• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
01 Қаңтар, 2011

Атымды әлем білген, еңсем биік

508 рет
көрсетілді

Марфуға АЙТХОЖИНА, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Қош келдің, Жаңа жылым, төрлет қане, Тұрғанда қазағымның өрлеп бағы! Дүниені жаңалықпен дүр сілкіндір, Жүректі өлең-жырмен тербеп тағы. Жаңа Жыл! Жарқын жүзді келсең күліп, Атымды әлем білген, еңсем биік! Алатау тебіренді қуаныштан – Шыңдарын қарағайлы теңселдіріп. Батырлар атқа қонып атойлады, Қолына алдаспан мен семсерді іліп! Ғасырлар осы күнді талып күткен, Қарсы алды қуанышпен халық біткен. Әлемді құшағына сыйғызып тұр Қазағым қандай ғажап, алып тіптен. Арқасын Елбасы тұр елге сүйеп, Жартасты қарағайдай жарып біткен!.. Көрсетіп Алаш ұлы асқақтығын, Жанарын дұшпанымның жасқап тұрмын. Жұртына төрткүл дүние үлгі болып Келеді, Ерім, елін бастап бүгін. Жыл болды тым ерекше – Жаңа жылым, Асырған парасат пен даналығын. Көтерді көк туындай, көк аспанға, Өзінің туған елі саналы ұлын. Орыны дараланды көне жылдың, Таңғалтып дүниені келеді үлгім. Айтуда бір ауыздан әлем жұрты, Елбасының тапқырлық, төрелігін. Қош келдің, Жаңа жылым, төрлет қане, Тұрғанда Ер қазақтың өрлеп бағы. Дүниені жаңалықпен дүр сілкіндір, Жүректі өлең-жырмен тербеп тағы.

Шаш, қане, шашуыңды...

Аспаннан айқыш-ұйқыш қар қылаулап, Оттары жаңа жылдың жанды лаулап. Алтайы үміт түлкі қырға тартты, Алаңсыз ақша қарға алды да аунап. Ұлықтап ұлыс күнін мұнша күткен, Қарсы алып халқым жатыр жыр-шабытпен. Оқалап омырауына жұлдыз қадап, Жарқырап шыға келді шырша біткен! Жайғасты жаңа жылым таққа барып, Бұл күні бала да  мәз, қарт та қарық. Жастар жүр шырша айналып, шырқай түсіп, Жырларын жаңа жылдың жаттап алып. Аптықпай, кең адымдап алып далам, Болғанша бүгіп сырын, танып ғалам. Келеді күміс күнін көкке өрлетіп, Қыранның қанатымен қалықтаған. Халықпыз қазақ деген жайма шуақ, Көрмеппіз қулық жемдеп, айла асырап. Тоқшылық төңкеріліп тас төбемде, Ығымда ырыс жатыр жайғасып ап. Өзіңе ашты, міне, елім есік, Томпиып тыныштық боп, төріме шық! Жадырап минут сайын маңайымыз, Көркейсін келбетіңе көңіл өсіп. Сарғая күткен еді сайын далам, Шаш, қане, шашуыңды дайындаған! Алланың рахымынан үміт үзбей, Көрейік күніңді есен, айыңды аман. Келдің бе? Тасытып кел тіл мерейін, Қызығын қазынамның бір көрейін. Төріме оз, тосырқамай, төредей боп, Кейкимей, кібіртіктеп кірмедейін. Темірше САРЫБАЙҰЛЫ.