• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
21 Желтоқсан, 2010

Мәңгілік мақтаныш

663 рет
көрсетілді

(Астана Саммиті жайлы толғаныс) Тәуелсіз Қазақстанның Еуропа­да­ғы қауіпсіздік және ынтымақ­тас­тық ұйымына төрағалығының тамаша табыстарының шырқау шыңы болған Астана Саммитін көгілдір эк­ран арқылы көріп, газеттерден Ел­басымыз бен еліміз жайлы жылы лебіздерді оқығанда Ел мен Елба­сының тілегін тілеп отырған қарт қа­ламгер – менің ойыма бес мың жылдық Қытай мемлекетінің та­ри­хындағы Аспанасты елі тұмар тұт­қан Конфуцидің шәкірті Цызанға айтқан кісіліктің мәнісі жайлы сөзі оралды. «Кемел кісіні көрсең, биікпен теңесуге ұмтыл», дейтін ұлы ойшыл былай депті: – Аспан астындағы бес асыл қасиетті бойына жинаған адам кісілікті деп танылмақ. – Нақты қандай қасиеттер екенін айтсаңыз,– депті шәкірті. – Сыпайылық, кеңдік, шыншыл­дық, зиындылық, мейірімділік. Сы­пайылық – сыйыңды арттырады, кең­дік – құрмет туғызады, шын­шыл­дық – сенімге жеткізеді, зиын­ды­лық – табысқа бастайды,– депті ұстаз. Қазақстан Республикасының бү­кіл халық сайлаған тұңғыш және қа­зіргі Президенті Нұрсұлтан На­зар­баевтың ойы мен бойында осын­дай сан қасиет тоғысқан. Бұл – сегіз емес, сексен қыры, теңіздей терең білімі, асқар таудай ақыл-парасаты, аласармас арманы бар Көшбас­шы­мыз Нұрекеңнің бір қырын ғана көз алдыңа келтірер бейнелі сөз. Астана Саммиті жайлы сөзімді тұла бой­ы­на туа бітті даналық дарыған Нұр­сұл­тан Әбішұлынан бастауым орын­ды ғой деп ойлаймын. Себебі, Қазақстанды тарихи қысқа мерзімде асқаралы биікке көтерген кемел ойлы кемеңгер еріміз Нұрсұлтан мен еңбеккер еліміз. Ел мен Елбасы – егіз. Бақытымызға орай, тағдыр кеңпейіл, еңбеккер елімізге Нұрсұл­тандай кемел ойлы кемеңгер ерді берді. Бірімен-бірі үйлескен ер мен ел бірін бірі қолдай отырып, талай қиындықты қайсар қайрат, азбас ақыл, тозбас төзімділікпен жеңіп келеді. Әйтпесе, Әйтеке би айтқандай: Елдің бағын ашпаса, Ер мұратқа жетер ме?! Ердің сағын сындырса, Ел мұратқа жетер ме?! Еліне ері сай болса, бірлік болса, алынбайтын асу жоқ. Соның ай­қын бір айғағы – Тәуелсіз Қа­зақ­стан, ол жүріп өткен жол, Қазақстан жолы, Нұр­сұлтанның нұрлы жолы. Бұл сө­зімізге дерек те, дәйек те көп. Бас­тыларын ғана айталық. Жиырма жыл­ға жетпейтін, тарих үшін қас-қа­ғым сәтте еліміз қиялдың да құ­шағы жетпейтін талайлар тамсан­ған тамаша табыстарға жетті десек, соның ең бастысы – күл-талқаны шық­қан кеңестік жүйенің орнына, экономикасы тұралаған елде тәуел­сіз мемлекет құрды. Кейбір елдер­дің басшылары бұрыннан бар, бар­лық құрылымы жұмыс істеп тұрған байырғы мемлекеттің өзін дұрыс басқара алмай жатқанда, Н.­Ә.На­зар­­баев еліне арқа сүйей отырып, жаңа­дан мемлекет – Тәуелсіз Қазақ мемлекетін құрды. Бұл – бір. Екінші – біраз елдер өз ішінде қырғи-қабақ болып, өзімен-өзі соғысып жатқанда, елі сенген Елбасымыз «Қа­зақстан» атты алып кемені мұ­хиттағы жартастарға соқтырмай, қайранға қайырлатпай, халықтар арасындағы достық пен келісімді сақтай отырып, от пен өрттен аман алып шықты. Үшінші – халық жал­ақыға зар болып, зейнетақыға қолы жетпей жатқан қиын кезде қиядан жол тауып, елдің экономикасын өр­ге бастырды. Төртінші – он жылда жаңа астана салды. Мемлекет бас­шысының өз сөзімен айтсақ: «Қа­зақстан тәуелсіздік жылдары ішінде этностар мен конфессиялардың орасан сан түрлілігінің бейбіт және толерантты өмір сүруінің өзіне тән айрықша тәжірибесін жинақтады». Семей полигонын жауып, бейбітшілік сүйгіш сыртқы саясатын сөзбен емес, іспен дәлелдеген елге халықаралық сенім мен құрмет те күшейді. Хельсинки Қорытынды актісіне – 35 жыл, Жаңа Еуропа үшін Париж Хартиясына – 20 жыл және Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталға­ны­на – 65 жыл, еліміз тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өткен Астана Саммитіне Қазақстан ғасыр жүгін арқалаған толағай табыстарға толы жаңару, жасарудың жасам­паз­дық жолымен келді. 2010 жылдың қаңта­рын­да ЕҚЫҰ қауымдас­ты­ғы­на өзінің бейнеүндеуінде Н.Ә.На­зар­баев төр­аға­лықтың ұраны – Сенім, Дәстүр, Ашықтық, Төзімділік деп жария етті. ЕҚЫҰ-ның соңғы саммиті осы­дан 11 жыл бұрын Ыстамбұлда өтті. Содан бері Батыс-Шығыс желісі бой­ынша қарсы тұрушылыққа бай­ланысты ЕҚЫҰ беделі біраз құл­дырағаны ешкімге жасырын емес. Мүдделері әркез үйлесе бермейтін 56 ел басшыларының Астанада ба­сын қосуы жайлы Н.­Ә.На­зар­баев­тың бастамасына қолдау көр­сетуі­нің басты себебі – Қазақстан іс ба­сындағы төраға лауазымында ешкімді алаламайтын бағыт ұстануға бо­латынын және мұның аса қа­жет­ті­гін өзінің іс-әрекетімен аз ғана уа­қыт­та дәлелдеп берді. Мұның өзі шын мәнінде Қазақстанның ха­лық­аралық беделі мен Мемлекет бас­шы­сының бейбітшілікті нығайту жо­лын­дағы ерен еңбегін мойындау, елі­міз­дің халықаралық қауіпсіздікті нығай­ту­ға қосқан үлесін жоғары бағалау еді. Еліміздегі ұлтаралық татулық пен келісімнің жаңа бірегей моделі­нің, республиканың тәуелсіздік ж­ыл­да­рын­дағы әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық және саяси жетістіктерінің, Елба­сы­ның жаһандық ауқым мен халық­ара­лық ықпалдылығының ар­қа­сында Еуроатлантика және Еуразия аума­ғын­дағы жалпыға ортақ, бөлін­бей­тін және ұжымдық қауіп­сіз­дікке ар­налған маңызды мәселе­лерді талқы­лау үшін Қазақстан астанасына ЕҚЫҰ-ға мүше 55 мемлекет пен 12 серіктес елдің басшы­лары мен үкімет жетекшілері, 69 ха­лықаралық ұйым серкелері, 500-ге тарта үкіметтік емес ұйым өкіл­дері, 1500-ге жуық журналист келді. Саммит басталардан бір күн бұрын Астана әуежайына әр он минут сайын бір ұшақ қонып жатты. Мәртебелі меймандарды қарсы алу мен орналастыруда, олардың қауіп­сіздігін қамтамасыз етуде ешқандай кідіріс те, кемшілік те болған жоқ. Сонымен, 2010 жылғы желтоқсан айының 1-і күні, сәрсенбінің сәтін­де Саммит те басталып кетті. Қа­зақ­­станның ғана емес, әлемнің та­рихы­на алтын әріппен жазылатын сол күні шетелдерден келген 28 мемлекет басшысын, 10 үкімет жетекшісін және басқа да мәртебелі мей­мандарды Елбасы Н.Ә.На­зарбаев Тәуелсіздік сарайының кіре берісінде жұмсақ жымиып, жылы қарсы алды. Мемлекет басшысы шақыру­ды қабыл алып, алыстан, әрісі тіпті, сонау мұхиттың арғы бетінен, берісі Памир тауларын асып келген қо­нақ­тарға алғыс сезімін білдіре келіп, көптеген келелі мәселелерді алға тартты. Ұлт басшысы Назарбаев жи­ынашар сөзінде өзіне тән алғыр­лықпен, аса салмақты, саяси баста­маларымен жаңа да жарқын идея­ларын жария етті. Ол уақыт тала­бына сай Ұйымды жаңартуға бай­ланысты ойларын айта келіп, Астанада орналасуы мүмкін ЕҚЫҰ инс­титутын құруды, ЕҚЫҰ-ның эко­ло­гияға қатысты мәжілісін өт­кізіп, онда Арал мен Семей поли­гонының зардаптарын жою проб­лемаларын талқылауды ұсынды. Алғашқылардың бірі болып сөз алған БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, өзінің Жарлығымен Семей полигонын жапқан Н.­Ә.На­зар­баевтың ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісім мен ядролық қа­руды сынауға жалпыға бірдей тый­ым салу келісіміне қосылу жайлы бастамасын аса жоғары бағалап, халықаралық қоғамдастықты Қазақ­станнан үлгі алуға шақырды. Ресей Президенті Дмитрий Медведев Ұйым­ды реформалауды ұсынды. АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон Қазақстанның Қырғызстандағы қақтығыстың ал­дын алған шешімді іс-әрекетіне аса жоғары баға берді. Ауғанстан Президенті Хамид Карзай Қазақ­стан­ның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде Ауғанстандағы күрмеуі қатты күр­де­лі мәселелерді шешуге күш сал­ғанына, отыз жыл бойы соғыстан көз ашпаған елге материалдық кө­мек көрсеткеніне, Ауғанстан жас­тарын Қазақстанның жоғары оқу орындарында тегін оқып жатқан­дығына ризалығын білдіре келіп, Қазақстанның төрағалығы іскерлік жағдайында жемісті өтіп жат­қандығын атап айтты. Осы жерде мен біраз адамның пікірін келтіргім келіп еді, бірақ онда сөз ұзаққа созылатын түрі бар. Біреу­лерді қалдырып кетсең, ол қиянаттай көрінер еді. Бәрі де әлемді толғандырған мәселені сөз етті. Өңкей жақсы қосылса, Бітіреді кеңесті, – деп Майлықожа ақын айтқандай, Саммитте сөз сөйлегендер аса маңызды мәселелерде бірауызды­лық танытты. 2010 жылдың 1 және 2 желтоқ­саны әлем назары Астанаға ауған тарихи күн болды. Бұл күндері «Қа­зақстан – Астана – Назарбаев» деген сөздер жаһандық аумақта қуат­ты дауыспен естілді. Осының бәрі – Ұлт Көсемі Н.Ә.Назарбаевтың ар­қа­сында келген абырой. «Бүгінде әлем бес, әрі кеткенде алты ық­пал­ды саясаткерді біледі, Н.­Ә.На­зар­баев солардың арасында», деп сақа саясаткер Маргарет Тэтчер тегін айтты дейсің бе?! Түйіп айтсақ, Астана Саммиті – әлем тарихына алтын әріппен жа­зылар жаһандық ауқымдағы ұлы оқиға. Күркіреген күндей, төңкерілген селдей болып, Қазақстанда ға­жайып Саммит өтті. Бұл Саммит еш­қашан өшпестей болып, алтын әріп­термен жазылып, адамзат та­рихында қа­лады. «Астана Деклара­циясы» деген мәңгілік құжат дүниеге келді. Өз елінде өткен бұл ғажайып Саммитке қазақ халқы қатты риза болып, мәңгілік қуанышқа кенелді. Сол себептен де Астанада Саммит басталған күні туған қазақ бала­лары­на: Саммитхан, Саммитжан, Сам­митнұр деген жаңа аттар қой­ылды. Осы аттардың өзі-ақ қазақ халқының өмірінде болған өзгеше бір жаңа­лықты жария етіп тұрғандай. Екі күн бойына бүкіл дүние жүзінің халқы Қазақстанға көз тікті. Көз сала отырып, Қазақстанның шексіз даласын, ондағы орасан бай­лықты Алатау, Қаратау, Көкшетау, Баянауыл сияқты тамаша тауларын, Сырдария, Жайық, Ертіс, Есіл сияқ­ты сұлу өзендерін көрді. Екі күн бойы дүние жүзінің радиолары сайрап, әр тілде Қазақстан туралы тар­тымды мағлұматтар беріп жатты. Қазақ халқының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев орнатқан ел орталығы – әсем Астананы көріп, оның сұлулығына тамсанды. «Қа­зақ­стан», «Астана», «Назарбаев» деген үш сөз жер жүзі халық­тарының жүрегіне сіңді. Қазіргіше «Саммит» деп атала­тын мұндай ұлы жиындар қазақ даласында бұрын да болған. Олар «Ордабасы жиыны», «Ұлытау ке­ңесі» деп аталған. 1726 жылы қа­зақтың үш жүзінің өкілдері Орда­басы тауында тарихи кеңес өткізді. Жоңғар шапқыншыларына қарсы күрес ұйымдастыруға арналған ха­лық құрылтайына Әбілқайыр, Әбіл­мәмбет, Сәмеке, Жолбарыс хандар мен Төле би, Қазыбек би бастаған әр рудың билері, даңқты қолбас­шылары мен батырлары қатысқан. Содан кейін, 1752 жылы үш жүз­дің өкілдерінің жиыны Ұлытауда өткен. Бұл жиын да қазақ халқын шетел басқыншыларынан құтқару мәселесіне арналды. Кешегі қазақ жиындарынан Астанада өткен бүгінгі Саммиттің ауқы­мы әлдеқайда кең. Бұрынғы ұлы жиындар бір ғана қазақ халқы­ның қауіпсіздігіне арналса, Астанада өткен бұл Саммитте бүкіл дүние жүзі халықтарының бейбіт өмір сү­руін қамтамасыз ету мәселесін ақылда­сып шешу жөніндегі ұлы іске қазақ хал­қының басшысы Нұр­сұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев ұйытқы болды. Астана Саммитін өткізу арқылы Назарбаев ЕҚЫҰ-ның әлсірей со­ғып тұрған тамырына қан жүгіртті. Оның жүрегін жалындата соқ­тыр­ды. Бұған қалай қуанбассың, қалай мақтанбассың! Бұл біздің мәңгілік мақтанышымыз ғой! Мұндай ұлы жиынды өткізуші адамға қаншама күш, қуат, қажыр, қайрат, даналық, шешендік, көсем­дік қажет болды десеңші! Сол қа­сиеттер біздің Елбасының бойынан табылды. ХХІ ғасырдың ғажайып оқиғасы осылай өтті Астанада. Осы жерде Президентіміз Нұрсұлтан Назар­баев­қа қарата да сөз айтқым келеді. Саммиттің басынан аяғына дейін біз Сізден көз айырмадық, Нұреке. Жалғыз біз ғана емес, бүкіл дүние жүзінің көзі Сізде болды ғой. Саммитті алғаш ашық деп жария­лағанда, Сіздің қолыңыздағы балға­ны сілтеп қалғаныңыз, кәнігі аукционерлердікі сияқты емес, сәл қола­пайлау шықты. Бірақ, артынан бал­ға сілтеуіңіз сенімді қалыпқа көшті. Ұзақ талқылау-тартыстан кейін декларация қабылданар мәжілісіне келгенде, Сіз сәл жымиғандай бол­дыңыз. Болар-болмас қана. Бұл Сіз­дің Декларация қабылданатынына қуанышыңызды білдіргендей еді. Теледидарға телміріп отырған біз де қуандық. Сіз дауысқа салып, «Қар­сы бар ма? Жоқ! Онда Декларация бірауыздан қабылданды!» деп бал­ға­ны соңғы соққаныңыздан кейін сол езуіңізде білінер-білінбес жы­миыс және пайда болды. Бұл Сіздің жүрегіңізді жарып шыққан зор қуаныштың лебіндей еді. Бірақ, Сіз ол жымиысты езуіңізден тез сырға­натып жіберіп, бұрынғы сабырлы, салмақты қалпыңызға келдіңіз. Халық Сіздің алпыс екі тамы­рыңыздың қалай соққанын қалт жібермей бақылап, Сізге тілектес бо­лып отырды ғой тынбастан. Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.