• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
07 Қаңтар, 2011

Есікте аурухана ашылды

445 рет
көрсетілді

Мемлекеттік  саясаттың басты бағыттарының бірі – халықтың денсаулығын қорғау мен оған деген ынтымақты жауапкершілік жүгін нығайту. Денсау­лық сақтау нысандарын салу, жабдықтау, кадр даярлау, саламатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі шаралар кешені үздіксіз жалғасқаны – осының нақты дәлелі. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алынған жұмыстар жалғасып, жуырда Еңбекшіқазақ ауданындағы Есік қаласында 250 төсектік аурухана мен күніне 500 адамды қабылдап, дәрігерлік тексеруден өткізетін емхана ашылды. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясын­да қаншама жаңа құрылыс салынды. Солардың қата­рын­дағы аталған көп қабатты ғимарат екі жарым жыл­да толық  аяқталып, жаңа үлгідегі шетелдік ме­ди­циналық технологиялармен жабдықталды. Кешенді денсаулық сақтау орнындағы терапия, жүйке аурулары, жүрек, бүйрек, хирургия, жұқпалы аурулар, тағы басқа бөлімдер 40 төсекке дейін жеткізіліп, ем­деу­шілердің сауығып шығуына білікті  дәрігерлер қамқорлық жасайтын болды. Сонымен қатар, балалар ауруханасы да балғындардың денсаулығына деген қамқорлықты үздіксіз жалғастырмақ. Жаңа аурухананың ашылуына қатысқан облыс әкімі Серік Үмбетов өткен жылдан бері енгізілген бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің маңыздылығына тоқталып, халықтың денсаулығы, ана мен бала өмірін сақтау сала мамандарының  негізгі міндеті  екенін айтып, жауапкершілікті арттыруды тапсырды. Көпшілік атынан денсаулық сақтау саласының үздігі, дәрігер Гүлжан Өмекова әрдайым антқа лайық беріктікпен еңбек ететіндіктерін жеткізіп, Елбасына жерлестерінің атынан алғысын айтты. «Стройимпекс-Астана» серіктестігінің атқарушы директоры Абай Шәлдибеков ауданның бас дәрігері Болат Балақойшевке аурухана кілтін тапсырды. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.