• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
08 Қаңтар, 2011

Бұл не қылған марғаулық?

565 рет
көрсетілді

Мәссаған! Қазақстанның намысын табысты қорғап жүрген спортшының не баспанасы, не қаражаты жоқ «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының қоғамдық қабыл­дау­ында Қостанай қаласындағы №1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры В.Ку­ли­ковтың және «Жас Отан» жастар қанаты мүшелерінің 1986 жылы туған Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері Залим Кувамбаев сияқты нақ­ты болашағы бар, жас спортшы­лар­ды қолдау туралы сөз қозғалды. З.Кувамбаев облыстық орталықтан шалғай орналасқан Қамысты ауда­нында тұрады, Қазақстанның чем­пионы атағын бес рет жеңіп алған, 2010 жылы Қазақстанның рекор­дын жаңартқан және осы жылы Азия чемпионатында үш рет Азия рекордын жаңартып, ерлер ара­сын­дағы Азия чемпионында же­ңім­паз атанған. Біз Қазақстанның Әнұраны ойнағанда, стадион үстінде Туы­мыз желбірегенде спортшылары­мыз­бен мақтанамыз. Ал З.Кувам­баев­тың еңбектері үшін оны осы уақытқа дейін ешкім марапат­та­мапты, тіпті оған рахмет айтқан да адам жоқ екен. Пауэрлифтинг бой­ынша ұлттық  құраманың мүшесі бола тұра, ол облыстық және рес­публикалық бюджет қаражатта­ры­нан тіпті оқу-жаттығу өткізуге де қаржылай немесе материалдық көмек алмаған көрінеді. Басқа мемлекеттерден легионерлерді, спортшыларды шақыра­мыз, бірақ неге өзіміздің спорт­шы­ларымызды назардан тыс қалды­рамыз. Спорттың жекелеген түрле­ріне ерекше назар аудару кезінде пауэрлифтингпен айналысатын Залим Кувамбаев сияқты Азиядағы ең үздік спортшыларымыз неліктен назардан тыс қалып қоя береді? «Дене шынықтыру және спорт туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 30-бабының 1-тарма­ғын­да: «Дене шынықтыру және спорт жөніндегі уәкілетті орган, спорт түрлері бойынша қоғамдық бірлестіктер, жергілікті атқарушы органдар әралуан спорт түрлері бой­ын­ша Қазақстан Республикасының құрама командалары құрамына кір­ген немесе кіретін «Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағы бар аса көрнекті спортшыларға... бюд­жеттер, сондай-ақ заңда тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен ай сайын ақшалай қаржы төлей алады», – деп жазылған. Әрине, бұл бап ешкімді еш­нәр­сеге міндеттемейді, мүмкін «төлей алады» деген сөздерді «төлейді» деген сөзбен ауыстыру қажет болар. Бүгін еліміздің және жергілікті атқару органдары бюджетінің өз елінің намысын қорғаушы патриот болып табылатын бірнеше спорт­шы­ға жағдай жасауға мүмкіндігі бар. Қазіргі уақытта Қазақстанның намысын қорғап жүрген спорт­шы­ның не баспанасы, не ақшалай қаражаты жоқ. Спорт саласының шыңында отырған шенеуніктер осындай маңызды мәселеге дер кезінде назар аударып, адал еңбекті өз деңгейінде бағалай білулері аса қажет-ақ. Жергілікті билік те мұндай қадамнан тыс қалмаса, жеңісті жолдар жалғасатыны анық. Бағила БАЙМАҒАМБЕТОВА, Мәжіліс депутаты.