• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
06 Қаңтар, 2011

Жандану

719 рет
көрсетілді

«Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» акциясымен Ақшиде алқалы жиын өтті Өткен мен бүгінгіні са­лыс­ты­ру арқылы  жұмысқа, жетістікке баға беріледі. Бұл жолы да солай болды. 1997 жылы 23 ма­мырда  Алматы, Шығыс Қазақ­стан, Қа­ра­ғанды, Солтүстік Қа­зақ­стан об­лыстарының әкім­ші­лік-аумақтық құрылымдарына өз­герістер енгізілгені белгілі. Со­­лардың қата­рын­да Күрті ауда­ны таратылып, Ақши ауылы Іле ауданының қа­рамағына берілді. Ауыл – ха­лық­тың алтын құрса­ғы. Халқы­мыздың мәйегі бұзыл­маған салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тіршілігінің  қайнар көзі осыдан бастау алады. Әлеуметтік мәсе­лелерге келгенде ауылға ерекше қамқорлықпен қа­рау талап етілетіні  сондықтан. Өмірдегі кездесетін  өзгерістер, ауырт­палық­тар ең алдымен ауыл халқының иығына түседі.  Тоқы­рау сал­да­ры­­нан Ақшидегі көп қа­батты үйлер бұзылып, құрылыс мате­риалына айналды. Күнкөріс қамымен тұрғындар басқа жақ­тарға қоныс аударды. Әсте өмір бір орнында тұр­май­ды. Егемендік алып, еңсе кө­терген тұста қала мен далаға көшкендер қайта оралды. Бұ­зыл­ған үйлердің орнына жаңасы са­лынды. Заман өзгергенімен, Күр­­тінің боз жусанды алқабы мен жай­қалған қызғалдағы бұрынғысынша көктем сайын құл­пы­рып, жайнай түсті. Осыдан қы­рық жыл бұрынғы «Қыз Жібек» фильмінің эпизодтары киелі Күрті өзенінің бойында түсірілгенін бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Сол қойылымда осындағы ақ жаулықты ана мен бала да бар. Облыс әкімі  Серік Үмбетов Жаңа жыл қарсаңында есте қаларлық жақсы істі бастады. Шеткері орналасқан,  осындай елді мекендерге атбасын бұрып, ауылдың түтіні түзу шыққанына, халықтың игілігіне айналғанына ден қойды. Ақшиде алыстан ат арытып, бір кездері тер төккен азаматтар бас қосты. Жиналғандар алдында облыс әкімі Серік Үмбетов сөз сөйледі. Озар елдің арманы бітпейді демекші,  бізге егемендіктен асқан бақыт жоқ. Алыс елді мекен­дер­дің жағдайын жасау қолға алын­ғанына тоқталып, бүгінгі жиын­ның мағынасы, тақырыбы әдет­те­гіден өзгешелігін жеткізді. Ауыл­дың ажары – әл-ауқаттың айнасы, деген облыс басшысы Елбасының  жолдауларында ха­лықтың әлеу­мет­тік-тұр­мыс­тық жағдайын көте­ру жөніндегі тап­сырмалардың тия­нақ­ты орын­далғанын да  айтып өтті. Енді өңірдегі Гвардия, Қапал, Үйгентас пен Шелек аймағында осындай шара өтіп, елді мекендердегі әлеуметтік-тұрмыстық жағ­­дай өрістетілетіні арқау болды. Ақши ауылының тарихы тым тереңде екенін де сөйлегендер тарқатты. Ақши кеңшары 1959 жылы құрылса, 1962 жылы ша­руашылыққа революционер То­қаш Бокин есімі берілген. Аудан тарағанға дейін мыңғырған төрт-түлік өз төлі есебінен өсті. Сондай-ақ, Сарытауқұм, Желто­раң­ғы, Топар өңірі мал мен жанға  құтты мекен болды. Қан­шама тағдырлар осы жерде та­бысты, ұрпақ жалғасты. Алма­ты­лықтарды Бозой мен Айдар­лының бал татыған қарбызы мен пиязы қамтамасыз етті. Осы аймақта Еңбек Ері Өміртай Өмір­беков, қой өсірудің шеберлері Айтжан Көшербаев, Шәу­дір­бай Елубаев, тағы басқалар ел байлығын еселеді. Жаңа ауданға жан-жақты жас мамандар ағылды. Ірі құры­лыс­тар, мектеп, балабақша, аурухана, сауда орталықтары мен мә­дениет сарайы, тұрғын үйлер көптеп салынды. Су құбыры тар­тылып, халық тұщы сумен қамтамасыз етілді. Ауыл гүл­де­ніп, халықтың  саны 8500-ге жеткен, тасы өрге домалаған Ақ­ши­дің тоқырау жылдарындағы ауыр салмақ еңсесін басты. Содан бері де арада  он төрт жыл өтіпті. Елбасының тапсырмасымен қол­ға алынған «Жол картасы» қорда­ланған көп мәселенің түйінін шешті. Көшелер жөнделіп, шамдар орнатылды. Облыстық бюджет қар­жысымен Тоқаш Бокин атындағы білім шаңырағы күрделі жөндеуден өтіп, материалдық-техникалық ба­за­сы жаңартылып, әр сыныпқа интерактивті тақта қойылды. Ауыл­дағы аурухана ғимаратында тұр­ғын­дарға алғашқы дәрігерлік кө­мек көрсету үшін  барлық жағдай жасалған. Сонау жылдары жаңа ауданға жолдамамен келген жігерлі жастар бүгінде егде тартқан. Қиын кезде де туған жерін қимай осында қал­ғандар қаншама. Округ аумағында 214 шаруа қожалығы, 93 кәсіпкер елді мекеннің ертеңі үшін тер төк­кен. Қайта түрленген ауыл бұ­рынғыдан  да ажарланған.  Халық­тың саны алты мыңнан асыпты. Кезінде талан-таражға түскен ғимараттар, қараусыз қалған көп қабатты үйлер қалпына келтіріліп, жас мамандарға, мұғалімдер мен дәрігерлерге беріліп, береке-бірлік нығая түскен. Ауылға осылайша сәнмен бірге ән де келді. Мәдениет үйінде Әжелер ансамблінен тәлім алған жастар да өнерге құштарлықтарын танытқан. Бүгінде әртүрлі үйір­ме­лер жұмыс істеуде. «Сарытауқұм» ән-би ансамблі, халық театры ұжымының өнерін ауыл, аудан  жұртышылығы емес,  Жетісу хал­қы бағалайды. Ақшидің бү­гінгі толағай табысы бір күнде қалып­таспағаны да анық. Ол атқарушы биліктің бағалы бас­тамасы мен халықтың қайнаған өмір көрігінде шың­далуының нәтижесі. Ел ырысын тасытқан жасампаз жандар бір кезде артта қалған ауылды осылай түлетті, гүлдендірді. Жиында құс ұшса қанаты талған, құлан жортса тұяғы мұ­қалған өңірдегі жақсы істер, атпал азаматтардың еңбектері ерек­ше аталды. Осылайша тәуел­сіздігіміздің жиырма жылды­ғына «Ауылдың гүлденуі — Қа­зақстанның гүлденуі» акциясы Ақшиден басталып, одан әрі өзге аймақтарда жалғасатыны ортаға салынды. Облыстық мәслихат депу­та­ты Үсейн Касанов әңгімесінде облыс әкімі Серік Үмбетов ақшиліктерге Аллаға құлшылық ететін имандылық отауы керек екенін айтқанда ойланбастан осы іске кірістім, дейді. Ауыл­дың шығысындағы  көк күмбезі күнмен шағылысқан мешіт үйі үлкен мен кішінің ғибадатхана­сына айналса, кәсіпкер әлі де оның барлық қажеттіліктерін мо­йнына алған. Кәсіпкерлермен қатар жеке шаруа қожалықтары да халық­тың әл-ауқатын көтеруге бар мүм­кіндіктерін салуда. Солар­дың бірі төрт-түліктің төресі  түйе өсіріп, шұбат өндірумен айналысатын «Дәулет-Бекет» серіктестігі. Ша­руашылықтың іргетасын оралман қандасымыз Сыдық Дәулетов қалап, ауылдастарын жұмыспен қамтып отыр. Серіктестік директоры атамекенге келгеннен кейін үкімет береді, деп қарап отырғым келмеді. Қолымнан келгенше жұ­мыс істеуге талпындым, дейді. Оның бас­тамасымен ауылдағы ескі ғима­раттар жөнделіп, 300 орындық тойхана, наубайхана, тігін цехы, киіз үй жасайтын кешен, шұбат өндіретін зауыт ашылған. Сонау жылдары осы мекен­нің көркеюіне үлес қосқан Б.Егінбаев, С.Ильичов, Х.Райым­баев, А.Нұрғожаев, Р.Жарықбаевқа Алма­ты облысының құрметті аза­маты  төсбелгісі мен атағы сал­танатты түрде тапсырылды. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.