Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен палата бюросының кезекті отырысы өтті. Онда Мәжілістің салалық комитеттерінің ұсынуымен алдағы аптада өтетін жалпы отырыстың күн тәртібі мәселелері қаралды.
Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті «Медиация туралы» және соған сәйкес заңдарға түзету енгізуді көздейтін заң жобаларын бірінші оқылымда қарауды ұсынды. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті бір топ заң жобаларын жалпы отырысқа шығарады.
Аграрлық мәселелер комитеті шаруа (фермер) қожалықтарының қызметіне қатысты заң жобасын екінші оқылымға дайындағанын мәлім етті. Сондай-ақ «Мүдделік қолдау қызметі туралы» және соған сәйкес заңдарға түзету енгізуді қарастыратын заң жобаларымен жұмысты жалғастыру мәселесі қаралды.
Бюро отырысында Үкіметтен келіп түскен жаңа заң жобалары жөнінде мәлімет берілді.
«Егемен-ақпарат».