• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
07 Қаңтар, 2011

Халық қалаулылары үміт артады

466 рет
көрсетілді

Кеше Парламент Сенаты өзінің жаңа жылдан кейінгі алғашқы жалпы отырысын өткізді. Күн тәртібіне төрт мәселе шығарылса, соның барлығы дерлік қолдау тапты. Отырысты ашқан сөзінде Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «биылғы алғашқы отырысты ел тағдыры үшін ерекше маңызды мәселе – Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту туралы бір топ депутаттың ұсынысын қараудан бастағалы отырмыз»,  деп, аталған мәселеге ерекше тоқталды. – Еліміздің қазіргі таңдағы барлық жетістіктері Елбасының есімімен тікелей байланысты. Тарих тұрғысынан алғанда аз ғана мерзім ішінде Қазақстан нарық­тық экономикасы қалыптасқан және халықаралық қоғам­дас­тық­та биік беделге ие қуатты да дәулетті мемлекетке айналды, – деді Қа­сым-Жомарт Кемелұлы. – Өр­кен­деудің бұл моделі «Қазақ­стан жолы» деп танылды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев көшімізді бастап, өзі бағдар бермесе, осы модель дүниеге келіп, бүгінгідей толағай табыстарға жол ашылуы мүмкін болмас еді. Бұл – бүкіл әлем мойындаған ақиқат. Тәуелсіз мемлекеттің негізі қаланған, аумалы-төкпелі ке­зеңде Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса көрнекті реформатор және әлемдік ауқымдағы ірі саясаткер ретінде бүкіл әлем ге та­ны­мал болды. Қазақстанда батыл да теңдессіз реформалар жүзеге асты. Қаржы-экономикалық дағ­да­рыстар еңсе­рі­ліп, орнықты саяси жүйе түзілді. Сондай-ақ, ұлт­ара­лық және дін­аралық келісімді қамтамасыз етіп, азаматтық қо­ғам құрылды. Төраға осы ретте «өміршең­ді­гін дәлелдеген тәуелсіздік, бәсе­кеге қабілеттілік, жаңғырту және интеграция идеялары «ұлы тұл­ға­ларды тарихтың өзі тудырады. Алайда, тарихты көшбас­шы­лар­дың өздері де жасайды» деген ақи­қатты тағы да растап бергендігіне ерекше ден қоя сөйледі. Еліміз сыртқы саясаты сала­сын­дағы та­быс­тары, ең алдымен, Пре­зидент қайраткерлігінің нақ­ты көрінісі. Дүниежүзілік қоғам­дастықта Қа­зақ­стан жауапкершілігі зор мемлекет ретінде белгілі. Өзекті халық­аралық проблемалар бойынша, мей­лі қарусыздану болсын, қауіп­сіз­дік немесе интеграция мәселе­лері болсын, беделіміз биік, деді Қ.Тоқаев. Өткен жылы Қазақстан ТМД-ның, түркі және ислам әлемі­нің ішінде тұң­ғыш рет Еуро­падағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету құқығына қол жеткізді. Он бір жылдық үзілістен кейін Ұйым Саммитінің Астанада өткізілуі осы миссияның табыс­ты жүзеге асқанын дәлелдей тү­се­ді. Астана Декларациясының қабылдануында Президент Нұр­сұл­тан Назарбаев шешуші рөл ат­қарды және бұл оның әлемдегі жо­ғары беделінің көрсеткіші болды. Парламент депутаттары Конс­ти­туцияға Тұңғыш Президент – Елбасының өкілеттігін респуб­ликалық референдумда ұзар­­ту мүмкіндігін қарастыратын өзгеріс енгізу туралы ұсыныстар айтып, сөз сөйлеген болатын. Осыған байланысты Қ.Тоқаев Не­гізгі Заңға тиісті өзгеріс қа­был­дау туралы Мәжіліс депутаттарының бастама­сын Сенат депутаттары бірауыздан қолдайтынына сенім білдірді. Конституцияға өзгеріс енгізу мәселесі бойынша Президенттің республикалық референдум та­ғай­ындауы туралы Парламент де­путаттарының ұсынысы бойын­ша түсінік бере кеткен Заңнама және құқықтық мәселелер коми­тетінің төрағасы Берік Имашев осынау маңызды қоғамдық-саяси шара­ның заңдық негіздеріне әріп­тестерінің назарын аударды. Депутат өз сөзінде «құқық тео­рия­сына сәйкес, тиімділікке ұм­тылатын конституциялық ережелер қоғамда қалыптасқан жағдай мен көңіл-күйді ескеруі, тіпті, оған сәйкес болуы тиіс» дегенді ерекше атап өтті. Олай болса, қазақ­стан­дықтар Ата Заңның 3-бабына сәйкес, өз таңдауын жасап, құ­қық­тық шешім қабылдай алады. Аталған бастаманы қолдап сөз сөйлеген сенаторлар Анатолий Башмаков, Мұхтар Алтын­баев, Александр Савченко, Юрий Цхай, Михаил Бортник, Тасбай Симамбаев, Қуаныш Айтаханов және Бақберген Досманбетов оның ел үшін қаншалықты ма­ңыз­ды екендігін жан-жақты ашып көрсетті. Кешегі өтпелі ке­зеңнің өткелегіне шегініс жа­са­ған сенаторлар бү­гінгі толағай табыстар барысына да екпін бере сөйледі. Сенатор Қуаныш Сұл­та­нов өз сөзінде сайлау мен референдум – екеуі де демократиялық тәсілдер екенін, екеуінің де мәртебесі біздің Конс­ти­туция­мыз­да, басқа заңдары­мызда көр­сетілгенін атап өтті. Президент бекіткен жедел ин­новациялық-ин­дустриялық бағ­дарлама – бү­кіл халықтың әлеу­мет­тік мүдде­сі­не жауап бере алатын ұлттық идея дәрежесіндегі өте ірі жоба. Біз Президенттің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзар­ту арқылы өзі­міздің әлеуметтік-тұрмыстық қуа­тымызды күшейте­міз, елдің бірлігін өркениетті мақ­сатқа, мүддеге жұмылдырамыз, халық­тың, қоғам­ның сапасын арт­ты­рамыз, бола­ша­ғымызға деген сенімді тұрақ­тан­дырып, жас өркен – ұрпағымызға жол ашамыз. Сол үшін де мен Президенттің өкі­леттігін 2020 жылға дейін ұзарту ұсынысын қолдаймын. Сөзім жетер жерде осы бір мақсатқа жұ­мылуға шақырамын, деді Қ.Сұл­танов. Ал Болат Жылқышиев Ел­ба­сының бастамасымен қабыл­дан­ған бағдарламалардың көптігін ай­тып, сөзін былай қорытты: «Қазіргі дағдарыстық жағдайда елімізге тұрақтылық керек. Мемлекетімізді одан әрі нығайту үшін Нұрсұлтан Әбішұлы өзі бастаған барлық бағдарламаны іске асы­руға басшылық жасауы тиіс. Осы себепті де Президент өкілеттігін ұзарту еліміз болашағы үшін аса тиімді». Нәтижесінде депутаттар Конс­ти­туцияға Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін респуб­ликалық референдумда ұзарту мүмкіндігі көзделетін өзгеріс енгізу мәселесі бойынша Прези­денттің республикалық референдум тағайындауы туралы ұсы­ныс­ты қолдап, Елбасына Парламент Үндеуі мен Негізгі Заңға ұсы­нылып отырған өзгерістің мәтінін мақұлдады. Сондай-ақ күн тәртібінде еліміз бен Халықаралық Қайта құру және даму банкі арасындағы Қа­рыз туралы келісімді (Салықтық әкімшілендіруді реформалау жө­нін­дегі жоба) ратификациялауға қатысты заң жобасы қаралды. Бел­гілі болғандай, салықтық әкім­шілендіруді реформалау жо­ба­сы бойынша шығынның со­ма­сы 56,7 миллион АҚШ долларын құ­райды. Оның ішінде 17 миллион доллары Халықаралық Қайта құру және даму банкі қарызы болса, республикалық бюджеттен қоса қаржыландыру қарызы 39,7 миллион АҚШ доллары көле­мін­де белгіленіп отыр. Сонымен қа­тар, депутаттар Кеден одағының өсім­діктер карантині туралы және санитариялық шаралар жө­нін­дегі келісімдеріне өзгерістер енгізу туралы хаттамаларды ра­ти­фикациялауға қатысты заң жо­ба­ларын қабылдады. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.