Жаңа жылдың алдында Екібастұздағы Болат Нұржанов атындағы ГРЭС-1 стансасына 30 жыл толды. Энергетиктерді мерекелерімен құттықтауға облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев және кәсіпорын акционерлері – «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Владимир Ким, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-тың атқарушы директоры Бақытжан Жақсалиевтар келіп, салтанатты жиынға қатысты. Энергетикалық қауіпсіздік – ел қауіпсіздігі. Бұған дейін шетелдік инвесторлардың қолында болып келген станса бұл күндері мемлекет иелігінде екені де белгілі. Өткен жылы ГРЭС-1 стансасына еліміздің және ТМД елдері электр энергетикасы саласының ардагері, кезінде кәсіпорынның аяққа нық тұрып, дамуына зор үлес қосқан Болат Нұржановтың есімі берілді. Ал, стансаның мерейтойына орай №5 энергоблокта қоршаған ортаны ластанудан қорғайтын электрлі сүзгі іске қосылды. Стансаның бас директоры Рысқан Сыбамбаевтың айтуынша, кәсіпорынның алдағы онжылдыққа арналған даму бағдарламасы талқыланып, бекітілді. Ал оны жүзеге асыруға бағытталған инвестиция көлемі 1 млрд. АҚШ долларын құрап отыр. Жоғарыда аталған электрлі сүзгі осы инвестициялық бағдарламаның алғашқы бастамасы деуге болады. Жаңа құрылғы ауаға таралатын зиянды күлдің мөлшерін жылына 17,5 мың тоннаға дейін төмендете алады. Бұған дейін экологияға залал келтіретін қалдықтардың ауаға таралу мөлшері жылына 20,5 мың тоннаны құраса, енді ол көрсеткіш 3 мың тоннаға дейін азаяды. Бұл кәсіпорынның қаржы үнемдеуіне де әсер етеді. Мысалы, экологиялық зардаптар үшін жылына төленетін қаражат көлемі 70,6 миллион теңгеге қысқарады.
Стансадағы № 2-ші және № 8-ші энергоблоктарды қайта қалпына келтіру жұмыстарына құйылатын инвестиция көлемі 53,4 млрд. теңге болады. Жобаның іске қосылу мерзімі – 2014 жыл. Иә, энергетика – ел экономикасының қозғаушы күші. Қазіргі кезде елімізде қолға алынып жатқан үдемелі индустриялық-инновациялық даму жобалары да энергетика саласымен тығыз байланысты. Бұл ретте, Екібастұздың ГРЭС-1 стансасының орны әрине, ерекше. Жалпы, Екібастұздағы стансаларда жүзеге асырылып жатқан инновациялық жобалар Елбасы назарында. Өйткені, еліміз үшін көмірлі қала, өндірістері қаптаған Екібастұздың орны бөлек. Осы отыз жылда стансаның дамуына көптеген мамандар үлес қосты. Жалындаған жастар энергетика саласының қыр-сырын осы станса басында жүріп игеріп шықты. Станса тек қазақстандық мамандардың ғана емес, кеңестік елдердің энергетиктерінің нағыз шыңдалу, шеберлік мекеніне айналды, деп атап өтті еліміздің энергетиктері ардагерлер кеңесінің төрағасы Советхан Нұрпейісов өз сөзінде. Бұл күндері стансада 5 энергоблок жұмыс істеп тұр. Ал, алдағы жылдары жұмысы тоқтап тұрған тағы үш энергоблок қайта қалпына келтіріледі. Сөйтіп, осы арқылы станса 2016 жылы 4000 МВт электр энергиясын өндіре алады. Әрі кәсіпорынның инновациялық бағдарламасы аясында барлық энергоблоктарға электрлі сүзгі құрылғылары орнатылады деп жоспарланып отыр.
– Біздің өндірген электр энергиямыз күн сайын жүздеген пәтерлерді жылумен, жарықпен қамтамасыз етіп отыр. Болашақта стансаның өндірістік қуаты одан да артады, бүкіл құрал-жабдықтарды жаңартуда инвестиция тартуға көп күш жұмсалуда, – дейді «Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы Владимир Ким.
Фарида БЫҚАЙ.
Павлодар облысы.