* * *
БАСТАҒЫ БАҚТЫ БАҒАЛАЙЫҚ, БАУЫРЛАР!
Мен Ақтөбе облысының Темір ауданының азаматымын. Білімім – жоғары, мамандығым – мұғалім, соғыс жылдарындағы еңбек ардагерімін. 1949 жылы мектеп бітіріп, Алматының Абай атындағы университетіне оқуға түскенімде Ақтөбе қаласын да көрмей, білмей келдім. Кеңестік кезеңде оқып, тәрбие алдық, ержеттік, есейдік. Оның бер жағында тәуелсіз мемлекет болғанымызды да көріп, қал-қадерімізше қызмет жасадық. Шіркін, тәуелсіздік, не деген қымбат, не деген қадірлі едің біздің халқымыз үшін! Не деген асқақ едің, не деген арманды едің! Халқымыз тәуелсіздікті ғасырлар бойы аңсады, армандады. Сонда да саған деген сенімін жоғалтпады, алға үмітті сеніммен қарады. Сол бір жақсылықты адамнан емес, Алладан тіледі, жалынды. Ақыры аққа құдай жақ дегендей, ақ түйенің қарны жарылғандай қуанышпен тәуелсіздігіміз қолымызға тиіп, мәре-сәре шаттыққа бөлендік. Тәуелсіз мемлекетіміз көшбасшылық қызметін Нұрсұлтандай дана ұлына ұстатты. Тәуелсіз мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл қызметке мол тәжірибемен, асқан білім-білікпен, өзіне ғана тән дара даналықпен кірісті. Толыққан, кемел жасқа келген шағы. Ел-жұртымыздың ортасында ойлы да парасатты кейпінен жаңылмай, мына бейдауа заманның желіне ілесіп, тәуелсіздік атты ғажайып ұлы күштің дүмпуіне дес бермей, қилы да қиын күндерді бастан кешіп жатқан халқымызбен әмсе бірге келе жатқаны – елімізге құт-береке орнатқандай, жерімізге бейбітшілік туын желбіретіп, халқымызға бірлік, жарастықты тірлік беріп келе жатқан айтулы азамат екендігі баршамызға белгілі. Мен Астананың қазіргі кескін-келбетін, сән салтанатын бірінші көруім. Әсем қала, жас қала, бас қала деген сөздерді радиодан, теледидардан, болған, көрген адамдардан естуім бар еді де, қашан көремін деген арманда едім, сәті түсіп аралағанымда аузымды ашып аңырып тұрып қалыппын, ертегілерде ғана кездесетін ғажап дүниелерге елігіп, елтіп қарай бергім келеді. Жыраулар айтатын терме, ақындар айтатын айтыстың тақырыбы сұранып-ақ тұр, шіркін! Шындығын айтқанда, аз ғана жыл шамасында мұндай қала салу ешкімнің де қолынан келмес еді, ешкімнің батылы да бармас еді. Істің жүйесін тапқан – түйіннің шиесін шешеді деген мақал Нұрекеңдей рухы өр, орны төр Көшбасшыға ғана айтылар. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында экономикалық жағдайымыз өте ауыр болатын. Соған қарамастан Президент астананы Алматыдан Ақмолаға көшірудің қам-қарекетімен жүрді. Нұрекең 1997 жылы желтоқсан айының алғашқы жартысында көшіру мәселесін түбегейлі шешті де, өзі бастап Ақмоладан бір-ақ шықты. Күткендеріндей қиындықтарда шек болмады, кеңселердің орналасуы, адамдардың жататын орындары, оған қоса Сарыарқаның қытымыр сары аязы, азынаған желі шыдатпаса да көндігуге тура келді. Демек, жаңа орынға қоныс аударуымыз еліміздің экономикасының қарыштап өсуіне септігін тигізгендігі ақиқат. Президенттің ойлау өрісінің кеңдігі, ақылы мен сабырын құстың қос қанатындай құрметтеуі, жан дүниесінің молдығы, іскерлігі, тапқырлығы, сөйлеуге шешендігі, керекті жерінде қиыннан қиыстырып, орынды әзілмен, жарасымды қалжыңмен адамдардың көңілін аулауы – қиындықтарды еңсере жеңудің бірден-бір құралына пайдаланып келгендігі адамдарға күшжігер, ынтымақ-бірлік, ілгері басқан қадамдарының қарышты болуына үлкен септігін тигізіп отырды. Біз не де болса қиындықты түпкілікті жеңдік. Сара жолға шықтық. Сара жолға салған Көшбасшымыз Назарбаевтың дана басшылығына әрқашанда ризамыз! 56 ел басшыларының басын қосып, Астанада Саммит өткізуінің өзі мемлекетіміздің абырой-беделін асқақтатып жіберді. Сол екі күн Саммитті өткізуге бастамашы болған Президентіміздің абырой-атағын бұрынғыдан бетер жоғарылата түсті. Жасай бер, Нұреке, халқыңды жаңа асқаралы асуларға бастай бер, халқыңның ауыр жүгін арқалауға шаршамағайсың, ауырлық көрсең жұқармағайсың, қиындық көрсең мұқалмағайсың, даналардың дәстүрін жаңалағайсың, жалғағайсың, Нұреке, дегеннен басқа не айтамыз! Астана Саммитінің нәтижелі өтуін, тәуелсіздігіміздің 19 жылын тамаша табыстармен аяқтауға риза болған халық Президент өкілеттілігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту жөнінде референдум өткізуді ұсынды. Көптің бірі ретінде мен де Президенттің өкілеттігін ұзарту жөніндегі референдумның өткізілуін қолдаймын және өз даусымды беретіндігімді мәлімдеймін. Мені осындай бір мақала жазуға итермелеген, ерекше бір ризашылық сезімге түсірген желтоқсан айының басынан бастап, Астананы аралағандағы алған әсерлерім еді. Өңім түгіл түсімде көрмейтін әсем қала, арман қала маған ой салды, жанымды тебірентті. Барлық жүзеге асырылған ғажайып шаралар тек қана Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ісімен байланысты екендігіне көзім жетті. Президенттің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартайық деген ұсынысты бір адамдай қолдайық. Жоғарыдағы қасиеттердің барлығы тек Нұрекеңде ғана болатын, соған ғана лайық қасиет екендігі ешқандай дау туғызбайды. Бетке ұстасаң беделі қандай, арқаға ұстасаң панасы қандай екендігін айыра білетін уақыт болды емес пе, ағайын! Өз басымыздағы бақ құсымызды бағаламай ұшырып алмайық, бағалайық, аялайық, ардақтайық!Мұғал ҚҰБАШҰЛЫ, дербес зейнеткер.
* * *
3 МИЛЛИОН 100 МЫҢ ҚОЛ ЖИНАЛДЫ
Кеше Өскеменде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту жөніндегі бастамашы топ мүшелері ақпарат құралдары өкілдерімен жүздесті. – Дәл қазіргі сәтте еліміз бойынша Елбасының өкілеттігін ұзартуға байланысты 3 миллион 100 мың адам дауыс беріп отыр, – деді бастамашы топтың жетекшісі, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Ерлан Сыдықов. – Әсіресе, мереке және демалыс күндері жер-жердегі бастамашы топ мүшелері белсенділікпен жұмыс жасап, көп мөлшерде дауыс жинаған. Жастар мен еңбек ардагерлерінің ынта-жігері ерекше болды. Ерлан Бәтташұлының айтуынша, дауыс жинау 11 қаңтарға дейін созылмақ. Одан кейінгі шешімді Елбасы өзі қабылдайды. Біздің шамалауымыз бойынша 4 миллионнан астам адам Елбасының өкілеттігін ұзартуға дауыс береді, деді ол. Бастамашы топтың мүшелері Г.Бердюгин, облыстық кәсіподақтар ұйымының төрайымы Н.Түсіпова, облыстық мәслихат депутаты Т.Исабаев облыс тұрғындарының белсенділігі жайлы айта келіп, Елбасының Кенді Алтайдың экономикасының өркендеуіне ерекше үлес қосқанына жерлестерінің лайықты баға бергендеріне тоқтала кетті.Оңдасын ЕЛУБАЙ.
Өскемен.* * *
ХАЛЫҚ СҮЙІСПЕНШІЛІГІ ДЕП БІЛЕМІЗ
Еліміздің жаңа тарихында барша қазақстандықтар үлесі үлкен. Алайда, оның жарқын беттеріне бөлекше айшықты таңба салған, оны жарқырата түсіп келе жатқан тұлға бар. Ол Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев екені әмбеге аян. Тағдыр мені бұл адаммен бұдан елу жыл бұрын тоғыстырған еді. Басқа басқа, біздер – металлургтер қауымы азаматтық қасиеттерді бірден танимыз. Ортамызда ақыл-ойы мен ерік-жігері ерекшеленген жас Назарбаевтың сол кезде-ақ болашағының зор екенін сезетінбіз. Еңбекке шыңдалған сыйластық берік болатындығы белгілі. Қазақстандық алғаш шойынды бірге қорыттық. Бір бригадада бес жыл иық тірестіріп жұмыс істедік. Сонда қалыптасқан жарастық қарым-қатынас күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Жалғыз мен ғана емес, сүйікті де ауыр істі тізе қосып атқарған кешегі әріптестеріне Нұрсұлтан Әбішұлы ықыласы әлі ыстық. Теміртауға жұмыс бабындағы сапарларында бәрімізбен кездесуге уақыт табады. Отандастарымыздың Елбасының президенттік өкілеттігін ұзарту туралы ұсынысы көңілімізге қонды. Мұның өзі жайдан-жай еместігін білеміз. Мемлекетімізді биік белестерге көтерген, әлемге танытқан, жарқын болашағына берік негіз қалаған адамға деген сүйіспеншілік пен сенімнен туындаған жүрек үні екені анық. Сондықтан референдум өткізу арқылы халық қалауы анықталуын қолдаймыз. Өркендеудің жаңа бір асуы алда тұрған кезде мемлекет басқарудағы қабілет-дарыны, өмірлік тәжірибесі бай тұлғаға сенімді биіктету Қазақстанымыздың кемел келешегіне кепілдік болып табылады. Оның шуағы Н.Ә.Назарбаевтың бойына күш-қуат болып құйылатындығына шүбә жоқ.Владимир КОЛБАСА, ардагер-металлург.
Теміртау.* * *
БЕДЕЛ БИІГІ
Нұрсұлтан Әбішұлы еліміз тәу етер жалғыз кие – тәуелсіздікке алғаш қол жеткізгенде ұлтымыздың, мемлекетіміздің тізгінін қолға алып, көш бастаған Тұңғыш Президентіміз болды. Міне, содан бері іргеміздің сөгілмеуіне, мемлекетіміздің біртұтастығына, халқымыздың тыныш та берекелі ғұмыр кешуіне, әлеуметтік-экономикалық саясатымыздың тұрақтануына, дамушы елдердің көш соңында қалмауына аянбай тер төгіп, еңбек етті. Бұл оның көреген стратег, қажырлы еңбекқор, білікті басшы екенін Қазақстан жұртшылығы алдында да, әлем алдында да дәлелдеді. Мемлекетіміздің жастары Елбасы мен Қазақстан Үкіметінің қамқорлығының арқасында өз армандарын жүзеге асыруда. Әсіресе, ауыл жастары мұндай қолдауға көп иек артуда. Президент жыл сайынғы дәстүрлі жолдауында да ауыл тағдырына, оның әлеуметтік жағдайына, ардагерлер мен зейнеткерлеріміздің, әлеуметтік салада қызмет істейтін мамандарымыздың мәселесіне ерекше назар аударып, басты назарда ұстап отыр. Сондай-ақ, ел ғылымының өрістеуіне, жас ғалымдардың көбеюіне, ұлт тарихының құндылығына көп көңіл бөледі. Отан қамқорлығын зейнеткер де, өмір жолын жаңа бастаған шәкірт те айқын сезініп отыр. Сарыарқаның төсінде өткен Саммит әлем назарын Қазақ еліне аударды. Жаңа елорда – Астана қаласы қазақ елінің келбетін танытты, елдің береке-бірлігіне, алтын ұясына айналды. Астана қаласы Еуразия құрлығының ортасындағы Қазақстан халқының ерік-жігерінің, үлкен қажыр-қайратының айғағы болды. Жаңа қала, жас қала Астананы дүние жүзіне танытудағы, әлем халықтары дін өкілдерінің басын бір ортаға ұйытқан игілікті идеяны Америка, Ресей, Қытай, Түркия және тағы басқа да дамыған мемлекет басшылары бірауыздан мойындап, Елбасының салиқалы саясатын қолдап, экономикалық тұрақтылыққа бағытталған істерге зор баға беруде. Бұл – әрине, елдің мақтанышы, абыройы! Жас мемлекет – Қазақ елінің бедел биігі мен арман-мақсаты! Осы орайда ұлтымыздың рухани көсемі Ахмет Байтұрсыновтың «Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын?!» деген сөзі еске түседі. Елдің түкпір-түкпірінен алуан ұлттың үн қосып жатқаны ел-жұрттың Ұлт Көшбасшысы атанып отырған Елбасыға сенім артқанының, сол сенімді Елбасының ақтай білгенінің айғағы! Нұрсұлтан Әбішұлы шын мәнісінде ұлттың Көшбасшысы, елдің үмітін ақтаған, арманын алға апарған қайраткер. Мемлекетіміздің қарыштап дамуына қосқан үлесі жағынан Елбасымен терезе теңестіре алатын қайраткер жоқ. Сондықтан да, оның өкілеттігін ұзарту жөніндегі референдум өткізу туралы ұсынысты Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің оқытушылары мен студенттері қызу қолдап отыр. Қазірдің өзінде референдум өткізу жөніндегі ұсыныс оқу орнының ғылыми кеңесінде мақұлданып, қол жинау жұмыстары жүріп жатыр. Асқар НӘМЕТОВ, Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚМУ ректоры. Қостанай.* * *
ЖІГЕР СЫЙЛАДЫ
Президент өкілеттігін ұзарту жөніндегі бастамаға Сыр елі алғашқылардың бірі болып қолдау білдірді. Елбасы қамқорлығын ерекше сезінген өңір халқы мұндай маңызды оқиғаға ыстық ықылас қойып отыр. Өткен жылдың тамыз айында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жаңалық жасады. Ол — партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өлмесхан Болатбековтің «Атамұра» баспасынан «Ел-жұрт һәм Елбасы. Наш Лидер» кітабының жарыққа шығуы еді. Автор Мемлекет басшысының балалық шағынан бүгінге дейінгі парасат жолын сабақтай келе әлемге әйгілі Қазақстанның қуатты қадамын жан-жақты суреттеген. Және бұл кітаптың артықшылығы, оның кейіпкерлері қарапайым ауыл адамдары болып, олардың Елбасына деген жүрекжарды ой-орамдары, тілегі қамтылуында. Ең бастысы, Президенттің өкілеттігін ұзартуға қозғау салуымен бағалы болды. Біз осы кітаптың кейіпкерлері ретінде Елбасы жайлы ойымызды білдіруді, оның өкілеттігін ұзартуға қолдау жасауды парыз санадық. Нұрсұлтан Назарбаев қайталанбас тұлға. Тәуелсіздік алған кешегі ауыр күндерде қиын-қыстаудан елді жамандыққа ұрындырмай, бас-аяғын бүтін алып шығу оның бірінші ерлігі еді. Соғыссыз, қарусыз тәуелсіздігімізді жариялап, бірде-бір елге тәуелді болмай, өз мүмкіндігімізбен тіршілікті тоқтатпадық. Алдымен Қазақстанды құдай қолдады, сосын Нұрағаң жарқын жолға жалғады. Қазақстан әлемдік қаржы дағдарысын айналып өткен мемлекет. Бұл экономикалық мықты талдаудың, сондай-ақ алдын алудың сәтті қадамы. Көршілес мемлекеттер, Еуропа елдері есін жия алмай тұрғанда, Қазақстан қарышты қадамдар жасады. «Жол картасы» арқылы өмірі жөндеу көрмеген көшелердің келбеті кірді, ауруханалар мен мектептер салынды. Жалпы, Елбасы туралы айтқанда, Жолдау жайлы толғанғанда бір кем дүние көрінбейді, бәрі өнеге мен үлгілі үрдістерге толы. Біз Президентті бағалаймыз және өмірі ұзақ болғанын тілейміз. Бүгінде «Нұр Отан» партиясының бастауыш ұйымнан бастап, аумақтық, аймақтық есеп беру, сайлау жиындары өтіп жатыр. Мұнда Елбасының өкілеттігін ұзарту мәселесі кеңінен көтеріліп, жаппай қолдау тауып жатқанын мақтанышпен айта аламыз. Елбасы жетекшілік ететін «Нұр Отан» партиясының Сыр бойындағы отыз сегіз мыңдай мүшесі бірауыздан қолдау жасауды ұйғарып отыр. Өйткені, ел дамуына партияның ықпалы зор. Сондай-ақ, аймақтың мәдени-әлеуметтік өмірінде кеңінен жұмыс жасап, нәтижелі іс көрсеткен партияның жергілікті филиалдары халық сенімінен шықты. Бұл Елбасыға деген сенімді одан сайын күшейтті. Біз өз ойымызды білдіре отырып, еліміздегі, ауыл-ауылдағы әйелдер қауымын, батыр аналарды Елбасының өкілеттігін ұзарту референдумына бір кісідей қатысуға шақырамыз.Алма БАҚТИЯРОВА, Сырдария ауданының құрметті азаматы.
Айша Бөлекбаева, Алтын алқалы ана.
Қызылорда облысы.* * *
БҰЛ – САЯСАТТЫҢ ЖАЛАУЫ ЕМЕС, ЖҮРЕКТЕРДІҢ ҚАЛАУЫ
Кеше ғана қауызын жарып азаттық аспанына талпынған тағдырлы елдің аз уақыттың ішінде, басқалар ғасырлап жеткен ғаламдық кеңістікке шырқап шыққанына шынымен таң қалғандаймыз. Таң қала тұрып осынау тарихи ғажайып құбылыстарды кемел ойымен, кенен ақылымен, сындарлы саясатымен жүзеге асырған еліміздің Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевпен замандас болғаныңа, ол жасаған қайталанбас саяси-әлеуметтік реформаларды ықылас-ынтамен орындауға қатысқаныңа тәңіріңе тәубе айтасың. Тәуелсіздік Нұрсұлтан Әбішұлының табиғи талантын ашты, ал Назарбаев елінің бағын ашты. Тарих дегеніміз мәңгілік өлшеміндегі деректер мен дәйектер. Сол дәйектерді тағы бір жаңғыртып өтсек, жаңа Қазақстанның жаңа тарихындағы жасампаз тұлға жарқырап шыға келеді. Ол – Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев. Әлемде жер көлемі жөнінен 9-шы орынды иеленетін елдің мемлекеттік шекарасы дау-дамайсыз бекіді. Бұл енді дос түгіл, дұшпан да бас ұратын ерен ерлік. Әйтпесе іргесіне ши жүгіртіп, шырқы бұзылып жатқан елдер қаншама. Сарыарқа төсінде алшайтып жаңа Қазақстанның жаңа елордасын салдыру да Елбасымыздың төлтумасы. Әрі қарай әрбір қазақстандықтың жадында жатталып қалған жетістіктерді түгендемей-ақ қояйын. Кешегі әлі ыстығы басылмаған ЕҚЫҰ Саммитінің Астанада өтуі, әлемдік маңызы бар шешімдердің қабылдануы Елбасымыздың өлшеусіз еңбегінің, елдестірген саясатының тағы бір көрінісі. Мүдделері бір-біріне кереғар келетін елдерді бір жерге иіп әкелу, ұстанған қағидаттары әр түрлі елдер басшыларын бір тоқтамға келтіру, бір пікірге тоқайластыру қиынның қиыны екені белгілі. Солай болса да, Нұрсұлтан Әбішұлының шебер саясаткерлігі, көшелі ойлау қарым-қабілеті Астана декларациясының қабылдануына алып келді. Біз Астана Саммитінде осы беделді басқосуға қатысушы әріптестерімізбен Президентіміздің ел тұтқасын берік ұстаған Ұлт Көшбасшысы ғана емес, әлемдегі санаулы саясаткерлердің бірегейі екенін қатысушы қайраткерлердің көзі жетіп, көңілдері тоғайғанын өз болмысымызбен сезіндік. Елбасы арқылы Қазақстанымызды қауымдастықтың құрметтегенін сезініп, тұла бойымызда тебіреніс толқындардың әлсін-әлсін жүгіріп өткенін несіне жасырайық. Мемлекетті тұлғалар түзеді. Ал халық сол тұлғалардың айналасына топтасып, мемлекеттік істерді жүзеге асыруға қатысады. Бұл әлімсақтан жалғасып келе жатқан қағида. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында Елбасының өкілеттігін ұзарту жөнінде бүкілхалықтық бастама көтеріліп жатыр. Бұл – салиқалы саясаттың жалауы емес, жүректердің қалауы. Бұл Қазақстан халқының алдағы он жылға да Тәуелсіздіктің кепіліндей туынды тұлғамен бірге баруды қолдап отырғаны. Ал жүрек қалауы қандай бір құдіреттерден де биік болмақ. Сондықтан, Елбасының өкілеттігін алдағы 10 жылға ұзартуды көздейтін бүкілхалықтық бастаманы бірауыздан қолдауға шақырамын.Бақберген ДОСМАНБЕТОВ, Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы, экономика ғылымдарының докторы.
* **
ЖАСТАР ҚОЛДАЙДЫ
Қазақстанның экономикасы әлемдік дағдарыста сүрінбеді. Дүние жүзінің көшін бастап жүрген мемлекеттер соңын күтіп, іркіліп қалғанда елімізде жасауға тиісті тіршіліктердің тоқтап қалғаны жоқ. Мұны оңтүстікқазақстандықтар да анық сезінуде. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінен бөлек білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, шағын және орта бизнес саласында күн сайын дерлік жаңа нысандар беріліп жатты. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов 2011 жылы бюджеттің басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталады деп отыр. Қазір жұрт бұрынғы саманнан салынған мектеп, итарқа секілді емдеу мекемелерін ұмытты. Алып құрылыстар жүріп жатыр. Осының бәрін көкірек көзінен өткізіп отырған халық Елбасының президенттік өкілеттігін ұзарту туралы бастаманы қызу қолдайтынын айтып, “Егеменнің” қосынына жиі телефон шалады. Қарапайым халық. Басесеп емес, алғаусыз көңілін білдіреді. Халық пайдасына өлшеусіз жұмыс жүргізіп жатқан Елбасымызды бірауыздан қолдаймыз дейді. Өзіміз де талай мекемелердегі жиындарға қатыстық. Жастар форумы, Студенттер Ассамблеясы, Жастар қанаты секілді ұйымдар өз дауыстарын жеткізіп жатыр. Ел пайдасына дегенде алғы шепте жүретін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінде “Жастар – Елбасымен бірге” атты облыстық жастар қоғамдық ұйымдарының форумы өтті. Университеттегі бастамашы топтың жетекшісі Бақыт Сапарбаев жүргізіп отырған іс-шарада мемлекетімізде атқарылып жатқан іргелі істер сөз болды. Университет ректоры, академик У.Бишімбаев, республикалық бастамашы топ мүшесі Р.Пак, ОҚМУ Студенттері альянсының мүшесі И.Хайдов, Студенттік өзін-өзі басқару мүшесі У.Разакова, ОҚМУ Халықтар достығы Ассамблеясының мүшесі Е.Ли, студент, Қытайдан келген қандасымыз Б.Аманқұлова, студент Р.Алманов, З.Орынбеков сияқты азаматтар сөйлеген сөздерінде аздаған жылда Қазақстанды бәсекеге қабілетті елдердің қатарына тартқан, әлемге мәшһүр еткен Елбасының сындарлы саясаты жайлы айтып, референдумды бірауыздан қолдайтындықтарын білдірді. “Алтынай” шипажайының атқарушы директоры Асылхан Ойсаев өз ұжымының бастаманы қолдайтынын айтып, өзге әріптестерін де осыған шақырса, Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбдірахман Омбаев “Нұрсұлтан Назарбаев – Тәуелсіз Қазақстанды аяғынан тұрғызған көрнекті мемлекет қайраткері. Дүйім түркі әлемі өз көшбасшымыз деп танып отырған тұлғаның өкілеттігін ұзартуды, референдум өткізуді біздің институт бірауыздан қолдайды” дейді. Тілші телефонында тыным жоқ. Біз өзіміз қатысқан жиындардағы сөздердің тобықтай түйінін беруге тырыстық.Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы.