• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
01 Наурыз, 2016

«Ақ жол» жұмысшылармен жүздесті

239 рет
көрсетілді

«Фабрика ПОШ-Тараз» жауап­кер­шілігі шектеулі серіктеcтігі – облыста өтпелі кезең қиындықтарын еңсеріп, сақталып қалған және жұмысын қайта жандандырған кәсіпорынның бірі. Кәсіпорында мемлекет қолдауымен Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында өнімді өңдеу жолында елеулі шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Мұнда 2010 жылы Индустрияландыру картасына енгізілген топс өндіру жобасы жүзеге асырылды. Кешегі апта соңында «Ақ жол» пар­тия­сының өкілдері Тараз қаласын­дағы осы кәсіпорында болып, жұмысшы­лар­мен кездесіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. – Бүгін біздің партияның өкілдері тері-жүн өңдеумен айналысып жат­қан жұмысшылармен жүздесіп, кәсіп­орынның қазіргі тіршілігімен танысып, алға қойған мақсаттарын білді. Әрине, жеңіл өнеркәсібіміздің дамуына зор үлес қосуға қауқары бар жүн өңдеу саласына әзірге шетелдіктердің ғана қызы­ғу­шылығы болып тұр. Сондықтан, бізді отандық кәсіпкерлердің шетелдердегі мүдделерінің қорғалуы қызықтырады, деді «Ақ жол» партиясының өкілі Болат Момышев. Сондай-ақ, кездесу барысында кі­лем, киім-кешек тоқуға арналған бұл өнім қазір әлемдік деңгейде тапшы екені ай­тылды. Өз кезегінде партия мүше­лері бизнесті дамыту үшін алдымен бәсе­келестікті арттыру, бағаны төмен­дету қағи­даларын қолдану жағын ұсына­тын­дықтарын көлденең тартты. Жиын барысында, сондай-ақ, партия жариялаған бағдар­ламадағы кәсіпкерлерді қолдауға бағыт­талған өзге де ұсыныстар айтылды. Оның ішінде жекеменшік бизнес­ті қолдап жүрген ұлттық даму инсти­тут­тарының қызметіне бақылауды күшей­ту, кәсіпкерлікті дамытуға бөлінген мем­лекеттік қаражатты пайдалану тиімді­лігін қамтамасыз ету жайы сөз болды. Шынында, өнеркәсіп өркендемей көсе­геміз көгермейді. Бұл күні ақжол­дық­тар «Тараз металлургия зауыты» ЖШС-нің де жұмысымен танысты. Сондай-ақ, соңғы жылдары өндірісі өркендеп келе жатқан Жаңатас қаласында болып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Кез­де­суде партияның сайлауалды бағдар­ла­масындағы басымдықтар туралы жан-жақты әңгіме қозғалды. Мәселен, жас мемлекеттілігіміздің бастауында тұрып, оның қалыптасуы мен дамуының куәсі әрі тікелей қаты­су­шысы болуымыз бізді мақтаныш сезі­міне бөлейді, деді ақжолдықтар. Сонымен бірге, қазіргі кезеңде еліміздің алдында уақтылы және лайықты назар аударуды талап ететін жаңа тарихи қажеттіліктер тұрғанына назар аудартылды. Басқаша айтқанда, жақсылыққа қарай үнемі ұмтылу керектігі атап көрсетілді. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.