• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
07 Қаңтар, 2011

Газ турбиналары Атырауда жөнделеді

572 рет
көрсетілді

Елбасы бұдан біраз уақыт бұ­рын Атырауға сапары кезінде мә­шине жасау өнеркәсібін да­мыту мақсатында салынған газ-тур­би­на қондырғылары мен жаб­дықтарын жөндеу және сервистік қызмет көрсету зауы­ты­ның жұмысымен танысқан еді. Бұл – Қазақстандағы алғашқы жоба. Бұрын елімізде дәл ос­ын­дай, әсіресе, газ турбиналарын молынан тұтынатын мұнай-газ өнеркәсібінің тоқтаусыз жұмыс жасауы үшін қажетті қондыр­ғы­ларды жөндейтін зауыт бол­маған. Кеңестік дәуірде мұндай зауыт тек Ленинградта ғана са­лынған. Сол себептен, Қазақ­стан­нан газ турбиналарын Ре­сей­де және Украинада жөндету мақсатында алысқа тасымал­да­нып келген. Атырауда жұмыс жасай бас­таған “КазТурбоРемонт” сервис орталығы” ЖШС-нің бас дирек­торы Асхат Өсеровтің айту­ын­ша, зауыттың құны – 6 млрд. теңге. Нысан құрылысы тап­сы­рыс берушінің 660 млн. теңге көлеміндегі өз қаражатына және 5 млрд. 340 млн. теңге несиелік қаражат есебінен салынған. Ал­ға­шында несиені екінші деңгей­дегі бір банктен алуға ниет еткенімен, кейін Халық банкінің ұсынысы кәсіпорын басшы­ла­ры­ның қызығушылығын туды­рып­ты. Қазір аталған зауыт то­лық қуатында жұмыс жасай бас­тады. Зауытқа осы заман та­лабына толық сай келетін шетелдік технологиялар орнаты­лып­ты. Сондықтан мұнда жөн­деу жұ­мыс­тары да, сервистік қызмет көр­сету де еш тоқтаусыз атқарылады. – Жылына газ турбиналарына 18 күрделі жөндеу өткізуге толық мүмкіндік бар, – деп түсіндіреді зауыттың “КазТурбоРемонт” ЖШС бас директоры Асхат Өсе­ров. Он­ың айтуынша, сонымен бірге, за­уытта мәшине жасау өндірісіндегі түрлі бөлшектерге ағымдағы 12 жөндеу цехы жұмыс істейді. Сервистік қызмет те көрсетіледі. Жа­ңа зауыт мұнымен шектеліп қал­мақ емес. Ел экономикасының же­текші буыны саналатын мұнай-газ өнеркәсібінде кеңінен қолда­ны­латын жабдықтардың артық бөл­шектерін шығарумен айналы­сады. Сонымен бірге, осы сала­дағы кәсіпорындардың бір реттік тапсырыстарын орындайды. Зауыттағы күрделі және жөн­деу жұмыстарын орындайтын мамандар тек Қазақстаннан тартыл­ған. Қазір мұнда барлығы 157 адам жұмыс жасайды. Барлығы да шетелдіктерге бәсекелес бола алатындай жоғары білімді мамандар. “Әрқайсысына үлкен жауапкершілік жүктелетіндіктен маман­дарды іріктеуде алдымен, біліктілігіне баса мән берілді. Себебі, тек Қазақстанда ғана емес, Ор­талық Азия елдері бойынша газ турбиналарын жөндейтін алғаш­қы зауыт болғандықтан әр тап­сы­рыстың сапалы орындалғанын қа­лаймыз. Ал сапалы жұмыс ма­ман­дардың біліктілігімен өлшенеді” дейді бас директор А.Өсеров. – Осы кезге дейін тапсырысты Ресейдегі осындай зауытқа беріп келгенбіз. Ондағы зауыттың тех­нологиялары дәл мұндағыдай ем­ес. Әрі оның тасымалы да қо­сымша шығын болушы еді. Енді біз магистралды газ құбырла­ры­ның үздіксіз жұмысын қамта­ма­сыз ететін қондырғыларымыздың, жабдықтарымыздың күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына байланысты тапсырыстарымызды осы зауытқа беретін болдық. Біз­дің кәсіпорыннан алғашқы тап­сы­рыстар түсті, – деді “ҚазТранГаз” АҚ бас директоры Серік Сұлтан­ғалиев аталған зауыттың таныс­ты­рылу рәсімінде. Бұған қоса “Еу­ропа елдері де біздің зауытқа тапсырыс беруге мүдделілік та­ны­­тып отыр” дегенді қосып қойды бас директор А. Өсеров. Демек, отандық мұнай-газ және өзге де салалардың газ турбиналары секілді күрделі қондырғыларын жөн­деуден өткізетін, сонымен бірге, оларға сервистік қызмет көрсете ала­тын Қазақстандағы бірден-бір зауыттың қадамы сәтті басталды деуге болады. Келешекте бұл за­уытқа “Теңіз” кенішін игеру ке­ңейтілгенде, сонымен қатар, Каспий теңізінің қазақстандық сек­то­рынан “қара алтын” алынғанда тап­сырыстар молаятыны анық. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы. * * * КӨКӨНІС КӨЛ-КӨСІР БОЛМАҚ Ақтөбе қаласына қарасты Благодарный селолық округі аумағында «ISET GREENHOUZE» ЖШС-нің жаңа жылыжайы пайдалануға берілді. Жылы­жайдың ашылу салтанатына облыс әкімі Елеусін Сағындықов қатысып, сөз сөйледі. Өңір басшысы 2010 жылы 43 жоба жүзеге асырылғанын, соның ішінде республикалық үдемелі индустриялық-инно­вациялық бағдарламаға кірген 24 ірі жобаның іске қосылғанын, 360 миллиард теңге инвестиция игерілгенін атап өтті. Осы жылыжаймен бір мезгілде шалғайдағы Байғанин ауданында ілеспе газды өң­дейтін зауыттың пайдалануға берілгенін, бірыңғай ауылшаруашылықты ауданның өнеркәсіпті дамыту­ға бағыт ұстағанын жыл жақсылығы ретінде баға­лады. Қазір мұнда 1 мыңға жуық адам өндірісте жұмыс істейтінін жеткізді. Үстіміздегі жылы 30 индустриялық-иннова­ция­лық жобаны жүзеге асыру көзделуде. Соның кемінде 20-22-сі республикалық индустрияландыру кар­та­сына енетін болады. Инвестиция көлемін 400 мил­лиард тең­геге жеткіземіз. Бұл дегенің жаңа жұ­мыс ор­ын­да­ры. Ал бүгін іске қосылып жатқан жы­лыжай Ақ­тө­бе­де тұтынушыларды арзан көкөніспен қамтамасыз ету­ге мүмкіндік береді, – деді Елеусін Наурызбайұлы. Голландиялық «Dalsem» фирмасы мен «ISET GREENHOUZE» ЖШС-нің арасында 9 гектар жы­лыжай кешені мен құрал-жаблықтар жеткізуге 2008 жылы келісім жасалды. Жобаның құны 1230 млн. теңге құрайды. Жобаны «ҚазАгроҚаржы» АҚ қар­жы­ландырды. Жылыжайдың іске қосылып отырған қызанақ өсіретін бірінші кезеңі жылына 1500 тонна өнім алуға есептелген. Кешенге газ жүргізу және электрлендіру жұмыстары жергілікті бюджет қар­жысы есебінен атқарылды. Оған қалалық бюджеттен 53 млн. теңге қаржы бөлінді. Қалған екі кезеңінің де құрылысы жүргізіледі. Бұл Батыс Қазақстан аума­ғында көкөніс шаруашылығы бойынша жүзеге асы­ры­лып жатқан бірегей жоба. Құрылыс жұмыстарына 45 адам тартылса, кешен пайдалануға берілгенде 32 жұмыс орны ашылды. Бастапқы кезеңде жылыжай өнімдерін Ақтөбе өңірінде, сондай-ақ, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Қостанай облыстарына өткізу көзделуде. – Жалпы, біздің акционерлік қоғам 2000-2010 жыл­дары облыс экономикасына 12,5 миллиард тең­ге инвестиция салды. 5,5 миллиард теңгеге инвести­ция­лық жо­баларды қаржыландырды. Оның ішін­де бүгін іске қосылып жатқан «ISET GREENHOUZE» ЖШС де бар. Бұл жұмыс алда да жал­ға­сады. – дейді «Қаз­АгроҚаржы» АҚ Ақтөбе филиа­лы­ның басшысы Қорған Нұртазин. Мамандардың мәлімдеуінше, Ақтөбе қаласының тұрғындарына жылына 3560 тонна қызанақ қажет екен. Соның 1500 тоннасын осы жылыжай береді, 600-700 тоннасын жеке саябақ иелері дайындайды. Сонда қала халқы көкөністің бұл түрімен 60-70 пай­ыз қамтамасыз етіледі. Жергілікті билік қалған кем­шін­нің орнын толтыру үшін жаңа жылда «Ауыл ша­руашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ қаржысы есебінен қосымша 60 шағын жылыжай салуды қолға алды. Қазіргі таңда осы жылыжайлар үшін жер бөлу мәселесі қарастырылуда. Қолға алған жобалар толық жүзеге асқанда қызанақ басқа өңірлерге қарағанда, мұнда анағұрлым арзан болады. Бұған оңтүстік облыстардан жеткізілетін көкөністі қосыңыз. Яғни, бір-екі жылда бұл мәселе толық шешіледі деген сөз. Сатыбалды СӘУІРБАЙ Ақтөбе облысы. * * * БАСТӨБЕДЕГІ ЖАҢА ЖЫЛЫЖАЙ құрылысына 750 мың АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылған Елбасының 2010 жылғы Жол­дау­ында әр­та­раптандыру жөнін­дегі жоспар­ларды жүзеге асыруға шетелдік инвестиция тарту қа­жет­­тігі тап­сырылғаны белгілі. Нә­ти­жесінде жетісулықтар азық-түлік белдеуін құрудағы жұмыс­та­рын жан­дандырып келеді. Со­ның ай­ға­ғы Қаратал ауданының Бастөбе ауы­лында азық-түлік мол­шы­лы­ғын жүзеге асыру мақ­сатында жаңа жылыжай кешені ашылып, жұ­мысын бастады. Құ­рылыс Қа­зақ­стан халқы Ассам­блея­сы мен Корея Республикасы үкіме­тінің қол­дауымен тиянағы келтірілгенін айтуға болады. Жа­ңа технологиямен салынған жо­ба­ға 750 мың АҚШ доллары жұмсалды. Әмбебап жылыжай Оңтүстік Ко­реяның заманауи үлгісінде са­лынып, жалпы аумағы едәуір жерге орналасқан. Жылыжайда көкөніс­тің түр-түрін өсіруге қолайлы жағ­дай жасалып, жұмыс толық авто­маттандырылған. Кореяның Қазақстандағы Бас кон­сулы Шин Хен Ын осындай жылыжай кешені Кореяның өзінде сирек екенін айтып, екі елдің эко­номикалық байланысының ныға­юы­ның нақты нәтижесі екенін жеткізді. Жылыжай экологиялық жағы­нан таза өнім шығарады. Қазір мұн­да қызанақтың екі түрі отыр­ғызылып, алғашқы өнім тұтыну­шы­ға наурыз айында жөнелтіл­ме­к­ші. Жаңа нысанда өсірілген көкө­ніс­терді қолжетімді бағамен өткі­зе­тін боламыз, дейді диқандар. Жы­лы­жайда мамандардың кәсіби бі­лік­тілігін арттыратын орталық ашу да жоспарланған. Олардың пікірінше бұл жылыжай қуат көзін үн­емдеумен бірге, өнімді ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндігі бар. Мәселен, көкөніс жаз айында піссе, оны сабағынан жұлмай, қалпында сақ­тауға болады. Жалпы, бұл кешен Қазақстандағы корейлер қау­ым­дас­тығы бастамасымен жүзеге асқан екі елдің достық байланысының нақты көрінісі деуге болады. Жаңа нысан Жаңа жыл қарсаңындағы көпшілікке тарту екендігіне тоқтал­ған облыс әкімінің орынбасары Тынышбай Досымбеков соңғы үш жылда жылыжай кешендерін салу қызу басталып, бүгін олардың саны 500-ден асқанын атап өтті. Жы­лыжайлардан жыл ішінде 5 мың тоннадан астам көкөніс жиналған. Қалалықтар мен өңір тұрғын­да­ры­ның дастарқанын экологиялық жа­ғы­нан таза әрі сапалы қызанақ, қияр, басқа да көкөніс түрлері ба­йыта түсті. Ал, жаңа жылыжайда бастөбеліктер жұмысқа тартылды. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы. * * * ҚОСЫМША БЕС ЖОБАМЕН ТОЛЫҚТЫ Уақыт талабына, ішкі мүмкіндіктердің өз­геруіне сәйкес алға қойылған міндеттердің үстемеленіп отыруы отандық өндірістің қара шаңырағы саналатын Қарағанды өңіріндегі жыл сайынғы құбылыс. Жақында өткен үде­мелі индустриялық-инновациялық даму жө­ніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті отыры­сында мұның алдында белгіленген инвес­ти­циялық жобаларға тағы бесеуі қосылуы қарас­тырылды. 2009 жылы 9 жоба іске асырылса былтырғы сан одан екі есе артық болғалы тұр. Зерттеу, талдау жұмыстары көрсеткеніндей, облыста өндірістік және ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындарын да­мы­ту бойынша аса зор әлеует бар. Осыған орай индустрияландыру картасына жаңа жобаларды енгізу ұйғарылды. Солардың ішінде, атап айтқанда, «Ауыл шаруашылығына арналған жеңіл ұшақтарды сериялы түрде өндіру» жобасы бойынша «Қаз­АвиаСпектр» ЖШС директоры Александр Ва­щенконың ақпары тыңдалып, талқыланды. Ол ортаға салғандай «ҚазАгроҚаржы» АҚ оны қаржыландыру туралы оң шешім қабылдаған. Бизнес-жоспар мен инфрақұрылым құры­лы­сы­ның жобалық-сметалық құжаттамасы әзір­ленді. «ҚазАгро» холдингінің қарауынан кейін бас мердігер анықталып, жоспарлау жұмыс­тары басталады. Егістік алқаптарға дәрі себу, жедел медициналық жәрдем көрсету, қоршаған ортаны қорғауды бақылаушылар үшін өте қолайлы әуе көлігіне сұраныс көптеп түсе­тіндігі байқалады. Сонымен бірге, оған қоса «Айқын жол» ЖШС-нің металл кеңірдектелген құрастыр­ма­ла­ры өндірісін іске қосуды көздеуі де қолдау тапты. Қарағанды мен Теміртау автопарк­те­рінің жыл­жы­малы құрамын жаңарту, «УМР 2010» ЖШС өндірістік базасы мен көрсететін қызмет аясын кеңейту қолға алынатын болды. БТА банктің Қа­ра­ғанды филиалының «Биз­нестің жол карта­сы-2020» бағдарламасы шеңберінде «Спорт са­ла­сындағы қызмет» бағытын басым бағыттар­дың тізіміне енгізу туралы ұсынысы қолдау тапты. Үйлестіру кеңесінде аталғандай, жаңа жо­ба­лардың толықтырылуына жол ашық. Эко­номикалық маңызы бар олардың қай-қайсысы да дер кезінде қаралып, тиісті орындар тал­қысына салынады. Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағанды.