• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Қаңтар, 2011

Қара бала

682 рет
көрсетілді

Сол қайыстай қара бала қай­да екен? Қайда жүр екен? Бүгінде бойы өсіп, бұғанасы қатып, нән жігіт болған шығар. Ел тәуелсіздігімен бірге есейіп, ержетіп, ат жалын тартып мінген шығар... ...Иә, бұл сонау 2001 жыл еді. Күнтізбеде – желтоқсан айы. Тәуелсіздік мерекесі қарса­ңын­дағы қарбалас күндердің бірі. Бір кезде Қасым ақын жырға қосқан Орал қаласындағы Достық даңғылын (Қасымның заманында ол Совет көшесі деп аталатын) кезіп келе жат­қан едім. Жолшыбай осы даң­ғылдың бойында орналасқан Батыс Қазақстан облысы бой­ын­ша Құқықтық статистика және ақпарат орталығының ғи­ма­ратына, осы орталықтың бас­тығы, Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сы Прокуратурасының үздігі Бақтияр Баймырзаға соға кеткенді жөн көрдім. Мұндағы мақ­сат – оны тәуелсіздіктің он жылдық мерекесімен құттық­тап шығу болатын. Қабылдау бөлмесіне енгенімде, балдырғандарға ар­налған су жаңа велосипед көзіме оттай ба­сылды. Жарқырап тұр. Бас­тық­тың кабинетіне аяқ басқаным сол еді, қашан да елгезек, кішіпейіл, жүзі жарқын да жайдары орталық басшысы Бақтияр Жақсығалиұлы орнынан ұшып түрегеліп, қол алысып амандасты. – Өте жақсы келдіңіз. Бас газетіміздің өкілін мұндайда іздесек таба алмаспыз. Мәселе мы­на­да. Ұжымда еңбек етіп жүрген ата-аналарға тәуелсіздік алған жылы дүниеге келген перзенттері бар-жоқ екендігі жөнінде сауал салғанбыз. Қызметкеріміз Айман Оңаеваның ұлы Ернар 1991 жы­лы дүниеге келген болып шықты. Міне, сол балаға велосипед сый­лағалы отырмыз, – деді ол. ... Қара баланың қуанышында шек болған жоқ, әрине. Жүзі алаулап, көзі күлім қағып, су жаңа велосипедтің бел темірін сипай берді. Рахмет, аға деуді де ұмытқан жоқ. Осы бір жағымды жәйт жөнінде газетімізге «Берсең балаға бер, айтып жүреді» деген кеңейтілген ақпарат жариялаған едік. Кешегі күнгі үлкен олжам арада он жыл өткен соң сол қара баланы тауып алып кездесіп, әңгі­мелескенім деп білемін. Тара­лып өсіпті. Жанарындағы бая­ғы ұяң да ұялшақ, балдәурен балалық­тың алаңсыз да ай­шық­ты іздері ақылға орын бере бастағаны бай­қалады. Ернар қазір Жәңгір хан атындағы аг­рар­лық-техникалық уни­вер­си­теттің мәшине жасау факультетінде оқып жүр екен. Ол мемлекеттік грант иегері, әрі оқу үздігі болып шықты. Бұдан кейінгі әңгіме онымен сұрақ-жауап түрінде өрбіді. – Ернар, осыдан он жыл бұрын саған Бақтияр ағаң велосипед сыйлаған кезде қандай көңіл-күйде болып едің? – Шынымды айтқанда, ол кісі менің ойымдағы балалық арман-тілегімді дөп басты. Шір­кін, бір жақсы велосипедім болса деп ойлаушы едім. Алайда бұл ойымды әкем Маратқа да, анам Айманға да айтпай, ішім­де сақтап келдім. Біз от­ба­сында бір қыз, екі ұл тәрбие­ле­ніп өстік. Мен солардың кенжесімін. Аталған сыйлықты сын­дырмай ұқыпты пайда­ла­ну­ға тырыстым. Оны бес-алты жылдай тептім. – Тәуелсіздікпен бір жылы дүниеге келген төлсің сен, Ернар. Бұл жөнінде не айтар едің? – Ата-бабаларымыз ға­сыр­­­лар бойы армандап келген тәуелсіздіктің ақ таңы атқан жылы дүниеге келгенім үшін, әрине, өзімді шексіз бақытты санаймын. Әрі біздермен бірге тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихы басталады екен. Бұл екеуі бір-бірімен үндес, мағыналас, ажырағысыз ұғымдар деп санаймын. Ойлап қарасам, тағы бір отыз жыл өткен соң тәуелсіздіктің елу жылдығы аталып өтер тұста біз де елуге келеді екенбіз. Осындай болашаққа барлау мен үшін үлкен ой туғызады. Яғни, біздің ұрпаққа, оның маңдайына тәуелсіздікті тұғырлы, баянды ету міндеті жазылған деп түсінемін. Енді бір бес жылда біз секілді тәуелсіздік тұстастары қоғамдық өмірдің барлық саласына белсеңді түрде араласа бастайды. Біздің өміріміздің мәні де, сәні де тәуелсіздік. Біз соған қызмет жасауға жарай алсақ, тәуелсіздік тұстастары ретіндегі бір парызымыздың өтелгені болмақ. Қазіргі студенттік шақ сол ұлы істерге әзірлік, алғашқы баспалдақ, ілім-біліммен жан-жақты қарулану кезеңі деген ойдамын. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Ернар Оңаевтың ойы орнықты, пікірі байыпты. Оның бүгінгі мақсаты – кетігін тауып, тәуелсіздіктің бір кірпіші болып қалану. Ол өзінің барлық жетістіктері мен табыстарын тек тәуелсіздікке ғана арнауды мұрат тұтатынын жеткізді. Тәуелсіздік ұрпақтарына жан-жақтылық, сергектік, саламатты өмір салты жарасар болар. Осы орайда Ернардың бала кезінен бері спортпен шұғылданып, тиісті нәтижелерге жетіп келе жатқаны да сүйсіндіреді. Әсіресе, ол футбол мен хоккей десе ішкен асын жерге қояды. Ол өткен жылы, тәуелсіздіктің он тоғыз жылдығы қарсаңында Білім және ғылым министрлігі «Қазақстан студенттері Альянсы республикалық студенттік қозғалысы» ұйымдастырған сайыста «Ең үздік қорғаушы» дипломын жеңіп алыпты. Ол – футболдан университеттегі студенттердің құрама командасының мүшесі. Бар бол, қара бала! Иә, сен бүгінде қара бала емес, жалын атқан жиырмадағы жас жігіт екенсің-ау. Алдыңнан ақ күн тусын сенің, тәуелсіздік тұстасы. Темір ҚҰСАЙЫН. Орал. -------------------------- Суретте: тәуелсіздік тұс­та­­сы Ернар ОҢАЕВ. Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ. * * * ДАУЫС (Тәуелсіздік туралы ой) Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ, Аталарым оны қолдан берген жоқ. Отан үшін құрбан болған боздақтар, Ел есінде дейміз олар өлген жоқ. Шуақ шашқан ашық аспан күніміз, Тәтті ұйқы, тыныш және түніміз. Кеше ғана бодан болсақ басқа елге, Бүгін міне ірілердің біріміз! Шекараға қадамыз да қағылды, Полигоны Семейімнің жабылды. Бар байлығы қазағымның жоғалған, Тәуелсіздік алғаннан соң табылды. Қазақстан, өзге елмен тең ісің, Жасаудамыз көп елдермен келісім. Бекерге ерлер құрбан болып кеткен жоқ, Сол күрестер берді бүгін жемісін! Алауым бар ешкім оны сөндірмес, Бұл ғаламда Қазақ елін кім білмес! Қонақжайлы, қазыналы, ауқатты, Қазақстан еліне ешкім тең келмес! Алтын ордам ақ бесігім Астанам, Көзді тартар әдемісің жас қалам! Отанымды күллі әлемге танытқан, Көк байрақты биік ұстап, шаттанам! Елім тыныш, жақсы өмір сүрейік, Жерімізді аман басып жүрейік. Бар адамға сәлем жолдап айтарым: Бейбітшілік қасиетін білейік! Меруерт БАРМАҚОВА, Курчатов қаласындағы  №1 қазақ орта  мектебінің 11-ші  сынып оқушысы. Шығыс Қазақстан облысы.