• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Наурыз, 2016

«Гүл-әпше» қалай плагиат болып шықты?

909 рет
көрсетілді

Бұл күнде қазақ эстрада­сының құдайы беріп-ақ тұр: өмірге бірінен соң бірі ас­пан­нан жауған құйрықты жұл­дыздай хит әндер келіп жатыр. Бұлардың қатарына «Алау» тобының орындауындағы «Гүл-әпшені» де қосуға болар ма еді?! «Алау» тобының продю­сері Баян Есентаева өзінің интер­неттегі парақшасында қуанышы қойнына сыймай: «Біздің жаңа дүниені қарсы алыңыздар!», – деп жар салғаны есте. Енді мына қызықты қараңыз: «Алаудың» бейнеклипін жайнатып, жарнамасын жалаулатып айтқан «Гүл-әпшесі» бар болғаны румынның Sanie cu zurgălăi («Сани с бубенцами») деген әнінің көшірмесі, яғни плагиат болып шыққан. Сол баяғы көңілді желпінтетін ойна­қы әуен, скрипканың құйқыл­жыған ерке сазы, тіпті «Хей!» деп қысқа қайырып айғай салатын жері – бәр-бәрі ғайыптан тайып «Гүл-әпшеге» қоныс аударыпты. Тек румын тілінде ән қыс пен шана туралы болса, қазақшадағы кейіпкер – «красавица вапще» екен. Жалпы, бұл ән Қараған­дыдағы «Дакия» румын мә­дени бірлестігінің жанын­дағы «Dorule» этно-фольклор­лық ан­самблінің репертуарында да бар. Бірақ та, қара­ғандылық ру­мындардың Баян Есентаевадан бір айыр­ма­­шылығы – әлгі әнді Румы­ния­дағы Ro-Mania тобының көшбасшысы Ионуц Войку деген құқық иесінен ресми түрде рұқсат алып, қоғамдық негізде орындайды екен. Ал «Алау» болса, осы әнмен мал тауып жүрген коммерциялық жоба... – Кезінде, – дейді «Дакия­ның» төрағасы Николай Плуш­кис, – Бұл әнді әйгілі Эдит Пиаф та орындаған. Ол да заманында әнді өзінікі қылып көрсетпек болыпты. Алайда, 1936 жылы авторлық құқық жөніндегі сотта жеңіліп қалып, осы әнді қанша орындады – авторына сонша ақы төлеп отырған. Сөйтіп, уақыттың талабына сай жасарып, жаңарған хит әнді Ro-Mania тобы Румыния авторлық құқық одағында ресми түрде тіркетіп алған. Румындардың ренжитін жөні бар. Айдың-күннің аманында халқының сүйіктісіне айналған әйгілі әннің тағдыры тәлкекке түскен. Дегенмен, қазақтың суын ішіп, нанын жеп жүрген румын бауырлар сабыр сақтап отыр. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.