• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
07 Желтоқсан, 2010

Талайды тақырға отырғызған «тақуа»

890 рет
көрсетілді

Масқара!

Қазір елімізде халықаралық маңызы жоғары «Батыс Қытай–Батыс Еуропа» тас жолының құрылысы екпінді жүріп жатыр. Жасыратыны жоқ, онда  кө­те­рің­кі еңбекақы төлейді дегенді естіп, мамандығы бар, бірақ ауыл­да жұ­мыссыз отырған тепсе темір үзе­тін  азаматтардың  ке­тіп жат­қаны аз емес. Қара қазан, сары бала­ның қамы үшін айлап отбасын көрмей,  еліміз­дің оңтүстік өңі­рін­дегі жол құ­ры­лысында жүр­ген­дердің ара­сын­да қостанайлық жігіттер де бар. Жақында солар­дың бірі, Қос­танай ауданындағы  Глазу­нов ауылының тұрғыны Кә­рімжан Хасенов үйіне салы суға кетіп оралды. «Батыс Қытай–Батыс Еу­ропа» тас жолының  Қы­зыл­орда мен Жамбыл облыс­та­рын­­дағы құрылысында бес ай бойы жүргізуші болып  істеген Кәрім­жан еңбекақысына бір тиын да ала алмапты. Әңгіменің әлқиссасы былай болыпты. Кәрімжан жолдың Қы­зылорда облысының Шиелі ауданындағы құрылысына  үсті­міз­дегі жылдың мамыр айында барады. Онда «Қазақсевавто­дор» ЖШС-ға «КамАЗ» мәши­не­сінің жүргізушісі болып жұ­мыс­қа кіреді. Үш ай істейді, ең­бекақысын уақытылы бере қой­майды. Сол кезде  жол құрылы­сында істейтін «Жұмағали» жеке меншік кәсіп­ор­нының иесі  Алмас Жұмағали деген жігіт оны өзіне жұмысқа шақырады. Аузынан «Алласы», басынан сәл­­десі түспейтін жігітке Кәрім­жан құлай кетеді. Жап-жас жі­гіттің имандылық жолын ұста­ғанына өзінің таңқалғанын, риза болғанын да жасырмайды. Тор­ғай жерінде туып-өскен Алмас Қос­та­найдан барған Кәрімжан­ды жерлес деп те жақын тарт­қансиды. «Олар еңбекақыңды бер­месе ма­ған жұмысқа кел. Ай­лығыңды ай сайын беріп тұра­мын. Аллатаға­ла біреудің еңбе­гін жеме деген» деп құйқыл­жыт­қанда Кәрімжан да, Алматы жағынан келген тағы бірнеше жігіттер де оның уәдесі­не сылқ ете қалады да, шілде айынан бастап жұмысқа кіріседі. – «Қазақсевавтодор» ЖШС басшылары  еңбекақымды  мен «Жұмағали» жеке кәсіпорнына ауысқаннан кейін көп ұзамай артымнан әкеп берді. Содан кейін  ақша көргенім жоқ. Бір ай өткен соң Алмас Қабдыл­мәжит­ұлы  айлығымызды келесі ай­дың ақысына қосып беремін деді. Оған да сендік. Келесі ай та­ғы өтті. «Шамалы шыдай тұ­рың­дар, келесі айда беремін» деп мысымызды құртты. Ал­мас­тың майда сөзіне ғана тойдық, ақырында ол жерде жұмыс та бітіп қалды, – дейді Кәрімжан. Кәрімжанның айтуынша, Ал­мас Жұмағали оған да, басқа жігіттерге де  қақпайлап, құжат тол­тыртпаған, оның біреуіне де өзі қол қоймаған. «Біздің бас кең­се­міз Алматыда, оған жіберіп, әке­ліп жатамыз ба, көп уақыт кетеді, маған сеніңдер, өзім  еңбек­ақы­ла­рыңды төлеп тұрамын» деген. Жұмысшылар «альхамдулласыз» сөз баста­май­тын, қолынан жайна­мазын тас­та­майтын, бес уақыт олардың кө­з­інше намазын үзбей­тін жігіт­тің жүзін  жыға алмапты. – Күзде ораза айында Алмас уағыз айтты. «Мен сіздерге Ора­за айында айтып тұрмын, осы айда адал жұмыс істесеңіздер, айлық­тарыңызға қосып тө­лей­мін» деді. Өзіміз әлі бір тиын ұс­тамасақ та осыған мәз бол­дық. Алланың аты­мен сөйлеп, имандылықты «уа­ғыздайтын» жі­гіт­тен осын­шама алданамыз деп ойламаппыз, – деп  күйінеді Кәрімжан. – Міне, бес ай өтті. Бес айда ғана маған «ақыл» кіргендей болды, Алмас­тың таза имандылық жолындағы адам емес­тігіне күдік келтіре баста­дым. Оның үстіне  Қостанай өңірінің қатал қысы келді, үйде не көмір түсірілмеген, студент балаларымның қыстық киімі алынбаған, ауру әйелімнің дәрі-дәрмегіне де ақша жоқ. Соның бар­лығына қаржыны осы жол құрылысындағы тапқан табысы­ма аламын деп есептеген едім. Әрі қарай Алмастың соңынан сал­пақтап жүре берудің де мүм­кіншілігі болмады, амалсыз үйге қайттым. Кәрімжан Хасеновке «Жұма­ға­ли» жеке кәсіпорнының ди­рек­торы Алмас Жұмағали жол құ­рылысында істеген бес айда 420 мың теңге қарыз болған. Кә­рімжан  «А 221 UYN» нө­мір­лі  КамАЗ мәшинесімен таңғы 7-ден түнгі 23-ке дейін тыным таппастан жол құрылысына құм, қиыр­шық тас тасыған. Кейбір күндері Алмастың өтінішімен екі ауы­сымға да шығып отырған. Біздің Кәрімжаннан білуімізше,  олар жұмыс істеген жолдың Жамбыл облысы өңіріндегі  құ­ры­лысын  кореялық «КСС» фир­масы жүргізіп жатыр. «Жұма­ғали» жеке кәсіпорны және  жұмысшыларды жатар орын­мен, тамақпен қамтамасыз еткен «Самал» ЖШС сияқты  жергілікті кәсіпорындар кореялық фирмамен келісім-шарт бойын­ша жұмыс істейді. Фирма оларға қаржысын аударып отырады, ал олар өздері жалдаған жұмысшы­лардың айлығын, басқа шығын­дарын шығарып, қалғанын өз пайдасына алып қалады. Ал Алланы аузына алып, адам ақы­сын жейтін Алмас сияқтылар жұмысшылардың айлық жал­ақысын, маңдай терін де  беруді  шығынсынатын сыңайлы. Соңғы кездері дінді бетперде етіп, адамдардың сенімін пайда­ланатын алаяқтар бой көрсете бас­­тағаны байқалады. Олар адам­дар­ды алдап қана қоймай­ды, дінімізге кір келтіріп, оның беделін түсіреді. Суық үйде өзінің жолын күтіп отырған  бала-шағасына қарап, Кәрімжан кімге,  неге сенерін білмей дал... Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай .