• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
01 Қаңтар, 2011

Бақытты өмір, жарқын болашақ бастамасы

5959 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік – тұғырлы туымыз

Бақытты өмір, жарқын болашақ бастамасы

Сұлтан САРТАЕВ, академик. Күні ертең тағы да бір Жаңа жылымыздың арайлы ақ таңы атып, еліміздің тәуелсіз та­ри­хының жиырмасыншы жылына қадам басқалы отырмыз. Осы­нау жиырма жылда біздің хал­қымыз, бүгінде бүкіл әлемге әй­гілі болып отырған көк бай­рақты Қазақстанымыз жиырма ғасырлық жол жүріп өтті деп білемін. Жиырма жылда жи­ыр­ма ғасырдың биіктерін еңсер­дік, жиырма ғасырлық асу, белестерді артта қалдырдық. Тәуелсіздігі­міздің 19-шы жы­лын­да еліміз Еуропаның төбе биі атанып, Астанада айдай әлемді таңғалдыр­ған Саммит өткізген бүгінгі кемел биігімізден алғаш­қы қа­дамдарымызға көз са­лай­ық­шы. 1991 жылы желтоқсан айы­ның сегізінде Белоруссиядағы Беловежье қорығында болған тарихи оқиғаның негізінде жетпіс жылдан астам уақыт халықтың көз жасына боялған тота­ли­тар­лық жүйе күй­реп, шын мәнінде отарлық құр­сауда болған одақтас республикалар өздерінің егеменді, тәу­ел­сіз мемлекеттерін қа­лып­тастыруға мүм­кін­шілік алды. Осы мүм­кін­­шілікті бұ­рынғы Кеңес Ода­ғы аума­ғында туғыз­ған шешуші се­бептердің бірі 1986 жылғы жел­­тоқ­сан ай­ында Қа­зақ­станда болған халық қозғалысы бол­ғандығына қазір ешкім күмән кел­т­ірмейді. То­та­ли­тар­лық сеңі солай қозғалып еді. Тәуел­сіздік идеясы Қазақстан сияқ­ты ұй­қы­да жатқан алыпты сөй­тіп дүр сілкіндіріп еді. Хал­қымыз ға­сыр­лар бойы армандап, аңсаған осы қасиетті Тәу­елсіздігімізге ұмтылыстың ал­ғашқы заңды қа­дамдарын жа­сау­шылардың ішін­де бол­ға­нымды өз басым әлі күнге дейін мақтан тұтамын. 1991 жылы бұрынғы Кеңес Одағының құрамындағы республикалар өздерін тәуелсіз мемлекетпіз деп бүкіл дүние жүзіне өз декларацияларын, өз заң­дарын жариялай бастады. Ал­да­ғы бүкіл тағдырымызды, сан ғасыр сарғая күткен келешегімізді айқындайтын бұл мәсе­лені шешуге сол тұстағы Қазақ­стан басшылығы асқан байып­тылықпен қарады деуіміз керек. Сол жылдың шілде айында өз бастамамызбен заң ғылым­дарының кандидаттары Еркеш Нұрпейісов, Талғат Данақов және мен үшеуміз «Қазақстан Рес­пуб­ликасының Тәуелсіздігі ту­ралы» Конституциялық заң жобасын әзірлеп, оны Жоғарғы Кеңестің Төралқасына тапсыр­дық. Бірақ бұл құжаттың жо­басы біраз уақыт қозғалысқа түс­­пей жата тұрды. Кейбіреу­лердің: «Бұл заң болмаса да тәуелсізбіз ғой, осы заңның енді қажеті бар ма?» деген сөз­дерін де құлағымыз шалып қа­лып жүр­ді. Ал енді содан бір жыл бұрын батыл түрде Егемендік ту­ралы Декларацияны қа­был­дат­қан, соның артынша Тұңғыш Президентіміз етіп бір­ауыздан сайланған әлемдік деңгейдегі саясаткер, ұлтымыз­дың нағыз көшбасшы лидері, ерік-жіге­рі­нің қуаты орасан зор, көре­ген­дігі мен кемелдігі бір­дей да­рын­ды тұлға Нұр­сұл­тан Назар­баев­тың бұл мәсе­ле­дегі пікірі бас­қаша екенін сезіп білуші едім. Осы жағдай бойымызға қуат берді ме, білмеймін, 1991 жыл­дың 9 желтоқсанында өткен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төр­алқасының мәжілісінде ай­тулы тарихшымыз, депутат Манаш Қо­зыбаев марқұм екеуміз Тәуел­сіздік туралы Конститу­ция­лық заң қабылдау қажет­тігі жөнінде мәселе көтердік. Ой-пікірімізді мінберден жария етіп, маңайымызға барлай қара­сақ, бұл мәселенің басқа да депутаттарды толғандырып жүр­гені бірден түсінікті бола қой­ды. Сөйтіп, сол жолы біздің ұсынысымыз Жоғар­ғы Кеңес Төралқасы мүшелері тарапы­нан бірауыздан қолдау тауып, олар сол мезетте-ақ мені осы мәселе жөнінде баяндамашы етіп бекітті. Мен үшін ешқашан ұмы­тыл­майтын тарихи сәт те күні бүгінгідей көз алдымда, әрқа­шан есімде. 1991 жылдың 16 ­желтоқсаны күні мен көкіре­гім­ді кернеген отаншыл асқақ сезім­мен Қазақстан Республи­ка­сы Жоғарғы Кеңесінің биік мінберіне көтерілдім. Сол арада сырттай сабырлы болға­ным­мен, ішкі толғанысты жасыр­май-ақ Конституциялық заңның жо­басы, Қазақстан Республика­сы­ның тәуелсіздігі туралы аса бір ыждағаттылықпен дайын­дал­ған өз баяндамамды зор ша­бытпен, өз еліме, халқыма, ұлты­ма деген мерей-мақ­та­нышпен бастап едім. Сонымен, бірнеше сағатқа созылған ұзақ талқылаудан, кө­ңілді күпті еткен үміт пен кү­діктің тайталасынан соң парасат жеңіске жетіп, 1991 жылғы 16 желтоқсанда кешкі сағат ал­ты­дан 14 минөт өткенде Қа­зақстан Республикасының Жо­ғар­ғы Ке­ңесі басым көпшілік дауыспен мемлекеттік Тәуел­сіз­дік туралы Конституциялық заң­ды қабыл­да­ған болатын. Сөйтіп, біз та­рихымызда тұң­ғыш рет бүкіл әлемге өзіміздің мемлекеттік тәуел­сіздігіміз ту­ра­лы ресми түрде жариялап, барлық мемлекеттермен тең құ­қықтылық және өзара құрмет негізінде байланыс орнатуға әзір екендігімізді ашық білдірдік. Ел Президентінің Жар­лы­ғымен 16 желтоқсан ресми түр­де бүкілха­лықтық мереке – Тәуелсіздік күні болып жарияланды. Бұл хабар төрткүл дүниеге жылдам тарады. Тарихи заң қа­былданған уақыттан 30 минөт өткенде еліміздің тәуелсіздігін ең алғаш туысқан Түркия мемлекеті таныды. Тарихи тұрғы­дан осыншама жылдамдықпен мемлекет тәуелсіздігін мойын­дау оқиғасы бірінші рет орын алды деп ойлаймын. Шынында, мұндай жағдайды тарихтан әлі кездестірген емеспін. Бұлайша тез танудың себебі де бар еді. Біздің түркі елдері арасында бұған дейін тек Түркия ғана тәуелсіз мемлекет болатын. Қазақ хандығы ХV ғасырда, 1456 жылы тұңғыш рет құ­рылса, арада 535 жыл өткеннен кейін қазақтың нағыз шын мәнісіндегі тәуелсіз мемлекетін Нұрсұлтан Назарбаев бастаған ел серкелері жариялаған екен. Осынау ұлы Заң қабылдан­ған кездегі көл-көсір қуанышты сөзбен айтып жеткізе алмайсыз. Депутаттар орындарынан тік көтеріліп кеткен-ді. Көңіл күй ғаламат аспандап, «Тәуелсіз Қазақстан жаса­сын!» деген ұран­дар тасталып жатты. Біз бақытты өмір, жарқын болашақ есігін ашқандай ғажап күйді бастан кешіргенбіз. Мемлекет деген өте күрделі, мұхиттай байтақ құрылым ғой. Онда кейбір нәрселерді жүзеге асыру үшін жылдар, ондаған, қала берді, жүздеген жылдар өтеді. Ал біздің ресми мемлекеттік рәміздерімізді анықтап бекіту үшін бір ғана жыл қажет болды. 1992 жылы Ән­ұра­ны­мызды, Елтаңбамызды, Мемлекеттік Туымызды бекіттік. Одан соң ұлттық валютамызды шы­ғардық. 1993 және 1995 жыл­дары мемлекеттігімізді ны­ғай­тып, тәуелсіздігімізді тұғыр­лан­­ды­ра түскен, президенттік бас­қару формасын жетілдірген Конс­титуцияларымыз қа­был­­дан­ды. Тәуелсіздігіміздің арқа­сын­да қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілді. Ха­лық­аралық заңды нормаларға сай Қазақ­станның қазіргі аумағындағы шекарасы мыз­ғы­майтындай етіліп шегенделді. Қазақ елін бар әлем таныды, мойындады. Қа­зақ­стан демо­кра­тиялық даму­дың сара жо­лына түсіп, дүниені теңселт­кен қаржы дағдарыс­тарына төтеп беріп, экономи­ка­лық әлеуетін паш етті. Ал өтіп бара жатқан жыл Қазақстан үшін айрықша маңызды әрі мерейлі болды дер едім. Еліміздің асқақ абыройын ЕҚЫҰ-ға төрағалығы мен Астана Саммиті айғақтап беріп отыр. Ал алда бізді келер жаңа жылымыздың жарқын оқиғасы – Азиада жарыстары күтіп тұр. Олай бол­са, осы қысқаша тізбенің өзі-ақ тәуелсіз Қазақстанның жи­ырма жылда жиырма ғасыр­ға татитын ұлан-асу жолдан өткенін бейнелеп көрсетпей ме. Осыған қуанайық, ағайын! Тәуелсіздігіміздің бағасын біліп, ардақтайық. Қара жерден де ауыр қасіреттерден кейін келген қасиетті Тәуелсіз­дігіміз­ге қашанда тәу етейік. Әр жаңа жылымызды жарқын етіп, мерейімізді үстем қылып тұрған да сол Тәуелсіздігіміз. Олай бол­са, тәуелсіз тарихы­мыз­дың жиырмасыншы Жаңа жылы құтты болып, барша­мыз­ға бақ-бе­реке, ынтымақ-бірлік, қуа­ныш-шаттығын мо­лы­­нан әкеле берсін деп тілеймін.

...Отызымызда орда бұзып, қырқымызда қамал алу бізге серт

Әділет СЕЙСЕН, қаржыгер. Биылғы жылы Қазақ елінің өз тәуел­сіз­дігін жариялап, көк байрақты туын тіктегеніне жиырма жыл толады. Бүгінде жа­сы­мыз отыздың ортасына келіп қалған біздің буын өзімізді сол ел тәуелсіздігінің жемісі деп білеміз. Өйткені, біз мектепті тоқ­са­ныншы жылдардың басында, нақтылап айтқанда төл теңгеміз айналысқа еніп жатқан шақта бітірдік. Мектеп демекші, осы орайда өткен өмір, шәкірт шақ еске оралады. Өзімнен жасы үлкен апайым мен ағайым қазақ мектебінде оқыса, ал мен жетінші сыныпқа дейін орысша оқыдым. Оның бір себебі, мен мектеп табалдырығын аттағалы жатқан шақта жаңадан көшіп кірген үйіміз қазақ мектебінен қашықта болып шыққан. Содан мен алтыншы сыныпты бітіріп жатқан шақта үйішілік бір кеңесте менің ал­дағы тағдырыма байланысты келелі мә­селе қозғалды. Яғни, онда мені қазақ мектебіне ауыстыру жайы күн тәртібіне қой­ыл­ды. Қазақ мектебінің ұстазы ретінде бұл идеяның авторы шешей болатын. Ал әкем болса менің оқуым төмендеп қала ма деп кібіртіктей берген. Сөйтті де, дереу нақ­тылы бір шешімге келіп, «Қолыңа анау ручканы ал, қазақ тілінен бақылау жазасың», десін. Мен де қарап тұрмай, «ручканы ма, қа­лам­ды ма» деп сөз аяғын әзілге айнал­ды­рып жіберіп едім, әкем емтиханның осымен аяқталғанын айтып, енді менің қазақ мектебінде оқитынымды ресми түрде мәлім еткен. Сол жылы мен ауысып барған «Орбита» ықшам ауданындағы аралас мектепте жа­рылыс болып, бүкіл Алматы дүрліккені өз алдына бір әңгіме. Бақытқа бақыт­сыз­дық себепші болды деп орыс ағайындар айт­пақшы, келер жылы бір жазда біздің №145 қазақ мектебі жаңа қонысқа жай­ғасып үлгерді. Мұны мен тәуелсіздіктің елең-алаңында болған елеулі бір оқиға ретінде еске алып отырмын. Әйтеуір, абырой болғанда, қазақ мектебінде де оқу үлгерімім төмендемеді. Соның айғағындай, мектепті бітірерде аттестатта тек қазақ тілі мен әдебиетінен ғана төрттік баға шықты. Шешей аталған мектепте директордың тәрбие жөніндегі орынбасары болатын. Сондықтан әлгі төрттік бағаның бірін беске айналдыру соншалықты қиын шаруа емес-ті. Бірақ біз оған бармадық. Есесіне онымыз Алладан қайтты. Біреу сенер, біреу сенбес, мен жоғары оқу орнына түскелі жатқанда шындығында адам сенбестей мынадай бір оқиға болды. Яғни, менің қазақ тілінен бақылау жазуға сонша­лық­ты мықты еместігіме алаңдап жүрген әкем бұл шаруада «жаттықтырушылық» мін­детті өз мойнына алды. Сөйтті де, алда хакім Абайдың 150 жылдығы келе жатыр ғой, ендеше бақылауды Мұхаңның «Абай жолы» ро­ман-эпопеясынан жазайық деді. Айтқандай-ақ, емтиханда тура сол беттен диктант жаз­дық. Міне, солайша бағымның жанғаны бар. Содан өз таңдауыммен, отбасылық кеңестің қолдауымен экономист маманды­ғын иелендім. Одан кейінгі жерде қа­ла­лық, республикалық банктерде түрлі қыз­мет атқардық. Сондай бір банктің Мәс­кеудегі өкілдігі басшысының орынбасары болдық. Астанадағы үлкен бір құрылыс компания­сында қаржы жөніндегі директор, ал бұдан кейінгі жерде халықаралық аудиторлық ком­панияда қызмет істедік. Қазірде Алма­ты­дағы тағы бір үлкен фирмада қызмет етіп жатқан жайымыз бар. Бұл бірақ отызымызда орда бұздық деген сөз емес. Солай дей тұрғанмен, өз ма­ман­дығымыз бойынша еліміздің қаржы сек­то­рын қа­лып­тастыруға қал-қадерімізше үлес қосып келе жатқан секілдіміз. Қайсыбіреулер банкир, қаржыгерлерді ауадан ақша жасайтындай көреді. Иә, табысымыз жаман емес. Десе де, біз де ел қатарлы өмір сүрудеміз. Оны айтасыз, үлескерлердің басына түскен қиындықтан өз басым да қашып құтыла алмадым. Яғни, баспанаға деп уақытында қаржы аударып қойғанмен, ол шіркініңіз талай жылдан бері бітіп болар емес. Әйтеуір, Елбасы тапсырмасымен республика Үкіметінің биылғы жылы бұл мәселеге нүкте қоямыз деп отырғаны көңіл сергітеді. Солай болып жатса шетелдердің біріне барып оқығымыз да келеді. Соған орай қажетті сынақтардан өтіп, енді Америка мен Жапониядағы мәртебелі жоғары оқу орындарынан хабар күтіп отырған жайы­мыз бар. Бұл ешкімге жалтақтамайтын, қолымызды өз аузымызға жеткізген тәуелсіздік арқасы. Иә, қырқымызда қамал алуымыз үшін оқымасқа болмайды. Ел тәуелсіздігінің жиырма жылдық тойы қарсаңында ол ойымыз жүзеге асып жатса, арман бар ма! Қызымыз Әдемінің ғана емес, туған елдің болашағына атсалысу өзімнің абзал борышым деп білемін! Алматы.

Халқымыздың қолөнері – сарқылмас бұлағым

Татьяна ТАЙШЫҚОВА, «Ханым» сән үйінің директоры. Қасиетті Тәуелсіздігімізді алған ке­зең­нен бастап халқымыздың ғасырлар бойы жинаған қазынасын шаң арасы­нан аршып ала бастадық. Соның бірі де, бірегейі де қазақ халқының ою-өрнегі, дәстүрлі ұлттық киімдері дер едім. Тәуелсіздікпен бірге менің шы­ғар­машылығым да басталды. Орыс мек­тебінде оқып, тілдік орта жұтаң қалада өскендіктен, қазақтың халықтық тігін өнерінен тым шетқақпай қалға­нымызды сол кезде сезіндім. Қазақы­лықтың қаймағы бұзыла қоймаған Тор­ғай өңірінен келген апаларымыз құ­ра­ған көрпешелерде, сырмақта, олар ой­ған оюда халқымыздың қазынасы жат­қа­нын білдім. Бұрынғы Жамбыл технология институтын бітірген жоғары білімді мен ісмер, қолөнерші апаларым­ның ең жақын шәкіртіне айналдым. Қазақ халқының ою-өрнегі туралы әде­биет­терді ақтардым. Ыбырай Алтын­сарин бабамыз айтқандай, бұл іске «аш қасқырдай кірістім». 1992 жылы Ал­ма­тыда Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы болғанда, сол шараға мен де «Жібек жолы» деген атпен шағын көр­мемді апардым. Жер жүзіне тарыдай шашылған қандастарымыз құрақ көрпе­шені, оюлы қамзолды, қостанайлық зергерлер қолынан шыққан алқалар мен білезіктерді керемет қызықтады, тіпті өз­дері­мен бірге алып та кетті. Мен сонда еркіндіктің, бостандықтың халқымыз үшін қаншалықты маңызды, Тәуелсіз­діктің қасиетті ұғым, біздің халқымыз үшін сағыныш болғанын ұққандай едім. Содан бергі жиырма жылға жуық уақытта халқымыздың фольклоры менің шығармашылық жұмысымның темірқа­зы­ғына айналды. «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шапан жауып өзіне қай­тарамын» деп Мұқағали ақын айтқандай, мен де қазақтың ұлттық киімдерін әрлендіруге, одан халқымыздың брендін жасауға қолдан келгенше үлес қосуға тырыстым. Қазақтың оюлы шапаны талай шетелдік мәртебелі қонақтардың иығына жабылды. Қазақ әйелінің ұлттық киімдерімен талайларды тамсанттық. Мәскеуде жыл сайын өтетін «Этно-Эрато» ұлттық киімдердің халықаралық байқауына 2005 жылы қатысып, ерлер мен әйелдердің ұлт­тық киім топтамасын Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­тас­тығы елдерінің барлығынан келген қаты­су­шы­лар назарына ұсындым. Жақсы баға алды, осы шараның гала-концертінде де біздің айшықты топтамамыз сахна төрі­нен көрінді. Келесі жылы Мәскеуде өткен ұлттық костюмдер жоғары модасының VII халықаралық байқауында «Бәйтерек» атты топтамам дипломға ие болды. Одан кейінгі жылдары да көрші Ресейдің іргелес қалаларындағы конкурс­тар­ға және Алматыда «Сымбат» мода ака­демиясы шы­ғармашылығының 60 жылды­ғына бай­ла­нысты өткен «Creative world» атты ха­лықаралық беделді байқауларға қа­тысып, қазақтың ұлттық киімінің сұлу­лы­ғын талай паш еттім. Осы байқауға келген ресейлік атақты модельер Вячеслав Зайцевке қазақтың шапанын сыйладым. Ол «осы шапан менің ұлттық киімдер топта­мам­ның басы болады» деп баға берді. Халықтық өнер әр шығармашылық адамы үшін сарқылмас қазына. Ал қазақ халқының ою-өрнегінде философия тұ­нып тұр. Мен көп жылдар бойы студент жастармен жұмыс істедім. Жастардың модаға деген талғамын қалып­тас­тыру­ға атсалыстым. «Айша бибі», «Қыз бен жігіт» атты ұлттық киімдер топта­ма­ларым студент-жастардың ұлттық өнер­ді, фольклорлық стильді терең түсінуіне қызмет еткенін мақтан етемін. Қазақстанда көп ұлттың өкілі тұрып жатқандықтан. мен тек қазақ ғана емес, орыс, украин халықтарының да ұлттық киім топтамасын жасадым. Өзім басқаратын «Ханым» сән үйі алдыңғы жылы Челябіде өткен «Дефиле на пуантах» жобасына шақырылып, онда біз тіккен орыстың ұлттық костюмі топтамасын балериналар киіп көрсетті. Соңғы жылдары менің фольклор­лық стильдегі топтамаларым алыс шет елдерде көрсетілуде. Өткен жылы біз­дің сән үйі тіккен қыз баланың ұлттық костюмі Италияда және Францияда өткен халықара­лық фестивальдерден та­бысты оралды. Қазір балалардың киім модасы студиясын аштым. Шы­ғар­машылығыма шабыт берген Тәуелсіздікке қалай бас имеймін! Қостанай.