«Егемен Қазақстанның» Ақмола облысындағы тілшісі Бақберген Амалбек облыстық
Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Арман Әбдіхалықовқа:
– Сіз бұған не дейсіз? – Тасқын судың зардабын болдырмау жөніндегі облыстық шұғыл штаб құрылды. Оны облыс әкімі басқарады. Өткен жылдардағы орын алған су тасқындары деректерін саралай келе, облыс аумағындағы су тасқыны орын алады деген 16 қауіпті өзен аумақтары анықталып (Коко, Жабай, Сарықамыс, Талқара, Жыланды, Есіл, Қылшақты, Колутон, Шағалалы, Нұра, Қайрақты, Қызыл-Су, Жолболды және Бақсұқ) бақылауға алынды. Департамент бүгіннің өзінде су тасқынының алдын алу жұмыстарын бастап кетті, атап айтқанда, облыстың елді мекендерінен 240 мың м3 қар шығарылып, 22 мың тонна инерттік материалдар, 9,65 мың қап, 340 тонна жанар-жағармай дайындалды. Жергілікті атқарушы органдармен, шаруа қожалықтарымен елді мекендерден қарды шығару жұмыстарына көмек көрсету бойынша меморандумдар жасалды. Облыс аумағындағы жағдайды тұрақты түрде бақылап, сараптама жүргізіп отыру үшін гидрометеорология бойынша облыстық орталықтың 29 метеобекеті, 19 гидробекеті, 10 агрометеобекеті тұрақты түрде жұмыс істейді. Аудандық әкімдіктердің күшімен өзен суларының жағдайы мен деңгейін бақылайтын 80 қосымша бекет ұйымдастыру да қолға алынуда. Жалпы, облыс аудандары мен қалаларындағы тасқын су алу қаупі бар кезең аралығында көмек көрсету үшін облыстың азаматтық қорғаныс құрылымдарында 2174 адам, 504 бірлік техника, 188 бірлік су тартқыш техника мен 42 бірлік жүзу құралы дайын тұр. Ал аудан әкімдіктері болса, қауіпті аймақтардан адамдарды көшіру қажет болған жағдайда арнайы 145 қабылдау орындарын, 250 палатка, 1,2 мың кереует және 4,4 мың төсек құралдарын алдын ала дайындап қойған. Ақмола облысы.