• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
21 Желтоқсан, 2010

Бақыт қайда?

650 рет
көрсетілді

Татулығы жарасқан отбасында Тұманды күні «Түрік туризмінің астанасы» атанған Анталья қаласына табан тірегенімізде, майда жаңбыр бүркіп жауып тұрған еді. Құдды, тұманды Альбион – Англияны еске салады. Алайда, қарашаның жел­тоқсанға ұласқан күндерінде гүлдеп тұрған ағаштар, жайқалған олиандра, көкке құлашын жайған пальмалар, Жерорта теңізінен соққан дымқыл леп «Түрік Ривьерасына» қақпа саналатын жұмақ жерге жеткенімізді әйгіледі. АДАМЗАТТЫҢ БӘРІН СҮЙ, БАУЫРЫМ ДЕП Қаланың шығыс бөлігінде жатқан әуе­жайға әлемнің әр шалғайындағы делегат­тар­ды алып ұшқан ұшақтар тәулік бойы кезегімен табан тіреуде. Қазақстандық делегация сияқты олар да Текирова жаға­жа­йында өтетін «Отбасы» атты халықаралық конференцияға асығып келеді. Біздің де ав­тобус теңізді жаға­лап отырып, Белек, Ке­мер сынды турис­тердің көзайымы бол­ған мекендерді артқа тастап, тауларды тесіп салған жерасты жолдары ар­қылы әйгілі «Pixos» қонақүйіне атбасын тіреді. Мұн­да елуден астам елдің өкілдері жи­на­лып жа­тыр. Біздің білуімізше, «Еуразия диа­логы» платформасы ұйытқы болған жиынға келген қонақтардың саны 700-ден асып жы­ғылады. Олардың арасында әр ел­дің бетке ұстар зиялылары, танымал тұл­ғалар, та­лант­ты жазушылар, өнер адам­дары да бар. Ал бізді «ДА» плат­фор­масының Қазақ­стан­дағы үйлестірушісі Салих Акчай мен «ДА Қазақ­стан» жур­налы­ның бас редакторы Мәлік Отарбаев бастап барды. Астаналық делега­цияға бас-көз бо­лып жүрген Салих бейдің қазақшасында мін жоқ болса, ал­ма­тылық­тар­ды жетектеген Мәліктің түрік­шесі түріктердің өзін жаңылдырады. Осылайша қазақстандық делегация да бір қауым ел болдық. ТМД елдерінен келген аға­йындар сол күндері Астанада ЕҚЫҰ Саммиті өтетіндігінен құлағдар болса керек, шын жү­ректен құттықтағандар да табылып жатты. «Молодцы, казахи!», дейді украиндықтар. Жасандылығы жоқ ниеттеріне рахмет! Тіліміз бөлек, түріміз басқа демесеңіз, түрік елінде сан елдің өкілі тоғысса да, өз елімізде жүргендей, өгейсімегеніміз ақи­қат. Бұл да болса, тәуелсіздігімізді тұңғыш бо­лып та­ныған түрік бауырларымыздың жат­сын­баған ықыласының, қазақ қо­нақжай­лы­ғының айнасы. Тәуелсіздікке қол жеткізген 20 жыл­ға тақау уақытта бірін бірі бауырға тар­тып, түгел болуға ұмтылған түркі бала­лары Бәй­дібек баба өсиет еткендей, бүгінде «Бір үйдің баласындай, бір қолдың сала­сын­дай» емес пе?! Азия мен Еуропаны жал­ғап жатқан бұл ел ендігі жерде Қазақстанға терезесі тең ел ретінде қарайды, санасады, сыйластығын да татулыққа суарып отыр. Конференция келер күні басталатын­дықтан, жарты күнімізді көрмеген жердің ой-шұқырын тамашалауға арнадық... Келесі күні таңертең «ДА» платформа­сының алқалы жиыны басталды. Мінберге бірінші болып қазақтың көрнекті ақыны Нұрлан Оразалин көтерілсе, оның да өз жөні бар. Аталмыш ұйымға екі жыл бойы Қазақстан төр­ағалық етті. Осы аралықта не бітті, ауызбір­шілік пен түсіністікке қазақ жұрты не қосты деген сауалға есеп беретін сәт те келіп жеткен. Н.Оразалин алқалы жиынды аша оты­рып, баршаны конференцияның ашылу салтанатымен құттықтады. – Жер планетасы үшін қазір ізгілікке шақырған тың идеялар қажет. Қазақтың ұлы ақыны Абай «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...» дегенді өткен ғасырда-ақ айтқан жоқ па еді! Абайдың ұлы мұраты мен ізгі идеясы бүгінге дейін өміршең­ді­гін жо­ғалтқан жоқ. Жоғалпайды да. Қа­зақта «Отан отбасынан басталады» деген қа­натты сөз бар. Қазір әлемде 7 мил­лиард­қа жуық халық өмір сүріп отыр. Олар – Жер дейтін алып отбасының мүшелері. Ал отбасының тағдыры адамзат баласын қай кезде де бей-жай қалдырмаған. Сондық­тан мұндай диалог бізге керек. Ал «Еуразия диалогы» ұйымының есігі кез келген елге ашық, – деді қазақ ақыны. Расында да осыдан 12 жыл бұрын осы Платформа құрылғанда оның құрамын­да­ғы мүшелер саны 40-қа да жетпеген екен. Грузия президенті Михаил Саа­каш­вилидің анасы да осында екен. Гиули Аласания: «Біздің жеңісіміз де, жеңілісіміз де отбасынан баста­лады», деді. Ол бұл сөзді текке айтпаса керек. Отбасындағы ең жақындарын бақытты етуге ұмтылмаған, кішігірім өз мемле­кеті­нің шаңырағын маздатпаған жаннан өзге­лерге не пайда, өзіне не пайда? Шаңы­рақтың оты маздап, қазаны қайнап жатпаса, балалары таршылық көріп, тәрбие алмаса – кім кінәлі? «БАҚЫТТЫ ОТБАСЫЛАРДЫҢ БӘРІ ҰҚСАС ТА, АЛ БАҚЫТСЫЗ ОТБАСЫ ӨЗІНШЕ БАҚЫТСЫЗ» Мұны айтқан Лев Толстой ғой. Барлық адам бақытты болғысы келеді. Азды-көпті ғұмырдағы Адам-пенденің мұраты да көп емес. Айналып келгенде, бақыт деген – жа­ның мен тәніңнің жартысы болған қа­лау­лыңмен өмір дейтін қас-қағым жолда тату күн кешіп, бала сүю, перзенттеріңе ата-бабалардан қалған тәрбие мен дәс­түр­ді сіңі­ріп, ұрпақ жалғастыру. Қалған мақ­сат пен мүдде, мансап та осы қарапайым ар­ман­дар­дың іргесінен алшақ үй тіге алмайды. Айтқандай, конференция барысында те­рең ойға жетелейтін, қысқа ғана, ды­быссыз сюжет көрсетілген болатын. Шат-ша­дыман от­басы. Өмір тізгінін қолға ал­ған әке жары мен баласының бақытқа бө­ленген сәт­тері­не тамсана қарайды. Кенет ғажайып көрі­ніс кілт бұзылады. Бұл – ойланатын сәт. Бейнекөріністі жасаушы­лар бұл тұсқа көп мағына берген. Әке күтпеген науқастан, әлде жол апатынан ба, тіпті арақ шең­гелін­де ме екен, өмір тізгінінен айырылып қала жаздаған кезде, екі жағынан жары мен ба­ла­сы демеп, бір талқыдан құтқарады. Бар-жоғы минутқа да толмайтын бейне­баянды әрқилы оқуға болады. Бірақ, бір ғана ақиқат, отбасын өмір талқысынан, тағдыр бұралаңдарынан құтқарып қалудың бір ғана жолы бар – ол ынтымағы жарасқан, тату-тәтті тіршілік құру. Қиналғанда жар­тыңа демеу, жаңы­лысқанда жебеу болу. «МЕНІҢ ҮЙІМ – МЕНІҢ ҚАМАЛЫМ» Бұл тәмсілді ағылшындар текке айт­пайды. Осы жиында мемлекеттердің от­ба­сы­на қатыс­ты жүргізген саясатына ғылы­ми сараптама жа­саған ресейлік ғалым, Плат­фор­маның тең төр­ағаларының бірі Ростислав Рыбаковтың баян­да­масы көп ойға қал­дырды. Ол кісі уақыт ты­ғызды­ғын ескере отырып, барынша нақты баяндама жасады. Мемлекеттік идеологиялар ба­сымдылыққа ие бол­ған ХХ ғасыр мен пост-идео­логиялық кеңіс­тікте өмір сүрген КСРО мы­салына сүйене отырып жасаған ғылыми са­рапта­масы қы­зық­ты-ақ. Өткен ғасырдың ба­сын­да нәсілдік артықшылық туралы идеяға әбден бой алдырған фашистік Германия мен сталиндік жүйеге бағынған КСРО-ның да басты ны­са­насы отбасы болған. Алайда, бұл жерде мүд­­де­лер ғана бөлек. Отбасы мәсе­лесімен рейхсфюрер Г.Гиммлердің өзі тікелей ай­на­лыс­қанын айтсақ та жеткілікті. Екі бірдей аспектіні дара бөліп алып, нәсілдік таза­лық пен ер адамдардың – жаһанды келешекте басып алуға септесетін солдат­тар­дың санын көбей­ту жолында барлық қ­а­дам­дарға барған ғой. Рейх­сфюрер бұйры­ғымен май­данға бара жатқан әрбір эсэс­ші­нің үйінде баласы қалуы керек, болма­ған­да әйелінің аяғы ауыр болуы тиіс еді. Егер үйде бала­лары өсіп жатса, онда қаны таза неміс бойжеткеніне де көз қырын салуға болады. Қыс­қасы, әрбір неміс аза­маты жоқ дегенде 4-6 ұлды дүниеге әкел­діруге тиісті!.. Мұның астарында қандай пи­ғыл жат­қанын тарих та, екінші дүние­жүзілік со­ғыстың тақ­сіретін тартқандар да біледі... Рыбаков КСРО-ның отбасылық сая­сатын да жаба-бүркемелеген жоқ. КСРО-ның құлағанына көп бола қоймаған­дық­тан, ажырасу, партия мүшелерінің неке бұ­зу, түсік жасатқызу, шетелдіктерге үй­лену, та­ғы­сын тағыларды кеңестік режім маң­да­йынан сипай қоймағанын ересек буын біледі. Ал халқы миллиардтан әлдеқайда асып жығылған Қытай, Үндістан сияқты елдер отбасылық істерге тікелей араласып, енді соның кері салдарына ұрына бастағаны­нан да көзі ашық ел құлағдар. Қазіргі Ресейде белең алып жатқан жағ­дайлардың мысалынан да көп сабақ алу­ға болады. Гомосексуализм мен жезөкшелікті ең бол­мағанда БАҚ арқылы заң­дасты­рып алған Ресейде жартылай от­ба­сылар жеткілікті, түсінікті тілмен айтқанда ба­ла­лар­дың 30 па­йызы әкесіз өсіп келеді. Осындай жағ­дайда қандай па­йымдарға баруы­мыз қажет? Мемлекеттік саясат, ата-баба дәстүрі, дін мен діл қан­дай рөл атқара алады? Ал Ресей ға­лымы мұны үш бө­лікте қарас­тыр­ды. Оның ойын­ша, діни идеология дәс­түрлерді берік ұс­тан­ған жо­ға­ры ­мо­раль­ді адамды қа­лыптастыруға ұм­ты­лады. Мемлекеттік идеология мемлекетке қа­жет­ті адамды, ал пост-идеоло­гия­лық қо­ғам табысты адамды тәрбиелеуге күш салады. Рыбаковтың: «Бо­лашақ» туралы 70 жыл айтып келдік. Ал «болашақ» біздің жаны­мызда жүрді. Болашақ – балалар бақша­сына барады, мектепке барады. Ол – бала, ол – студент. Біз осыны ұмыттық. Бұрын балаға ылғи да ересек көзбен қарадық. Ал енді балаға баланың көзімен қарап көрейік», деген сөзінің жаны бар. Бірнеше күнге созылған толассыз пікірлер айдынында айтылған түрлі ойлар мен пайымдар жеткілікті-ақ болды. Елді елең­дет­кен баяндамалардың бірі – Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық универси­теті­нің философия және саясаттану фа­куль­тетінің жал­пы және этностық психология кафедра­сы­ның доценті Майра Қабақованыкі бол­ды. Бала тәрбиелеудегі қазақ от­басының ерекшеліктері, бесікке салу, жеті атаға дейін қыз алыс­пау, ұлттық салт пен сана төңірегіндегі ұс­та­ным­дар, әсіресе, Еуропадан келген қаты­су­шы­лар­дың үлкен қызы­ғу­шылығын туды­рып, үзіліс барысында да осы талқыға түсіп жатты. Мына қызықты қараңыз, біздің білгеніміз Түркияда келін тәрбиелейтін, қандай күйеу бала болу керектігін үйрететін институттар бар болып шықты. Болашақ жар, келешек күйеу бала осы институтты бітіргені туралы куәлік алуы тиіс екен. «ҚОЗДАҒЫ ШОҚ» НЕМЕСЕ ҚАЗАҚ АҚЫНЫНЫҢ КІТАБЫ ТҮРКИЯДА ТҰСАУЫН КЕСТІ Конференцияның екінші күні ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұрлан Ора­залиннің «Қоздағы шоқ», яғни түрік тіліне тәржімеленген «YANIK YUREK» кі­та­бының тұ­саукесерімен қорытынды­лан­ды. Қазақ ақы­нының лирикалық жыр­ларын Мән­шүк Бас­қанбаева мен белгілі аудар­ма­шы-қалам­гер Мәлік Отарбаев нәші­не келтіріп аударған. Қазақстаннан барған қауымның мерейін кезекті рет тасытып кеткен тұсауке­сер­ді Әзір­бай­жанның талантты жазушы­сы, осы ел Жазу­шылар одағының төраға­сы Анар Рза жүр­­гізіп отырды. Емен-жарқын жағ­дай­да өт­кен шарада көрнекті ақынның шы­ғар­машы­лығы, азамат­тығы жайлы сөзді өзге­лердің ау­зы­нан естіп, риза­шылыққа бөлен­дік. Тәжік­стан Жазу­шы­лар одағының төр­аға­сы Мехмон Бахти, Молдова Жазу­шылар одағының төр­аға­сы Борис Мариан, Еуразия Жазушылар ода­­ғының жетекшісі Якуб Де­лиомароғлы, Ук­раинаның танымал ақы­ны Иван Драч, Қыр­ғыздың белгілі драматургі, Президент кеңес­шісі Сұлтан Раев, қазақ­тың танымал ақын қызы Ақұштап Бақ­тыгерее­ва қалам­дастары туралы жылы сөздерін, жү­рек­­жар­ды пікірлерін ортаға салып, шара­ның салтанаты мен мәнін асырды. «ӘЛЕМ ҮЛКЕН АУЫЛҒА АЙНАЛДЫ» Мына қызықты қараңыз, бір бірінің ау­зы­на түкіріп қойғандай, Еуразия интел­лек­туал­дарының басқосуында «Әлем кішкентай ауылға айналды» деген сөздің жиі қайта­лан­ға­нын байқадық. Қазір бала тәр­биесінде орыс­­тың да, түрік пен қазақтың да басын қаты­ра­тын мәселелер бөлек еместігі көрінеді. «Әлемге өз балаларымыздың көзімен қарайықшы, қалағанын беріп, дұрыс жол сілтеп, болашағымызды дұрыс тәрбиелеп жатырмыз ба?» деді сөз алғандар. Мына дүниенің құлағы «жақсы сөз­дерден» тұнып бітті, деседі Еуразия зия­лылары. Айт­қандай, конференцияның қо­ры­тынды күнінде Анар Рза мектеп оқу­лық­тарындағы тарихи тұстарды, халық­тар­дың бір-біріне өшпенділігін туғызатын деректерді безбенге тартып, қай­та қарау керек деген пікірін ор­таға салды. «Қазір әлем кі­шірейді», деген сөзді кезекті рет алға тартқан түркиялық профессор Нажи Бос­­­­танжының: – Мен кішкентай ғана ауыл­да өмір сүрген едім. Ал ауыл тау­дың ортасында ор­на­ласқан болатын. Ма­ған сол сәт­тер­де біздің ауыл­дың сыр­­тындағы әлем мүлде бөлек кө­рі­нетін. Ауылдағы көрініс пен таудың ар жағындағы өмір бір-біріне ұқса­май­тын шығар деп ой­лайтынмын. Қазір қоғам мүлде өз­гер­ді. Бар дүние арала­сып кетті. Дү­ние кішірейген сайын, са­намыздағы дүние­лер де өзгере бас­та­ды. Оны жақ­сы­лық­қа бұрудың бір ғана жолы бар. Ол үшін адамдар бір-біріне құшақ жаюы қажет. Адамзатқа тән дүниенің бәрі маған да жат емес деген түсі­нікті қалып­тас­тыру керек. Жалпы, интелли­ген­цияға, зиялы­ларға, ұлттың бас көтерер аза­маттарына жүк­телетін бір аман­ат бар, ол мүмкін болса, қай­шылықты болдырмау. Өйткені, өмірде проблема аз емес. Бұл мәселелердің барлығын бір ниетте, бір пікірде болғанда ғана шеше аламыз. Ісіміз де, қызметіміз де бірге болғанда шеше аламыз, – деген пікірі қонымды естілді. Тоғызыншы басқосу толымды болға­нын жоққа шығармау қажет. Харун Токак айтқандай, ізгілікті мұрат тұтқан мәселе­лер осы жерде шешіледі. – Екі жыл ішінде Нұрлан Оразалин бас­таған Платформаның жер-жерлердегі үй­лестірушілері жақсы жұмыс істеді. Осы істе жұмысты жақсы білетін адамдар қа­лыптас­ты. Өткен 12 жылдың ішінде енді бір-бірі­мізге тосырқамай қарайтын бол­дық. Әуелде бұл бастамамыз қалай болар екен деп кү­мән­данушы едік. Оның со­ңы, міне, достық­қа ұла­суда. Шәй ішкен жер­де, бас қосқан орында келелі сұхбат­тар өріліп жатыр. Кі­тапты та­ныту дейміз бе, көрме ұйым­дас­тыру болсын, мұның бәрі жүзеге асырылып жат­ты. Шыңғыс Айт­ма­тов­тың идеясымен жүзеге асқан Плат­форма шын мәнінде интеллек­туалдардың визиттік кар­­точкасына айнал­ды, – деді түрік жазушы­сы. – Әр адам бір ағаш деп есептейтін болсақ, онда мұнда жиналған 700-ден астам адам үлкен орманға айналды. Орман кір ауаны жұтып, таза ауа шығарады... МӘСЕЛЕ МЕРЕКЕГЕ ҰЛАСТЫ. ТӨРАҒАЛЫҚ УКРАИНАҒА ӨТТІ Қалай десек те, замана ахуалы отбасы құн­­дылықтарының құнын төмендеткені ақи­­қат. Ажырасу, некесіз бала табу күнә бо­лудан қалған. Бірақ, ол әр елде бір түрлі сипатта кө­рініс тауып отыр. Жезөкшелік пен бір­жы­нысты қатынастарды да ақтап алып отырған елдер бар. Мұның соңы жақ­сылыққа жеткізбейтінін зиялы қауым біледі. Қоғамды жөнге шақыратын да, бұзатын да ұлт интеллек­туалдары екені әлмисақтан белгілі. Сондықтан да Текирова жағажайында өткен алқалы жиында айтылған ой-пікір­лер жеткілікті болды. Біздің мұра­тымыз – мұны тізбектеп шығу емес, ізгілікке ұм­тылған халықтарымызды ортаға салынған ортақ проблемалардан хабардар ету. Конференция барысында қатысушы­лар­ға ерекше әсер еткен сәттің бірі Халықаралық «ТҮРКСОЙ» камералық жастар оркестрінің концерті болды. Мә­дениет пен әдебиет сын­ды, музыканың да адамдарды жақын­дас­тыра ала­тын құдіреті бар емес пе? Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасе­йіновтің камералық жастар оркестрін құру туралы бастамасына Түркия, Қазақстан, Қыр­ғыз­стан, Татарстан, Өзбекстан, Әзір­бай­жан, Баш­құртстан елдерінің ұлттық консер­ватория­лары тікелей ықпал етіп, осы­лайша түркі әле­мінің талантты жас­тарынан құрал­ған тамаша ұжым туған. Ал біздің Шәміл Әбілтаевтай күйшіге қол соққандар да аз емес еді. «ДА» Платформасының кеңейтілген мәжі­лісі аясында мұнан өзге де есте қаларлық сәт­тер аз болмады. Қазақ пен грузин, украин хал­­қы ұйымдастырған көр­мелер конферен­цияның салмағын арт­тырып, мәнін байытып тұрды. Конференцияның соңғы күнінде бұ­рын­ғы төрағаға айналып шыға келген Нұрлан Оразалин екі жыл аясындағы атқарылған тірліктерге, то­лымды шаралар мен ілкімді істерге есеп берді. Шынында да «ДА» құлашын жайып келеді. Платформаға көпшілік дауыспен Эс­тония мүшелікке қабылданды. Мәжіліс со­ңы жаңа төраға сайлауға ұласты. Плат­фор­маның Қа­зақ­стандағы ұлттық коми­теті­нің төрағасы Ға­ри­фолла Есім Украинаның белгілі қай­раткері Владимир Сергейчукті төр­аға­лыққа ұсынаты­нын мәлімдеген. Қа­зақ­тар­дың ұсынысын акаде­мик Р.Рыбаков та қол­дай кетті. Ұсыныс ашық дауысқа са­лын­ғанда, қырымдықтар ға­на қырын тарт­қаны болмаса, көпшілік Сергейчукті таң­дады. Айнаш ЕСАЛИ. Алматы – Ыстамбұл – Анталья – Ыстамбұл –Алматы.