Кеше Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің (ТМЫК) Бас хатшысы Рамиль Гасановпен келіссөздер жүргізді, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында мәдениет алмасуды нығайту, білім беру, туризм салаларындағы байланыстарды дамытуды қоса алғанда, көп жақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары талқыланды.
Бақытжан Сағынтаев пен Рамиль Гасанов ТМЫК-қа мүше мемлекеттердің транзиттік әлеуетін, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы да одан әрі дамытудың маңыздылығын атап көрсетті.
Қазіргі уақытта Түркі кеңесі қолдауымен Халықаралық құрама жүк тасымалдары туралы келісімнің жобасы талқылануда, оның мақсаты жүкті құрамалы түрде Каспий теңізі арқылы тасымалдау нұсқасының тиімділігін арттыру және Қытай-Еуропа бағытындағы транзитті ұлғайту.
ТМЫК құру туралы келісімге 2009 жылдың 3 қазанында Нахчыван қаласында (Әзербайжан Республикасы) өткен 9-шы саммитте Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша қол қойылған болатын.
Үстіміздегі жылы Қазақстан Республикасы Түркі кеңесіне төрағалық етеді. ТМЫК Хатшылығының штаб-пәтері Ыстамбұл қаласында орналасқан.