«Біз осы бір жаһандық қолдау үшін ризамыз. Бұл біздің ғана жеңісіміз емес. Қазақстан – ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететін бірінші ТМД елі, ол тарихи тұрғыда өркениетті ислам кеңістігіне жататын бірінші ел, ең соңында, ол бірінші азиялық ел. Сондықтан, бұл – біздің ортақ жеңісіміз». 2007 жылы Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында ел Тәуелсіздігінің 16 жылдығына арналған салтанатты жиынға жиналған қауымға Елбасы Н. Назарбаев осылай деп сөз арнаған болатын. Мемлекет Көшбасшысының осы бір сөзіне бүгінгі күн биігінен қарасақ, оның мән-маңызы жаңаша тұрғыда ашылып, мойындала түсер еді.
Бұл орайда, елордада желтоқсанның 1-2 күндері жетекші Ұйым Саммиті әлемдік саяси сахна төріндегі қиюы қашып, кетеуі кеткен түйткілдердің тарқатылуына шынайы мүдделілік танытушылыққа, ЕҚЫҰ қызметінің тиімділігін арттыруға ұмтылушылыққа негізделгені анық. Ал ең бастысы, Хельсинки рухынан бастау алған Ұйым қағидаттарының тек бір ғана құрлықтық деңгейден ойысып шығып, дүниежүзілік кеңістік ауанын тегістей қамтуға баршаны жұмылдыру болатын.
Сан түрлі пікірлер мен үнқатысулар тоғысында өткен келелі жиынның қандайлық үдеден шыққандығы жайындағы пікірлер Саммит күндері сол мезетте-ақ шетелдік БАҚ өкілдері жазған дүниелері мен ақпараттары арқылы әлемге тегістей тарап жатты. Түрлі пейіл мен қилы пиғылдағы пікірлердің де орын алғаны жасырын емес. Олардың арасында Қазақстанның батыстық шеңбердегі еуроатлантикалық кеңістікті еуразиялық шеңберге ұластыру бағытындағы ұмтылысына игі ықылас-ниетін таныта білген жандар да болды. Алайда, барша журналистер қауымы мойындайтындай бір мәселе бар. Ол – Астана Саммитінің, соның негізінде қабылданған Астана Декларациясының ең алдымен Ұйым жұмысын ширатуға, оның түрлі қағидаттарға негізделген қызметіне қайтадан қан жүгіртуге ықпал еткендігі. Бізге Саммит кезінде журналистердің бір-екеуімен жүзбе-жүз сөйлесіп, олардың осы төңіректегі ойларын білудің сәті түскен еді.
«Орталық Азияның ең бір беделді мемлекеті – Қазақстанның еңселі елордасында мұндай ауқымды жиынның өтуі – әуелден қалыптасқан қызмет ету тетіктері қалыпты ырғақтан жаңылған, бұрынғы мәртебесіне күдікпен қараушылық орын алған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына соны бір сілкініс жасағанын айтуым керек. Оған Ұйым Саммитінің он бір жыл бойы үнсіз қалғаны әсер еткенін де қосыңыз». Бұл – 2013 жылы төрағалық тізгінін өз қолдарына алатын ел – Украина журналисінің пікірі. Андрей Юриченко Украинаның жетекші теле-радио компаниясының бірінде жаңалықтар қызметінің директоры болып қызмет етеді екен. Журналист 2010 жылғы Қазақстан, 2011 жылғы Литва төрағалығы көптеген түйткілді мәселеде сең қозғалуына түрткі болатынына сенім білдіретінін айтты.
Әрине, әлем елдері басшыларының бір жерде басын қосқан жиындар кезінде оқыс ойлар мен тосын жәйттер орын алып қалатынын ешкім де жоққа шығармас. Алқалы басқосу аясында өзге ел басшылары мен беделді тұлғалардың Саммиттің алдында белгіленгендей 5 жұмыс тілінде сөйлегеніне қарамастан, Украина басшысы В. Януковичтің ресми баяндамасын украин тілінде оқығаны сол бір үрдістің дәлеліндей көрінгені рас. «Президент Януковичтің украин тілінде баяндама жасағаны көпті елең еткізгені анық. Ал жалпы мен кез келген Президент өз елінің тілінде сөйлеуге құқылы деп санаймын, В. Януковичтің украин тілінде сөйлегені – хаттамадағы тәртіпті сақтағаны, хаттамада қалыптасқан қағидатты бұзбағаны. Бір көз жеткізгенім, еліміз басшысының шетелде жүрмесін, Ресейге бармасын, журналистер сауалдарына орыс тілін шебер меңгере тұрып, өзінің ана тілінде жауап беретіндігі», дейді украиналық журналист бізбен әңгімесінде. Біз одан Украина Парламентіне тіл туралы заңға орыс тілін екінші мемлекеттік тіл ретінде енгізу бастамасы, оған қатысты наразылықтар жайы, Украина жерінде орыс тілінің «еркін жүруі», сөз орайы келгенде қазақ жеріндегі тілдік ахуал төңірегінде де пікірін сұрап, ой-пайымын білуге тырыстық. «Менің білуімше, Қазақстанда қазақ тілін білмейтін, я болмаса сол тілде сөйлемейтін қазақтар баршылық. Оның үстіне, өзге тілдерді жақсы меңгерген қазақтар да жетерлік. Алайда, олардың қазақ тілін білмеуі – ойландырарлықтай жағдай. Десек те, бұл Саммит арқылы Қазақстан әлемге өзін жақсы жағынан көрсете білді. Дүние дидары қазақ астанасына бұрылды. Бұл, сөзсіз, айтарлықтай үлкен қадам», дейді ол.
Ал Саммит кезінде дидарласу сәті түскен ендігі бір журналист – Сауд Арабиясындағы Жидда радиосының тілшісі Мұхаммед Юсуп. Қазақ тілінде емін-еркін көсіліп, әлемдік саясат жөніндегі ой-пайымын шешіліп айтатын оны басында қазаққа бір жақындығы бар-ау деп шамалағанымыз рас. Оған журналист болмыс-бітімінің қазақ ұлтына келетіні де әсер еткенін айтқанымыз жөн. Бекер ойламаппыз. Мұхаммед Юсуптың әкесі ұйғыр болғанымен, анасы қазақ екен. Оның айтуынша, қазақы ұлттық салт-дәстүрді жақсы ұстанатын анасы өмір бойы қазақ тіліне деген адалдығынан еш айнымай кетіпті. Бұл орайда, М. Юсуптың өзі қазақтардың ортасында өспегенімен, өз отбасында қазақ тілінде сөйлегенін, бұл осы тілді ұмытпауына көп септігін тигізгенін де айтып өтті. «Менің балаларым үйде қазақша сөйлейді. Жастайынан солай қалыптасуда. Тіл – кез келген ел үшін ең ізгі, қастерлі құндылық. Түркияда түрік болып кеткен қазақтар көп екені белгілі, сол секілді Сауд Арабиясында да араб болып кеткен қазақ ұлтының өкілдері жетіп артылады. Бұл қазақ тілін күнделікті тіршілікте қолданбаудың салдары. Сөйтіп, өздерінің қазақ екендіктерін де ұмытады», дейді ол ішкі ойын жасыра алмай.
Сауд Арабиясы Ұйымға мүше мемлекет емес. Десек те, осы ел өкілінің Саммитке қатысуы ЕҚЫҰ-ның дүние дидарындағы өзгерістерге бей-жай қарамайтынын, түрлі тараптың ішкі мүддесін түсінуге деген ынтасын байқатса керек. Осы орайда, журналист Ұйымға төраға болған Қазақстан туралы да өз байламдарын көкейге қонымды етіп түсіндіруге тырысты. «Бұл Саммит Қазақ елінің әлемге танылуына да түрткі болды. Әрине, азуын айға білеген небір алпауыттардың, ұстанған қағидаттары әр түрлі елдер басшыларының бір тоқтамға келіп, бір пікір маңына тоқайласуы қиынның қиыны. Құжатқа қол қойылмайтын, ешбір мәмілеге келмей тарқасатын жиындар да болады ғой. Алайда, Қазақстан басшысының шебер саясаткерлігі, көшелі ойлау қарым-қабілеті Астана Декларациясының қабылдануына алып келді», дейді Жидда радиосының тілшісі.
Қазақстан келер жылы Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етеді. Ал Сауд Арабиясы осы Ұйым орналасқан ел. Сөз орайы келгенде, журналист 40 жылға жуық тарихы бар Ұйымның мақсаты Ислам елдерінің сан-саладағы ынтымақтастығын нығайтуды көздейтінін, оның Ислам әлемінде белгілі бір рөл атқаратынын атап өтті. «Сауд Арабиясы мен Қазақстан арасында жоғары деңгейдегі түсіністік орнаған. Қазақстан дегенде оның бас қаласы – Астананы айтуымыз қажет. Аз уақыттың ішінде осындай әсем қаланы тұрғызу – үлкен күш-жігерді қажет еткені анық. Екіншіден, Қазақстан өте қонақжай ел. Саммит кезінде ол жан-жақты көрінді. Бір сөзбен айтсақ, Қазақстан Астана Саммитін түрлі қайшылықтарға толы қиындықтарға қарамастан, табысты аяқтады. Ұйымның негізгі құжаты қабылданды», дейді М.Юсуп.
Біз кездескен өзге ел журналистерінің де Қазақстан, оның Ұйымды басқару қарымы, Саммитті өткізу қабілеті туралы қысқаша ойлары осындай. Бұл – Ұйым құжатының қабылдануы қандайлық қиынға соққанын, оған асқан төзімділік қажет екенін тек Саммитке қатысқан ел басшылары ғана емес, журналистердің де сезінгенін көрсетеді.
Шынымен де, Қазақстан төріндегі Саммитің басты құжаты саналатын Астана Декларациясын қабылдау, «мінездері бір-біріне мүлде кереғар келетін» елдерді бір жерге иіп әкелу оңайға түспегенін Мемлекет басшысының өзі айтқаны белгілі.
Жетекші Ұйымға Қазақстанның төрағалығы аяқталуына жарты ай ғана уақыт қалды. Келер жылдан бастап Ұйым тізгіні өзге елдің қолына көшеді. Алайда, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының тарихына, оның ішінде 2010 жыл парағына – Қазақстанның төрағалығы, Астана Саммиті өшпестей жазылары анық.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.
------------------------------------
Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.