• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
22 Желтоқсан, 2010

Ақынды ажал жеңбейді

464 рет
көрсетілді

«... Оның жырлары жат­тауға жеңіл емес еді, бірақ бүкіл халық ең болмаса бір өлеңін жатқа біледі. Оның жырлары әнге арнал­маған болатын, бірақ еліміздегі бүкіл ұлт пен ұлыс­тар оның қа­ла­мынан шыққан «Менің Қазақ­станымды» оң қол­дарын жүре­гіне басып, тік тұрып шырқайды. Кеше осы әнмен Желтоқсан кө­терілісіне шыққан, бүгін де, ер­тең де осы әнмен келешекке қа­дам басады. Ақын бақыты деген осы», деді Жұмекен Нәжіме­денов­тің 75 жылдығына арналған кеш­те ақын Ұлықбек Есдәулет. «Сен әдебиетке екінің бірі бо­лып келген жоқсың, құбылыс бо­лып келдің» деп Қадыр Мыр­за­лиев айтқандай, поэзия әлеміне құ­былыс болып келген Жұмекен­дей арда ақынның биыл айы оңы­нан туған жыл. Ақын Мемлекеттік сыйлыққа ие болып, жыр­ла­рына жұрты жауһар тақты.  Міне, 75 жылдығы да лайықты дәре­же­де аталынып өтуде. Осы сөзі­міз­дің бір айғағындай, кеше Қазақ­тың мемлекеттік М.Әуезов атын­дағы  академиялық драма теа­т­рын­­да Жұмекен Нәжімеденовтің ме­рейтойлық кеші өтті. Жыр сү­йер қауымды арқалантып кеткен жиын­ға жастар, зиялы қауым өкілдері қатысты. Шығармашылық кешті Қазақ­стан Жазушылар одағының төр­аға­сы Нұрлан Оразалин ашты. Ал мә­де­ниеттің ордасы болған ал­ма­ты­лықтардың жүрек­жар­ды тілегін қала әкі­мінің орынбасары Серік Сейдуманов жеткізді. Ақынның мерей­то­йы­на арналған мә­йек­ті ой ақын Ұлық­бек Ес­дәулеттің  «Жы­ры жұм­бақ Жұмекен» дейтін баяндамасы бол­ғаны ақи­қат. Ақынның бүкіл болмысына те­рең­деп, сөз маржанын теріп, жи­налған халық­ты ойға бөлеп өткен сөз соңы Жұмекеннің жыр­ла­ры­на ұласты. Жұрт­шылық ақын сөзіне жа­зылған, бұрын ай­тыл­маған жа­ңа әндермен қауыш­ты. «Сарын» фольклорлық ан­самблінің сүйе­мел­деуімен әнші­лер Сара Ты­ныш­тығұлова, Сәуле Жанпейісова, Ар­дақ Исатаева, Марта Төлеп­берге­нова кештің сә­нін келтірді. – Егер ағамыз арамызда жүр­се, тұлпар мінер еді, сол тұл­пар­ды от­басы мінсін, – деген тілекпен сах­наға шыққан Батыс Қа­зақ­стан об­лы­сы әкімінің орынбасары Серік Сүлейменнің ақынның жа­ры Нәсіп апамызға қошемет көрсеткені де жарасты болды. Бұл тойдан Атырау облысы да қалыс қалмады. Өзі айтқандай, Жұмекенмен «жү­­­гіріп жүргенде» жолдас бол­ған ақын Тұманбай Молдағалиев та жүрекжарды сөзін жыр шу­ма­ғы­мен  жалғастырды. Ақынның то­­­йы­на Шымкенттен қазақтың қос ақын қызы Әселхан Қалы­бе­ко­ва мен Ханбибі Есенғарақызы да  жеткен екен. Олар да жылы лебіз білдірген. Шәміл Әбілтаевтың ша­бытты күйінен кейін сахнаға ақын­ның жа­ры көтеріліп, халық­қа, жиналған жұрт­қа шынайы ықыласын білдірді. Биыл еліміз үшін де, біз үшін де жақсы жыл болды. Көп­тен күткен қуаныш келіп жетті. Оқыр­ман Жұ­ме­кенді жақсы көре­тінін дәлелдеді. Республиканың әр түк­пі­рінен  тани­тын да, таны­майтын да адамдардың құттық­таулары келіп жатыр, дей келіп, Нәсіп апамыз одан әрі поэ­зияны құрметтегені үшін жи­налған жұртқа рахмет айтты. Айнаш ЕСАЛИ. _______________ Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ. Алматы.