг жүргі­зесіздер ме? – Әрине. Өз қызметі шең­бе­рінде белгіленген тәртіп аясында басқарма салынып жатқан ны­сан­дарға тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырады. Рұқсат алған нысандардың ақпараттық базасы негізінде жоспарлы тексерістер кестелері әзірленеді, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу құ­қығына берілген рұқсатнама мерзімі қадағаланады, ірі инвес­ти­циялық жобалар да ерекше ба­қы­лауға алынады. Құрылыс нысандарына тексеру жүргізу барысында басқарма қызметкерлері құрылыс сапасы­мен қоса, рұқстанамалық және ат­қарушы құжаттардың болуын тексереді. Құрылыс алаңдарындағы техникалық қауіпсіздік және ең­бекті қорғау нормаларының сақ­та­луына да ерекше назар ауда­рады. Тәртіп бұзушылықтар анық­­талған жағдайда, нормативтік көрсеткіштерден ауытқыған жұ­мыстарды анықтаған кезде кем­шіліктер атап көрсетіліп, олар­ды жою туралы нұсқаулар бері­леді, олқылықтың алдын-алу мер­зімі белгіленеді. – Бірқатар жауапсыз құрылыс компанияларының қылмыстық әре­­кеттерінің сал­дарынан өткен дағ­дарыс кезе­ңінде қаламыздың мыңдаған үлескерлері алдауға түсіп, үлескерлер проблемасы үл­кен мәселеге айналды. Қаламызда үлескерлер проблемасы толық шешілді ме? Басқарма тұрғын үй құрылысындағы үлес­кер­лер­дің қатысуы жөніндегі мемлекеттік саясаттың орын­да­лу­ын қадағалай ма? – Елбасының тікелей қол­дауы арқасында, мемлекет та­ра­­пынан көр­сетілген қаржы­лай көмек нә­ти­жесінде Астана қаласындағы үлес­керлер про­бле­масы толық ше­шім табуда. Қаржы дағ­да­ры­сы­ның бас­тап­қы кезеңінде Астана қаласында 40 мыңнан астам үлес­керлердің қатысуындағы 200-ден артық аяқталмаған тұрғын үй кешендері болды. Мемлекет басшы­сы­ның тапсыр­ма­сымен ел Үкі­ме­ті жүзеге асырған кешенді іс-ша­ра­лар­дың нәтижесінде күр­де­лі жағ­дай­ға тап болған 206 тұр­ғын үй кешеніндегі 32 мың үлес­кердің проблемасы ше­­шілді. Мемлекеттік қолдау нәтиже­сін­де атқарылған бұл жұмыс негізінен төрт бағыт бойынша жүзеге асырылды. Атап айтқанда, қала әкім­дігі тарапынан пәтерлер са­тып алу, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-тың қолдау көрсетуі нәти­же­сінде жұмысты жандандыру, құрылыс салушылардың өз күші­мен тоқтап қалған нысандардағы жұмысты жалғастыру және Аста­на қаласы әкімдігінің жанынан құрылған мемлекеттік «Жаңа құрылыс» ЖШС-ның қатысуы­мен аяқталмаған тұрғын үй кешендері құрылысын аяқтау. 2008 жылы республикалық бюджеттен бөлінген трансферттер есебінен қаржыландыры­ла­тын мемлекеттік «Жаңа құры­лыс» ЖШС құрылды. Ол қа­ла­да­ғы үлескерлердің қатысуы­мен са­лынып жатқан проблемалы тұр­ғын үй кешендерінің құрылы­сын одан әрі жалғастыру міндетін мой­нына алды. Осының нәтиже­сінде мыңдаған үлескерлер про­бле­масы шешім тапқан бірнеше тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Қазір қала әкімдігі жанында арнайы құрылған Үлестік құры­лыс мәселелері жөніндегі ведом­ство­аралық комиссия жұмыс істейді. Комиссия құрамына әкім­дікке қарасты басқармалардың бастықтары, үлескерлер бірлесті­гінің мүшелері, құқық қорғау ор­ган­дарының өкілдері кіреді. Міне, осындай игі шаралардың нәтиже­сінде қаламыздағы үлескерлердің қатысуымен салынып жатқан тұрғын үй кешендерінің жұмысы барынша жанданып, бұл мәселе келесі жылы толық шешім тап­пақ. Өздеріңізге белгілі, елімізде қазір үлескерлердің қатысуымен салынатын тұрғын үй кешендері бойынша жаңа заңнамалық негіздер жасалынды. Осыған орай бас­қарманың үлестік құрылысты ба­қылау бөлімі «Тұрғын үй құры­лысына үлестік қатысу туралы» заң нормаларының орындалуына нақты бақылау жасайды. – Құрылыс және құрылыс материалдарын шығаратын өн­діріс орындарына лицензия беру жайы және тәртіптің қа­да­ғалануы қалай? – Иә, бұл келелі мәселеде бас­қарма республикамызда 2010 жыл­­дың қаңтарынан бері күшіне енген «Лицензиялау туралы» жа­ңа заң нормаларына және Үкі­меттің 2007 жылы қабылдаған «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы қызметті лицензиялау ережесін және оған қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы» қаулысының та­лап­тарын басшылыққа алады. Ли­цензия беру үшін заңның 42-­бабында көрсетілген нормалар бас­шылыққа алынады. Белгілі бір субъектінің белгіленген тәртіпті бұзу шараларына байланысты олар­ға берілген лицензиялардың қол­данылуын уақытша тоқтата тұру немесе лицензиядан айыру шаралары Қазақстан Республи­ка­сы­ның тиісті заңнамаларында көр­сетілген тәртіп ауқымында жү­зеге асырылады. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.