• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
01 Наурыз, 2016

Әлеуметтік пойыз

324 рет
көрсетілді

Көкше жұртшылығын ризашылыққа бөледі Қала тұрғындары теміржол бекетін жақсылықтың жаршысына балайды. Мұнда облыс өміріндегі айтулы оқиғалар, жақсы жетістіктер, ізгі тілектер алдымен айтылып жатады. Міне, бүгін де думанды орда әсем жасауларымен көз тартып, ең басты мерекеміздің асқақ рух ауанын ала келген «Мәңгілік Ел» әлеуметтік пойызына қуана қол бұлғауда. Еліміз бойынша сегізінші рет ұйымдастырылып отырған әлеу­меттік пойыз құрамындағы аза­маттардың басым көпшілігі көк­шеліктерге жақсы таныс. Осы­дан да қарсы алу жиыны жылы жүзді қауышу, ашық-жарқын көңіл тербелісінде өтті. Қонақтарды Ақ­мола облысы әкімінің орынба­сары Нұрлан Нұркенов, Қазақ­стан халқы Ассамблеясының мү­­шесі, облыстық ардагерлер ке­­ңесінің төрағасы Ғосман Тө­ле­ғұл, облыстық азаматтық алья­нс қоғамдық ұйымының жетек­ші­сі Галина Шеварева қызу құт­тық­тады. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Мәңгілік Ел» әлеуметтік пойызы штабының жетекшісі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Әміржан Әлпейісов жылжымалы үгіт ұжымы Көкше­тауда қарбалас жұмыстар ортасында болатынын айтты. Пойыз бұған дейін төрт облыс аумағында 12 аялдама жасап, 30 елді мекен­нің тұрғындарымен кездескен. Республикамыздың барлық дер­лік министрлігінің өкілдері 13 мыңнан астам адамды қабылдап, қоғамдық өмірдің кез келген саласына қатысты сұрақтарға жауап қайтарып, тиісті кеңестер беріпті. Көкшетаудағы шаралар ауқымы да кең болмақ. Газетімізде өзге облыстардан жа­рияланған хабарларға қа­рағанда, «Мәңгілік Ел» әлеу­меттік пойызының келуі әр адам­ның бойында елге, жерге деген отансүйгіштік сезімін ту­дыр­ғанын көреміз. Басты мақ­сат – жергілікті тұрғындардың, соғыс ардагерлері мен мүмкіндігі шектеулі адам­дардың өтініш-тілек­терін тыңдап, әлеуметтік, денсаулық сақтау, заңнамалық және өзге де мәселелері бойынша көмек көрсету. Пойыз құрамы 8 топқа бөлі­ніп, қызмет көрсетті. Әсіресе, денсаулық сақтау, әлеуметтік қор­ғау мен жұмыспен қамту меке­мелерінде, әділет органдарында, тұрғындарға қызмет көрсету орта­лығындағы қабылдауларға жүгінушілер көп болды. Мәселен, облыстық аурухана мен балалар емханасында түске дейін 300 адам түрлі кеңестер алды. Бұларға арнайы 14 кабинет қызмет көрсетті.Осы орайда, қазіргі күні оңтүстік өңірлерде жүрген «Саламатты Қазақстан» пойызы күн жылына солтүстік аймақтарға сапарын бас­тайтынын айта кеткіміз келеді. Сол күні Ш.Уәлиханов атын­дағы Көкшетау мемлекеттік уни­верситетінде «Бүгінгі студент – ер­теңгі маман», «Жастар – қо­ғам­ның болашағы», «Елбасымен біргеміз» тақырыбында пікір алмасу өткізілсе, «Достық үйінде» көпұлтты еліміздің ынтымақ-берекесін паш ететін дөңгелек үс­­тел мәжілісі болды. Одан ке­йін «Мәңгілік Ел» әлеуметтік пойы­зының жетекшісі Әміржан Әлпейісовтің, «Қазақстан Аза­мат­тық альянсы» қоғамдық бір­лестігі Қостанай бөлімшесінің жетекшісі Динара Өтебаеваның, «Қоғамдық келісім» РМК бас маманы Юрий Самусовтың және Ақмола облыстық ішкі саясат бас­қармасының басшысы Айна Мысырәлімованың қатысуымен баспасөз брифингі өткізілді. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан».  Ақмола облысы.