Анкарадағы адам айтқысыз тағылық
17 ақпан күні кешкісін Түркияның астанасы Анкара қаласында террорлық акт жасалды. Жарылыс түрік астанасының әкімшілік орталығында, нақтылай айтқанда, Түрік Республикасы қорғаныс министрлігінің бас штабы мен парламент ғимаратына жақын жерде болған. Мина салынған автокөлік оған әскери қызметшілер отырған автоколонна жақындай берген кезде жарып жіберілген. Лаңкестік салдарынан 28 адам қаза тапса, 61-і зардап шеккен, яғни түрлі деңгейде дене жарақатын алған. Араларында ауыр жараланғандар да баршылық көрінеді. Сондықтан, құрбандықтар саны артуы ықтимал делініп отыр. Қаза тапқандардың және зардап шеккендердің басым бөлігі Түркия қарулы күштерінің өкілдері болып табылады. Жалпы, құрбандықтардың осыншалықты көп болу себебі лаңкестіктің кешкі уақытта, адамдар жұмыстан үйлеріне қайтып бара жатқан кезде жасалуымен де түсіндіріледі. Террорлық актіні ұйымдастырушылар мәселенің осы жағын да жан-жақты ойластырғаны байқалады. Түрік Республикасының премьер-министрі Ахмет Дәуітоғлы бұрнағы күні террорлық актіге осы елде террорлық ұйым болып есептелетін Күрдістан жұмысшы партиясы мен Халықтық өзін өзі қорғау жасағы (сириялық күрдтер) өкілдерінің қатысы бар деп мәлімдеді. Түркия үкімет басшысының сөзіне қарағанда, жарылысты 1992 жылы Сирияда туған Салих Неджар жүзеге асырған көрінеді. Күдікті тоғыз адам қамауға алыныпты. Түркияның авиациясы Анкарадағы террорлық актіге күрдтердің Ирактың солтүстігіндегі шептеріне жан-жақты соққылар берумен жауап қайтарды. Бұл туралы «Рейтер» агенттігі хабарлады. Агенттіктің ақпаратына қарағанда, бомбалауға Түркияда тыйым салынған Күрдістан жұмысшы партиясының бірнеше лагері ұшыраған. Шабуыл салдарынан 65-тей адам қаза тапқан. Олардың көбі қарулы жасақ мүшелері болса, араларында жоғары шенді командирлер де бар делініп отыр. Күрдтер – Сирия жанжалына қатысы бар тараптардың бірі. Олар «Ислам мемлекеті» (Қазақстанда тыйым салынған) делінетін қарулы топпен күресе отырып, Сирия мен Ирактың солтүстігінде тәуелсіз ел құруды қалайды. Сонымен бір мезгілде, Күрдістанның жұмысшы партиясы Түрік Республикасының аумағында өз халқының ұлттық автономиясын құрғысы келеді. Кез келген елдің өз аумағында басқаның автономия құруына жол бергісі келмейтіні айтпаса да түсінікті. Осы қанқұйлы тағылық актіге байланысты Түркия президенті Тайып Режеп Ердоған Әзербайжан Республикасына жоспарланған ресми сапарынан бас тартты. Елдің премьер-министрі Ахмет Дәуітоғлы да Брюссельде аяқталған Еуропалық одақтың алқалы басқосуына, яғни саммитіне бара алмайтынын жария еткен еді. Бұрнағы күні, сондай-ақ, Түркияның оңтүстік-шығысында әскери конвойға шабуыл жасалған. Жеті адам қаза тапты деген мәлімет бар. Бірақ нақты қанша адамның көз жұмғаны белгісіз болып отыр. Конвой Диярбакыр мен Бингель қалаларын байланыстыратын жолда келе жатса керек. Бүгінгі тынышсыз әлемде Түркияға қатысты оқиғалар мұнымен тәмамдалмайды. Швецияның астанасы – Стокгольм қаласының маңындағы түрік мәдени орталығының ғимаратында да жарылыс орын алды. Жарылыстың күштілігіне қарамастан (түнгі 23 сағат 35 минутта болған), ғимаратта ешкім болмағандықтан, құрбандықтар жоқ көрінеді. Мамадияр ЖАҚЫП, журналист.
•
20 Ақпан, 2016
Еуропалық одақтың нәтижесіз саммиті
449 рет
көрсетілді