• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
22 Желтоқсан, 2010

Көне қолжазбалар ислам өркениеті үшін көздің ағы мен қарасындай құнды

768 рет
көрсетілді

Жаһандық кеңістікте Қазақстанды кезекті жауапты іс күтіп тұр. Мемлекетіміз алдағы жылдың жазынан бастап Ислам Конференциясы Ұйымының тізгінін ұстап, төрағалық етеді. Төраға болу төрде отыру дегенді ғана білдірмейтінін көрдік. Төрағаға артылатын жүктің салмағы ауыр, жауапкершілігі жоғары, міндеті де көп екенін еліміздің ЕҚЫҰ-ға жетекшілігі дәйектеп берді. Ендеше ислам әлеміндегі ең беделді ұйымның тізгінін ұстар тұста еліміз тағы да бір ілкімді бастамаға жол бастады. Кеше Алматыда алғашқы Мұсылман қолжазбалары мен артефактілерін жинақ­тау, сақ­­тау және қалпына келтіру жөніндегі маман­дар­­дың ай­мақ­тық кездесуі бо­лып өтті. Ра­сында да мұн­дай басқосу тұңғыш рет өт­кі­зіліп отырған жайы бар. Осы мә­се­леге қа­тыс­ты Орталық Азия­ның ма­ман­да­ры қазақ жерінде тоқайласып, қор­да­лан­­ған мә­се­лелерді ортаға салды. Бұл бастамаға ҚР Білім жә­не ғылым министрлігінің   Р.­Сү­лей­ме­нов атындағы Шы­ғыс­тану инс­титуты, Білім беру, ғылым және мәдениет мә­селелері жө­нін­дегі ислам ұйы­мы (ISESKO), ҚР Ұлттық кітапханасы және Қа­зақстан Республикасының ЮНЕСКО мен ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы ұйытқы болды. Егер еліміз бүкіл Орталық Азия елдері секілді ғасырлар бойы ислам өркениетінің қа­лып­тасуы мен дамуына қо­мақ­ты үлес қосып келеді десек, оған дәйек болар дү­ние­лер жеткілікті. Біздің сөзі­міз­ге араб жазуымен жазылған, қо­мақты мөлшерде мемлекеттік қорлар мен жеке қорларда сақталған аса құнды қол­жаз­ба­лар да кепіл бола алады. Қа­зақ, шағатай, түрік, араб жә­не парсы тілдерінде жа­зыл­ған қолжазба жәдігерлерде Ор­талық Азияның тарихы мен мәдениетіне қатысты аса құн­ды мағлұматтар келтірілген. Қазақстан тәуелсіздік ал­ған­нан кейін ислам ескерт­кіш­терін анықтау, зерттеу, са­нақ­қа алу және насихаттау сын­ды жұмыстар жандана түс­ті. Осыған орай, ғылыми жә­не практикалық мәні бар өзек­ті мәселелер туындап, ол тікелей ұлттық кадрларды да­йын­дайтын мұсылман қол­жаз­­баларының жалпыұлттық ортақ қорын, яғни Қа­зақ­стан­да­ғы орталықты құруға да қа­тысты болды. Осынау кездесуді өткізу­де­гі мақсат – мұсылман қолжаз­ба­ларын зерттеу жөнінде тә­жі­рибе алмасу, қазақстандық және маманданған мекемелер арасындағы әріптестік аясын кеңейтуді көздейді. Сонымен мұсылман қол­жаз­балары бойынша Орталық Азия­ның палеография мен кодикология саласының маман­да­рын, еліміздегі ғылыми-зерт­теу инсти­тут­тарының, ар­хивтерінің, кітап­ха­налары мен музейлерінің жетекші де­рек­танушы мамандары мен са­рапшыларын тоғыстырған аймақтық кездесуде маңызды мә­селелер талқыға түсті. Егер қандай да бір ха­лық­ара­лық ұйым аясында эко­но­мика мен саяси мүдделерге қа­тысты ымыраға келу оңайға түс­пегенімен, дәл осы мә­се­ле­де, мұсылман қауымның ор­тақ игілігіне айналған көне қол­жазбаларды көздің қара­шы­ғындай сақтауда алауыз­дық болмайтыны аян еді. Кездесу қабылдаушы Қа­зақ­стан тарапынан құттықтау сөз, жылы лебіздерден бастау алды. Осыдан кейін жинал­ған­дар бірден іске көшті. Сес­сияларды Р.Сүлейменов атын­дағы Шы­ғыстану институ­ты­ның ди­рек­торы, профессор Меруерт Әбу­сейітова жүр­гі­зіп отырды. Алдымен ақпаратқа қол жет­кізу, мәдениет пен білім беруді еркін бағдарламамен қам­тамасыз ету мәселесіне байланысты еліміздегі «Коммуникация және ақпарат» бағ­дарламасының ұлттық ма­ма­ны С.Карпов сөз алды. Егер қолжазба мұрасын пай­далану және оларды жи­нақ­тау, тізімге алу мен сақ­тау­да өзекті мәселелер туындап жат­са, оны Ұлттық кітапхана мамандары бес саусағындай біледі. Өйткені, еліміздегі ең бай, орталықтандырылған кітапханада сирек қолжазбалар бөлімі бар. Және мұндай талай құнды қолжазбалар жыл өткен сайын күтім сұрап тұрғаны белгілі. Бұл туралы Ұлттық кітапхана директо­ры­ның орынбасары З.Шаймарданова баяндады. Сөз кезегі тигенде Тәжік­стан­дағы А.Дониш атындағы Жаз­баша мұра және шығыс­та­ну институтының Қолжаз­ба­ларды сақтау және ка­та­лог­қа енгізу бөлімінің мең­ге­рушісі Қ.Елчібеков қолжазба жәдігерлерді сақ­тау мен өң­деу­ге қатысты өз тә­жіри­бе­лерімен бөлісті. Көне артефактілерді қайта қалпына келтіруде артық қы­ла­мын деп, тыртық етіп жат­қан жағдай көрші Қырғыз елін­де де бар болып шықты. Мәселен, Орталық Азиядағы ең көне мұнаралардың бір­қа­тары осы елде. Бес ғасырға жу­ық сақталған сәулет өне­рі­нің сирек үлгілерін реставрациялау барысында қа­те­лік­тер­ге жол беріліп отырғаны айтылды. Солақай шешімдер осы­нау көне ғимараттардың келбетін ғана өзгертіп қой­май, көне жазбаларға да нұқ­сан келтірген. Мысалы, қал­пы­на келтіру барысында Манас күмбезінің қас бетіндегі кө­не жазулар көп өзгеріске ұшы­раған. Жалпы мұндай өкі­­нішті жәйттердің орын ала­­тынын өзге елдер де жоққа шығара алмас. Дегенмен Қыр­ғызстандағы Тарих және мәдени мұра институты, археология секторының мең­ге­ру­шісі Қ.Ташбаева көне қол­жаз­ба­ларды жинақтау мен сақ­тау­ға, насихаттауға қатысты талай тірліктер атқарылғанын нақты мысалдармен баяндап өтті. Мәдени мұраны сақтау туралы Қазақстан мен ИСЕСКО арасындағы ынты­мақ­тас­тық туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің кеңесшісі Жанат Зәкиева баяндады. Осы ара­да айта кету керек, ИСЕСКО Ислам Конференциясы Ұй­ы­мының құрылымдық бө­лім­шесі болып табылады. Зәкиева ханым ИКҰ Бас хатшысы Экмеледдин Ихсан­оглу­дың ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитінде айтылған: «Ислам Конференциясы Ұйымы 1998 жылдан бастап ал­ғаш­қылар қа­тарында өркениеттер үнқа­ты­суы тұжырым­да­ма­сы­мен жүр­ді» деген сөзін еске салып өтті. Ақиқатында ал­да­ғы үш жылда Ұйымның негізгі басым бағыты Еуропадағы ан­тиисламдық нау­қандарды қа­перге ала отырып, әлемдік өр­кениеттің дамуына үлесін қос­қан және қосып та жатқан ис­лам мәдениеті мен өрке­ние­тінің ең үздік та­быс­тарын тарату мен дамыту болып та­былмақ. ҚР Сыртқы істер ми­нис­тр­лігінің өкілі 2011 жылы Қа­зақ­станның аталмыш Ұйым­ның Сыртқы істер ми­нис­тр­ле­рінің кеңесіне төрағалығы ИКҰ-ның халықаралық сах­на­дағы беделін көтеруге ай­тар­лықтай ықпал етуге тиіс де­генді нақты атқарылатын шаралар легімен дәйектеді. Сондай-ақ  ИСЕСКО-ның Ал­матыдағы соңғы оты­ры­сын­да 2015 жылы Алматы ислам мәдениетінің астанасы деп жарияланған. Бұл мәртебе де бізге ұлттық бірегейлігіміз бен мәдени ерекшелігімізді та­нытуда аз міндет жүктемейді. Сонымен аймақтық кездесу көтерген мәселеге қайта орал­сақ, еліміздің Ұлттық мұ­ра­ғатындағы мұсылман қол­жаз­ба­ларын электронды-сан­дық фор­матқа ауыстыруға қа­тысты бір­қатар қиындықтар туындап жат­қаны белгілі болды. Қалай десек те, аймақтық кездесу ислам әлемінің бары мен жоғын түгендеп берді. Шетел мұрағаттарындағы құ­жат­тарды анықтау мен кө­шір­месін алу тәжірибесі туралы Алматыдағы Орталық қа­ла­лық мұрағаттың директоры А.Ботанов баяндаса, Орталық Азиядағы мұсылман қолжаз­ба­ларын зерттеу жайын тарих ғы­лымының докторы Ә.Му­ми­нов ортаға салды. Қытай мұрағаттарында сақ­­­талып келе жатқан қазақ хан­дарының түркі тілінде жазған хаттары да ай­на­ла­мыз­дағы көршілерімізді елең­де­тіп өтті. Мәдени мұра ретінде қолтаңбалы өнер ту­ын­ды­ларын сақтау жайы күн тәр­тібінен қалыс қалған жоқ. Сол сияқты Теһран қа­ла­сын­дағы кітапхана қорларындағы сақ­талған қолжазбаларды ка­та­логқа енгізу мәселесі кезек күттірмейді. Ал сирек кітаптар мен қол­жазбаларды биобұзылудан сақтау қазір құжаттарды қай­та өңдеу қызметіндегі кі­тап­ха­нашы-биолог мамандардың басын қатырып отыр. Оның жай-жапсарынан  Ұлттық кітапхана қызметкері Н.Жұ­ма­ді­лова хабардар етті. Қорыта келгенде, Мұсыл­ман қолжазбалары мен артефак­тілерін жинақтау, сақ­тау және қалпына келтіру жө­нін­дегі мамандардың алғаш­қы аймақтық кездесуі жан-жақ­ты, көп қырлы болды. Жиын соңында кездесуге қатысушылар Қазақстанда өт­кен  маңызды бас қосуды ұй­ым­дастыруға, қаржы­лан­ды­ру­ға қолдау көрсеткен Білім беру, ғылым және мәдениет жө­нін­дегі Ислам ұйымының (ИСЕСКО) жетекшісі доктор Абдул Азиз Осман әл-Ту­вай­жри­ға алғыс білдірді. Қолда бар дүниелерді көз­дің қарашығындай сақтап, ға­сыр­лардан ғасырларға жеткізу үшін ИСЕСКО-ға мүше азия­лық мемлекеттердің ар­нау­лы мекемелері мен ғы­лы­ми-зерттеу инс­титуттарының кү­шін біріктіру туралы мә­мі­ле жасалды. Сондай-ақ Қазақстанның Ұлт­тық кітапханасының ба­за­сында сирек кітаптар мен қол­жазбалардың электрондық ката­логын жасақтауда сәйкес тре­нинг­тер сериясын ұйым­дас­тыру  келісілді. Және ИСЕСКО-мен бірігіп сирек қол­жазбалар мен кітаптарды қалпына келтіру, түптеу және консервациялау жөніндегі мамандар даярлау жа­йы ойластырылды. Оған қоса Қазақстанда Ор­­­талық Азия өңірінің мұ­сыл­ман қолжазбалары мен арте­фактілерінің бірегей элек­трондық каталогы ере­жесінің жобасын жасау келісілді. Қазақстанда бүкіл әлем зерттеушілері үшін қол­же­тім­ді «Орталық Азия аймағының сирек қолжазбалары мен кі­тап­тары» атты мамандан­ды­рыл­ған сайтын жасақтау үшін ИСЕСКО тарапынан қаржы бө­лу мәселесі ойластырылды. Бұл айтылғандар тұңғыш рет өткен аймақтық кездесу жа­саған қорытындылардың бір парасы ғана. Нәтижесі ал­дағы күндердің еншісінде. Аймақтық кездесу ая­сын­да «Қазақстан Респуб­ли­ка­сын­дағы мұсылман қол­жаз­ба­ла­ры» сериясы бойынша көр­ме ұйымдастырылды. Айнаш ЕСАЛИ. Алматы. ________ Суреттерді түсірген Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ.