«Егемен Қазақстан» газетінің 29 қарашадағы санында жарық көрген Ілия Жақановтың «Өр Алтай, асқар Алтай, асқан Алтай» атты эссе-элегиясын ықыласпен оқып шықтым.
Автор қазақтың күміс көмей әншісі Жамал Омарованың 1943 жылы Алтай өңіріне, оның ішінде Күршім, Зайсан, Тарбағатай, Марқакөл аудандарына жасаған гастрольдік сапары, одан алған әсері, көңіл-күйі, тебіренісі мен толқынысы, ең соңында ән сапарының нәтижесінде «Алтай» әнінің тууы, әншінің Брусиловскийге ән жаздыруы, оны жұрттың жылы құшақпен қабыл алуы жайлы, ән мен әнші тағдыры туралы тебірене жазған.
Ардағым Алтай, даламның асқан төрі екен,
Таудың да тарлан таланттысы екен, сері екен.
Тау емес, мынау кілең бір алтын баспалдақ,
Алланың өзі аспаннан түсер жері екен, – деп Ғафу Қайырбеков ағамыз жырлағандай, расында бұл Алтайға сүйсінбеген, тебіренбеген жан жоқ шығар. Өр Алтайдың, асқар Алтайдың, асқан Алтайдың Алаштың аяулы әншісі атанған Жамал Омарова апаймызды ғана емес, талай қазақтың жан дүниесін тербегенін білеміз. Алтай бізге сонысымен қымбат, сонысымен ыстық.
Шығыс жұрты осынау бар қазақтың жүрегіне жылулық ұялатқан әйгілі әннің тууына біздің өңір табиғатының, Алтайдың әсер еткенін, себепкер болғанын мақтаныш етеміз. Шығыс жұрты осындай ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан тамаша әнді шырқағаны үшін Жамал Омароваға әрқашан қарыздар. Жалпы, ол кісінің өнерін ардақтау Шығыс өңірінің ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінде де қолға алынса артық болмайды. Біз аяулы әншінің есімін ел жадында жаңғырту мақсатында облысымызда бірнеше іс-шараларды қолға алуды жоспарлап отырмыз. Мәселен, осы уақытқа дейін Жамал Омарованың жеке портреті болмағанына байланысты кәсіби суретшіге әншінің бейнесін салдырып, Кенді Алтайдың орталығы Өскемен қаласындағы бір көшеге ол кісінің есімін беріп, шаһардағы жаңадан салынған немесе келешекте салынатын мектептерінің бірін бұлбұл әнші атымен атап, сол жерге ескерткішін орнату ойымызда бар. Сонымен қатар, «Өр Алтай, асқар Алтай, асқан Алтайда...» деген атаумен Қазақ радиосының алтын қорында сақталған Ж.Омарова әндерінің дискін шығарып, әнші жырлап өткен Алтай өңірінің бүгінгі ұрпақтары арасында әншінің және «Алтай» әні авторларының шығармашылығы мен өмір тарихын дәріптеу мақсатында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырып, эссенің авторы І.Жақановты елге шақырып, өңірдің жоғары оқу орындарының студенттерімен, мектеп оқушыларымен кездесулер өткізуді көздеп отырмыз. «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған бұл мақала сол жоспарларымызды жұртпен бөлісудің сәтін тудырып тұрған секілді. Сол үшін, мақаланы жазған композитор Ілия Жақанов ағамызға және осындай мәнді де мазмұнды дүниені жариялағаны үшін газет редакциясына барлық шығысқазақстандықтардың атынан алғысымды білдіремін.
Бердібек САПАРБАЕВ, Шығыс Қазақстан облысының әкімі.