Ақпарат құралы адамзаттың тәрбиешісі, рухани азығы. Бұл – өмір шындығы. Жылдан жылға ұлттық басылымдардың сапасы артып, саны да көбеюде. Әсіресе, рухани тірек болатын басылымдардың халық арасына кеңінен таралуы көңілге қуаныш ұялатады.
Сондай басылымдардың бірі Шығыс Қазақстан облысына тарайтын «Ислам нұры» газетіне 10 жыл толып отыр. Әрине, «газет шықты, он жыл толды» деп айта салу оңай, бірақ оны ұйымдастыру, басшылық жасау, қаржыландыру, тарату нарық заманында оңай шаруа емес екені әркімге де аян. Ендеше, осы қиындықтарды жеңе білген, батыл қадам жасап, қоғамдық мәні зор, осы заманға қажет газетті шығаруды қолға алған журналист Дәулет Тілеубердиев еді.
Бүгінде «Ислам нұры» газеті 5 мың таралыммен Шығыс Қазақстан облысына тарап отыр. Осы басылымнан тәлім алып, имандылық жолына бет бұрғандардың саны қаншама.
– Біздің басылым дінге жаңа бет бұра бастаған адамдарға арналған. Сондықтан, газет бетінде берілетін мақалалардың оқырмандар үшін түсінікті болуына көп көңіл бөлеміз. Сонымен бірге тағылымы мол әңгімелерді газет бетінде жиі беруді мақсат етудеміз, – дейді сөз арасында газет редакторы.
Журналист Дәулет қажы Тілеубердиев елімізде енді қанат жая бастаған діни журналистиканың алғашқы қарлығаштарының бірі болды десек, артық айтқандық емес. Жалпы, қазақ журналистикасында діни тақырыпқа қалам тартып жүрген журналистер саны аз. Ол үшін бірінші кезекте діни сауаттылық қажет. Себебі дін нәзік те күрделі ілім және бүгінде адамды адастыратын ағымдар да көп. Байқамасаң, қалың жұртшылықты шатастыруың мүмкін. Сондықтан, діни тақырыпқа қалам тарту мол ізденісті, үлкен жауапкершілікті қажет етеді.
2007 жылы семейлік журналистер арасынан ол алғаш рет Мекке-Мединеге барып, қажылық парызын өтеп қайтты. Әкесінің айтуынша, 1931 жылы «халық жауы» атанып, 85 жасында үштіктің үкімімен жазықсыз сотталған үлкен атасы Иса қажы 1907 жылы желтоқсан айында қажылық сапарға аттанып бір жыл жүріп қайтқан екен. Тағдырдың жазуы шығар, шөбересі 100 жылдан соң дәл желтоқсан айында қасиетті жерге табан тіреді.
«Еліміз өз тәуелсіздігін алғаннан бері халқымыз дінге бет бұра бастады. Қазіргі таңда Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі хазірет діни уағыздарды жандандыру мәселесін бірінші орынға қойып отыр. Елімізде «Ислам және Өркениет» және «Иман» басылымдары бастаған көптеген діни басылымдар дініміздің құндылықтарын халық арасына насихаттауда айрықша рөл атқарып отыр. Соның бір айғағы – облысымызда шығатын «Ислам нұры» газеті. Осындай басылымды 10 жыл бойы үздіксіз шығарып келе жатқан ұлтжанды азаматтарға айтар алғысымыз мол», – дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Семей өңіріндегі өкілі Тыныштық қажы Яхияұлы.
Газеттің бұл күнде басты тақырыбы: діни-танымдық жолы болса, газет ұжымы бір бағытпен шектелмей, ұлтымыздың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, ауыз әдебиеті үлгілері мен тәрбиелік тағылымы мол әңгімелерді де жариялап келеді.
Алдағы уақыттарда да «Ислам нұры» газетінің оқырмандары көбейе түсеріне еш күмән жоқ.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Семей.