• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
16 Қаңтар, 2016

Заңдылықты сақтау – басты талап

578 рет
көрсетілді

Еліміздің Бас прокуратурасы өткен жылғы жұмысын қорытындылап, алда тұрған міндеттерді саралады. Кеңейтілген алқа мәжілісіне Бас прокурор Асхат Дауыл­баев төрағалық етті. Алқа жұмы­сына Президенттің көмекшісі – Қауіп­сіздік Кеңесінің Хатшысы Нұрлан Ермек­баев, Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов, Президент Әкімшілігінің және Премьер-Министр Кеңсесінің жауапты қызметкерлері, Парламент депутаттары және Бас прокуратура жанындағы кон­сультативтік кеңес мүшелері қатысты. Алқада сөз алған Бас прокурор А.Дау­ыл­баев Бас прокуратура бес институттық реформаны жүзеге асыруға белсенді түрде қатысуда екендігіне тоқталып, мемлекеттік басқару мен құқық қорғау жүйесін реформалау, сондай-ақ заңдылықтың үстемдігі қағидасын қамтамасыз ету жөніндегі біздің ұсы­ныстарымыз Жаңғырту жөніндегі Ұлт­тық комиссияның қолдауын тапты, деді. Бұл орайда жаңалықтардың бірі ретінде айтар болсақ, тараптардың жарыссөздік қағидасын қамтамасыз ету үшін ағымдағы жылдың бірінші қаңтарынан азаматтық істердің бес санаты бойынша (бұрын тоғыз санат болған) прокурордың міндетті түрде қаты­суы алынып тасталды (26-қадам).Үш сатылы сот төрелігі жүйесіне көшу жағ­дайында мұндай шаралар прокурорлардың күш-жігерін мемлекеттің және өз құқық­тарын қорғауға мүмкіндіктері жоқ азамат­тардың мүдделерін қозғайтын істердің ең маңызды төрт санатына барынша шо­ғырландыруларына мүмкіндік береді. Ал қылмыстылықпен күрес жөніндегі жұмыстың ашықтығын және ішкі істер органдары жұмысына жұртшылық тарапынан бақылауды қамтамасыз ету мақсатында Құқықтық статистика және арнайы есеп жөніндегі комитетте жұмыс істеп тұрған ақпараттық сервисі негізінде «Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасы» интернет-порталы жасалуда (32-қадам). Қазіргі уақытта сервис барлық облыс орталықтары, Астана және Алматы қалалары, сондай-ақ 20 моноқаланы қамтып отыр. Жобаны толыққанды жүзеге асыру үшін 7 моноқала және 250-ден астам аудан орталығын қосу қажет. Оның толық қызмет етуі биылғы жылға жоспарланған екен. Сондай-ақ, интернет-порталдың негізгі ақпараттық көзі Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде (СДТБТ) тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы мәліметтер болып табылады. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі – өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылған жаңа Қылмыстық-процестік кодекстің тиімді жаңалықтарының бірі болып табылады. Оның іске қосылуы процестің басталуын айтарлықтай қарапайым етіп және статистикамен айла-амалдар жасауды азайтқан. Енді тергеу процесі арыз тіркелген сәттен дереу басталады. 2014 жылы сотқа дейінгі тексеруді аяқтау үшін қылмыстың құрамы болмауына байланысты қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы 721 мың қаулы және қылмыстық істер бойынша 32 мың қаулы шығару қажет болған. 2015 жылы осы көрсетілген негіздер бойынша барлығы 229 мың сотқа дейінгі тергеу қысқартылған. Осылайша, жаңа Қылмыстық процестік кодекстің қабылдануына байланысты қылмыстық қудалау органдары жүктемесінің артуы жөніндегі теріс жорамалға қарамастан, жүктеменің азаюы байқалады. Бұл құқық қорғау органдарын қылмыстық істердің сапасына шоғырландыруға мүмкіндік береді. Одан әрі елдегі қылмыстың тіркелуіне тоқталған Бас прокурор «Қылмыстық ахуал қылмыстың тіркелуінің 13,3%-ға (341 291-ден 386 718-ге) өсуімен сипатталады. Атап айтамын, тек қана тіркелуі. Өсім 2015 жылы бірқатар әкімшілік құқық бұзушылықтардың қылмыстық теріс қылықтар қатарына өтуі (тіркелген 40 208 теріс қылықтың 32 544-і), сондай-ақ онша ауыр емес қылмыстар (66%-ға), ауыр санаттағы қылмыстардың 2,8%-ға (27 941-ден 28 732-ге) және аса ауыр қылмыстардың 0,7%-ға (2 150-ден 2 165-ке) өсуі есебінен болды. Сонымен қатар, жағымды үрдіс ретінде ауырлығы орташа қылмыстық құқық бұзушылықтар санының 8%-ға (271592-ден 249840-қа дейін) азайғанын атап өтуге болады, олар барлық қылмыстардың 65%-ын құрайды, тонау 14,8 пайызға (14 317-ден 12 197-ге дейін), адам өлтіру 4,6 пайызға (904-тен 862-ге дейін), бұзақылық 13,4 пайызға (25494-тен 22086-ға дейін), әйел зорлау 7,4 пайызға (2527-ден 2339-ға дейін), қарақшылық 6% пайызға (957-ден 900-ге дейін) төмендеген. Осылайша, бүкіл әлемде дәстүрлі түрде қоғамдық қауіпсіздік деңгейін анықтайтын барлық негізгі қылмыс түрлері бойынша төмендеген», деді. Расында, қылмыстық сот өндірісі шеңберіне тартылған азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау саласында қылмыстық жауапкершілікке негізсіз тартылған тұлғалар санын 159-дан 37-ге дейін - төрт есеге төмендетуге қол жеткізіліп, соның ішінде қамауда заңсыз ұстау фактілері 50-ден 10-ға дейін - бес есеге және заңсыз ұстау фактілері 79-дан 5-ке дейін – он бес есеге азайған. Кепілдің әлемдік тәжірибесі енгізіліп, олардың саны 3 711-ден 16 217-ге дейін – бес есеге артқан. Осының нәтижесінде қамауға алу саны 21%-ға (12 306-дан 10 132-ге дейін) азайып және ол тек бұлтартпау шарасынан өзгелері мүмкін болмаған жағдайда ғана қолданылады екен. Сондай-ақ, келушілерге және әкелінетін азаматтарға электронды бақылау жүйесін енгізу нәтижесінде азаматтарды әкелу және полицияның қызметтік бөлмелерінде ұстау фактілерінің санын екі есеге төмендетуге (459-дан 225-ке) қол жеткізілген. Прокурордың принципшіл ұстанымының нәтижесінде заңның және азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына жол берген бес жарым мыңнан астам (5684) тергеуші мен анықтаушы жазаланған. Тағы бір маңызды мәселе, сотқа дейінгі тергеуді жеделдетілген тәртіппен және хаттамалық нысанмен аяқтау мүмкіндігі 50 мыңнан астам істі (50 376) немесе сотқа жолданған барлық істердің 79%-ын (63 852) тергеумен аяқтауға және сотқа жолдауға жол ашқан, бұл қылмыстық қудалау органдары мен сотқа түсетін жүктемені айтарлықтай азайтып отырған көрінеді. Бұл ретте кінәні мойындау туралы келісімдік іс жүргізу рәсімі тәртібімен прокурорлар сотқа 4 мыңнан астам қылмыстық істі жолдады, бұл да тергеушілердің жүктемесін азайтуға көмектесті, дейді баяндамашы. Айғақтарды сақтауға қою (500-ден астам жауап алу), қашықтықтан жауап алу (50-ден астам жауап алу), «Миранда ережесі» (ұстаудың барлық жағдайында) тәрізді жаңалықтар белсенді қолданылуда. Кінәні мойындау туралы мәміле институты тиімді қолданылуда. Олар соттарда бір күн ішінде қаралады, жәбірленушілер мен куәларды шақырудың қажеті жоқ. Өткен жылы 3 мың іс қаралып, 77%-ы бойынша үкім шығарылған.Сотқа дейінгі өндірісті қарапайым ету және Құқықтық саясат тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған жаңалықтардың бірі – процесс прокуроры институтын енгізу болды. Жыл бойына процесс прокурорлары 1200 соғұрлым маңызды қылмыстық істер бойынша процеске қатысты. Олардың тергелу (аяқталғандар үлесі 61%) және кейіннен сотқа жолдану (49%) тиімділігі қалған қылмыстық істер бойынша осындай көрсеткіштерден асып түсті. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау саласында прокурорлар 14,5 мың заң бұзушылықты анықтап, жойған.7,5 мың бизнес субъектісінің құқықтары қорғалып, ал оларды бұзғандары үшін 806 лауазымды тұлға әртүрлі жауапкершілікке тартылған. Бас көлік прокуратурасы Көліктік бақылау комитетінің жүк тасымалдаушыларды негізсіз мәліметтер бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы 800 заңсыз актінің күшін жойды. Осылайша, жиын барысында қадағалау қыз­метінің нәтижелері талданып, проб­лемалық сұрақтар көтеріліп, алдағы кезең­ге басым міндеттер айқындалды. Талқы­лау қорытындысы бойынша Бас проку­рор облыстардың прокурорларына бес инс­титуттық реформаны жүзеге асыру жө­ніндегі «100 нақты қадам» – Ұлт Жос­парын орындау бойынша мүлтіксіз ша­ралар қабылдауды тапсырды. А.Дауыл­баев заңдылық пен құқық тәртібін ны­ғай­ту, азаматтардың құқықтары мен бостан­дықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдде­лерін қорғау, қадағалау органының жұмыс тиімділігінің басты индикаторы ретіндегі азаматтардың сенім деңгейін арттыру бойын­ша тиімді жұмысты қамтамасыз етуді тап­сырды. Реформаларды жүзеге асыру мақсатында қабылданған заңдардың қолданы­луын тиісті түрде бақылау қолға алына­ды. Осыған орай мемлекеттік қазына­ны толықтыру және бюджет қаражатын жұм­сау саласына қадағалауды күшейту қажет­тілігіне ерекше назар аударылды. Сон­дай-ақ, қадағалау тәжірибесін жетіл­діру, жұмыстың камералдық әдісіне біртіндеп көшу қажеттілігі аталып көрсетілді. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».