• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
06 Қаңтар, 2011

Қоян жылғы қыс

672 рет
көрсетілді

АЯЗ

Кәрі құдаң қыс келді дегенше, Алтай тұрғындары үшін мазасыз күндер мен түндердің жалғасатыны белгілі жәйт дей беріңіз. Міне, бір аптаға жақындады, мұнда арқыраған аяз күшіне еніп, облыс көле­мінде күрделі жағдайлар орын ала бастады. Соңғы екі-үш күнде Шығыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі де­партаментінің құтқарушылары 32 құтқару жұмыстарын атқарды. Үш күннен бері өңірдегі аудандар мен қалаларды жалғас­ты­рып тұрған күре жолдар кешке жақыннан таңертеңге дейін жабық. Себебі, күн қатты суық. Сәрсенбі күні таңертең ауа тем­пературасы Өскеменде -42, -43, қала іргесіндегі Ахмер ауылында -45, Күршім және Катонқарағай аудандарының кей жерлерінде тіпті -45-тен асып түскен. 2 қаңтарда Күршім ауданының Жаңа­ауыл ауылында күн күрт суытып, түнде ауаның температурасы -43, -45 градусқа же­тіп, Қалжыр өзеніндегі Алқым иінінің 300 метр жерінде өзен суы қатып, ол жо­ғары шығып кеткен. Ал кеше су көтеріліп, оншақты үйдің қора-жайларына қауіп төндірген. Қазір өзендегі қатып қалған мұзды жару жұмысы жүріп жатыр. Күршім аудандық әкімдігі жағдайды қатаң ба­қы­лауда ұстап отыр. Сөйтіп, қоян жылы қаһарлы қыс белгісін білдіріп, адамдар сақ болыңдар дегендей ишара танытуда. Иә, күнделікті өмірде сергек болайық, ағай­ын. Жемшөпті үнем­деп жұмсап, ең бас­тысы, тіршілігіміздің тінін бұзып алмайық. Аяз­ды күндері жолға шығуды шектеген де жөн...

Оңдасын ЕЛУБАЙ.

Шығыс Қазақстан облысы.

* * *

ҚАР

Былтырғыдай биыл да, міне, солтүс­тіктің қысы үдеп тұр. Ызғарлы. Суық. Қар қалың. Аяздың беті қайтар түрі көрінбейді. Десек те, қыстың өз әсемдігі, ғажап көркі бар ғой. Жазушы-ақындарымыз суреттеп жаза­тын­дай-ақ бүгінде Кереку өңірі айнала ап­пақ қарға бөккен. Дала тым-тырыс. Керемет ғажап қыс болып тұр! Соңғы аптадағы ауа райын болжаушы­лардың мәліметтері бойынша облыс орта­лығында 30-33 градус, ал алыстағы Ертіс, Железинка, Ақтоғай, Баянауыл аудан­да­рын­­да 37-38 градусқа дейін суық болды. Қаң­­тардың 6-7-сі күндері аяздың кү­шейе­тіні, жо­лаушыларға алыс жолға шық­пау­ла­ры ескертілді, тіпті, алыстағы ауылдарда 39-40 гра­дусқа дейін жететіні алдын ала те­леди­дар­дағы жүгіртпе жолдар, облыстық ра­дио арқылы бірнеше рет хабарланды да. Әкім­дік­терге хабарласып хал-жағдайларын біліп едік: «Е, бізге қыс түскелі қай заман, ауылдар тыныш, мал-жан барлығы да бақылауда», деген жауаптар ал­дық. Ауылдықтар алаң­дай­тын емес. Оларға қосыла мұндай қыс биыл ғана болып па тәйірі дегендей, қалың тондарға оранған, жұмсақ пималар киген қала халқы да, міне, жұмыстарына да, қонағына да, құ­да­лығына да барып, облыс орталығында трам­вайлар да, қалааралық автобустар да тоқ­таусыз жүріп жатыр. Оқыс оқиғалар орын алған жоқ. Қала пәтерлері де жылы. Тө­тенше жағдайлар басқармасының мәлімет­терін­ше, облыс аумағының қалаларында, басқа да елді мекендерде барлық жедел қызмет орындары, жол, тәртіп сақшылары күні-түні кезекшілікте. Қатал қысқа әбден үйреніп алған солтүстіктің халқы, әй, бәлкім келер жылы қыс болмайды екен десе, қалың қар, сары аязым-ай деп жылайтын да шығар-ау!..

Фарида БЫҚАЙ.

Павлодар облысы.