• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
07 Желтоқсан, 2010

Үлкен спортқа үлкен реформа керек

822 рет
көрсетілді

Азиада ойындары осыны анық байқатты ЖАЛПЫ ЖАҒДАЙ Азия халықтарының олимпиадасы ая­ғы­на жетті. Ең соңғы күнінде Қазақстан мен Солтүстік Корея әйелдер құрамасы волейболдан қола медаль үшін тартысқа тү­сіп, 3:0 есебімен біздің қыздар жеңіске жетті. Қазақстан 18 алтын, 23 күміс, 38 қола ме­далімен 45 мемлекеттің ішінде 5-ші орын­ға табан тіреді. Біз межелеп барған төр­тінші орынға 20 алтын, 13 күміс, 25 қола медалімен Иран орнықты. Ал бірінші, екін­ші, үшін­ші орынға қалған 42 мем­ле­кеттің әуел­ден таласы жоқ болатын. Өйт­кені, әлемдік бәсекеде экономикалық қуа­ты, саяси басым­дылығы жөнінен көшбас­шылыққа ие белді, беделді Қытай, Корея, Жа­пония мемлекет­терінің белінен ұстай қоя­тын қуатты елдер әзірше Азия құр­лы­ғын­да табылмайтыны анық. Кей-кейде осындай алып мемлекет­тер­дің өкшесін басып, Азияның қалған мемлекеттері ішінде 16 млн. халқымен көш бастап, төртінші орын үшін қидаласып жүрген Қазақстандікі нағыз ерлік екен-ау деп ойлайсың. Ерлік болғанда да жанкештілік! Біз Азиада ойындары бастау алғаннан бері төртінші орынға үйреніп қалдық, өз меншігіміздей көреміз. Басқа мемлекеттер Қытай, Корея, Жапониядан кейінгі орын қазақтардікі ғой деп қойын құрттап, айранын ұрттап отыра беретіндей көреміз. Осы қаншалықты қисынды? Міне, Иран кірді додаға. Миллиардқа жуық халқы бар Үндістан 14 алтын, 17 күміс, 33 қола медалімен бізді өкшелеп келеді. Азиадаға 600-дей спортшы апарып, 67 медаль жинаған Тайланд бізге үнемі бұйыратыны жетінші орын екен деп мұрны пысылдап, жайымен жүре береді деп ойлайсыз ба? Әрине, жоқ. Экономикалық әлеуеті өскен Азия мемлекеттерінің қай-қайсысы да төрттіктен үмітсіз емес. Осыдан оншақ­ты жыл бұрын Қазақстан бокс құрамасы дүние жүзінде үштікке кіретін. Қазір Азия ойындарында үштікке кірсек тәубе деп шүкіршілік айтатын болдық. Гуанчжоуда боксшыларымыз өз міндеттемелерін арты­ғы­мен орындады. Қазақ байрағын көтерген Серік Сәпиев пен жай оғындай жарқыл­даған жас талант Данияр Елеусінов алтын­нан алқа тақты. Бірінші орынды Қытай, екінші орынды Үндістан алды. Республикалық олимпиада ізбасар­ларын даярлайтын колледждің директоры, ұлт жанашыры Амалбек Тшанов ағамыз Делиге барғанда бір көшенің бойынан 11 спорт кешенін көрдім деген. Яғни, Азия­ның басқа халықтары күн қызуына мау­жырап қалғып отырған жоқ. Оншақты жыл бұрын Кубаның маңдайалды алты бапкерін аттай қалап, құрамасының тағдырын қолы­на берген сол Үндістан бүгін ойлағанына жетіп келеді. Финалда осы елдің қаһарман ұлы екі дүркін әлем чемпионы, өзбек Аббос Атоевқа бір ұпай бермей таза жеңді. Енді Гуанчжоуда бокстан командалық есепте екінші орын алған, адам ресурсына бай үнді елі осы жетістігіне малданып отыра береді деу қиын. ҚХР-дағы дүбірлі додада 476 медальдар жиынтығы сарапқа салынды. Қазақстан осының 245-інде ғана таласқа түсті. Ал қалған 42 жиынтық медаль біздің елге бей­таныс болғандықтан ол өзге мемлекет­тер­дің қызығына айналды. Қазақстан Гуанчжоуда бесінші орын алғанымен, медальдар жиынтығы бойынша төртінші орында. Ал, Иран медальдар саны жөнінен жетінші орында. Осының бәрін сараптан өткізсең, Қазақстан анау айтқандай өз биігінен төмендеген жоқ. Қазақ байрағы желбіреп барып желбіреп қайтты. Бірақ, алқынып-аласұрған мына заманда осыған шүкіршілік айтып отыра беруге бола ма? Әрине, жоқ. Қазақстан спортшылары Азиада ойын­дарына өсіп келе ме, әлде төмендеп келе ме? Ол үшін тарихи фактілерге жүгінейік. АЗИЯ ОЙЫНДАРЫ: АЛТЫНДАР АЗАЙЫП КЕЛЕДІ Қазақстан Азия ойындарына 1994 жыл­дан бастап қатыса бастады. Жапо­нияның Хиросима қаласында өткен додаға тәуелсіз жас еліміз 210 спортшы апарып, 25 алтын, 28 күміс және 26 қола медаль жеңіп алды да 77 медалімен 4-ші орынға шықты. Бұл – Кеңес империясының бұғауын үзіп, өз тізгінін өз қолына алған мемлекет үшін керемет жетістік еді. Азияның бар елі бір бү­йір­ден тиген адуынды Қазақстанға қызы­ғып та, қызғанып та қараған болатын сол кезде. 1998 жылы Тайландта өткен Азиада ойын­дарында 335 спортшы апарған Қазақ­стан 24 алтын, 24 күміс, 30 қола медальмен жалпы есепте 5-ші орынға шықты. Дүбірлі жарыс­тың Бангкокте өтіп жатқанын пайда­ланып, өз ұлттық ойындарын кіргізіп үлгер­ген Тайланд біздің елмен бірдей алтын жинағанымен күмісінің есебінен алға шығып кетті. 2002 жылы Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен Азия ойындарына 260 атлет апардық. Бұл жолы 20 алтын, 26 күміс, 30 қола медальмен 4-ші орнымызды өзі­мізге қайтарып алдық. Ал, 2006 жылы До­ха­дағы Азия ойындарында Қазақстан 328 спортшы апарып, 86 медаль жинап қайтты. Оның 23-і алтын, 20-ы күміс, 42-і қола жүл­де болатын. Катарда еліміз Қытай, Ко­рея, Жапония мемлекеттерінен кейінгі 4-ші орнына ешкімнің иегін қышытқан жоқ. Өзінен кейін келе жатқан Тайландтан 10 алтын медаль артық алған болатын. Дохада мергендеріміз 5, жеңіл атлетика 4, байдарка және каноэ есуден 2, көркем гимнастикадан 2, ауыр атлетикадан 2, күрес­тен 1, каратэден 1, шахматтан 1, нысана көздеу­ден 1, жүзуден 1, бокстан 1 және триатлоннан 1 алтын алған. Ал, Гуанчжоуда қалай болды? Мергендеріміз Дохадағы 4 алтынының 1-ін ғана алды. Ескек есуден 2 алтын жоғалттық. Шахмат, нысана көздеу, жү­зу, велоспорт, триатлоннан алған алтын­дары­мыздың шаңын да көрмедік. Құдай қолдағанда, әу бастағы есепте жоқ 3 алтын (жеңіл атлетика мен каратэден) қосылып, жағдайымызды түзеп алдық. Бұлар болма­ғанда “қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің” дегеннің кері болар еді. ҚАЙ ЖЕРДЕН ҚАТЕЛІК ЖІБЕРДІК?! Әсілінде, ақыл айту оңай. Біздікі құрғақ сөз емес, ой қосу. Ортақ іске жанашырлық. Ең алдымен, аймақтардағы спорт ахуалын министрлік өз бақылауына алу керек деп ойлаймыз. Облыс әкімдерінің кейбіреулері спорт пен туризмді атқа салған жабудай көретіндері бар. Басшылыққа шапқанға жеңіл атқосшыларын  тағайындай салады. Облыс қаржы бөліп жатса, әкім өз қалтасынан шығарып жатқан жоқ, мемлекет бөлген ақша ол. Неге қаржы босқа ысырап болу керек. Қараңыз. Аймақтар бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы 5 алтын, Ал­маты қаласы, Алматы облысы және Астана 3 алтыннан алды. Қарағанды облысының еншісінде 2 алтын. Бір-бір ал­тын­ды Қы­зыл­орда және Ақтөбе облыстары әперді. Сон­да басқа өңірлердегі спорт бас­қарма­лары бас­тықтарында жауапкершілік жоқ па? Жұмсал­ған қаржының қайтарымы қайда? Футбол – ең көрермені көп спорт түрі. Облыс әкімдерінің кейбірі  олимпиадалық спорт түрлерін бір шетке жиып қойып, осы ойынның күйін күйттейтін болды. Шетелден өзіне керек болмай, есік көзінде қалған легионерлерді сатып алып әлек. Нұрбол Жұмас­қалиев сынды намысқой, жанын салып ойнайтын бірді-екілі футболшылар болмаса Қазақстан футбол құрамасы Еуропа футболы үшін Андорра секілді екінші, үшінші құра­мамен ойнап ұтуға болатын командалар санатына кірді. Ал, осы ортаңқол футбол­шылардың табысы біздің спорт олимпиада ойын­да­рында бәске қоятын қаһарман саң­лақ­­тары­мыздың түсіне де кірмейді. “Мен Қазақстан на­мысы үшін кез келген коман­даны жыр­тамын”, деген Самат Смақовтың сөзі жоға­ры пафоста болғанымен, делебе қоз­дыра­тын қызыл сөз ғана болып тұр. Әкімдер өзгені жыртатын емес өзі жыртылып жүрген футболға көмек­теспесін демейміз, бірақ, олимпиа­далық спорт түрлерін бірінші кезекте ойласын дейміз. Жалпы, ай­мақтағы спорт басшы­ларын тағайындау­ды облыс құзыры­нан алып, Спорт және туризм министрлігіне беретін мезгіл әлде­қашан жетті. Сосын, спорт мектептерінің басшылары көбі таланттарды іздеуде оның түбін түсіріп айналыспайды. Барының өзін баға­лауға құлықсыз. Бір мысал айтайық. Балуан Марат Кәрішалов (55 кг) ең бірінші кездесуін атақты жапон Кохей Хасегаву­мен өткізіп жеңіліп қалды. Жас балуан үшін алғашқы ірі старт ауыр­ға соққан. Бі­рақ, Марат қайратына мінді. Тайланд балуа­нының екі аяғын бір етікке тықты. Қола медаль үшін айқаста 5 дүркін әлем чемпионы, Азияның алды иран Хамид Суриянмен белдесіп, екі кезеңде атақ­ты балуанға соқыр ұпай ұстатпады. Кейін интервью алдық. Ұяң жігіт. Бес дүркін әлем чемпионының мы­сын басқан қазақ балуа­ны бертінге дейін спорт мектебінен 16 мың теңге стипендия алып келіпті. Үй­лен­ген, бір баласы бар от­ба­сыға бұл қаржы не болады. Оның үстіне пәтер жалдап тұрса... – Спорттан кеткім келді, – дейді Марат. – Арба сүйреп базар жа­ғаласам да әжеп­тәуір ақша табам ғой. Сөй­тіп жүр­ген­де об­лыс­тық спорт басқар­ма­сы­ның бас­ты­ғы Бо­лат Қырық­баев шақыр­ды. Жағ­­дайым­­ды сұра­ды. Пә­­тер­ақымды төлеуге уәде берді. Сти­пен­диям­ды көтерді. Енді тағы көтеретін шығар, ә, аға? Қырық мың теңгеге жетпейтін жалақы алып келген Марат Кәрішалов жөнінде Болат Қырықбаевпен сөйлескенбіз. Енді жігіттің жағдайы жақсы болады. Әйтсе де осындайда сұрақ туады. Қа­зақ­стан чемпионы, талантты балуан Марат Кә­рішалов спорттан кеткенде не болатын еді. Екінші Кәрішаловты дайындауға қанша уа­қыт, қанша қаражат керек? Спорт мектептері басшыларының немқұрайдылы­ғы­нан, жақсы мен жасықты айыра білмейтіндігінен қанша­ма Кәрішаловтардан айыры­лып қал­дық? Атын айтпай-ақ қоялық, об­лыстан, республикадан ай сайын екі-үш жүз мыңға жуық ақша алып отырып, қарсыласының бір қаққанынан тырапай асқан балуандар кімнің шікірасы? Грек-рим күресінде Нұрбақыт Теңіз­баев, Дархан Баяхметов және Әсет Мәм­бетов алтынға таласуға қабілетті жігіттер еді. Осы азаматтар салғаннан шаршады да қалды. Бұл бас бапкер Мұрат Қасымханов бастаған бапкерлер кеңесінің ойласатын мәселесі. Дзюдо жайын айтқанбыз. Әдіс-айласы түгел балуанда қарсыласының мы­сын басатын жауынгерлік рух болады. Ол Отанына деген құрметтен, патриотизмнен туады. Соны көрмедік. Қай спортшыға да спорттық шеберліктен бөлек, білім, білік керек. Онсыз ұзаққа шаппайсың. Кавказдың алақандай ауылдарының жігіттері әлемнің бар түпкірінде белдесіп, сол мемлекетке бедел әкеліп жатады. Бір Бу­вайсар Сайтиев Олимпиада ойындары­ның үш мәрте жеңімпазы болды. Әлем, Еуро­па­да алған атақтарында есеп жоқ. Себе­бі, Бу­вайсар қайда жүрсе де өз шық­қан тегінен та­мыр үзген емес. Халқын мақ­таныш етеді. Ұлты­ның намысы үшін от пен суға түсуге дайын. Жаманға былған­байды. Бес уақыт намазын оқып, оразасын ұстап, бір Алладан мінәжат тілеп жүріп-ақ биігіне жеткен азамат. Ұлт, мемлекет намысын биік қойған жігітте қайрат көп. Ал, ол біліммен келеді. Біздің бапкерлердің ақсап жүрген жері осы. ОЙЛАҒАНЫ... ӨЗ ЖҮЛДЕЛЕРІ Екі қыр астында – Лондон олимпиа­дасы. Жарыстан жарысқа қатыстырып, бар жағ­дайын жасап жүрген мергендерімізге осы Гуанчжоу сапары ащы сабақ болса керек. Стендалық ату – Азиадада ең сәтсіз өнер көрсетті. Шымкенттегі нысана көздеу мектебінен республикалық олимпиадашы­лар даярлау орталығы басшысына жоғары­латылған Олег Почивалов Гуанчжоуға оншақты мерген ертіп барып, қоржындары бос қайтты. Барам деген жеріне барған, алам деген қаржысын алған осы жігіт ал­тын аламыз деп уәде беріп еді. Бос сөз бо­лып шықты. Алтын түгілі қоланың жалы­нан ұстай алған жоқ. Өзі республикаға жоғарылатылса да Шымкенттегі мектепке басшылыққа жақынын тыққыштаған, екі-үш қабат жекеменшік дүкенін спорт жабдықтарымен толтырған пысық Олег мемлекет намысы мен өз қамын алмас­тырып алған секілді. Министрлік мұндай пиғылдағы спорт басшыларының әрекеті­нен қорытынды шығаруға тиіс. СПОРТ КЕШЕНДЕРІ ЖЕТІСПЕЙДІ Бұл – шындық. Оңтүстікпен көрші болған соң Ташкентке жол түсіп тұрады. Айтулы спорт кешендерін көріп, ауызың­ның суы құриды. Өзбекстан спортқа ақша­ны есеппен салып жатыр. Соңғы он жылда жарысқа аз шыққан болар, шетелде оқу-жат­тығу жиынын бізге қарағанда аз өткіз­ген шығар, бірақ болашаққа керегін қазір сайлап алуда. Мысал керек пе, айтайық. Гуанчжоуда байдарка мен каноэ есуден Өзбекстан жігіттері бір күнде 3 алтын алды. Бір жыл бұрын Иранда өткен Азия чемпионатында алтын­дарды қидай сыпырған, әлемде өзіндік орны бар біздің ескек есушілерге бір алтын да бұйырмады. Себебі, Таш­кентте ескек есуге ар­нап салынған жеке канал бар. Екіншісін Са­мар­қандта салдырып жатыр. Біз өз буы­мызға пісіп жүргенде жан-жағы сайлы Өзбекстан қай олимпиа­даның да алтынына қол созуды ойластыруда. – Біздің жігіттер осал деп айта алмай­мын, – дейді ескек есуден аға бапкер Сергей Строков. – Арнайы салынған каналымыз болса алтынды біз де ала аламыз. Оның айтуынша, арнайы канал белгілі бір қашықтықта спортшының қандай деңгейде келе жатқанын анықтайды. Спорт­шы орта тұсында не соңғы қашық­тықта есуін сәл бәсеңдетуі мүмкін. Бұл оның пайдаланбай қалған ресурстары. Білікті бапкер мұндайда шеберлікті көтеру жаттығуларын қосады. Ағзасына керектісін береді. – Ал біздің Ташкенттегі спорт кешендеріне барғымыз келмей қалды, – дейді көркем гимнастикадан мемлекеттік жаттық­тырушы Екатерина Панченко. –  Қазақ­станның көркем гимнастикасының әлемде өз орны бар, Азияда көшбасшы бола жүріп арнаулы спорт кешеніміз жоқ. Ташкентке барсақ, бізге білдіртпеуге тырысқанымен біздің жаттығуымызды қатты қадағалайды. Панченконы да түсінуге болар. Гуанч­жоуда Өзбекстан гимнасшылары коман­далық та, жеке сында да Қазақ­станды өкше­леп, екінші орын алды. Сон­дықтан, сырын алдырғысы келмес. ­ ЖАНКЕШТІЛІК Гуанчжоуда спортшыларымыз жаман өнер  көрсеткен жоқ дедік. Ауыр атлеттеріміз, бокс­шыларымыз, көркем гимнас­тары­мыз, жеңіл атлеттеріміз Азияның көзқұрты болды. 39 жастағы триатлоншы Дмитрий Гаагтың қола медаль алғанының өзі неге тұрады. Саңлақ­тарымыз әр медаль үшін жанкешті айқасқа түсті. Лайықты спорт қондырғылары, талапқа сай спорт кешендері жоқ болса да. Гуанчжоудың ащы сабақтары біз немқұрайды қарап келген кейбір мәселе­лерге басқаша көзқарас керектігін аңғарт­қандай. Мәселен, Иран 7 алтынды күрес­тен, 3 алтынды таэквондодан, 2 алтынды жеңіл атлетикадан алды. Бұл – олимпиа­далық ойындар тізіміндегі спорт түрлері. Бізге ең сенімдісі ауыр атлеттеріміз болып тұр. Бокстан бұйырса екеу, кейде жалқы болса да алтын алатынымызды білеміз. Балуан­дарымызда Бувайсар Сай­тиев, өзбекстандық Артур Таймазов секілді анық серкелер жоқ. Ұжымдық ойын түрлерінен  Азиада болмаса Олимпиадада медаль ұстатпайды. Сонда біздің басымдылықтарымыз қандай спорт түрлерінде болуы керек? Ауыр атлеттер мен бокс аздық етпей ме? Бар спортты қатар алып жүру – аққу көкке, шортан көлге тартқанмен бірдей. Энвер Түркелери секілді ақылман кеңес­ші­лері бар спорт түрлеріне шылбыр са­лып, биікке көтеруіміз керек. Өзіміздікін дайындауды қиынсынып, көрші елдердің дайын спортшыларын сұрағанын беріп, жарысқа салуға болмайды. Қасқырды қан­ша асырасаң да орманға қарап ұлуын қой­майды. Велошабандоз испан Альберто Кан­тодордың қазақтың 5 млн. долларын алып, қыр асқанын неге ұмытамыз? Аз айттық. Көп айттық. Темірхан Досмұхамбетов мырза қаперіне алса, кәде­сіне жаратса бізге одан артық еште­ңенің қажеті жоқ. Серкелікке ұмтылып жатқан өзге мемлекеттердің алдында болу үшін осындай ойласулар керек. Үлкен спортқа үлкен реформа қажет. Кейін кеш болмау, бар­мақ тістемеу үшін. Біздікі, қазақ байрағы биігінен төмен­демесін деген ниет қой. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы.