Осы бір өмір атты соны сапарда адам өз соқпағын өзі сомдайды. Бұл соқпақтың салиқалы да сындарлы болуы адамның бойындағы қажыр-қайратына, ерік-жігеріне байланысты. Ел үшін атқарылған ерен еңбек те адамның сол ғұмырнамасының мәнді де маңызды болуының берік тұғыры болса керек. Бүкіл саналы ғұмырын туған жерінің гүлденуі мен төл халқының игілігіне арнаған ардақты азамат, білікті маман белгілі геолог Сухан Мақсұтұлы Камаловтың ғұмырнамасы да осындай қарымды қасиеттермен ерекшеленеді.
Таңдауынан таймайтын тарландарға пара-пар еңбек жолын сомдаған Суханов Мақсұтұлының ғұмырдәйегі де сонау бір өрімдей жас шағында қалаған мамандығымен қанаттаса өрілген. Ол Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданына қарасты шалғайдағы Асан-Құдық ауылында дүниеге келді. Тағдыр талайымы оған жастайынан тек өз күшіне ғана сену міндетін мойнына артты.
Сухан Мақсұтұлы мектеп қабырғасынан шыққан сонау бір өткен ғасырдың елуінші жылдарында ел ішінде әрі таңсық, әрі қол жетпейтіндей беделді мамандықтың бірі де бірегейі – жер қойнауларындағы қазынаны зерттейтін геолог мамандығы еді. Бақ қонған, құт дарыған туған өлкесінің қойнауындағы табиғи қазына байлықты игеруге деген құштарлық оған бірден осы мамандықты таңдауға итермеледі. Сол арман жетегімен ол Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдап, геологиялық партия құрамында коллектор ретінде алғашқы еңбек жолын бастады.
Білікті де білімді маман алпысыншы жылдардың ортасында Қазақстан Республикасы Геология министрлігінің бас геологы қызметіне тағайындалды. Бұл болашақ білгір маман, еліміздің белді де беделді геологының салиқалы еңбек және өмір жолының маңызды бастауы болды. Одан кейінгі жылдарда Сухан Мақсұтұлы Қазақстанның Геология және қазба байлықтарын қорғау жөніндегі комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметін де атқарды. Алайда туған өлкесінің құнарлы топырағының қыртыстарында ел берекесін еселейтін мол байлық тұнып жатқанын жүрегімен сезінген Суханов Мақсұтұлының бар арманы Орал өңірінің жер қойнауын зерттеу еді. 70-ші жылдардың ортасынан бастап ол осы мақсат жолына бірден бет бұрды. Орал өңірінің төрт құбыласын түгел шарлап, туған топырағының қыртыстарын зерттеді. Өңірдің бас геологы, одан кейін Орал мұнай-газ барлау экспедициясының бастығы қызметтерін атқара жүріп, ойға алған бағдарларына жету үшін аянбай ізденісті жұмыс жүргізді. «Орал мұнай-газ геологиясы» өндірістік бірлестігінің бас директоры қызметін атқарған кезінде де өңірдің қазба байлығы кен орындарын ашуға мұрындық болды.
Сухан Камалов еліміздің экономикасын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан батыс өңірдегі көптеген кен орындарын ортақ игілікке жаратты. Оның ең басты еңбегі, өміріне өшпес із қалдырған елеулі табысы – Қарашығанақ кен орнын ашуы еді. Алғаш рет Суханов Мақсұтұлының қолымен картаға белгі салынып, осы жерде мол байлық қордаланғанын жария еткен еді. Ақыры Қарашығанақ кен орнында еліміздің тәуелсіздігінің тұғырына айналған көмірқышқыл сутегінің мол қоры ашылды.
Сухан Мақсұтұлының бойындағы табандылық қасиеті сонау бір Кеңес өкіметі ыдырап, өтпелі кезең өкпеден қысқан өлара кезеңде ерекше танылды. Сала басшылығы оның бойындағы осындай табиғи қасиеттердің күрделі кезеңде тірек болатынын ескеріп, «Қарашығанақгазөнеркәсібі» басқармасына басшы қызметке тағайындады. Ол экономикалық байланыстар үзіліп, жағдай күрделенген сол бір тұста өндірістің тоқырауына жол бермей дамудың жаңа бір ілкімді жолдарын таба білді. Ел экономикасының ертеңгі даму болашағының стратегиялық бағдарларын сол бір күрделі кезеңнің өзінде-ақ таймай таныған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қарашығанаққа келіп бұл кен орнының болашақ дамуына жарқын жол ашты. Елбасы ғасырдың аса ауқымды жобасы атанған осы ірі кен орнын игеруге шетел инвесторларын тарту жөнінде тарихи шешім қабылдады.
Одан кейінгі жылдарда Сухан Мақсұтұлына енді ғана ірге көтерген «Газжобалау» ғылыми-зерттеу институтын қалыптастырып, басқару міндеті жүктелді. «Газжобалау» институтының бастамасымен «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясының қаржылай қолдауының нәтижесінде Оралда мұз айдынды спорт сарайы, Қазақ драма театры салынып, өңірде көптеген мектептердің, ауруханалардың және емханалардың заманауи нысандары бой көтерді.
Сухан Камалов еліміздегі белгілі ғалым, танымал ұйымдастырушы, ірі шаруашылық жетекшісі ретінде де кеңінен танымал. Оның білімі мен беделінің арқасында «Газжобалау» институты өңірдегі ең алғаш рет ИСО-9001 сапа менеджменті сертификатын иеленген мекемелердің бірі де бірегейі болды. Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің айтуынша, Сухан Камалов - еліміздің мұнай және газ саласын өркендетуге ерен қолтаңба қалдырумен қатар, бүгінде бұл саланы өркендетуге өзіндік үлестерін қосып жүрген мұнайшылардың бүтін бір буынын тәрбиелеп өсірген тәлімгер.
Иә, еңбегімен еліне елеулі, халқына қалаулы атанған ардақты азамат туған өңірінің көркеюі мен гүлденуі жолында тынымсыз еңбек етті, ерекше қажыр танытты. Халқы да адал ұлдың еңбегі мен қызметін ерекше жоғары бағалап, үнемі құрмет көрсетеді. Үстіміздегі жылдың күзінде Орал қаласында еліміздің тарихында алғаш рет геологтар мен мұнайшылардың Даңқ аллеясы ашылды. Даңқ аллеясына салтанат беріп тұрған төрт барельефтің бірінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Инженерлік академияның академигі, белгілі геолог Сухан Мақсұтұлы Камаловтың бейнесі сомдалған. Ел игілігі үшін атқарылған қажырлы еңбек ескерусіз қалмақ емес. Мұнай-газ саласының білгір ғалымы, белгілі геолог Сухан Мақсұтұлының осындай еңбегін еліміз ерекше бағалады. Оның мерейге толы кең кеудесінде жарқыраған Октябрь революциясы, «Құрмет Белгісі», «Парасат», «ІІ дәрежелі Барыс» ордендері және бірқатар медальдары соның айқын айғағы болса керек.
«Әке көрген оқ жонар» дегендей өнегелі отбасынан ұлағат алған Сухан Мақсұтұлының екі ұл, бір қызы да әке жолын жалғастырып, еліміздің ертеңі өрісті мұнай-газ саласында білікті мамандар ретінде еңбек етуде. Ізіңді жалғастырар ұрпағың болса, өмірде орындалған үлкен арман айғағы болса керек. Мәуелі бәйтеректей Сухан Мақсұтұлының өнегесі дарыған ақар-шақар әулеттің болашағы баянды болғай.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.